• Мое избранное

Отправить по почте

«Есiрткi, психотроптық заттар, сол тектестер мен прекурсорлар және олардың заңсыз айналымы мен терiс пайдаланылуына қарсы iс-қимыл шаралары туралы» Қазақстан Республикасының Заңына есірткіге қарсы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заң жобасының тұжырымдама жобасы

Қараңыз: Жолдаманы
ЖОБА
«Есiрткi, психотроптық заттар, сол тектестер мен прекурсорлар және олардың заңсыз айналымы мен терiс пайдаланылуына қарсы iс-қимыл шаралары туралы» Қазақстан Республикасының Заңына есірткіге қарсы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңы жобасының ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ
1. Заң жобасының атауы: «Есiрткi, психотроптық заттар, сол тектестер мен прекурсорлар және олардың заңсыз айналымы мен терiс пайдаланылуына қарсы iс-қимыл шаралары туралы» Қазақстан Республикасының Заңына есірткіге қарсы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы».
2. Заң жобасын әзірлеу қажеттілігінің негіздемесі
Тұжырымдаманы әзірлеу Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігінің жанындағы құқық қорғау және шаруашылық заңнамасын және оны қолдану практикасын жетілдіру мәселелері жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобы отырысының (2015 жылғы 10 желтоқсандағы № 51-6.13)  хаттамалық шешімін, сондай-ақ жаңа психобелсенді заттарды бақылау проблемаларына арналған халықаралық семинар (Алматы қаласы, 2016 жылғы 31 наурыз – 1 сәуір)  ұсынымдарын ескере отырып, қамтамасыз етілді.  
Есірткіні халықаралық бақылау жүйесі жаңа психобелсенді заттардың қарқынды дамудағы нарығына ден қоюға байланысты қиындықтарды алғаш рет өткеруде. Оларға бекітілген нақты құқықтық мәртебенің болмауы бақылау шараларын белгілеу кезінде елеулі проблемалар тудыруда, сондай-ақ мұндай заттардың кедергісіз және шектеусіз айналымда болуына қоғамдық қауіпті алғышарттар қалыптастырады.
Жаңа психобелсенді заттар – химиялық жолмен алынған, есірткі немесе психобелсенді қасиеттері бар, қандай да бір табиғи есірткі затының қасиеті бар, бірақ одан химиялық құрамы бойынша айырмашылығы бар синтетикалық каннабиноидтар түріндегі бұрын белгісіз болған субстанциялар.
Мұндай препараттардың тез таралуы көбінесе интернет-дүкендер мен сайттар өткізіп жатқан, көбінесе ұсынылатын өнімнің шынайы құрамын жасыратын агрессиялық жарнамалық саясаттан, сондай-ақ бұл қоспалардың нерв жүйесіне және жалпы адам ағзасына барынша теріс және бұзатын салдарын тигізе отырып, тыйым салынған заттардың психобелсенді қасиеттерін шығару және кейбір жағдайларда асып кету қабілеттілігінен туындауда.
Жаңа психобелсенді заттарға қарсы күрестің өзектілігін Біріккен Ұлттар Ұйымының Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасы айқындауда. Осылайша, 2013 жылғы Есірткілер туралы бүкіләлемдік баяндамада «заңды» және «дизайнерлік» есірткі ретінде сатылатын жаңа психобелсенді заттардың болып көрмеген жылдамдықпен таралатыны және қоғамдық денсаулық сақтау және қауіпсіздік үшін күтпеген проблемалар тудыратыны көрсетілген.  
Еуропалық есірткі және нашақорлықты мониторингілеу орталығының деректері бойынша 2000-2005 жылдар аралығында жыл сайын жаңа синтетикалық психобелсенді заттарды анықтау туралы орташа есеппен бес хабарлама келіп түскен. 2013 жылы бұл сан 81-ге дейін артты, ал 2014 жылы жүзден асты.
Химиялық құрамын өзгерту арқылы психобелсенді заттардың жаңа түрлерін құрудың шексіз мүмкіндігі нормативтік бекіту рәсімінің ұзақтығына байланысты оларды халықаралық бақылауға уақтылы қоюды қиындатады.
Орын алған проблеманың өзектілігін ескере отырып, осы мәселелер
2016 жылғы сәуірде әлемдік есірткі проблемасына арналған БҰҰ Бас Ассамблеясының арнайы сессиясында қаралды.
Жаңа психобелсенді заттардың таралуы Қазақстан Республикасындағы есірткі ахуалының жай-күйіне теріс ықпал ететін маңызды факторлардың бірі болып табылады.
Қазақстанның аумағында синтетикалық каннабиноидтарды таратпаудың алдын алу шараларын қабылдау мақсатында 2010 жылы көрсетілген заттардың айналымына тыйым енгізілді.  
Одан басқа, 2011 жылы «Есiрткi, психотроптық заттар, сол тектестер мен прекурсорлар және олардың заңсыз айналымы мен терiс пайдаланылуына қарсы iс-қимыл шаралары туралы» Заңға (бұдан әрі – Заң)  Есірткі құралдарының және психобелсенді заттардың тізімін 27 синтетикалық каннабиноид атауымен толықтыруды көздейтін өзгерістер енгізілді.
Қабылданған шаралар белгілі бір уақытқа алдын алу тиімділігіне қол жеткізуге және Қазақстанда синтетикалық каннабиноидтардың және басқа жаңа психобелсенді заттардың таралуына жол бермеуге мүмкіндік берді.
Сонымен бірге қабылданған шараларға қарамастан, жаңа психобелсенді заттарды тарату одан әрі дами түсті. Бұл ретте есірткі өндірушілердің негізгі күштері молекулярлық құрамды модификациялау жолымен белгілі есірткілердің базалық формулалары негізінде жаңа психобелсенді заттардың синтезіне шоғырланған.
Жаңа психобелсенді заттардың Қазақстан аумағында таралу үдерісін ескере отырып, есірткі құралдарының және психотроптық зат тектестердің заңсыз айналымы үшін жауапкершілік енгізілді.  
Бұл ретте «тектестер» түсінігі Заңда көзделген Есірткілер мен психотроптық заттардың тізіміне кірмейтін заңсыз айналымдағы кез келген психобелсенді заттарды қамтитынын білдіреді.
Заңсыз айналымда пайда болған барлық жаңа психобелсенді заттар есірткі құралдары мен психотроптық зат тектестерге жатқызылды.
Бұл жаңалықтың ерекшелігі нақты, түпкілікті және заңнамалық актіде бекітілген есірткі құралдары мен психотроптық заттардың аналогтарының атаулары тізімінің болмауы болып табылады. Бұл ретте қандай да бір белгісіз затты есірткі мен психотроптық заттардың аналогтарына жатқызу туралы шешім қабылдау сот-сараптама зерттеулеріне негізделді.
Алайда, тектестердің химиялық формуласымен қатар, белгілі есірткі құралдарының және психотроптық заттардың, олардың наркогендік қасиеттерінің ұқсастығын анықтау қажеттілігіне байланысты мұндай сараптамаларды жүргізу қиынға соқты.
Сонымен бірге, 2015 жыл ішінде республикамыздың аумағында құқық қорғау органдары Есірткі құралдары мен психотроптық заттардың бекітілген тізіміне кірмейтін, сондай-ақ олардың тектестері болып табылмайтын жаңа психобелсенді заттарды бірнеше рет алып қойды.
Бұл кінәлі адамдарды жауапкершілікке тартудың тергеу және сот перспективасы мүмкіндігін алып тастады.
Осылайша, 2015 жылғы қаңтарда Батыс Қазақстан облысында Есірткі құралдарының және психотроптық заттардың бекітілген тізіміне кірмейтін салмағы 11 грамм құрамында АВ- РINACA-CHM синтетикалық каннабиноид бар зат алынды.
2015 жылғы мамырда Алматы қаласында Жиынтық кестеге кірмейтін салмағы 7 грамм α-пирролидиновалерофенон – пировалерон психотроптық затының аналогы алынып қойылды.
2016 жылы осындай 7 факті тіркелді.
Осылайша, қаңтарда Павлодар қаласында жедел іс-шаралар барысында салмағы 0,28 грамм, пировалерон психотроптық затының аналогы болып табылатын пирролидиновалерофенон затын Интернет желісі арқылы сату фактісінің жолы кесілді.
Осылайша, есірткі бизнесі және онымен байланысты трансұлттық ұйымдасқан есірткі қылмысының жаңа сын-қатерлері жағдайында жаңа психобелсенді заттарды тарату қауіпті үдеріс болып қалыптасты. Қазақстан Республикасында мемлекеттік есірткі бақылауды қамтамасыз етудегі қолданыстағы тәсілдер ахуалдың даму қаупінің тиісті деңгейіне сәйкес келмейді.
Елімізде психобелсенді заттардың жаңа түрлерінің ұдайы пайда болуына және таралуына кедергі болатын қажетті алдын алу механизмі жоқ екенін мойындау қажет.
Осыған байланысты заң жобасында жаңа заттарды есірткі және психотроптық заттардың аналогтарына жатқызу тәртібі мен механизмін реттеу үшін мыналар ұсынылады:
Үкіметке Жаңа психобелсенді заттар тізімін қалыптастыру және бекіту бойынша өкілеттіктер берілсін.
Ол үшін ұғымдық аппаратты «жаңа психобелсенді заттар» түсінігімен толықтыру, сондай-ақ олардың тізімін қалыптастыру тәртібін бекіту қажет.  
2) есірткі құралдарының және психотроптық зат тектестер анықтамасы мынадай редакцияда жазылсын:
- «есірткі, психотроптық зат тектестер» - Қазақстан Республикасында бақылауға жататын Есірткі құралдарының, психотроптық заттардың және прекурсорлардың тізіміне енгізілмеген, құрылымдық формулалары есірткі құралдарының, психотроптық заттардың құрылымдық формулаларындағы бір немесе бірнеше сутегі атомдарын, галогендерді және (немесе) гидроксильді топтарды оларды алмастырғыштарына ауыстырумен түзілген химиялық заттар;
3) жаңа заттарды тектестерге жатқызу тәртібін және механизмін реттеу үшін ұғымдық аппарат сутегі атомдарын алмастырғыш түсінігімен толықтырылсын:
- «сутегі атомдарын, галогендерді және (немесе) гидроксильді топтарды алмастырғыштар» - есірткі құралдарының, психотроптық заттардың құрылымдық формулаларында сутегі атомдарын, галогендерді және (немесе) гидроксильді топтарды алмастырғыштар тізбесіне енгізілген бір валентті немесе екі валентті атомдар немесе атомдар тобы;
4) ұсынылатын анықтамаға сәйкес есірткі құралдарының, психотроптық заттардың құрылымдық формулаларында сутегі атомдарын, галогендерді және (немесе) гидроксильді топтарды алмастырғыштардың 48 атауынан тұратын Тізбе (1-қосымша)  бекітілсін;
5) бақылауға жататын есірткілер тізімін Біріккен Ұлттар Ұйымының Халықаралық есірткіні бақылау комитеті заңсыз айналымда жиі кездесетін ретінде ұсынған синтетикалық есірткілердің негізгі тобы қоспаларының 65 атауымен (2-қосымша)  толықтыру ұсынылады.
6) Есірткі құралдарын, психотроптық заттарды және прекурсорларды шағын, ірі және аса ірі көлемге жатқызу туралы жиынтық кестені бақылаудағы заттардың барлық атаулары бойынша сараланған мөлшерімен (3-қосымша)  толықтыру ұсынылады.
3. Заң жобасын қабылдау мақсаты
Заң жобасын әзірлеудің және қабылдаудың негізгі мақсаты мемлекет есірткі бизнесінің және трансұлттық ұйымдасқан есірткі қылмысының жаңа сын-қатерлеріне қарсы іс-қимыл жасауда қабылдап жатқан шараларды барабар және уақтылы қамтамасыз ету, сондай-ақ азаматтардың өмірі мен денсаулығының ажырамас құқықтарын қорғау деңгейін арттыру үшін қолданыстағы есірткіге қарсы заңнамалық жүйені жаңғырту болып табылады.
Заң жобасы қолданыстағы заңнаманы қолда бар есірткі тектестерге қатысты, сонымен қатар болашақта пайда болуы мүмкін психобелсенді заттардің жаңа түрлеріне қатысты қолдану саласын кеңейтуге бағытталған. Бұл ретте нақты Жаңа синтетикалық есірткілер мен психотроптық заттардың тізімін құру талап етілмейді.
4. Заң жобасын реттеу мәні
Заң жобасында жаңа психобелсенді заттардың заңсыз айналымына қатысы бар адамдарды жауапкершілікке тарту үшін құқықтық негіздердің болуына байланысты қоғамдық қатынастар анықталады.
5. Заң жобасының құрылымы
Заң жобасы екі баптан, тізбеден, тізімнен және үш кестеден тұрады.
«Негізгі ұғымдар» деген 1-бап «жаңа психобелсенді заттар» ұғымымен толықтырылды, сондай-ақ «есiрткi және психотроптық зат тектестер» ұғымына өзгерістер енгізілді.
Жаңа заттарды тектестерге жатқызу тәртібі мен механизмін реттеу үшін ұғымдық аппарат «сутегі атомдарын, галогендерді және (немесе) гидроксильді топтарды алмастырғыштар» анықтамасымен толықтырылған.
«Қазақстан Республикасында бақылауға жататын есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестер мен прекурсорларды саралау» деген 2-бап жаңа психобелсенді заттардың айналымын және бақылау тәртібін регламенттейтін 1-1-бөлікпен толықтырылды.
Ұсынылған анықтамаға сәйкес есірткі құралдары мен психотроптық заттардың құрылымдық формулаларындағы сутегі атомдарын, галогендерді және (немесе) гидроксильді топтарды алмастырғыштардың 48 атауынан тұратын тізбе қосылды.
Бақылауға жатқызылған есірткілер тізімі синтетикалық есірткілердің негізгі топтарынан алынған қосындылардың 65 атауымен толықтырылды.
Есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорларды шағын, ірі және аса ірі мөлшерге жатқызу туралы жиынтық кесте бақылаудағы заттардың барлық атаулары бойынша сараланған мөлшермен толықтырылды.
6. Заң жобасы қабылданған жағдайда болжанатын құқықтық және әлеуметтік-экономикалық салдар.
Заң жобасы қабылданған жағдайда қоғам үшін мынадай құқықтық және әлеуметтік-экономикалық салдар болжануда.
Құқықтық салдар:
- көрсетілген заттармен байланысты операцияның кез келген түріне қатысы бар адамдарды жауапкершілікке тарту үшін тікелей құқықтық негіздер белгілеу;
- заңнамада белгіленген тәртіппен айналымына тыйым салынған алынатын кез келген химиялық қоспаларды нақты заттармен сәйкестендіру мүмкіндігін қамтамасыз ету;
- заңсыз есірткі нарығының айналымын мемлекеттік бақылауды қамтамасыз ете отырып, олардың өзгеруіне жедел ден қою мүмкіндігін белгілеу;
- Қазақстанның тұрғындары арасында аз зерттелген, бірақ күшті есірткі тектес қасиеттерге ие, химиялық деңгейде бас миының қайтымсыз өзгеруіне әкеп соғатын, мөлшерден тыс пайдаланған жағдайда адам өліміне әкеп соғатын жаңа психобелсенді заттардың таралуына жол бермеу бойынша алдын алу шараларын қабылдау.
Әлеуметтік-экономикалық салдар:
- жаңа психобелсенді заттардың деструктивті әсеріне анағұрлым ұшырайтын азаматтар, ең алдымен жастар арасында есірткіні пайдалану деңгейін қысқарту;
- жаңа психобелсенді заттардың заңсыз айналымына қатысы бар адамдарды жауапкершілікке тарту үшін құқықтық негіздемелердің бар болуы нәтижесінде профилактикалық тиімділікті қалыптастыру.
Заң жобасын қабылдаудан туындайтын экономикалық салдарды белгілі бір сомада бағалау ұсынылған нормалардың экономикалық құрамымен тікелей байланысының болмауына байланысты мүмкін емес.
Заң жобасын қабылдау жағымсыз құқықтық және әлеуметтік-экономикалық салдарға әкеп соқпайды.
7. Басқа заңнамалық актілерді әзірленіп жатқан заң жобасына біруақытта (кейіннен) сәйкес келтіру қажеттігі.
Жоқ.
8. Заң жобасы мәнінің өзге нормативтік құқықтық актілермен регламенттелуі.
Заң жобасын қабылдау басқа нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізуді қажет етпейді.
9. Қаралып отырған мәселе бойынша шетелдік тәжірибенің бар-жоғы.
Еуропа мемлекеттері мен Американың құқықтық жүйелерінің ТМД елдерінен айтарлықтай айырмашылықтарына байланысты Ресей мен Беларусьтің жаңа психобелсенді заттарға қарсы күрес тәжірибесі егжей-тегжейлі талданды.
Көрсетілген елдерде құқық қорғаушылар жаңа синтетикалық есірткілердің таралуын болдырмаудың кешенді шараларының елеулі тәжірибесін жинады.
Ресей мен Беларусьтің есірткіге қарсы заңнамалық жүйелерінің қазақстандық үлгіден басты айрықша ерекшелігі нормативтік актілердің деңгейі болып табылады, олармен бақылауға жататын Есірткі құралдарының, психотроптық заттардың, прекурсорлардың, сондай-ақ синтетикалық есірткілердің жаңа түрлерінің тізімі бекітілетінін атап өту қажет.  
Беларусь Республикасында ІІМ-мен келісілген Бақыланатын заттар тізімі Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен бекітіледі.
Бұл ретте, оларды онша үлкен емес, ірі және аса ірі мөлшерлерге жатқызу мүлдем көзделмеген – есірткінің немесе психотроптық заттың санына қарамастан, оның адамда болғаны басынан-ақ құқыққа қайшы әрекет болып табылады.
Осы негіздерде қылмыстарды саралау және қылмыстық немесе әкімшілік жауапкершілікке тарту мәселелері шешіледі.
Ресей Федерациясында Есірткі және басқа жаңа психобелсенді заттардың тізбесі Үкімет қаулысымен бекітіледі.
Сонымен қатар, заңсыз айналымда ұдайы пайда болатын жаңа психобелсенді заттарды көрсетілген қаулыға енгізгенге дейін (белгіленген келісу рәсімдерін өткізу)  Есірткі айналымын бақылау жөніндегі федералдық қызмет директорына олардың айналымына шектеу қою құқығы берілген.
Шектеуді енгізу үшін тек бұл заттардың есірткіні тұтыну тұрғысынан адам денсаулығына клиникалық қауіп белгілерінің бар болуын растайтын сараптамалық зерттеулер жүргізу қажет.
Бұл ретте, Қазақстанда, сондай-ақ Беларусьте және Ресейде есірткі құралдарының, психотроптық заттардың және прекурсорлардың айналымын бақылау саласында мемлекеттік саясатты іске асырудың негізгі бағыттары заңнамалық актілер деңгейінде Заңдарда бекітілген.
Сонымен бірге, Бақыланатын заттардың тізімдері мен тізбелерін қалыптастырудың және бекітудің әртүрлі тәсілдері орын алуда.
Бұл ретте, практика көрсеткендей, бақыланатын заттарға қатысты бақылау шараларын белгілеуді регламенттейтін нормативтік актінің заңға тәуелді деңгейі бұл шараларды практикада жедел және сапалы іске асыруға мүмкіндік береді.
Осылайша заңдар және оларды іске асыру мақсатында қабылданатын заңға тәуелді актілер арасындағы өзара байланыс, сондай-ақ нақты және анық механизмдерді және оларды практикада қолдану тәртібін көздейтін заңнамалық нормаларды орындаудың тиімді теңгерімді жүйесі бар екенін растайды.
Бұл мәнмәтінде соңғы бес жылда бұрынғы Одақтың басқа да мемлекеттері сияқты есірткі нарығының жаңа психобелсенді заттармен, оның ішінде қолдан өндірілген және синтетикалық есірткілермен толық қанығудың жаһандық проблемасына тап болған Ресей Федерациясында есірткінің таралуына мемлекеттік деңгейде қарсы іс-қимыл жасаудың заңнамалық және өзге де құқықтық шараларын қалыптастырудың мысалы көрсетілген.  
Ахуалдың жіті жағымсыз тенденцияға ие болғаны соншалық, героин тапшылығы бола тұра синтетикалық есірткінің жаңа түрлерімен алмасқандықтан есірткіге тәуелділердің саны азаймай, белгісіз, оның ішінде өлімге әкеп соғатын психобелсенді заттарды шамадан тыс қолданғандардың медициналық мекемелерге алғаш рет жүгіну жағдайлары еселеп өскен.
Қалыптасқан жағдайда Ресейдегі психобелсенді заттарды бақылауды қамтамасыз етудегі қолданылатын тәсілдер жағдайдың теріс динамикасына барабар ден қоюға және қысқа мерзімде есірткі тұтыну тұрғысында адамның денсаулығы үшін қауіпті белгілері бар жаңа заттардың айтарлықтай саны айналымына мемлекеттік деңгейде тыйым салуға мүмкіндік берді.
Жүйенің есірткі қасиеттеріне ие заттарды жедел түрде бақылауға енгізуге мүмкіндік беретін икемділігі оның сөзсіз басымдылығы болып табылады.
Ең алдымен бұл жүйенің әлеуеті 2012-2014 жылдары синтетикалық есірткінің таралуына жедел қарсы іс-қимыл жасау мәселелерін шешу кезінде өз орнын алды.
Бұл тәжірибенің ерекшелігі бастапқыда стратегиялық дұрыс құралған құқықтық нормалар мен оларды іске асыру механизмдері жағдай кенеттен шиеленіскен жағдайларда оларды бақылауға қою туралы шешім қабылдау және жазасыз заңсыз айналымды болдырмау үшін елеусіз күш жұмсауға (жаңа синтетикалық есірткіні анықтау, заңсыз айналымнан алу және сараптамалық қорытынды)  мүмкіндік берді.
Осылайша, Үкімет қаулысына жедел түрде өзгерістер енгізу нәтижесінде көрсетілген кезеңде Ресейде есірткі және психо-галлюциногендік әсері бар заттар мен химиялық қоспалардың шамамен 800 атауының айналымына олардың есірткі нарығында пайда болу фактілерін анықтау және есірткі тұтынушылар арасында таралу шамасына қарай мемлекеттік бақылау қамтамасыз етілді.
Бұл ретте осы тізбеге енген заттардың көпшілігінің есірткі нарығында пайда болуы эпизодтық сипатқа ие болды (3-4 реттен көп емес)  және одан әрі оларды алып қою фактілері байқалмаған.
Бұл Ресейден тыс оларды өндірушілер мен жеткізушілердің елеулі санымен, сондай-ақ бақылаудан әкету, кедергісіз тарату және жауапкершіліктен әкету мақсатында олардың психобелсенді заттардың химиялық формулаларын өзгертуімен байланысты.
Жаңа психобелсенді заттардың айналымын және бақылауды реттеудің ең үздік әлемдік практикасын және нормативтік құралдарын терең зерттеу үшін Беларусияның, Ресейдің, АҚШ-тың, Еуропа және Орталық Азия елдерінің, сондай-ақ халықаралық есірткіге қарсы ұйымдар сарапшыларының қатысуымен халықаралық семинар өткізілді, оның нәтижелері бойынша едәуір тиімді әдістеме ретінде Жаңа психобелсенді заттар тізімін қалыптастырудың заңға тәуелді деңгейі ұсынылды.  
10. Заң жобасын іске асырумен байланысты болжамды қаржылық шығындар.
Заң жобасын іске асыру мемлекеттік бюджеттен қаржылық шығындарды қажет етпейді.