1. Осы орта білім берудің (бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім беру) мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты (бұдан әрі – стандарт) «Білім туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі Заңының 56-бабына сәйкес әзірленген.
Отправить по почте
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 23 тамыздағы № 1080 қаулысымен бекітілген
Орта білім берудің (бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім беру) мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты
Осы Стандарт күшін жойды ҚР Үкіметінің 27.12.2018 жылғы № 895 Қаулысына сәйкес
Редакция 01.09.2017 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен
1. Жалпы ережелер
1. Осы орта білім берудің (бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім беру) мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты (бұдан әрі – стандарт) «Білім туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі Заңының 56-бабына сәйкес әзірленген.
2. Қазақстан Республикасының жалпы орта білім беретін ұйымдары білім беруді:
1) осы орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына;
2) үлгілік оқу жоспарларына;
3) Қазақстан Республикасының орта білім беру саласындағы уәкілетті органы белгілеген тәртіппен бекітілген басқа да нормативтік құжаттарға сәйкес жүзеге асырады.
3. Орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты:
3-тармақ жаңа редакцияда жазылды ҚР Үкіметінің 15.08.2017 жылғы № 484 Қаулысына сәйкес (13.05.2016 ж. редакцияны қараңыз) (алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік 10 (он) күн өткен соң қолданысқа енгізілуі тиіс) 29.08.2017 жылы "ҚР НҚА электрондық түрдегі эталондық бақылау банкі" ақпараттық жүйесінде жарияланды
1) білімнің мазмұнына;
2) білім алушылардың оқу жүктемесінің ең көп көлеміне;
3) білім алушылардың даярлық деңгейіне қойылатын талаптарды айқындайды.
4. Орта білім беру стандартында Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңына сәйкес терминдер, анықтамалар мен қысқартулар пайдаланылады. Оларға қосымша мынадай терминдер және олардың анықтамалары енгізілді:
1) Білімнің базалық мазмұны - жалпы орта білім беретін ұйымдардың меншік нысанына, типі мен түріне қарамастан, меңгеруге міндетті, орта білім берудің келесі деңгейлерінде оқуды жалғастыруға жеткілікті болатын білім мазмұнының құрамы мен көлемі;
2) Үлгілік оқу жоспарының инварианттық компоненті – орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына енгізілген және жалпы орта білім беретін ұйымдарда оқытылатын міндетті пәндер жиынтығы.
3) Үлгілік оқу жоспарының вариативтік компоненті – білім алушылардың білімге деген қажеттілігі мен бейімділігін ескере отырып, жалпы орта білім беретін ұйымдар анықтайтын оқу пәндері мен курстардың жиынтығы.
4) Оқу жүктемесінің ең жоғары көлемі – үлгілік оқу жоспарының инварианттық және вариативтік (мектеп және оқушы) компоненттеріндегі оқу пәндерінің мазмұнын меңгеру үшін қажетті және білім беру деңгейлері мен оқу жылы бойынша белгіленген оқу уақытының көлемі.
5) Үлгілік оқу жоспары – орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартының құрамдас бөлігі болып табылатын, оқу пәндерінің тізбесі мен көлемін регламенттейтін, оқу жүктемесінің инварианттық және вариативтік компоненттерін белгілейтін және бастауыш, негізгі орта білім беру деңгейлерінде оқыту тілін, жалпы орта білім беру деңгейінде оқыту тілі мен бағытын сипаттайтын нормативтік құқықтық акт; білім беру ұйымдарының қызметін қаржыландыру үшін негізгі құжат болып табылады.
6) Оқу жұмыс жоспары – білім алушылардың білім алу мүдделерін ескере отырып, үлгілік оқу жоспары негізінде жалпы орта білім беретін ұйымдар әзірлейтін құжат.
7) Міндетті оқу бағдарламасы – үлгілік оқу жоспарының инварианттық компонентіне енетін әрбір оқу пәні бойынша білім, шеберлік және дағды мазмұны мен көлемін анықтайтын құжат.
8) Вариативтік оқу бағдарламасы – үлгілік оқу жоспарының вариативтік компонентіне енетін әрбір оқу курсы бойынша білім, шеберлік және дағды мазмұны мен көлемін анықтайтын құжат.
9) Білім алушының дайындық деңгейі – тұлғалық, жүйелік-әрекеттік және пәндік нәтижелерінен көрінетін білім алушылардың орта білім мазмұнын меңгеру деңгейі.
10) Білім мазмұнын меңгерудің базалық деңгейі – білім алушылардың білім, шеберлік және дағдының міндетті көлемін меңгеру деңгейі.
11) Білім мазмұнын меңгерудің жетік деңгейі – білім алушылардың білім, шеберлік және дағдының кеңейтілген және тереңдетілген көлемін меңгеру деңгейі.
12) Білім алушының портфолиосы – білім алушының білім алудағы жеке жетістіктері мен оқу, шығармашылық, спорттық, әлеуметтік, коммуникативтік әрекеттерде қол жеткізген түрлі көрсеткіштерінің жиыны.
13) Қамқоршылар кеңесі – жалпы орта білім беретін ұйымның алқалық басқару нысаны болып табылатын сайланбалы орган.
5. Орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты білім берудің жалпы нормалары мен мазмұнын қамтиды және тұлғаның, қоғам мен мемлекеттің мүдделерін көздейді.
6. Осы стандарт:
1) міндетті және вариативтік оқу бағдарламаларын, оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерін әзірлеу, сондай-ақ олардың сапасын сараптау үшін;
2) орта білім беру деңгейлері арасындағы сабақтастықты қамтамасыз ету үшін;
3) жалпы білім беретін ұйымдарда білім беру процесін жүзеге асыру үшін;
4) педагогтің, жалпы білім беретін ұйымның іс-әрекет нәтижесін анықтаудың бағалау жүйесін әзірлеу үшін және білім алушылардың дайындық деңгейін айқындау мен оларды қорытынды аттестаттаудың бақылау-өлшеуіш материалдарын дайындау үшін;
5) педагогикалық кадрларды даярлау, қайта даярлау және біліктіліктерін арттыру бойынша бағдарламаларды даярлау үшін негіз болып табылады.
2. Білім мазмұнына қойылатын талаптар
7. Бастауыш білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламалары баланы жеке тұлға ретінде қалыптастыруға, оның жеке қабілеттерін, оқу ісіндегі оң мотивациясы мен іскерлігін: негізгі мектептің білім беру бағдарламаларын кейіннен меңгеру үшін оқудың, жазудың, есептеудің, тілдік қатынастың, шығармашылық тұрғыдан өзін-өзі көрсетудің, мінез-құлық мәдениетінің берік дағдыларын дамытуға бағытталған.
8. Бастауыш білім беру баланың жеке тұлға ретінде адамгершілік қасиеттерінің, оның қоршаған ортаға эмоционалдық-құндылық қатынасының, оқу процесіне оң мотивациясының қалыптасуын және таным әрекетіндегі жеке қабілеттері мен шеберліктерінің дамуын қамтамасыз етеді.
9. Бастауыш білім мазмұнын жеті білім саласы құрайды: «Тіл және әдебиет», «Математика», «Жаратылыстану», «Адам және қоғам», «Өнер», «Технология», «Дене шынықтыру».
10. Негізгі орта білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламалары білім алушылардың ғылым жүйесінің базалық негіздерін меңгеруге, олардың бойында тұлғааралық және этносаралық қатынастың жоғары мәдениетін қалыптастыруға, жеке тұлға ретінде өзін-өзі билеуіне және кәсіптік бағдарлануына бағытталады.
11. Негізгі орта білім білім алушының базистік ғылым негіздерін меңгеруін, жоғары рухани-адамгершілік және тұлғааралық, этносаралық қарым-қатынас мәдениетінің қалыптасуын, тұлғаның өмірде өз орнын табуын және өзін-өзі билеуін, функционалдық сауаттылығының қалыптасуын, бейіналды дайындықтың іске асырылуын қамтамасыз етеді.
12. Негізгі орта білім мазмұнын жеті білім саласы құрайды: «Тіл және әдебиет», «Математика және информатика», «Жаратылыстану», «Адам және қоғам», «Өнер», «Технология», «Дене шынықтыру».
13. Жалпы орта білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламалары жаратылыстану-математикалық және қоғамдық-гуманитарлық бағыттар бойынша бейіндік оқытуды енгізе отырып, саралау, кіріктіру және білім беру мазмұнын кәсіптік бағдарлау негізінде әзірленеді.
14. Жалпы орта білім білім алушының табиғат, қоғам және адам туралы біртұтас, аяқталған білім жүйесін меңгеруін, функционалдық сауаттылығының дамуын, тұлғаның интеллектуалдық, рухани-адамгершілік және физикалық дамуын, білім мазмұнын саралау, кіріктіру және бейіндеу негізінде болашақ мамандығының бағытын таңдау жағдайын қамтамасыз етеді.
15. Жалпы орта білім мазмұнын алты білім саласы құрайды: «Тіл және әдебиет», «Математика және информатика», «Адам және қоғам», «Жаратылыстану», «Технология», «Дене шынықтыру».
16. Әрбір білім саласы ұқсас оқу пәндерін қамтиды.
17. «Тіл және әдебиет» білім саласына енетін пәндер: «Сауат ашу (оқу, жазу)», «Әдебиеттік оқу», «Қазақ тілі», «Қазақ әдебиеті» (қазақ тілінде жалпы білім беретін ұйымдар үшін, оқыту тілі қазақ тілінде емес жалпы білім беретін ұйымдар үшін), «Орыс тілі», «Орыс әдебиеті» (орыс тілінде жалпы білім беретін ұйымдар үшін), «Орыс тілі», «Орыс әдебиеті» (қазақ тілді және басқа да орыс тілді емес жалпы білім беретін ұйымдар үшін), «Шетел тілі».
18. Қазақстан аумағында тұратын этностың тілінде оқытатын жалпы білім беретін ұйымдарда «Тіл және әдебиет» білім саласына осы этностың «Ана тілі мен әдебиеті» қосымша енеді. Нақты этностың шоғырланып орналасқан жерлерінде олардың тілін оқыту мәселесін шешу білім саласындағы жергілікті атқару органдары құзырына беріледі. «Ана тілі» («Ұйғыр тілі», «Өзбек тілі», «Тәжік тілі») мен «Әдебиет» («Ұйғыр әдебиеті», «Өзбек әдебиеті», «Тәжік әдебиеті») пәндері үлгілік оқу жоспарының инварианттық компонентіне енеді.
19. «Математика және информатика» білім саласына енетін пәндер: «Математика», «Алгебра», «Алгебра және анализ бастамалары», «Геометрия», «Информатика».
20. «Жаратылыстану» білім саласына енетін пәндер: «Дүниетану», «Жаратылыстану», «География», «Биология», «Физика», «Химия».
21. «Адам және қоғам» білім саласына енетін пәндер: «Қазақстан тарихы», «Дүниежүзі тарихы», «Адам. Қоғам. Құқық», «Өзін-өзі тану».