Арнаулы пошта байланысы қызметі қызметкерлерінің нысанды киімінің және Ұлттық пошта операторы жұмыскерлерінің нысанды киімінің (погонсыз) үлгілерін, оны киіп жүру қағидаларын, онымен қамтамасыз ету нормаларын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрінің 2016 жылғы 25 шілдедегі № 56 бұйрығы.
Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2016 жылы 25 тамызда № 14159 болып тіркелді
Редакция 20.04.2024 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен
«Пошта туралы» 2016 жылғы 9 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабы 1-тармағының 9) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1) 1-қосымшаға сәйкес Ұлттық пошта операторының арнаулы пошта байланыс қызметі қызметкерлерінің нысанды киім үлгісі;
2) 2-қосымшаға сәйкес Ұлттық пошта операторы жұмыскерлерінің (погонсыз) нысанды киім үлгісі;
3) 3-қосымшаға сәйкес Ұлттық пошта операторының арнаулы пошта байланыс қызметі қызметкерлерінің нысанды киімін қамтамасыз ету нормалары, кию қағидалары;
4) 4-қосымшаға сәйкес Ұлттық пошта операторының жұмыскерлерінің (погонсыз) нысанды киімін қамтамасыз ету нормалары, кию қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің Байланыс департаменті (В.В. Ярошенко):
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін оның көшірмелерін баспа және электрондық түрде күнтізбелік он күн ішінде мерзімді баспа басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға, сондай-ақ тіркелген бұйрықты алған күннен бастап күнтізбелік бес жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін Республикалық құқықтық ақпарат орталығына жіберуді;
3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің интернет-ресурсында және мемлекеттік органдардың интранет-порталында жариялауды;
4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы бұйрықтың 2-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрі Д. Абаев
Қазақстан Республикасы
Ақпарат және коммуникациялар
министрінің
2016 жылғы 25 шілдедегі
бұйрығына
1-қосымша
Ұлттық пошта операторының арнаулы пошта байланысы қызметi қызметкерлерінің нысанды киімінің үлгілері
Жоғары, аға және кіші құрамның свитердегі күнделікті киім нысаны
Арнаулы пошта байланысы қызметiнің төсбелгілері мен айырым белгілері
1-тарау. Арнаулы пошта байланысы қызметінің қызметкерлері үшін нысанды киімнің, шевронның, эмблема және төсбелгілердің сипаты
1. Арнаулы пошта байланысы қызметiнің (бұдан әрі - Арнаулы байланыс қызметі) жоғары құрамы үшін ерлер костюмі (китель, шалбар) 1-суретке сәйкес қара-көк түсті жартылай жүн қосылған матадан дайындалады.
1) жартылай жүн қосылған матадан жасалған, қара-көк түсті жартылай қынамалы пішіндегі, екі жағына бірдей қаусырмалы, ойысқан түймелігі бар китель, екі қатарға орналасқан алты нысанды түймесі бар, жағасы мен лацканы қайырылған, жағасының шетіне көк түсті жиек салынған, жағасында алтын түстен арнайы сурет (белгі) тігілген түрдегі петлица бар.
Жеңдері ені 8 сантиметр қайырмамен, қайырманың жоғары жағында - көк түсті жиек, қайырма ортасында алтын түстес арнайы сурет тігілген. Сол жақ жеңінде – белгіленген үлгідегі Арнаулы байланыс қызметiнің «Шеврон» жең белгісі. Оң жақ жеңінде – белгіленген үлгідегі Арнаулы байланыс қызметiнің «Эмблема» жең белгісі. Төсінде клапандары бар тілікті қалталар көлденең орналасқан.
2) жартылай жүн қосылған матадан жасалған, қара-көк түсті тік шалбар, астарлы ішкі жан қалталары бар, оң жағынан артқы тілікті қалтаға түймеленеді, бүйір тігіс арқылы – шетінде ені 2 сантиметр көк түсті лампастар бар, көк түсті жиек жүргізілген.