Toggle Dropdown
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Еуразиялық экономикалық қоғамдастық шеңберінде кеден одағына мүше мемлекеттердің үкіметтері,
Отправить по почте
Кеден одағына мүше мемлекеттердің зияткерлік меншік объектілерінің бірыңғай кедендік тізілімі туралы КЕЛІСІМ
ҚР 2010 жылғы 30 маусымдағы № 322-IV Заңымен ратификацияланды Осы Келісім қолданысын тоқтатты 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексі туралы Шартына сәйкес
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Еуразиялық экономикалық қоғамдастық шеңберінде кеден одағына мүше мемлекеттердің үкіметтері,
2009 жылғы 27 қарашадағы Кеден одағының кеден кодексі туралы шартты іске асыру мақсатында, кеден одағының бірыңғай кедендік аумағында кедендік реттеуді қамтамасыз ету мақсатында, төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Осы Келісім:
кеден одағына мүше мемлекеттердің зияткерлік меншік объектілерінің бірыңғай кедендік тізілімін (бұдан әрі - Бірыңғай тізілім) жүргізу, авторлық және сабақтас құқық объектілерін, тауар белгілерін және қызмет көрсету белгілерін (бұдан әрі - зияткерлік меншік объектілері) Бірыңғай тізілімге енгізу, кеден одағына мүше мемлекеттердің кеден органдарының, сондай-ақ құқық иеленушілермен немесе олардың мүдделерін білдіретін тұлғалармен (бұдан әрі - құқық иеленуші), мемлекеттік органдармен, өзге ұйымдармен, мекемелермен және азаматтармен Бірыңғай тізілімді жүргізуге байланысты мәселелер бойынша өзара іс-қимыл тәртібін белгілейді.
2-бап
2-бап өзгертілді 10.10.2014 жылғы Шартпен (21.05.2010 ж. редакцияны қараңыз) (қолданысқа енгізу тәртібін Шарттың 6-бабынан қараңыз)
Осы Келісімнің мақсаттары үшін: Армения Республикасынан - Армения Республикасының Қаржы министрлігі, Беларусь Республикасынан - Мемлекеттік кеден комитеті, Қазақстан Республикасынан - Қаржы министрлігінің Кедендік бақылау комитеті, Ресей Федерациясынан - Федералдық кеден қызметі орталық кеден органдары болып табылады.
3-бап
1. Бірыңғай тізілімге құқық иеленушінің өтініші негізінде кеден одағына мүше мемлекеттердің әрқайсысында құқықтық қорғауға жататын зияткерлік меншік объектілері енгізіледі.
2. Кеден одағына мүше мемлекеттердің зияткерлік меншік саласындағы заңнамаларына және (немесе) кеден одағының заңнамасына сәйкес кеден одағының кедендік шекарасы арқылы тауарларды өткізуге байланысты немесе кедендік бақылаудағы тауарлармен өзге іс-әрекеттерді жасау кезінде оның құқықтарын бұзу орын алды деп санауға жеткілікті негізі бар құқық иеленуші зияткерлік меншік объектісін Бірыңғай тізілімге енгізу туралы өтініш беруге құқылы.
3. Өтініш жазбаша түрде кеден одағына мүше мемлекеттердің біреуінің орталық кеден органына беріледі. Техникалық мүмкіндік болған кезде өтініш электронды түрде берілуі мүмкін.
Өтініш бір құқық иеленушінің (бірнеше құқық иеленушілерінің) атынан зияткерлік меншік объектілерінің бір түріне қатысты беріледі. Егер бұл зияткерлік меншік объектілері бір құқық иеленушіге (сол бір құқық иеленушілеріне) тиесілі болса да, бір өтініште бір мезгілде әртүрлі зияткерлік меншік объектілерінің түрлері туралы мәліметтерді көрсетуге жол берілмейді.
Зияткерлік меншіктің бір түрінің әртүрлі объектілері бойынша әртүрлі құқық иеленушілердің мүдделерін білдіретін тұлға әртүрлі құқық иеленушілерге тиесілі әртүрлі зияткерлік меншік объектілеріне қатысты жеке өтініштер ресімдеуге тиіс.
4. Кеден одағының кедендік аумағында тұрақты өкілдігі жоқ құқық иеленушінің атынан өтініш кеден одағына мүше мемлекеттердің бірінің аумағында тұрақты тұратын жері бар (тіркелген) тұлғалар арқылы берілуі мүмкін.
4-бап
1. Өтініште:
құқық иеленуші туралы, ал өтінішті олардың өкілі берген жағдайда - сондай-ақ өкілі туралы;
зияткерлік меншік объектісі туралы;
оларды кеден одағының кедендік аумағы арқылы өткізу немесе кедендік бақылауда тұрған тауарлар туралы осындай тауарлармен өзге іс-әрекеттер құқық иеленушінің пікірі бойынша кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес қорғалатын оның құқықтарын бұзушылыққа әкеп соқтыратын, оларды кеден органдарының анықтау мүмкіндігін қамтамасыз ету үшін жеткілікті дәйекті (тауарлардың сыртқы түрінің (олардың орамы, этикеткалары және т.б.) сипаттамасы) мәліметтер;
құқық иеленуші уәкілеттік берген импорттаушылар, экспорттаушылар туралы;
Сыртқы экономикалық қызметтің бірыңғай тауар номенклатурасына сәйкес алғашқы төрт белгі деңгейінен кем емес тауарлардың кодтары туралы;
оларды кеден одағының кедендік аумағы арқылы өткізу немесе кедендік бақылауда тұрған осындай тауарлармен өзге іс-әрекеттер құқық иеленушінің пікірі бойынша кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес қорғалатын оның құқықтарын бұзушылыққа әкеп соқтыратын тауарларды әкелудің болжамды орындары, осындай ақпарат бар болған жағдайда осындай тауарларды импорттаушылар (экспорттаушылар) туралы;
құқық иеленушінің зияткерлік меншік объектілеріне арналған құқықтарын қорғау мерзімі туралы мәліметтер болуы тиіс.
Көрсетілген мәліметтер осы мәліметтерді растайтын құжаттардың көшірмелері түрінде ресімделуі мүмкін. Құжаттардың көшірмелері ұсынылған кезде құжаттардың түпнұсқалары талап етілуі мүмкін, олар көшірмелерге сәйкестікке тексеруден кейін қайтарылады.
2. Зияткерлік меншік объектілеріне қатысы бар және сипаттама түрінде болатын не қандай да бір деректердің тізбесін немесе жиынтығын білдіретін жеке мәліметтер материалдық тасығышта электронды түрде немесе электронды почта арқылы қосымша берілуі тиіс.
3. Кеден одағына мүше мемлекеттердің әрқайсысында зияткерлік меншік объектілеріне құқықтың бар екенін растайтын құжаттар (құқықтарды беру туралы куәліктер, шарттар (оның ішінде лицензиялық), құқық иеленуші кеден одағына мүше мемлекеттердің әрқайсысында олардың заңнамасына сәйкес зияткерлік меншік объектілеріне құқықтарын растау үшін ұсына алатын басқа құжаттар), сондай-ақ өтініште көрсетілуге тиіс мәліметтерді растайтын құжаттар өтінішке қоса беріледі.
Құқық иеленуші өзінің пікірінше оның құқықтарын бұзу фактісі орын алғанын растайтын тауарлардың үлгілерін өтінішке қоса беруі мүмкін.
4. Егер өтінішті құқық иеленушінің мүдделерін білдіретін тұлға беретін болса, құқық иеленуші осындай тұлғаға берген сенімхат та өтінішке қоса беріледі. Сенімхат кеден одағының барлық аумағында қолданыста болуға тиіс.
Егер кеден одағына мүше мемлекеттердің аумақтарында сол бір зияткерлік меншік объектісіне құқықтар түрлі құқық иеленушілеріне тиесілі болса, әрбір құқық иеленушінің әрқайсысынан сенімхаттар өтінішке қоса берілуге тиіс.
5. Өтініш және оған қоса берілетін құжаттар орыс немесе өзге тілде ұсынылады. Құжаттар өзге тілде ұсынылған жағдайда, өтінішке олардың орыс тіліне аудармасы қоса беріледі.
6. Декларантқа, меншік иесіне, тауарларды алушыға немесе өзге тұлғаларға тауарлардың шығарылуы тоқтатыла тұруына байланысты келтірілуі мүмкін мүлік зиянын өтеу туралы құқық иеленушінің жазбаша міндеттемесі өтінішпен бір уақытта ұсынылады.
Егер кеден одағына мүше мемлекеттердің аумақтарында сол бір зияткерлік меншік объектісіне құқықтар түрлі тұлғаларға тиесілі болса, өтінішке әрбір құқық иеленушінің міндеттемелері қоса берілуге тиіс.
7. Құқық иеленуші (оның өкілі) өтініште не оған қоса берілетін құжаттарда көрсетілген мәліметтердің өзгергені туралы дереу хабарлауға тиіс.
8. Егер өтініште осы Келісімде көзделген құжаттар мен мәліметтер болмаса, орталық кеден органдары құқық иеленушіден (оның өкілінен) шешімді қабылдау үшін қажетті құжаттар мен мәліметтерді сұратуға құқылы.
Мұндай құжаттар мен мәліметтер бір ай мерзімде ұсынылмаған кезде кеден одағына мүше мемлекеттердің орталық кеден органдары өтінішті қараудан бас тартуға құқылы.
5-бап
1. Мынадай:
зияткерлік меншік объектілерін Бірыңғай тізілімге енгізу туралы;
зияткерлік меншік объектілерін Бірыңғай тізілімге енгізуден бас тарту туралы;
Бірыңғай тізілімге енгізу мерзімін ұзарту туралы;
зияткерлік меншік объектілерін Бірыңғай тізілімнен шығару туралы өтініштерді қарау және шешімдер қабылдау Кеден одағына мүше мемлекеттердің кеден органдарының зияткерлік меншік объектілерінің бірыңғай кедендік тізіліміне енгізу мәселелері жөніндегі өзара іс-қимылы регламентіне (бұдан әрі - Регламент) сәйкес жүзеге асырылады.
Регламент Кеден одағы комиссиясының шешімімен бекітіледі.
2. Кеден одағының комиссиясы Бірыңғай тізілімді жүргізуге уәкілетті органды айқындайды.
6-бап
1. Құқық иеленуші осы Келісімнің 4-бабының 6-тармағында көзделген міндеттемелерді орындаудың кепілдігі мақсатында зияткерлік меншік объектілерін Бірыңғай тізілімге енгізу туралы шешім қабылдау туралы хабарламаны жолдаған күннен бастап бір айдың ішінде кеден одағына мүше барлық мемлекеттерде заңды күші бар тауарларды шығаруды тоқтата тұруға байланысты тұлғаға мүліктік зиян келтіргені үшін жауапкершілікті сақтандыру шартын (шарттарын) ұсынуға міндетті.
Бұл ретте сақтандыру сомасы кемінде 10 (он) мың евро болуға тиіс.
2. Кеден органдарында құқық иеленушінің мүдделерін білдіруге арналған тиісті дәрежеде ресімделген сенімхат не мұндай өкілеттікті беретін өзге құжат болған кезде мүліктік зиян келтіргені үшін жауапкершілікті сақтандыру міндеттемесін және шартты (шарттарды) құқық иесінің өкілі ресімдеуі және ұсынуы мүмкін.
3. Мүліктік зиян келтіргені үшін жауапкершілікті сақтандыру шартын (шарттарын) ұсынбаған жағдайда Бірыңғай тізілімге енгізуден бас тарту туралы шешім қабылданады, өтініш беруші ол туралы жазбаша нысанда мұндай шешім қабылданған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде хабардар етіледі.
4. Зияткерлік меншік объектілерін Бірыңғай тізілімге енгізу үшін төлем алынбайды.
5. Бірыңғай тізілімге енгізілген зияткерлік меншік объектілерінің тізбесі ресми басылымдарда және Кеден одағының комиссиясы мен кеден одағына мүше мемлекеттердің кеден органдарының ресми Интернет-сайттарында жарияланады.
7-бап
Бірыңғай тізілімге енгізу кезінде белгіленетін зияткерлік меншік объектілеріне құқық иеленушілерінің құқықтарын қорғау мерзімі кеден одағына мүше мемлекеттерде бұл мерзім бұрын аяқталатын зияткерлік меншік объектілерін құқықтық қорғау мерзімінен аспайды.
8-бап
1. Осы Келісімді түсіндіруге және (немесе) қолдануға байланысты даулар, бірінші кезекте Тараптар арасындағы келіссөздер мен консультациялар жүргізу арқылы шешіледі.
2. Егер дау дау тараптарының бірінен дау тараптарының екіншісіне келіссөздер мен консультациялар жүргізу туралы ресми жазбаша өтініш жіберілген күннен бастап алты ай ішінде келіссөздер мен консультациялар арқылы реттелмесе, оны шешу тәсіліне қатысты дау тараптары арасында өзге уағдаластық болмаған кезде дау тараптарының кез келгені осы дауды қарау үшін Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Сотына бере алады.
3. Кеден одағының комиссиясы Тараптарға оны Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Сотына бергенге дейін дауды реттеуге жәрдем көрсетеді.
9-бап
Осы Келісімге, осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын жеке хаттамалармен ресімделетін өзгерістер енгізілуі мүмкін.
10-бап
Осы Келісім ратификациялауға жатады және 2009 жылғы 27 қарашадағы Кеден одағының кеден кодексі туралы шарт күшіне енген күнінен бастап уақытша қолданылады.
Осы Келісім депозитарий дипломатиялық арналар бойынша осы Келісімнің күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптар мемлекеттерінің орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны алған күнінен бастап күшіне енеді.
Санкт-Петербург қаласында 2010 жылғы 21 мамырда орыс тілінде бір түпнұсқа данада жасалды.
Осы Келісімнің түпнұсқа данасы Кеден одағының комиссиясында сақталады, ол әрбір Тарапқа оның расталған көшірмесін жібереді.
Беларусь Қазақстан Ресей
Республикасының Республикасының Федерациясының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін Үкіметі үшін
Кеден одағына мүше мемлекеттердің зияткерлік меншік объектілерінің бірыңғай кедендік тізілімі туралы келісімнің қазақ тіліндегі мәтіні орыс тіліндегі мәтініне сәйкес келеді.
Қаржы министрі Б. Жәмішев