• Мое избранное
Кеден одағына мүше мемлекеттердің кеден органдарының өзара әкімшілік көмегі туралы келісім
Внимание! Документ утратил силу с 01.01.2018 г.

Отправить по почте

Toggle Dropdown
  • Комментировать
  • Поставить закладку
  • Оставить заметку
  • Информация new
  • Редакции абзаца
  • 3

Кеден одағына мүше мемлекеттердің кеден органдарының өзара әкімшілік көмегі туралы КЕЛІСІМ

ҚР 30.06.2010 жылғы 311-IV Заңымен ратификацияланды 
Осы Келісім қолданысын тоқтатты 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексі туралы Шартына сәйкес
Редакция 10.10.2014 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен 
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың шеңберіндегі кеден одағына мүше мемлекеттердің үкіметтері,
2009 жылғы 27 қарашадағы Кеден одағының Кеден кодексі туралы шартқа негізделе отырып,        төмендегілер туралы келісті:
І-бөлім. Жалпы ережелер
1-бап Келісімнің қолданылу аясы
Кеден одағына мүше мемлекеттердің кеден органдары (бұдан әрі - кеден органдары) осы Келісімнің ережелеріне сәйкес:
кеден одағы кеден заңнамасының және кеден одағына мүше мемлекеттер заңнамасының сақталуын қамтамасыз етуге ықпал ететін ақпаратпен алмасады;
кеден одағына мүше басқа мемлекеттің кеден органының тапсырмасы бойынша кедендік бақылаудың жекелеген нысандарын жүргізеді;
кеден органдары қабылдаған шешімдерді өзара таниды.
2-бап Осы Келісімде пайдаланылатын терминдер
Осы Келісімде мынадай терминдер мен олардың анықтамалары пайдаланылады:
1) орталық кеден органдары:
Армения Республикасы үшін - Армения Республикасының Қаржы министрлігі,
1-тармақ абзацпен толықтырылды 10.10.2014 жылғы Шартқа сәйкес (қолданысқа енгізу тәртібін Шарттың 6-бабынан қараңыз)
Беларусь Республикасы үшін - Беларусь Республикасының Мемлекеттік кеден комитеті;
Қазақстан Республикасы үшін - Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Кедендік бақылау комитеті;
Ресей Федерациясы үшін - Ресей Федерациясының Федералдық кеден қызметі;
2) аумақтық кеден органдары:
Армения Республикасы үшін - кедендер;
2-тармақ абзацпен толықтырылды 10.10.2014 жылғы Шартқа сәйкес (қолданысқа енгізу тәртібін Шарттың 6-бабынан қараңыз)
Беларусь Республикасы үшін - кедендер;
Қазақстан Республикасы үшін - Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Кедендік бақылау комитетінің облыстар (республикалық маңызы бар қалалар, астана) бойынша аумақтық бөлімшелері, кедендер;
Ресей Федерациясы үшін - өңірлік кедендік басқармалар мен кедендер;
3) сұрау салушы кеден органы - осы Келісімге сәйкес сұрау салуды жіберетін кеден органы;
4) сұрау салынатын кеден органы - осы Келісімге сәйкес сұрау салуды алған кеден органы;
5) тапсырма беретін кеден органы - осы Келісімге сәйкес тапсырманы жіберетін кеден органы;
6) атқарушы кеден органы - осы Келісімге сәйкес тапсырманы алған кеден органы.
  • 1
II-бөлім. Кеден органдары арасында ақпарат алмасу
  • 1
3-бап Ақпарат алмасуды ұйымдастыру
1. Кеден органдары кеден одағы кеден заңнамасының және (немесе) кеден одағына мүше мемлекеттер заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету мақсатында, сондай-ақ кеден одағының кеден заңнамасы және (немесе) кеден одағына мүше мемлекеттер заңнамасы бұзушылықтарының алдын алу үшін бір-біріне өзінің бастамасы немесе сұрау салуы бойынша ақпаратты, оның ішінде құжаттарды немесе олардың расталған көшірмелерін ұсынады.
2. Кеден органдары арасында ақпарат алмасу жазбаша және (немесе) электронды нысанда:
сұрау салуларды жіберу және ақпарат беру;
ақпаратты өз бастамасы бойынша жіберу;
нормативтік және өзге құқықтық актілермен алмасу арқылы жүргізіледі.
3. Орталық кеден органдары ақпараттық алмасу үшін мәліметтердің құрамын бірлесіп айқындайды, ақпараттық өзара іс-қимылдың техникалық шарттарын және деректерді өңдеу мен берудің технологиясын, ақпаратты қорғау бойынша талаптарды әзірлеуді және келісуді жүзеге асырады.
4. Орталық кеден органдары осы Келісімге қол қойылғаннан кейін алты ай ішінде осы Келісімнің 4-бабында көзделген Ақпаратты электронды нысанда алмасуды ұйымдастыру бойынша техникалық шарттарды, оның ішінде:
1) ақпарат алмасуды ұйымдастыру тәртібін;
2) ақпарат беру тәсілдерін;
3) ақпаратты қорғау бойынша талаптарды;
4) ақпараттың құрылымын, құрамын және форматын келіседі.
Электронды нысанда ақпарат алмасу оның техникалық дайындығы қамтамасыз етілгеннен кейін кеден органдары арасында жүзеге асырылады, бұл туралы орталық кеден органдары бір-бірін жазбаша хабардар етеді.
5. Орталық кеден органдары өзара ақпарат алмасуды:
тәуекелдерді барынша төмендету жөнінде қабылданатын шаралар және кедендік бақылауды жүргізу тиімділігін арттыруға ықпал ететін өзге де ақпарат бойынша;
Кеден одағының сыртқы экономикалық қызметінің бірыңғай Тауар номенклатурасы (бұдан әрі - СЭҚ БТН) бойынша тауарлардың сыныптамасы жөніндегі алдын ала шешімдер бойынша;
кедендік сарапшылардың қорытындылары бойынша;
тауарларды кеден одағының кедендік аумағынан тысқары жерлерге іс жүзінде әкетуді бақылау кезінде;
орталық кеден органдары айқындайтын тәртіппен кедендік транзиттің кедендік рәсіміне сәйкес кеден одағының кедендік аумағы бойынша тауарлар тасымалдауды бақылау кезінде;
орталық кеден органдары айқындайтын өзге де ақпарат алмасуды жүзеге асыруға құқылы.
4-бап Электронды нысанда ақпарат алмасу
Орталық кеден органдары электронды нысанда мынадай ақпаратпен тұрақты алмасуды жүзеге асырады:
1) мемлекеттік құпияға жататын мәліметтерді қоспағанда, осы Келісімнің 3-бабының 4-тармағына сәйкес Ақпаратпен электронды алмасуды ұйымдастыру жөніндегі техникалық шарттарда айқындалған келісілген ұстанымдар бойынша кедендік декларациялардың дерек қорынан мәліметтер;
2) мемлекеттік құпияға жататын мәліметтерді қоспағанда, осы Келісімнің 3-бабының 4-тармағына сәйкес Ақпаратпен электронды алмасуды ұйымдастыру жөніндегі техникалық шарттарда айқындалған келісілген ұстанымдар бойынша СЭҚ БТН бойынша тауарлардың сыныптамасы жөніндегі алдын ала шешімдердің дерек қорынан мәліметтер.
5-бап Сұрау салуларды жіберу негіздері
1. Құжаттар мен мәліметтер беру туралы сұрау салуды (бұдан әрі - сұрау салу) жіберу негіздері:
1) ақпарат алмасу нәтижесінде тауарлар, халықаралық тасымалдаудағы көлік құралдары және (немесе) тауарларға қатысты өкілдіктері бар тұлғалар туралы мәліметтерде сәйкессіздіктердің анықталуы;
2) кеден органы сұрау салуды жіберетін кеден одағы кеден заңнамасының және (немесе) кеден одағына мүше мемлекет заңнамасының талаптарын ықтимал бұзушылықтар туралы куәландыратын деректердің бар болуы;
3) кеден органының кедендік бақылауды жүргізуі болып табылады.
  • 1
2. Сұрау салу осы баптың 1-тармағында көзделмеген басқа негіздер бар болған кезде жіберілуі мүмкін.
  • 1
6-бап Сұрау салуларды жіберу тәртібі
1. Сұрау салулармен және оларға жауаптармен алмасу орталық кеден органдары арасында да, тікелей аумақтық кеден органдары арасында да жүзеге асырылады.
Сұрау салуды қандай кеден органына жіберу қажеттілігі айқындау мүмкін болмаған жағдайларда, сұрау салуларды жіберу орталық кеден органдары арқылы жүзеге асырылады.
2. Сұрау салу сұрау салушы кеден органының бастығы (басшысы) немесе оның орынбасары қол қойған хатпен ресімделеді.
Сұрау салулар мен сұрау салуларға жауаптарды электронды поштамен немесе факсимильді байланыспен, оларды кейіннен пошта арқылы жіберумен жолдауға жол беріледі.
3. Сұрау салуда:
1) сұрау салушы кеден органының және сұрау салу жіберілетін кеден органының атауы;
2) осы Келісімге сілтеме;
3) істің мән-жайын қысқаша сипаттау;
4) осы Келісімнің 5-бабына сәйкес сұрау салуды жіберу негіздері;
5) сұрау салуды орындау нәтижесінде олардың сақталуы тексерілуі тиіс кеден одағы кеден заңнамасының және (немесе) кеден одағына мүше мемлекет заңнамасының ережелерін көрсету;
6) сұрау салынған құжаттар мен мәліметтердің тізбесі;
7) сұрау салған кеден органының пікірі бойынша сұрау салуды орындау үшін талап етілетін өзге ақпарат болуы тиіс.
4. Сұрау салудың мәтінінде сілтемелері бар құжаттардың көшірмелері (нормативтік құқықтық актілердің көшірмелерін қоспағанда), сондай-ақ кедендік, коммерциялық, көліктік (тасымалдаушы) және сұрау салудың мәніне қатысы бар өзге де құжаттардың куәландырылған көшірмелері сұрау салуға қоса берілуі мүмкін.
5. Куәландырылған көшірмелердің ұсынылуы жеткіліксіз болған жағдайларда құжаттардың түпнұсқаларына сұрау салынуы мүмкін және олар қысқа мерзімде қайтарылуы тиіс.
7-бап Сұрау салуларды орындау тәртібі
1. Сұрау салу алынған күнінен бастап бір айдан аспайтын мерзімде орындалады. Бұл мерзімді қысқарту қажет болғанда сұрау салудың мәтінінде сұрау салудың себебі мен орындалудың қалаған мерзімі көрсетіле отырып, тиісті ескертпе жасалады.
Осы баптың 3-тармағының 1) тармақшасында көзделген жағдайларда сұрау салуды орындау мерзімі қосымша ақпаратты алу үшін қажетті уақыт кезеңіне ұзартылады.
Сұрау салуды көрсетілген мерзімде ішінара немесе толық орындау мүмкін болмаған жағдайда, сұрау салынған кеден органы сұрау салушы кеден органына орындаудың болжамды мерзімдері туралы хабарлайды.
2. Егер кеден органында сұрау салынған ақпарат болмаса, онда ол өз мемлекетінің заңнамасына сәйкес өз атынан әрекет ете отырып осы ақпаратты алуға шаралар қабылдайды.
3. Сұрау салынған кеден органы:
1) егер бұл сұрау салуды орындау үшін қажетті болса, сұрау салушы кеден органына қосымша ақпарат беру туралы өтінішпен жүгінуге;
2) сұрау салушы кеден органына осы Келісімнің 8-бабында көрсетілген жағдайларда, мұндай бас тарту және оның себептері туралы жазбаша хабарлай отырып, сұрау салуды орындаудан бас тартуға құқылы.
4. Сұрау салынған кеден органы сұрау салушы кеден органына сұрау салуға жауапты, сондай-ақ тиісті материалдарды сұрау салуы бар хатқа қол қойған лауазымды адамның атына жібереді.
5. Сұрау салуға жауапта сұрау салынған кеден органы:
сұрау салушы кеден органы сұрау салған құжаттарды (не олардың куәландырылған көшірмелерін) және мәліметтерді;
егер сұрау салынған кеден органы кедендік бақылауды өз бастамасы бойынша жүргізген болса, жүргізілген кедендік бақылаудың нысандары мен оның нәтижелері туралы ақпаратты;
сұрау салушы кеден органының кеден одағының кедендік заңнамасында және (немесе) сұрау салуды жіберген кеден органының кеден одағына мүше мемлекеттің заңнамасында көзделген шешімдер мен шараларды қабылдауға ықпал етуі мүмкін өзге құжаттарды (не олардың куәландырылған көшірмелерін) және мәліметтерді ұсынады.
6. Кеден органдары осы баптың негізінде алынған ақпаратты пайдалана отырып жүргізілген кедендік бақылаудың нәтижелері туралы мәліметтермен алмасуды жүзеге асырады.
8-бап Сұрау салу бойынша ақпарат беруден бас тарту
Егер:
1) сұрау салу осы Келісімнің 6-бабында көрсетілген талаптарға сәйкес келмесе;
2) сұрау салушы кеден органы өз атына сұрау салуды орындау үшін қажетті қосымша ақпаратты ұсыну туралы сұрау салу жіберілген күннен бастап екі ай ішінде қажетті ақпаратты ұсынбаса;
3) сұрау салуды орындау егемендікке, ұлттық қауіпсіздікке зиян келтіруі мүмкін болса, кеден органына сұрау салу жіберілген кеден одағына мүше мемлекеттің заңнамасына немесе кеден одағына мүше мемлекеттің халықаралық шарттарына қайшы келсе;
4) сұрау салынған кеден органына байланысты емес себептер бойынша сұрау салудың орындалуы мүмкін болмаса;
5) сұрау салынған кеден органы осы Келісімнің 5-бабының 2-тармағына сәйкес сұрау салуда көрсетілген негіздерді сұрау салуды орындау үшін жеткілікті деп санамаса, сұрау салу бойынша ақпарат беруден бас тартылады.
  • 1
9-бап Ақпаратты өз бастамасы бойынша жіберу
Кеден одағына мүше бір мемлекеттің кеден органы кеден одағына мүше басқа мемлекеттің кеден органына егер:
1) осы ақпарат кеден одағының заңнамасын және (немесе) кеден органына ақпарат жіберілген кеден одағына мүше мемлекеттің заңнамасын бұзушылықтар туралы куәландыратын болса;
2) осы кеден органы бұл ақпаратқа қызығушылық танытады деп санауға өзге де негіздер болса, ақпаратты өз бастамасы бойынша жібереді.
10-бап Нормативтік және өзге құқықтық актілермен алмасу
Орталық кеден органдары кедендік бақылау мәселелері бойынша кеден одағына мүше мемлекеттердің нормативтік және өзге де құқықтық актілерімен тұрақты алмасуды жүзеге асырады.
III-бөлім. Кеден одағына мүше бір мемлекеттің кеден органының кеден одағына мүше басқа мемлекеттің органына тапсырмасы бойынша кедендік бақылаудың жекелеген нысандарын өткізу
  • 2
11-бап Кедендік бақылаудың жекелеген нысандарын өткізу туралы тапсырманы жіберу негіздері
1. Кедендік бақылаудың жекелеген нысандарын өткізу туралы  тапсырманы (бұдан әрі - тапсырма) жіберу негіздері:
1) кедендік бақылаудағы тауарлардың болуын растау қажеттілігі;
2) егер көшпелі кедендік тексерудің өткізілуі қажетті тексерілетін тұлға кеден одағына мүше басқа мемлекеттің заңнамасына сәйкес құрылса және (немесе) тіркелсе, Кеден одағы Кеден кодексінің 132-бабында көзделген негіздер бойынша жоспардан тыс көшпелі кедендік тексеруді жүргізу қажеттілігі;
3) кеден одағының кедендік заңнамасы талаптарының және (немесе) кеден органы тапсырманы жіберетін кеден одағына мүше мемлекет заңнамасының ықтимал бұзушылықтары туралы куәландыратын деректердің болуы болып табылады.
  • 1
2. Тапсырма осы баптың 1-тармағында көзделмеген басқа негіздер болған кезде жіберілуі мүмкін.
  • 1
12-бап Кедендік бақылаудың жекелеген нысандарын өткізу туралы тапсырманы жіберу нысаны мен тәртібі
1. Тапсырмалармен және оларға жауаптармен алмасу орталық кеден органдары арасында жүзеге асырылады.
Орталық кеден органдары бірлесіп айқындаған жағдайларда, тапсырмалармен және оларға жауаптармен алмасу аумақтық кеден органдары арасында жүзеге асырылуы мүмкін.
2. Тапсырма беруші кеден органының бастығы немесе оның орынбасары қол қойған хатпен тапсырма ресімделеді.
Тапсырмалар мен тапсырмаларға жауаптарды электронды поштамен немесе факсимильді байланыспен, оларды кейіннен пошта арқылы жіберумен жолдауға жол беріледі.
3. Тапсырмада:
1) тапсырма беруші кеден органының және тапсырма жіберілетін кеден органының атауы;
2) осы Келісімге сілтеме;
3) істің мән-жайының қысқаша мазмұндамасы;
4) осы Келісімнің 11-бабына сәйкес тапсырманы жіберу негіздері;
5) өткізілуі қажетті кедендік бақылаудың нысанын көрсету;
6) оларға қатысты кедендік бақылауды жүргізу қажет болатын тауар, құжаттар мен мәліметтер, тұлға туралы ақпарат;
7) тапсырманың мәніне қатысы бар материалдар, оның ішінде тапсырманың мәтінінде сілтемелері бар құжаттардың көшірмелері (нормативтік құқықтық актілердің көшірмелерін қоспағанда), сондай-ақ кедендік, коммерциялық, көліктік (тасымалдаушы) және сұрау салудың мәніне қатысы бар өзге де құжаттардың куәландырылған көшірмелері;
8) олардың сақталуы тапсырманы орындау нәтижесінде тексерілуі тиіс кеден одағы кедендік заңнамасының және (немесе) кеден органы тапсырманы жіберетін кеден одағына мүше мемлекеттің заңнамасының ережелерін көрсету;
9) сұрау салынған құжаттар мен мәліметтердің тізбесі;
10) тапсырма беруші кеден органының пікірі бойынша тапсырманы орындау үшін талап етілетін өзге ақпарат болуы тиіс.
4. Тауарлар шығарылғанға дейін кедендік операцияларды жасаған кезде кедендік бақылаудың жекелеген нысандарын жүргізу қажеттілігі кезінде тапсырма тәуекел профилін қалыптастыру үшін жеткілікті мәліметтерді беру жолымен ресімделеді. Осындай тапсырмаларды ресімдеу, жіберу және орындау тәртібін орталық кеден органы айқындайды.
13-бап Кедендік бақылаудың жекелеген нысандарын жүргізу туралы тапсырманы орындау тәртібі
1. Тапсырма алынған күнінен бастап екі айдан аспайтын мерзімде орындалады. Бұл мерзімді қысқарту қажет болғанда тапсырманың мәтінінде себебі мен орындалудың қалаған мерзімі көрсетіле отырып, тиісті ескертпе жасалады.
Осы баптың 2-тармағының 1) тармақшасында көзделген жағдайларда тапсырманы орындау мерзімі қосымша ақпаратты алу үшін қажетті уақыт кезеңіне ұзартылады.
Тапсырманы көрсетілген мерзімде ішінара немесе толық орындау мүмкін болмаған жағдайда, орындаушы кеден органы тапсырма беруші кеден органына орындаудың болжамды мерзімдері туралы хабарлайды.
2. Орындаушы кеден органы:
1) егер бұл тапсырманы орындау үшін қажетті болса, тапсырыс беруші кеден органына қосымша ақпаратты беру туралы өтінішпен жүгінуге;
2) тапсырмада көрсетілген кедендік бақылаудың нысанына кедендік бақылаудың өзге нысандарын қосымша пайдалануға;
3) осы Келісімнің 14-бабында көрсетілген жағдайларда, тапсырыс беруші кеден органына жазбаша хабарлай отырып, сұрау салуды орындаудан бас тартуға құқылы.
3. Орындаушы кеден органы тапсырыс беруші кеден органына тапсырысқа жауапты, сондай-ақ тиісті материалдарды тапсырысы бар хатқа қол қойған лауазымды адамның атына жібереді.
4. Тапсырмаға жауапта орындаушы кеден органы:
1) кедендік бақылаудың өткізілген нысандары және олардың нәтижелері туралы (оның ішінде осы баптың 2-тармағының 2) тармақшасына сәйкес өткізілген кедендік бақылаудың нәтижелері туралы) ақпаратты;
2) кедендік бақылау нәтижелері бойынша ресімделген құжаттардың көшірмелерін;
3) тапсырыс беруші кеден органы сұрау салған құжаттарды (не олардың куәландырылған көшірмелерін) материалдарды, тауарлардың сынамалары мен үлгілерін;
4) алушы кеден органының кеден одағының кедендік заңнамасында және (немесе) тапсырманы жіберген кеден органының кеден одағына мүше мемлекеттің заңнамасында көзделген шешімдер мен шараларды қабылдауға ықпал етуі мүмкін өзге құжаттарды (не олардың куәландырылған көшірмелерін) және мәліметтерді ұсынады.
14-бап Тапсырманы орындаудан бас тарту
Егер:
1) сұрау салу осы Келісімнің 12-бабында көрсетілген талаптарға сәйкес келмесе;
2) тапсырыс беруші кеден органы өз атына тапсырманы орындау үшін қажетті қосымша ақпаратты ұсыну туралы сұрау салу жіберілген күннен бастап екі ай ішінде қажетті ақпаратты ұсынбаса;
3) тапсырманы орындау егемендікке, кеден органына тапсырма жіберілген кеден одағына мүше мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігіне зиян келтіруі мүмкін болса;
4) орындаушы кеден органына байланысты емес себептер бойынша тапсырманың орындалуы мүмкін болмаса;
5) орындаушы кеден органы осы Келісімнің 11-бабының 2-тармағына сәйкес тапсырмада көрсетілген негіздерді кедендік бақылауды жүргізу үшін жеткілікті деп санамаса, тапсырманы орындаудан бас тартылады.
IV-бөлім. Тәуекелдерді басқару жүйесін қолдану арқылы кедендік бақылаудың жекелеген нысандарын өткізу
  • 1
15-бап Тәуекелдерді басқару жүйесінің шеңберінде кеден одағының кеден заңнамасын және (немесе) кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасын бұзу тәуекелдері туралы ақпаратты пайдалану тәртібі
1. Орталық кеден органдары кеден одағының кеден заңнамасын және (немесе) кеден одағына мүше мемлекеттің заңнамасын бұзу тәуекелдері туралы ақпаратты (бұдан әрі - тәуекелдер туралы ақпарат) жіберуге құқылы.
Бір орталық кеден органынан басқа орталық кеден органына тәуекелдер туралы ақпарат келіп түскен жағдайда, қабылдаушы кеден органының тәуекелдерді талдау және басқару саласындағы уәкілетті бөлімшесінің лауазымды адамдары:
оның кеден одағына мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкестігін талдайды;
тәуекелдерді басқару жүйесінің саласында қолданылатын арнайы бағдарламалық құралдардың шеңберінде пайдалану үшін оны формализациялау мүмкіндігін айқындайды;
анықталған тәуекелдің дәрежесін және тәуекелдің ықтимал теріс салдарларын айқындайды;
кеден одағына мүше мемлекеттің заңнамасымен белгіленген кедендік бақылауды жүзеге асыру технологиясының ерекшеліктерін есепке ала отырып практикалық іске асыру мүмкіндігін айқындайды;
кедендік бақылауды жүзеге асыру үшін маңызы бар өзге негіздемелерді есепке алады.
2. Тәуекелдер туралы ақпаратты талдау нәтижелері бойынша оны кедендік бақылау мақсаттары үшін пайдалану не одан бас тарту туралы шешім қабылдануы мүмкін.
3. Бір орталық кеден органынан келіп түскен тәуекелдер туралы ақпарат қабылданбаған жағдайда, қабылдаушы кеден органы белгіленген тәртіппен мүдделі тарапқа мұндай қабылдамаудың себептері туралы хабарлайды.
4. Кедендік бақылау мақсаттары үшін тәуекелдер туралы ақпаратты пайдалану туралы шешім қабылданған жағдайда, қабылдаушы кеден органы кеден одағына мүше мемлекеттің заңнамасында белгіленген тәртіппен іс-қимылдарды жүзеге асырады.
V-бөлім. Кеден органдары қабылдаған шешімдерді өзара тану
16-бап Тәуекелдерді басқару жүйесін үйлестіру мәселелері бойынша Тараптардың өзара іс-қимылы
Тараптардың орталық кеден органдары кеден одағының аумағында тәуекелдерді басқару жүйесін үйлестіру мақсатында өзара іс-қимыл жасай алады.
17-бап Кеден органдарының өзара тануға жататын шешімдері
Кеден органдарының:
1) кеден одағының кедендік аумағына әкелінетін не оның шектерінен тыс әкетілетін, кедендік бақылаудағы, кедендік транзиттің кедендік рәсіміне сәйкес кеден одағының кедендік аумағы арқылы өткізілетін, уақытша сақталатын тауарларға қатысты кедендік операцияларды жүргізу кезінде кеден одағының кеден заңнамасына сәйкес қабылданған;
2) кедендік бақылауды жүргізу кезінде кеден одағының кеден заңнамасына сәйкес қабылданған шешімдері кеден одағының кедендік аумағында өзара танылады және бірдей заңды күші бар.
VI-бөлім. Қорытынды ережелер
18-бап Ақпаратты пайдалану
1. Осы Келісімге сәйкес алынған ақпарат құпия сипатта болады және тек қана кедендік мақсаттар үшін, оның ішінде сотта, сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу және жолын кесу үшін пайдаланылуы мүмкін. Басқа мақсаттар үшін ол оны ұсынған кеден органының жазбаша келісімімен ғана пайдаланылуы мүмкін.
2. Кеден органдары ұқсас сипаттағы және мазмұндағы ақпарат үшін осы Келісімге сәйкес алған ақпаратқа кеден одағына мүше осы мемлекеттің заңнамасында көзделген дәл осындай құпиялық режимін қамтамасыз етеді.
19-бап Тіл
Осы Келісім шеңберіндегі хат-хабармен және ақпаратпен алмасу орыс тілінде жүргізіледі.
20-бап Дауларды шешу
1. Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруге және (немесе) қолдануға байланысты Тараптар арасындағы даулар бірінші кезекте консультациялар мен келіссөздер жүргізу жолымен шешіледі.
2. Егер дау Тараптары дауды консультациялар және келіссөздер жолымен даудың бір Тарабы даудың екінші Тарабына оларды жүргізу туралы ресми жазбаша өтініш жіберген күннен бастап алты ай ішінде реттемесе, онда дау Тараптарының арасында оны шешуге қатысты басқа уағдаластық болмаған кезде, кез келген дау Тарабы бұл дауды Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Сотына қарауға жібере алады.
3. Кеден одағының комиссиясы дау Еуразиялық экономикалық қоғамдастық Сотының қарауына берілгенге дейін Тараптарға оны реттеуде жәрдем көрсетеді.
21-бап Өзгерістер енгізу
Осы Келісімге осы Келісімнің ажырамас бөліктері болып табылатын жекелеген хаттамалармен ресімделетін өзгерістер енгізілуі мүмкін.
22-бап Қорытынды ережелер
Осы Келісім ратификациялауға жатады және 2009 жылғы 27 қарашадағы Кеден одағының Кеден кодексі туралы шарт күшіне енген күннен бастап уақытша қолданылады.
Осы Келісім депозитарий Тараптардың мемлекеттері осы Келісімнің күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны дипломатиялық арналар бойынша алған күннен бастап күшіне енеді.
2010 жылғы 21 мамырда Санкт-Петербург қаласында бір түпнұсқа данада орыс тілінде жасалды.
Осы Келісімнің түпнұсқа данасы, әрбір Тарапқа оның куәландырылған көшірмесін жолдайтын Кеден одағының комиссиясында сақталады.
Беларусь               Қазақстан               Ресей 
Республикасының        Республикасының        Федерациясының 
Үкіметі үшін           Үкіметі үшін          Үкіметі үшін
Кеден одағына мүше мемлекеттердің кеден органдарының өзара әкімшілік көмегі туралы келісімнің қазақ тіліндегі мәтіні орыс тіліндегі мәтініне сәйкес келеді.
Қаржы министрі Б. Жәмішев