Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
Продукты: | Судебная практика |
Отправить по почте
Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер енгізу туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 29 желтоқсандағы № 908 Қаулысы
Редакция 19.06.2021 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен
Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер бекітілсін.
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап, бірақ 2017 жылғы 1 қаңтардан ерте емес қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Б. Сағынтаев
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 29 желтоқсандағы № 908 қаулысымен бекітілген
Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер
1. Тармақ күшін жойды (ескертуді қараңыз)
1-тармақ күшін жойды ҚР Үкіметінің 04.06.2021 жылғы № 375 Қаулысына сәйкес (09.02.2021 ж. редакцияны қараңыз)(өзгерту 19.06.2021 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
2. Тармақ күшін жойды (ескертуді қараңыз)
2-тармақ күшін жойды ҚР Үкіметінің 09.02.2021 жылғы № 48 Қаулысына сәйкес (29.12.2016 ж. редакцияны қараңыз)
3. Тармақ күшін жойды (ескертуді қараңыз)
3-тармақ күшін жойды ҚР Үкіметінің 09.02.2021 жылғы № 47 Қаулысына сәйкес (29.12.2016 ж. редакцияны қараңыз)(өзгерту 26.02.2021 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістерге 1-қосымша
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 қазандағы № 1729 қаулысымен бекітілген
Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі медициналық көмекті көрсету бойынша дәрілік заттарды, профилактикалық (иммундық-биологиялық, диагностикалық, дезинфекциялық) препараттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы, фармацевтикалық қызметтер көрсетуді сатып алуды ұйымдастыру және өткізу қағидалары
1-бөлім. Негізгі ережелер
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі медициналық көмекті көрсету бойынша дәрілік заттарды, профилактикалық (иммундық-биологиялық, диагностикалық, дезинфекциялық) препараттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы, фармацевтикалық қызметтер көрсетуді сатып алуды ұйымдастыру және өткізу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) 2009 жылғы 18 қыркүйектегі «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Кодексі (бұдан әрі – Кодекс) 6-бабының 12) тармақшасына, 10-бабының 7) тармақшасына, «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» 2015 жылғы 16 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңы 7-бабының 2-тармағына сәйкес әзірленді және тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі медициналық көмекті көрсету бойынша дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы, фармацевтикалық қызметтер көрсетуді сатып алуды ұйымдастыру және өткізу, сондай-ақ лизинг берушінің бірыңғай дистрибьютор арқылы медициналық техниканы одан әрі денсаулық сақтау ұйымдарына қаржылық лизинг шарттарында жеткізу үшін сатып алу тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) тапсырыс берушінің немесе сатып алуды ұйымдастырушының немесе бірыңғай дистрибьютордың үлестес тұлғасы – тапсырыс беруші, сатып алуды ұйымдастырушы немесе бірыңғай дистрибьютордың шешімдерін тікелей және (немесе) жанама айқындауға және (немесе) олар қабылдайтын шешiмдерге, оның ішінде шарттың күшіне орай ықпал етуге мүмкіндігі бар тұлға (берілген өкілдіктерінің шеңберінде оның қызметін реттеуді жүзеге асыратын мемлекеттік органдарды қоспағанда), сондай-ақ өзiне қатысты тапсырыс беруші, сатып алуды ұйымдастырушы немесе бірыңғай дистрибьютордың осындай құқығы болатын кез келген тұлға;
2) әлеуетті өнім берушінің үлестес тұлғасы – осы әлеуеттi өнiм берушiнiң шешiмдерiн тікелей және (немесе) жанама айқындауға және (немесе) ол қабылдайтын шешiмдерге, оның iшiнде шарт немесе өзге де мәмiленiң күшiне орай ықпал етуге құқығы бар кез келген жеке немесе заңды тұлға, сондай-ақ өзiне қатысты осы әлеуеттi өнiм берушiнiң осындай құқығы болатын кез келген жеке немесе заңды тұлға;
3) тапсырыс берушілер – денсаулық сақтау бюджеттік бағдарламаларының әкімшілері, мемлекеттік мекемелер, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры (бұдан әрі – қор), сондай-ақ дауыс беретін акцияларының (үлестерінің) елу және одан көп пайызы мемлекетке тиесілі мемлекеттік кәсіпорындар, заңды тұлғалар;
4) бірыңғай дистрибьютор – тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдардың, дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды сақтау және тасымалдау жөніндегі көрсетілетін қызметтердің сатып алынуын және шарттар, оның ішінде ұзақ мерзімді шарттар жасасуды, сондай-ақ медициналық техниканың сатып алынуын ұйымдастыруды жүзеге асыратын заңды тұлға;
5) сатып алу – осы Қағидаларда белгіленген тәртіппен және тәсілдермен тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі медициналық көмек көрсету бойынша дәрілік заттарды, профилактикалық (иммундық-биологиялық, диагностикалық, дезинфекциялық) препараттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы, фармацевтикалық көрсетілетін қызметтерді тапсырыс берушінің, бірыңғай дистрибьютордың, лизинг берушінің сатып алуы;
6) сараптамалық бағалау – денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен медициналық техниканың тиімді техникалық сипаттамалары және клиникалық-техникалық негіздемесін сараптамалық бағалауды жүзеге асыру әдістемесіне сәйкес лизинг беруші жүзеге асыратын бағалау;
7) дәрілік зат – адамның организмімен байланысқа түсетін немесе оның ағзалары мен тіндеріне өтетін, аурулардың профилактикасына, диагностикасына және оларды емдеуге, сондай-ақ ағзаның жай-күйі мен функцияларын өзгертуге арналған фармакологиялық белсенді заттарды білдіретін немесе оларды қамтитын заттар: дәрілік субстанция, дәрілік шикізат, дәрілік заттардың балк-өнімдері, дәрілік препараттар;
8) иммундық-биологиялық препараттар – басқа да аурулар мен физиологиялық жай-күйлердің иммунологиялық әдістері көмегімен инфекциялық және иммундық аурулардың (аллергияны қоса алғанда) арнайы профилактикасына, диагностикасына және оларды емдеуге арналған препараттар, сыртқы орта объектілерінде инфекциялық агенттер мен олардың антигендерін индикациялауға арналған құралдар, қан препараттары (алу тәсіліне қарамастан), сондай-ақ иммундық жүйе арқылы емдік және профилактикалық әсерін тигізетін препараттар;
9) медициналық техника – аурулардың профилактикасы, диагностикасы, емдеу, оңалту, медициналық сипаттағы ғылыми зерттеулер үшін жеке, кешендерде немесе медициналық мақсаттарда жүйелерде қолданылатын аппараттар, аспаптар мен жабдық;
10) медициналық мақсаттағы бұйымдар – профилактикалық, диагностикалық және емдеу іс-шараларын жүргізу үшін пайдаланылатын бұйымдар, материалдар: медициналық құралдар, стоматологиялық, шығыc, таңу және тігу материалдары, бекітетін таңғыштар мен құрылғылар, медициналық оптика бұйымдары;
11) біртекті тауарлар мен көрсетілетін қызметтер – бiрдей болмаса да, сол бiр функцияларды орындауына және өзара алмастырушы болуына мүмкiндiк беретiн ұқсас сипаттамалары бар және ұқсас құрауыштардан тұратын тауарлар, көрсетiлетiн қызметтер;
12) биосимиляр – сапасы, қауіпсіздігі, тиімділігі бойынша алғаш (бірегей) шығарылған және бірегей дәрілік препарат патентінің қолданылу мерзімі өткеннен кейін тіркеуге ұсынылған дәрілік препаратқа ұқсас биотехнологиялық дәрілік препарат;
13) әлеуетті өнім беруші – осы Қағидаларға сәйкес шарт жасасуға үміткер, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке тұлға, заңды тұлға (егер Қазақстан Республикасының заңдарында олар үшін өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік мекемелерді қоспағанда);
14) өнім беруші – кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке тұлға (егер олар үшін Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгіленбесе мемлекеттік мекемелерді қоспағанда) осы Қағидаларға сәйкес шарт жасасқан не қаржы лизингі туралы Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес қаржы лизингі шартын жасасқан заңды тұлға;
15) тендер – әлеуетті өнім берушілер арасында ашық бәсекелестікті көздейтін және сатып алу туралы шарттың неғұрлым тиімді талаптарын айқындауға бағытталған сатып алу тәсілі;
16) екі кезеңдік рәсімдерді пайдалана отырып өткізілетін тендер (бұдан әрі – екі кезеңдік тендер) – әлеуетті өнім берушілер арасында ашық бәсекелестікті көздейтін және осы Қағидаларға сәйкес жүзеге асырылатын аукционды қолдана отырып, шарттың анағұрлым тиімді талаптарын айқындауға бағытталған сатып алу тәсілі;
17) тендерлік құжаттама – осы Қағидаларға сәйкес тендерлік өтінімді дайындау үшін әлеуетті өнім берушіге тапсырыс беруші немесе тендерді ұйымдастырушы ұсынатын құжаттама;
18) тендерлік өтінім – тендерлік құжаттамаға немесе осы Қағидалардың ережелеріне сәйкес жасаған әлеуетті өнім берушінің ұсынысы;
19) сатып алуды ұйымдастырушы – осы Қағидаларда көзделген тәсілдермен сатып алуды ұйымдастыратын және сатып алу қорытындысын тапсырыс берушіге сатып алу шартын немесе фармацевтикалық қызметтерді көрсетуге шарт жасасу үшін жіберетін тапсырыс беруші айқындаған адам;
20) отандық тауар өндіруші – кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын, Қазақстан Республикасының резиденті болып табылатын және «СТ-КZ» ішкі айналысы үшін тауардың шығарылған жері туралы сертификатты беру жөніндегі уәкілетті орган растаған жеткілікті қайта өңдеу өлшем шарттарына сәйкес толығымен Қазақстан Республикасында өндірілген немесе қайта өңделген, тұтынуға (қолдануға) дайын тауарларды өндіретін жеке немесе заңды тұлға;
21) шетелдік өндіруші (дайындаушы зауыт) – шет мемлекеттің заңнамасы бойынша құрылған, Қазақстан Республикасының бейрезиденті болып табылатын және толығымен Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде өндірілген немесе қайта өңделген, белгіленген тәртіппен тауардың шығу тегі туралы сертификаттармен расталған тұтынуға (қолдануға) дайын тауарларды өндіретін шетелдік заңды тұлға;
22) бірыңғай дистрибьютордан сатып алынатын дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдардың және медициналық техниканың тізімі (бұдан әрі – бірыңғай дистрибьютордың тізімі) – денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган әзірлейтін және бекітетін:
дәрілік заттардың халықаралық патенттелмеген атаулары немесе құрамы, сондай-ақ отандық тауар өндірушілермен берудің ұзақ мерзімді шартын жасасу мүмкіндігімен техникалық сипаттамасы мен шекті бағасы көрсетілген дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың тізбесін;
дәрі-дәрмек жеке өзіне жақпайтын пациентті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету және дәрілік көмектің пациентке бағдарланған қағидатын іске асыру үшін халықаралық патенттелмеген атаулары көрсетілген дәрілік заттардың тізбесін;
әрбір атауы бойынша медициналық техниканың тізбесін және техникалық сипаттамасын қамтитын құжат;
23) индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы уәкілетті орган – индустрия және индустриялық-инновациялық даму, елдің фармацевтикалық және медициналық өнеркәсібін дамыту, мемлекеттік инвестициялық саясат және инвестициялық қолдау саясаты саласында басшылықты жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
24) Қазақстан Республикасының резиденттері – кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын, Қазақстан Республикасының азаматтық және салық заңнамасына сәйкес тіркелген заңды тұлғалар немесе жеке тұлғалар;
25) Қазақстан Республикасының бейрезиденті – Қазақстан Республикасының азаматтық және салық заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының резиденті болып табылмайтын шетелдік жеке және заңды тұлғалар;
26) белгіленген баға – өнім беруші осы баға бойынша дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды бірыңғай дистрибьюторға жеткізуге міндетті сатып алу нәтижелері бойынша белгіленген, дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдардың бағасы;
27) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін көрсету жөніндегі фармацевтикалық қызмет – дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың айналысы саласындағы субъектілердің дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды сатып алуды, тасымалдауды, сақтауды, өткізуді (рецептуралы босату) және есепке алуды қоса алғанда, олармен халықты қамтамасыз етуге байланысты қызметі;
28) босату бағасы – бір әкімшілік-аумақтық бірліктің (облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың) шегінде фармацевтикалық көрсетілетін қызметтерді сатып алу нәтижелері бойынша белгіленген босатылатын дәрілік заттардың, мамандандырылған емдік өнімдердің, медициналық мақсаттағы бұйымдардың бағасы;
29) шығындарды өтеу – облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдарының (бұдан әрі – денсаулық сақтауды басқарудың жергілікті органдары) және (немесе) қордың өнім берушіге фармацевтикалық көрсетілетін қызметтердің құнын өтеу;