Toggle Dropdown
Мемлекеттiк мекемелердiң, бюджеттiк бағдарламалар әкiмшiлерiнiң, бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті органдардың және аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдері аппараттарының бюджеттiк есептiлiкті жасау және ұсыну қағидаларын бекiту туралы
Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2016 жылғы 2 желтоқсандағы № 630 бұйрығы.
Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2016 жылғы 28 желтоқсанда № 14613 болып тіркелді
Редакция 24.06.2024 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен
Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 124-бабына және «Мемлекеттік статистика туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабы 3-тармағының 2) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттiк мекемелердiң, бюджеттiк бағдарламалар әкiмшiлерiнiң, бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті органдардың және аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдері аппараттарының бюджеттiк есептiлiктi жасау және ұсыну қағидалары бекітілсін.
2. Осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің кейбір бұйрықтарының күші жойылды деп танылсын.
3. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Бюджет заңнамасы департаменті (З.А. Ерназарова) заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он күнтізбелік күн ішінде оның «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберілуін;
3) осы бұйрық Қазақстан Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелген күнінен бастап он күнтізбелік күн ішінде Қазақстан Республикасының Нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне орналастыру үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Республикалық құқықтық ақпарат орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберілуін;
4) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.
4. Осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күнінен кейін қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Қаржы министрі Б. Сұлтанов
«КЕЛІСІЛДІ»
Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрлігі
Статистика комитетінің төрағасы
_____________ Н. Айдапкелов
2016 жылғы « ____» ____________
Қазақстан Республикасы
Қаржы министрінің
2016 жылғы 2 желтоқсандағы № 630
бұйрығымен бекітілген
Мемлекеттiк мекемелердiң, бюджеттiк бағдарламалар әкiмшiлерiнiң, бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті органдардың және аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдері аппараттарының бюджеттiк есептiлiктi жасау және ұсыну қағидалары
1. Осы Мемлекеттiк мекемелердiң, бюджеттiк бағдарламалар әкiмшiлерiнiң, бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті органдардың және аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдері аппараттарының бюджеттiк есептiлiктi жасау және ұсыну қағидалармен (бұдан әрі – Қағидалар) республикалық және жергілікті бюджеттер есебінен ұсталатын мемлекеттік мекемелер, бюджеттік бағдарламалар әкімшілері, бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті органдар және аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдерінің аппараттары бюджеттік есептілігінің көлемі, нысандары, оларды жасау және ұсыну кезеңділігі, мерзімі, тәртібі белгіленеді.
2. Республикалық және жергілікті бюджеттер есебінен ұсталатын мемлекеттік мекемелер мен бюджеттік бағдарламалар әкімшілері, бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті органдар және аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдерінің аппараттары осы Қағидаларда белгіленген көлемде және нысандар бойынша есептер жасайды.
3. Есептердің нысандары оларда көзделген көрсеткіштерге нақты сәйкестендіріліп толтырылады. Бекітілген есеп нысандарында көрсеткіштерді және олардың кодтарын өзгертуге немесе оларға қосымша көрсеткіштер енгізуге жол берілмейді.
Ағымдағы есепті кезеңге, сонымен бірге өткен кезеңге жататын (оларды бекіткеннен кейін) есептілік деректерінің өзгеруі деректердің алшақтығы анықталған кезеңде жасалған бюджеттік есептілікте жүргізіледі.
4. Республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері ведомстволық бағыныстағы мемлекеттік мекемелердің бюджеттік есептілігіне өзгерістер енгізген жағдайда, республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі бюджеттік есептілігіне өзгерістер енгізілген ведомстволық бағыныстағы мемлекеттік мекемелерге басшы мен бас бухгалтер қол қоя отырып, өзгерістер енгізу себептерін көрсетіп, енгізілген өзгерістер туралы жазбаша хабарлама жібереді.
Мемлекеттік мекеме бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің енгізген өзгерістеріне сәйкес бюджеттік есептіліктің өзіндегі данасына бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің жазбаша хабарламасын алған күннен бастап 10 жұмыс күн ішінде өзгерістер енгізеді.
Мемлекеттік мекеменің бюджеттік есептілігіне түзетулер республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің ведомстволық бағыныстағы мемлекеттік мекеменің есебін қарау нәтижелері бойынша оның жазбаша хабарламасының негізінде ғана осы Қағидалардың 3-тармағында белгіленген түзетулер енгізу тәртібін міндетті түрде сақтай отырып, енгізіледі.
Республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің бюджеттік есептілігіне ескертулер болған және өзгерістер енгізу қажеттілігі болған жағдайда бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органның құзыреті шегінде мемлекеттік бюджеттің атқарылуына қызмет көрсетуді жүзеге асыратын ведомство (бұдан әрі - ведомство) ақпараттық жүйеде (бұдан әрі – АЖ) қайтару себептерін көрсете отырып, тиісті өзгерістер енгізу үшін республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің бюджеттік есептілігін қайтарады. Республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшісі бюджеттік есептілікке тиісті өзгерістер енгізгеннен кейін оны ведомствоға қайта жібереді.
5. Жергілікті бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі ведомстволық бағыныстағы мемлекеттік мекемелердің бюджеттік есептілігіне өзгерістер енгізген жағдайда, жергілікті бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі бюджеттік есептілігіне өзгерістер енгізілген ведомстволық бағыныстағы мемлекеттік мекемелерге өзгерістер енгізу себебі көрсетіп, басшы мен бас бухгалтердің қолы қойылып, енгізілген өзгерістер туралы жазбаша хабарламаны жібереді.
Мемлекеттік мекеме жергілікті бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері енгізген өзгерістерге сәйкес есептің өзіндегі данасына өзгерістер енгізеді.
Бюджетті атқару жөніндегі жергілікті уәкілетті орган, аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің аппараты жергілікті бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің есебіне өзгерістер енгізген жағдайда, соңғысы бюджеттік есептілікке түзетулерді ұқсас тәртіппен енгізіледі.
6. Бюджеттік нысандардың мекенжай бөлігі мынадай тәртіппен толтырылады:
«Бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі» деректемесі - Қазақстан Республикасының Бірыңғай бюджеттік сыныптамасы бюджет шығыстарының функционалдық сыныптамасынан бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің атауы мен коды;
«Мемлекеттік мекеме» деректемесі - Республикалық және жергілікті бюджеттерден қаржыландырылатын мемлекеттік мекемелердің анықтамалығына сәйкес мемлекеттік мекеменің атауы және оның коды;
«Кезеңділігі» деректемесі – бюджеттік есептілік кезеңі көрсетіледі;
«Өлшем бірлігі» деректемесі – мың теңгеде;
«Бюджет түрі» деректемесі – бюджет түрі көрсетіледі.
7. Жылдық бюджеттік есептілік есептіліктен кейінгі жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 1 қаңтардан бастап 31 желтоқсанды қоса алғандағы күнтізбелік кезеңге жасалады.
Тоқсандық есептілік ағымдағы қаржы жылының 1 сәуірдегі, 1 шілдедегі және 1 қазандағы жағдай бойынша жасалады.
Айлық бюджеттік есептілік есептіден кейінгі айдың 1-іне жасалады.
8. Республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілері үшін бюджеттік есептілікті ұсыну мерзімін ведомство белгілейді. Мемлекеттік мекемелер бюджеттік есептілікті бюджеттік бағдарламалар әкімшілері белгілеген және олар бюджеттік есептілікті ұсынған күнге дейін мемлекеттік мекемелердің назарына жеткізген мерзімде ұсынады.
Мемлекеттік мекемелердің және жергілікті бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджеттік есептілігі электронды түрде және қағаз тасығышта беттері нөмірленіп және мазмұнымен ұсынылады.
Жергілікті бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері бюджеттік есептілікті тиісті бюджетті атқару жөніндегі жергілікті уәкілетті органға (аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімі аппаратына) ұсынады.
Мемлекеттiк мекемелер, бюджеттiк бағдарламалар әкiмшiлерiнiң, бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті органдардың және аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдері аппараттарының бюджеттiк есептiлiктi жасау нысандарының тізбесі осы Қағидаларға 1-қосымшада келтірілген.
Мемлекеттiк мекемелер, бюджеттiк бағдарламалар әкiмшiлерiнiң, бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті органдардың және аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдері аппараттарының бюджеттiк есептiлiктi ұсыну нысаны осы Қағидаларға 2-қосымшада келтірілген.
Халық саны екі мың адамнан асатын аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдері аппараттарының 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап, халық саны екі мың және одан да аз аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдері аппараттарының бюджеттік есептілікті жасауы мен ұсынуы 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап жүзеге асырылады.
Бюджеттік есептілікті ұсыну күні почта кәсіпорнының мөртабанында белгіленген күн болып табылатын, басқа елді мекендерде тұрған мемлекеттік мекемелерді қоспағанда, мемлекеттік мекеме үшін есептілікті ұсыну күні оны тиістілігі бойынша нақты берген күн болып есептеледі, бірақ бюджеттік есептілікті ұсыну күніне дейін 5 күнтізбелік күннен кешіктірілмеуі тиіс.
Есептілікті ұсыну үшін белгіленген мерзім демалыс (жұмыс істемейтін) күнімен сәйкес келген жағдайда бюджеттік есептілік одан кейінгі бірінші жұмыс күні ұсынылады.
9. Республикалық бюджеттiк бағдарламалардың әкiмшiлерi ведомствоға республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептi дайындау үшiн қажеттi ақпаратты береді.
10. Бюджеттік есептілікті жасаған кезде Қазақстан Республикасының Бюджет кодексін және осы Қағидаларда айтылған бюджеттік есептілік нысандарын толтыру тәртібін басшылыққа алу қажет.
2-тарау. Бюджеттік есептілік көлемі
1-параграф. Мемлекеттік мекемелердің және бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджеттік есептілік көлемі
11. Мемлекеттік мекемелер мен бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері мынадай есептердің түрлерін жасайды және ұсынады:
тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) сатудан түсетін түсімдер мен ақшаны жұмсау жоспарының орындалуы туралы есеп – 1-АҚ нысаны бойынша осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес (бұдан әрі – 1-АҚ нысаны);