• Мое избранное

Отправить по почте

Мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын мемлекеттік бақылау қағидаларын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының 2016 жылғы 8 желтоқсандағы № 78 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2017 жылғы 26 қаңтарда № 14740 болып тіркелді

Редакция 09.07.2024 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен  
Қазақстан Республикасының 2013 жылғы 15 сәуірдегі «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Заңы 7-бабының 3)-тармақшасына, Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 19 наурыздағы «Мемлекеттік статистика туралы» Заңы 16-бабының 3-тармағы 2)-тармақшасына сәйкес, БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын мемлекеттік бақылау қағидалары бекітілсін.
2. «Мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын мемлекеттік бақылау қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері министрінің 2016 жылғы 16 ақпандағы № 35 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 13359 болып тіркелген, 2016 жылғы 11 наурызда «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған) күші жойылды деп танылсын.
3. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істер және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Мемлекеттік қызметтер департаменті заңнамамен белгіленген тәртіпте:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде мерзімді баспасөз басылымдарына ресми жариялауға жолдануын;
3) осы бұйрықтың тіркегеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде Қазақстан Республикасының Нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде орналастыру үшін «Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Республикалық құқықтық ақпарат орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жолдануын;
4) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.
4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау мемлекеттік қызметтерді көрсетудің сапасын бақылау және бағалау мәселелеріне жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істер және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Төрағасының орынбасарына жүктелсін.
5. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Қ. Қожамжаров
«Келісілді»
Қазақстан Республикасының
Ақпарат және коммуникациялар министрі
Д. Абаев
2016 жылғы «___»___________
«Келісілді»
Қазақстан Республикасының
Ұлттық экономика министрлігі
Статистика комитетінің төрағасы
Н. Айдапкелов
2016 жылғы «___»______________
Қазақстан Республикасының
Мемлекеттік қызмет істері және
сыбайлас жемқорлыққа қарсы
іс-қимыл агенттігі Төрағасының
2016 жылғы 8 желтоқсандағы № 78
бұйрығымен бекітілген
Мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын мемлекеттік бақылау қағидалары
Осы Қағидалар өзгертілді ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының 29.08.2018 жылғы № 213 Бұйрығымен (08.12.2016 ж. редакцияны қараңыз) (алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік 10 (он) күн өткен соң қолданысқа енгізілуі тиіс) 19.10.2018 жылы "ҚР НҚА электрондық түрдегі эталондық бақылау банкі" ақпараттық жүйесінде жарияланды
Осы Қағидалар өзгертілді ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының 28.11.2018 жылғы № 264 Бұйрығымен (29.08.2018 ж. редакцияны қараңыз) (алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік 10 (он) күн өткен соң қолданысқа енгізілуі тиіс) 10.12.2018 жылы "ҚР НҚА электрондық түрдегі эталондық бақылау банкі" ақпараттық жүйесінде жарияланды
Осы Қағидалар жаңа редакцияда жазылды ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Төрағасының 01.07.2021 жылғы № 116 Бұйрығына сәйкес (28.11.2019 ж. редакцияны қараңыз)(өзгерту 25.07.2021 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
Осы Қағидалар жаңа редакцияда жазылды ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Төрағасының м.а. 25.06.2024 жылғы № 101 Бұйрығына сәйкес (01.07.2021 ж. редакцияны қараңыз)(өзгерту 09.07.2024 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын мемлекеттік бақылау қағидалары Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Заңына (бұдан әрі – Заң) сәйкес әзірленді және орталық мемлекеттік органдардың, олардың ведомстволарының, Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелерінің, орталық мемлекеттік органдардың және олардың ведомстволарының аумақтық бөлімшелерінің, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарының, қаладағы аудандар, аудандық маңызы бар қалалар, кенттер, ауылдар, ауылдық округтер әкімдерінің, сондай-ақ орталық мемлекеттік органдарға, олардың ведомстволарына, жергілікті атқарушы органдарға ведомстволық бағынысты ұйымдардың, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) және оның филиалдарының, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтер көрсететін жеке және заңды тұлғалардың (бұдан әрі – мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын мемлекеттік бақылау субъектілері) мемлекеттік қызметтер көрсетуі сапасына мемлекеттік бақылау жүргізу тәртібін айқындайды.
2. Орталық мемлекеттік органдардың, олардың ведомстволары мен оларға ведомстволық бағынысты ұйымдардың, Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелерінің қызметіне мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын мемлекеттік бақылауды мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті органның (бұдан әрі – уәкілетті орган) лауазымды адамдары, ал облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарының, орталық мемлекеттік органдар мен ведомстволарының, оларға ведомстволық бағынысты ұйымдардың аумақтық бөлімшелерінің, қаладағы аудандар, аудандық маңызы бар қалалар, кенттер, ауылдар, ауылдық округтер әкімдерінің, Мемлекеттік корпорацияның және оның филиалдарының, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтер көрсететін жеке және заңды тұлғалардың қызметіне мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын мемлекеттік бақылауды өз құзыреті шегінде уәкілетті органның аумақтық бөлімшелерінің лауазымды адамдары, уәкілетті органның басшылығының тапсырмасы бойынша уәкілетті органның лауазымды адамдары жүргізеді.
3. Мемлекеттік бақылау мынадай қағидаттарға негізделеді:
1) заңдылық;
2) объективтілік;
3) бейтараптық;
4) анықтық;
5) жан-жақтылық;
6) ашықтық.
4. Мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын мемлекеттік бақылау:
1) жергілікті жерге бару арқылы не лауазымды адамдарды шақырып және (немесе) материалдарды сұрата отырып, жергілікті жерге бармай тексеру;
2) ақпараттық жүйелерге қол жеткізу арқылы не есептік ақпарат пен өзге де мәліметтер негізінде байқау жолымен жүргізіледі.
5. Мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын мемлекеттік бақылау субъектілерінің Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы заңнамасының талаптарын сақтауы мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын мемлекеттік бақылау нысанасы болып табылады.
6. Тексерулерді есепке алу уәкілетті органның ақпараттық жүйесі арқылы жүргізіледі.
2-тарау. Мемлекеттік қызметтер көрсету сапасына сыртқы мемлекеттік бақылау жүргізудің тәртібі
7. Мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын мемлекеттік бақылауды уәкілетті орган және оның аумақтық бөлімшелері мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын мемлекеттік бақылау субъектілерінің Қазақстан Республикасының мемлекеттік көрсетілетін қызметтер саласындағы заңнамасын сақтауын жоспарлы, жоспардан тыс тексеру және байқау нысанында жүргізеді.
8. Осы тараудың ережелері қарсы барлау қызметін және кәсіпкерлік қызметті ұйымдастыруға, қамтамасыз етуге және жүзеге асыруға байланысты қатынастарға қолданылмайды.
1-параграф. Тексеру жүргізудің тәртібі
9. Тексерулер Заңның 27-1-бабының 1-тармағында көрсетілген түрлерге бөлінеді, бұл ретте:
1) жоспарлы тексерулер кешенді болып табылады және Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы заңнама талаптарының сақталуын бақылауды қамтамасыз етуге бағытталады;
2) жоспардан тыс тексерулер пәндік болып табылады және оларды жүргізу үшін негіз болған мәселелер бойынша Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы заңнама талаптарының сақталуын бақылауды қамтамасыз етуге бағытталады.
10. Жоспарлы тексеруді тағайындауға Заңның 27-1-бабының 3-тармағына сәйкес уәкілетті орган бекіткен жартыжылдық тексеру жоспары негіз болып табылады.
Бұл ретте тексеруші лауазымды адамдардың құрамы уәкілетті органның немесе оның аумақтық бөлімшелерінің шешімімен өзгертілуі мүмкін.
Тексеруші лауазымды адамдардың құрамы өзгерген кезде уәкілетті орган немесе оның аумақтық бөлімшесі бұл туралы мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын мемлекеттік бақылау субъектісін осындай шешім қабылданған күннен бастап бір жұмыс күнінен кешіктірмей осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша хабардар етеді.
11. Жартыжылдық тексеру жоспары оларға қатысты жоспарлы тексеру тағайындалған мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын мемлекеттік бақылау субъектілерінің тізімі түрінде олардың атаулары міндетті түрде көрсетіле отырып қалыптастырылады.
12. Мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын мемлекеттік бақылау субъектісі Заңның 27-1-бабының 4-тармағында көзделген жағдайлардың бірі болған кезде тексеру жоспарына енгізілуі мүмкін.
13. Жоспардан тыс тексеру 6-тармақта көзделген негіздер бойынша тағайындалады және заңның 27-1-бабының 8-тармағына сәйкес жүргізіледі.
14. Уәкілетті органның және оның аумақтық бөлімшелерінің лауазымды адамының тексеру жүргізуді бастау туралы шешімі Заңның 27-2-бабының 3-тармағына сәйкес хабарлама түрінде ресімделеді
Жоспарлы тексерудің басталғаны туралы хабарлама осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша оның басталуына дейін кемінде үш жұмыс күні бұрын және жоспардан тыс тексеру басталғанға дейін кемінде бір тәулік бұрын жіберіледі.
Тексеру орнына бармай тексеру жүргізу кезінде тексеру жүргізуге уәкілетті адам мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын мемлекеттік бақылау субъектісінің лауазымды адамдарын олардың келетін күні мен уақытын көрсете отырып сұрау салу жолымен шақырады және (немесе) қажетті материалдарды ұсынуды сұратады.
15. Тексеру жүргізу мерзімі Заңның 27-2-бабының 4-тармағына сәйкес тоқтатыла тұрады.
Тексеру жүргізу мерзімдері тоқтатыла тұрған және қайта басталған кезде уәкілетті орган немесе оның аумақтық бөлімшесі бұл туралы осы Қағидаларға 3 және 4-қосымшаларға сәйкес нысан бойынша осындай шешім қабылданған күннен бастап бір жұмыс күнінен кешіктірмей мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын мемлекеттік бақылау субъектісін хабардар етеді.