Toggle Dropdown
Қоғамдық маңызы бар нарықтарда баға белгілеу қағидаларын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2017 жылғы 1 ақпандағы № 36 бұйрығы.
Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2016 жылғы 2017 жылғы 8 ақпанда № 14778 болып тіркелді
Редакция 16.01.2025 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен
Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 124-6-бабының 3) тармақшасына және «Мемлекеттік статистика туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабы 3-тармағының 2) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес Қоғамдық маңызы бар нарықтарда баға белгілеу қағидалары бекітілсін.
2. Осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес табиғи монополиялар салаларында басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті органның кейбір бұйрықтарының күші жойылды деп танылсын.
3. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрықты мемлекеттік тіркегеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмелерінің баспа және электрондық түрде мерзімді баспасөз басылымдарында ресми жариялауға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін Республикалық құқықтық ақпарат орталығына жіберілуін;
3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;
4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Заң департаментіне осы бұйрықтың 3-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтердің ұсынылуын қамтамасыз етсін.
4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика вице-министріне жүктелсін.
5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі Т. Сүлейменов
«КЕЛІСІЛГЕН»
Қазақстан Республикасының
Инвестициялар және даму министрі
________________ Ж. Қасымбек
2017 жылғы « 2 » ақпан
«КЕЛІСІЛГЕН»
Қазақстан Республикасының
Энергетика министрі
________________ Қ. Бозымбаев
2017 жылғы « 2 » ақпан
Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрінің
2017 жылғы 1 ақпандағы
№ 36 бұйрығына
1-қосымша
Қоғамдық маңызы бар нарықтарда баға белгілеу қағидалары
1. Осы Қоғамдық маңызы бар нарықтарда баға белгілеу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 124-6-бабының 3) тармақшасына сәйкес әзірленді және қоғамдық маңызы бар нарықтарда баға белгілеу тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) амортизациялық аударымдар қаражатын мақсатсыз пайдалану –амортизациялық аударымдар есебінен шекті бағада көзделген қаражатты инвестициялық бағдарламаларды (жобаларды) іске асырумен және (немесе) негізгі құралдар құнының ұлғаюына әкеп соғатын күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізумен және (немесе) негізгі құралдарды және (немесе) материалдық емес активтерді сатып алумен және (немесе) инвестицияларды іске асыру үшін тартылған қарыз қаражаты бойынша негізгі борышты қайтарумен байланысты емес мақсаттарға бағыттау;
2) аумақтық бөлімшелер – уәкілетті орган ведомствосының, өзінің құзыреті шегінде табиғи монополиялар субъектілерінің мемлекеттік тіркелімінің жергілікті бөліміне қосылған табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін реттеу мен бақылауды, бағаларды реттеуді және қоғамдық маңызы бар нарық субъектісінің баға белгілеу тәртібін және міндеттерді сақтауын мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын аумақтық бөлімшелері;
3) баға белгілеу – тауарлар (жұмыстар, көрсетілетін қызметтер) бағасын қалыптастыру және қарау процесі;
4) газбен жабдықтау саласындағы уәкілетті орган – газ өндіруді, тасымалдауды (тасуды), сақтауды және көтерме саудада өткізуді, сондай-ақ тауарлық және сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізуді және тұтынуды мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
5) дебиторлық берешек – электр энергиясын, электр энергиясы көздерін, контрагенттерді тұтынушылардың электр энергиясын беру жөніндегі көрсетілетін қызметтер үшін және (немесе) ұлттық электр желісін пайдаланғаны үшін, электр қуатының электр қуаты нарығындағы жүктемені көтеруге дайындығын қамтамасыз ету жөнінде көрсетілетін қызметтер үшін ақшалай баламадағы борыш сомасы;
6) жария тыңдаулар – Қазақстан Республикасы Парламентінің, мәслихаттардың депутаттарын, мемлекеттік органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, бұқаралық ақпарат құралдарының, қоғамдық бірлестіктердің өкілдерін, тәуелсіз сарапшыларды, тұтынушыларды және өзге де мүдделі тұлғаларды шақыра отырып, қоғамдық маңызы бар нарық субъектісінің тауарларына (жұмыстарына, көрсетілген қызметтеріне) баға жобасын талқылау рәсімі;
7) инвестициялық бағдарлама (жоба) – жаңа активтерді құруға, қолда бар активтерді кеңейтуге, жаңартуға, реконструкциялауға және техникалық қайта жарақтандыруға бағытталған бағдарлама;
8) кредиторлық берешек – қоғамдық маңызы бар нарық субъектісінің электр энергиясы көздері, контрагенттер алдындағы электр энергиясын беру жөніндегі көрсетілетін қызметтер үшін және (немесе) ұлттық электр желісін пайдаланғаны үшін, электр қуатының электр қуаты нарығында жүктемені көтеруге дайындығын қамтамасыз ету жөніндегі көрсетілетін қызметтер үшін ақшалай баламадағы борыш сомасы;
9) қоғамдық маңызы бар нарықтар – Кодекстің 116-бабы 3-тармағының 14) тармақшасынасәйкес бағалары мен тарифтерін мемлекет реттейтін кәсіпкерлік субъектілерінің тауарлары (жұмыстары, көрсетілетін қызметтері);
10) қоғамдық маңызы бар нарық субъектісі (бұдан әрі – Субъект) – қоғамдық маңызы бар нарықтарда тауарлар (жұмыстар, көрсетілетін қызметтер) өндіретін (өткізетін) жеке немесе заңды тұлға;
11) негізделген баға – нарық субъектісі ұсынған, осындай шығындар мен пайданың негізділігін растайтын құжаттарға сәйкес қоғамдық маңызы бар нарық субъектісінің негізделген шығындары мен пайдасының негізінде, сондай-ақ уәкілетті орган ведомствосы жүргізген баға сараптамасының негізінде айқындалған баға;
12) өзіндік құн – уәкілетті органның ведомствосы тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) шекті бағасында есепке алатын шығындардың жиынтығы;
13) өтпелі ереже – қабылданған энергиямен жабдықтаушы ұйымдардың функцияларын энергия беруші ұйымдарға беру жөніндегі заңнамалық акт шеңберінде Қазақстан Республикасының электр энергетикалық кешенінің қауіпсіз, сенімді және тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында бағаларды реттеуге арналған біржолғы шара;
14) уәкілетті орган – тиісті табиғи монополиялар салаларында басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
15) уәкілетті органның ведомствосы – бағаларды мемлекеттік реттеуді және қоғамдық маңызы бар нарық субъектісінің баға белгілеу тәртібін және міндеттерді сақтауын мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын қоғамдық маңызы бар нарықтар саласында басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік органның ведомствосы, сондай-ақ азаматтық авиация саласындағы мемлекеттік органның ведомствосы;
16) шекті баға – осы Қағидаларға сәйкес тауарды (жұмысты, көрсетілетін қызметті) өндіру және (немесе) өткізу үшін қажетті шығындар мен пайданың негізінде оның Субъект белгілеген және уәкілетті органның ведомствосымен немесе оның аумақтық бөлімшесімен келісілген бағасы. 2017 жылғы 1 қаңтарға дейін оған қатысты мемлекеттік баға реттеу қолданылған баға да шекті баға болып табылады;
17) электр энергиясын бірыңғай сатып алушы – уәкілетті орган айқындайтын, «Электр энергетикасы туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген тәртіппен электр энергиясының жоспарлы көлемдерін орталықтандырылған сатып алуды және орталықтандырылған сатуды жүзеге асыратын, мемлекет жүз пайыз қатысатын заңды тұлға;
18) электр энергиясының көздері – электр энергиясын бірыңғай сатып алушы және (немесе) энергия өндіруші ұйымдар және (немесе) жаңартылатын көздер және электр энергиясын нетто-тұтынушылар.
2-тарау. Бағаға сараптама жүргізу үшін ақпаратты және алдағы уақытта тауарлар (жұмыстар, көрсетілетін қызметтер) бағаларының шекті бағадан жоғары көтерілуі және олардың көтерілу себептері туралы ақпаратты электрондық нысанда ұсыну
3. Бағаға сараптама жүргізу үшін қажетті ақпаратты Субъект уәкілетті органның ведомствосына немесе оның аумақтық бөлімшесіне электрондық нысанда қоғамдық маңызы бар нарық субъектісі тиісті талапты алған күннен бастап бес жұмыс күнінен кем болмайтын мерзімде ұсынады.
Алдағы уақытта тауарлар (жұмыстар, көрсетілетін қызметтер) бағаларының шекті бағадан жоғары көтерілуі және олардың көтерілу себептерін растайтын негіздеуші материалдарды ұсына отырып, олардың көтерілу себептері туралы ақпаратты Субъект уәкілетті органның ведомствосына немесе оның аумақтық бөлімшесіне осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша кемінде күнтізбелік отыз күн бұрын электрондық нысанда ұсынады.
Қоғамдық маңызы бар нарық субъектісінің баға белгілеу тәртібін және міндеттерді сақтауын мемлекеттік бақылау мақсатында, сондай-ақ Кодекстің 124-8-бабының 1) тармақшасында көзделген жағдайларда уәкілетті органның ведомствосы немесе оның аумақтық бөлімшесі Субъектілердің бағаларын мониторингілеуді жүзеге асырады.
Бағалар мониторингін жүргізу нәтижелері бойынша, сондай-ақ Субъект Кодекстің 124-8-бабының 3) және 4) тармақшаларында белгіленген міндеттерді орындамаған жағдайларда уәкілетті органның ведомствосы немесе оның аумақтық бөлімшесі осы Қағидаларға сәйкес бағаға сараптама жүргізеді.
Субъект екі және одан да көп облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың аумағында қызметтер көрсеткен, сондай-ақ республикалық маңызы бар қалалардың және астананың аумағындағы ішкі рейстерде әуежайлар қызметтерін көрсеткен жағдайда бағаға сараптама жүргізу үшін ақпарат не алдағы уақытта тауарлар (жұмыстар, көрсетілетін қызметтер) бағаларының шекті бағадан жоғары көтерілуі және олардың көтерілу себептері туралы ақпарат уәкілетті органның ведомствосына ұсынылады.
Субъект бір облыстың немесе республикалық маңызы бар қаланың немесе астананың аумағында қызметтер көрсеткен жағдайда бағаға сараптама жүргізу үшін ақпарат не алдағы уақытта тауарлар (жұмыстар, көрсетілетін қызметтер) бағаларының шекті бағадан жоғары көтерілуі және олардың көтерілу себептері туралы ақпарат Субъектінің тіркелген жері бойынша тиісті аумақтық бөлімшеге ұсынылады.
4. Субъект уәкілетті органның ведомствосына немесе оның аумақтық бөлімшесіне бағаға сараптама жүргізу үшін ақпаратты не алдағы уақытта тауарлар (жұмыстар, көрсетілетін қызметтер) бағаларының шекті бағадан жоғары көтерілуі және шекті бағаның көтерілу себептерін растайтын негіздеуші материалдарды, оның ішінде:
1) «Жария мүдделі ұйымдардың (қаржы ұйымдарынан басқа) жариялау үшін жылдық қаржылық есептіліктің тізбесі мен нысандарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2017 жылғы 28 маусымдағы № 404 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 15384 болып тіркелген) (бұдан әрі – № 404 бұйрық) бекітілген нысан бойынша бухгалтерлік балансты;
2) № 404 бұйрықпен бекітілген нысан бойынша пайда мен шығындар туралы есепті;
3) «Еңбек және жұмыспен қамту статистикасы бойынша жалпымемлекеттік статистикалық байқаулардың статистикалық нысандары мен оларды толтыру жөніндегі нұсқаулықтарды бекіту туралы» Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитеті төрағасының 2020 жылғы 7 қыркүйектегі № 34 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21183 болып тіркелген) 1 және 3-қосымшаларға сәйкес статистикалық нысан бойынша еңбек жөніндегі есеп (индексі 1-Т, кезеңділігі жылдық, тоқсандық);
4) «Құрылымдық статистика бойынша жалпымемлекеттік статистикалық байқаулардың статистикалық нысандары мен оларды толтыру жөніндегі нұсқаулықтарды бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитеті төрағасының 2020 жылғы 4 ақпандағы № 114 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 20008 болып тіркелген) 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша кәсіпорынның қаржы-шаруашылық қызметі туралы есепті (коды 271112130, индексі 1-ПФ, кезеңділігі жылдық);