Toggle Dropdown
«Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызмет органдарымен көрсетілетін мемлекеттік қызметтер стандарттарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 8 мамырдағы № 11-1-2/177 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің м.а. 2016 жылғы 9 желтоқсандағы № 11-1-2/584 бұйрығы.
Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2017 жылғы 8 ақпандағы № 14783 болып тіркелді
«Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Қазақстан Республикасының 2013 жылғы 15 сәуірдегі Заңы 10-бабының 1)-тармақшасына және «Нормативтік құқықтық актілер туралы» Қазақстан Республикасының 2016 жылғы 6 сәуірдегі Заңы 50-бабының 2-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. «Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызмет органдарымен көрсетілетін мемлекеттік қызметтер стандарттарын бекіту туралы»Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің міндетін атқарушының2015 жылғы 8 мамырдағы № 11-1-2/177 бұйрығына (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11646 тіркелген, «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде 2015 жылғы 17 қыркүйекте жарияланған) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
бұйрықтың 1-тармағының 6) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«6) осы бұйрықтың 6-қосымшасына сәйкес «Шетелдіктерге асырап алуға берілген Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын балаларды (қыздарды) есепке алу» мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарты;»;
1) көрсетілген бұйрықпен бекітілген «Құжаттарды қабылдау және оларды Қазақстан Республикасының шет елдерде жүрген азаматтарына паспорттар жасауға жіберу және олардың паспорттарына қажетті жазбалар енгізу» мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартында:
4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«4. Мемлекеттік қызметті көрсету мерзімі:
1) көрсетілетін қызметті берушіге құжаттар топтамасын тапсырған күннен бастап:
Қазақстан Республикасы азаматының паспортын (бұдан әрі – паспорт) ресімдеу – күнтізбелік 120 (жүз жиырма) күн;
ата-анасының паспортына ата-аналарымен бірге шетелге шыққан жағдайларда, олардың фотосуреттерін жапсыра отырып, 16 (он алты) жасқа дейінгі балалар туралы жазбаны енгізу (бұдан әрі – паспортқа жазба енгізу) – 3 (үш) жұмыс күні;
2) құжаттар топтамасын тапсыру үшін кезек күтудің рұқсат етілген ең ұзақ уақыты – 60 минут;
3) қызмет көрсетудің рұқсат етілген ең ұзақ уақыты – 10 минут.»;
9-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«9. Көрсетілетін қызметті алушы жеке өзі немесе оның заңды өкілі өкілдік етуге құзыреттілігін растайтын құжаттар ұсына отырып, көрсетілетін қызметті берушіге жүгінген кезде мемлекеттік қызметті көрсету үшін қажетті құжаттар тізбесі:
1) паспортты ресімдеу үшін мынадай:
еркін нысанда жазылған өтініш;
туу туралы куәлік (16 жасқа толмаған балаға паспорт алған кезде);
Қазақстан Республикасы азаматының паспорты (паспортты ауыстырған кезде);
мөлшері 3,5х4,5 сантиметр (бұдан әрі – см) төрт түрлі түсті фотосурет (фотосурет көрсетілген қызметті алушының құжатын ресімдеу кезіндегі жасына сәйкес болуға және қатаң түрде жарық жерде алдынан түсірілген болуы тиіс, бейтарап бет көрінісі мен ауызы жабық болуы қажет, әр адамның беті фотосуреттің жалпы ауданының 75% – ға жуығын алуы тиіс. Фотосурет фотобаспа әдісімен қалың фотоқағазға бір негативтен бастырылады. Компьютерлік сканерлеу, модельдеу немесе ксерокөшірмеден өткізу әдісімен дайындалған суреттерді пайдалануға рұқсат етілмейді);
Қазақстан Республикасының азаматы паспортын алғаш рет алған кезде (Қазақстан Республикасының азаматтығын дәлелдеген кезде) – 1974 жылғы үлгідегі паспорт (бұрынғы КСРО);
Қазақстан Республикасы азаматының паспортын алғаш рет алған кезде (Қазақстан Республикасының паспорты азаматтығын дәлелдеген кезде) – жалпы шетелдік (бұрынғы КСРО) паспорт;
тұрғылықты тұру, оқу, шетелде жұмыс істеу фактісін, отбасы жағдайын растайтын құжат (түпнұсқасы мен көшірмесі);
егер мұндай анықтаманы алу мүмкіндігі болу елінің заңнамасында көзделсе, болу еліндегі құзыретті органнан алған азаматтығының жоқ екені туралы анықтама.
консулдық алымның төленгенін растайтын құжаттың түпнұсқасы;
2) паспортқа жазба енгізу үшін мынадай:
еркін нысанда жазылған өтініш;
баланың туу туралы куәлігі;
Қазақстан Республикасы азаматының паспорты;
мөлшері 3,5х4,5 см екі түрлі түсті фотосурет;
консулдық алымның төленгенін растайтын құжаттың түпнұсқасы.
Көрсетілетін қызметті алушы көрсетілетін қызметті берушіге барлық қажетті құжаттарды тапсырған кезде, қағаз жеткізгіштегі өтініштің көшірмесіндегі қабылдау күні, қабылдаған адамның тегі, аты, әкесінің аты және құжаттар топтамасын қабылдаған уақыты көрсетілген белгі оның қабылданғанын растау болып табылады.»;
мынадай мазмұндағы 9-1 тармақшамен толықтырылсын:
«9-1 Көрсетілетін қызметті беруші мемлекеттік қызметті көрсетуден мынадай негіздер бойынша бас тартады:
1) көрсетілетін қызметті алушының мемлекеттік көрсетілетін қызметті алу үшін ұсынған құжаттарының және (немесе) олардағы деректердің (мәліметтердің) анық еместігінің белгілі болуы;
2) көрсетілетін қызметті алушының және (немесе) мемлекеттік қызмет көрсету үшін қажетті ұсынылған деректердің және мәліметтердің«Жеке басты куәландыратын құжаттар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының, «Қазақстан Республикасы азаматының паспортын, Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігін, шетелдіктің Қазақстан Республикасында тұруына ықтиярхатты, азаматтығы жоқ адамның куәлігі мен босқын куәлігін ресімдеу, беру, ауыстыру, тапсыру, алып қою және жою қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 26 тамыздағы № 852 қаулысының талаптарына сәйкес келмеуі;
3) уәкілетті мемлекеттік органның мемлекеттік қызмет көрсету үшін талап етілетін қажетті келісімі туралы сұрау салуға берілген теріс жауабы.
Көрсетілетін қызметті алушы осы мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартының 9-тармағында көзделген тізбеге сәйкес құжаттардың топтамасын толық ұсынбаған және (немесе) қолданылу мерзімі өтіп кеткен құжаттарды ұсынған жағдайларда көрсетілетін қызметті беруші өтінішті қабылдаудан бас тартады, бұл ретте көрсетілетін қызметті беруші құжат қабылдаудан бас тартқаны туралы қолхат береді.»;
10-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«10. Көрсетілетін қызметті берушінің және (немесе) оның лауазымды адамдарының мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері бойынша шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағымдану: шағым осы мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартының 12-тармағында көрсетілген мекенжай бойынша көрсетілетін қызметті беруші басшысының атына беріледі.
Шағым көрсетілетін қызметті берушінің кеңсесі арқылы қолма-қол, пошта арқылы жазбаша түрде немесе «электронды үкімет» веб-порталы арқылы беріледі.
Шағымды қабылдаған адамның тегі мен аты-жөні, берілген шағымға жауап алу мерзімі мен орны көрсетіле отырып, көрсетілетін қызметті берушінің
кеңсесінде тіркеу (мөртаңба, кіріс нөмірі мен күні) шағымның қабылданғанынрастау болып табылады.
Көрсетілген қызметті алушының шағымында оның тегі, аты, әкесінің аты, почта мекенжайы шығыс нөмірі және уақыты көрсетіледі. Шағымда көрсетілетін қызметті алушының қол таңбасы болу керек.
Көрсетілетін қызметті берушінің атына келіп түскен көрсетілетін қызметті алушының шағымы тіркелген күнінен бастап бес жұмыс күні ішінде қаралуға жатады.
Көрсетілген мемлекеттік қызмет нәтижелерімен келіспеген жағдайда, көрсетілетін қызметті алушы мемлекеттік қызметті көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті органға шағыммен жүгіне алады.
Мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті органның атына келіп түскен көрсетілетін қызметті алушының шағымы тіркелген күнінен бастап он бес жұмыс күні ішінде қаралады.»;
14-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«14. Мемлекетік қызметі көрсету мәселелері бойынша анықтама қызметтерінің байланыс телефондары www.mfa.gov.kz интернет-ресурсында «Мемлекеттік көрсетілетін қызмет» бөлімінде көрсетілген, мемлекеттік қызметті көрсету мәселелері жөніндегі бірыңғай байланыс орталығыныңнөмірі – 1414, 8 800080 7777.»;
2) көрсетілген бұйрықпен бекітілген «Қазақстан Республикасының шетелдердегі мекемелерінің Қазақстан Республикасының азаматтығынан шығу жөніндегі құжаттарды ресiмдеуі» мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартында: