Toggle Dropdown
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2013 жылғы 17 мамырдағы
№ 499 қаулысымен
бекітілген
Жоғары білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидалары
Редакция 07.04.2017 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен
1. Осы Жоғары білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Бiлiм туралы» 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – «Білім туралы» Заң) сәйкес әзірленді және меншік нысаны мен ведомстволық бағыныстылығына қарамастан Қазақстан Республикасының жоғары білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары қызметінің тәртібін айқындайды.
2. Жоғары білім жоғары оқу орындарының мынадай түрлерінде: ұлттық зерттеу университеттерінде, ұлттық жоғары оқу орындарында, зерттеу университеттерінде, университеттерде, академияларда, институттарда және оларға теңестірілген ұйымдарда (консерватория, жоғары мектеп, жоғары училище) алынады.
3. Жоғары оқу орындарының негізгі міндеті – ғылым мен практиканың жетістіктері негізінде тұлғаның кәсіби қалыптасуы мен дамуына бағытталған білім беру бағдарламаларын меңгеру үшін қажетті жағдайларды жасау арқылы жоғары білімі бар кадрларды даярлау.
4. Жоғары оқу орны (бұдан әрі – ЖОО) өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына, «Білім туралы», «Ғылым туралы», «Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметті коммерцияландыру туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына, білім беру және ғылыми қызметті регламенттейтін өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Қағидалар мен олардың негізінде әзірленген ЖОО жарғысына сәйкес жүзеге асырады.
Әскери, арнаулы оқу орындары (бұдан әрі – ӘАОО) өз қызметін тиісті уәкілетті мемлекеттік органдардың басшылары бекітетін нормативтік құқықтық актілердің ерекшеліктерін ескере отырып жүзеге асырады.
2. Жоғары білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары қызметінің тәртібі
5. ЖОО-ны басқару Қазақстан Республикасының заңнамасына, осы Қағидаларға және жоғары білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымының жарғысына сәйкес алқалы басқару қағидаттарында жүзеге асырылады.
ӘАОО-ны басқару Қазақстан Республикасының заңнамасына, ӘАОО қызметінің қағидаларына және жоғары білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымының жарғысына сәйкес жүзеге асырылады.
6. Корпоративтік басқару қағидаттары ӘАОО-ны қоспағанда, ЖОО-да байқау және (немесе) директорлар кеңесін құру арқылы іске асырылады.
Алқалы басқару қағидаттары ЖОО-да қамқоршылық, ғылыми, оқу-әдістемелік, ғылыми (ғылыми-техникалық) кеңестер құру арқылы іске асырылады. Корпоративтік және алқалы басқару органдарының қызметі Қазақстан Республикасының заңнамасымен және (немесе) жоғары білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымының ішкі ережелерімен регламенттеледі.
Шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорын нысанында құрылған ЖОО-да заңнамада айқындалатын тәртіппен байқау кеңестері құрылады.
7. ЖОО қызметін тиімді басқарудың негізгі құралы стратегиялық жоспарлау болып табылады.
8. ЖОО-лар ұйымдастыру-құқықтық нысанына және меншік нысанына қарай заңнамаға сәйкес өздерінің даму стратегияларын және (немесе) даму бағдарламаларын және (немесе) даму жоспарларын әзірлейді.
9. ЖОО қызметін тікелей басқаруды Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес қызметке тағайындалатын (сайланатын) және қызметтен босатылатын ЖОО ректоры (басшысы) жүзеге асырады.
Шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорын нысанында құрылған ЖОО-да байқау кеңестері:
тиісті саланың уәкілетті органы бұрын байқау кеңесіне қарауға ұсынған адамдардың арасынан ЖОО ректоры лауазымына тағайындау үшін осы байқау кеңесі таңдап алған бірнеше кандидатураны тиісті саланың уәкілетті органына енгізу;
тиісті саланың уәкілетті органының ЖОО ректорымен еңбек шартын бұзу туралы ұсынысымен келісу не тиісті саланың уәкілетті органының ЖОО ректорымен еңбек шартын бұзу туралы оның шешімін негізді деп тану туралы ұсынысымен келісу арқылы ЖОО-ның ректорын тағайындау және онымен еңбек шартын бұзу мәселелері бойынша тиісті саланың уәкілетті органының ұсыныстарына келісім береді.
10. ЖОО ректорының (басшысының) орынбасарлары – проректорлары (басшының орынбасарлары) болады.
11. Білім және ғылым саласындағы уәкілетті органның ведомстволық бағынысты мемлекеттік жоғары оқу орны ЖОО проректорының бос лауазымына орналасу үшін үміткерлерді іріктеуді ұйымдастырады.
Білім және ғылым саласындағы уәкілетті орган Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен ведомстволық бағынысты мемлекеттік ЖОО проректорын ЖОО ректорының ұсынысы бойынша тағайындайды және босатады.
12. Проректорлардың (басшының орынбасарлары) саны мен лауазымдық өкілеттілігін білім және ғылым саласындағы уәкілетті орган белгілеген ұсынылатын проректорлар санының нормативіне және олардың қызмет бағыттарына сәйкес ЖОО өз бетінше белгілейді.
13. ЖОО ректоры (басшысы) ЖОО атынан сенімхатсыз әрекет етеді, барлық органдарда оның мүдделерін білдіреді, заңнамада белгіленген тәртіппен ЖОО мүлкін басқарады, шарттар жасайды, сенімхаттар береді, банк шоттарын ашады және өзге де мәмілелер жасайды, барлық қызметкерлер, оқытушылар үшін міндетті бұйрықтар мен өкімдер шығарады.
14. ЖОО ректоры (басшысы) алқалы басқару қағидаттарында жоғары оқу орнын басқаруды жүзеге асырады, білім алушылардың даярлық сапасын, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартының (бұдан әрі – МЖМБС), қаржылық тәртіптің, шарт талаптарында көзделген ЖОО қызметкерлерінің еңбек құқықтары мен білім алушылар құқықтарының сақталуын қамтамасыз етеді.
ЖОО ректоры (басшысы) ЖОО-ның шаруашылық жүргізу құқығындағы немесе жеке меншігіндегі мүліктің және басқа да материалдық құндылықтардың есепке алынуы мен есептілігін, сақталуын жүзеге асырады.
15. Мемлекеттік ЖОО ректоры Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен үш жылда бір рет аттестаттаудан өтеді.
Жекеменшік ЖОО ректоры оның өкілеттіктері шеңберін, тағайындалу (сайлау) және лауазымнан босатылу тәртібін айқындайтын құрылтайшылардың жалпы жиналысына тікелей есеп береді.
16. Мемлекеттік ЖОО ректорлары жыл сайын академиялық қызмет нәтижелері бойынша – ғылыми кеңестің, стратегиялық даму және даму жоспары бойынша – байқау кеңестерінің немесе директорлар кеңесінің алдында есеп береді.
Мемлекеттік ЖОО қаржылық есебі алдын ала байқау кеңесінде бекітіледі.
17. ЖОО-ның адами ресурстарын басқару оның кадрлық саясатына сәйкес жүзеге асырылады, ол рекрутингті, кадрларды даярлау және біліктіліктерін арттыруды қамтитын адами ресурстарды дамыту қағидаттарына негізделеді
18. ЖОО-ға жұмысқа қабылдау кезінде қызметкерлер кандидатуралары білім беру саласындағы уәкілетті орган бекіткен педагог қызметкерлер және оларға теңестірілген адамдар лауазымдарының үлгілік біліктілік сипаттамалары (бұдан әрі – лауазымдардың біліктілік сипаттамалары) талаптарына сәйкес келуі тиіс.
ӘАОО-да профессор-оқытушылар құрамының лауазымына кандидатуралар жұмысқа қабылдау кезінде тиісті уәкілетті мемлекеттік орган бекіткен әскери, арнаулы оқу орындарындағы азаматтық қызметшілер лауазымдарын қоспағанда, педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген адамдар лауазымдарының біліктілік сипаттамаларына сәйкес келулері тиіс.
19. ЖОО өз құрылымын дербес қалыптастырады және оны ғылыми кеңестің шешімімен бекітеді. Бұл ретте құрылымдық бөлімшелер ЖОО қызметінің барлық бағыттары мен түрлерін қамтуы тиіс.
ӘАОО құрылымын тиісті уәкілетті мемлекеттік орган айқындайды.
20. ЖОО құрамына тізбесі мен атауларын ЖОО дербес айқындайтын әртүрлі құрылымдық бөлімшелер: факультеттер, институттар, кафедралар, департаменттер және тағы басқалар кіруі мүмкін.
21. ЖОО құрылымдық бөлімшелер туралы ережелерді өз бетінше әзірлейді және бекітеді, онда олардың қызметінің негізгі бағыттары, ЖОО-ны басқарудың ұйымдық құрылымында құрылымдық бөлімшеге оның мәртебесін әкімшілік-құқықтық бекіту бойынша талаптар айқындалады.
22. Басшылар, мамандар және басқа да қызметкерлер лауазымдарының бекітілген біліктілік сипаттамаларына сәйкес қызметкерлердің лауазымдық нұсқаулықтарын ЖОО дербес әзірлейді және бекітеді, онда олардың лауазымға тағайындалу және лауазымнан босатылу тәртібі, құқықтары, міндеттері, өкілеттіктері мен жауапкершіліктері айқындалады.
23. Кафедраның профессор-оқытушылар құрамын лауазымға тағайындау білім беру саласындағы уәкілетті органның бұйрығымен бекітілген Жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамы мен ғылыми қызметкерлерін лауазымдарға конкурстық тағайындау қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.
ӘАОО-ның профессор-оқытушылар құрамын лауазымға тағайындау тәртібін тиісті уәкілетті мемлекеттік органдар айқындайды.
24. Штаттық кестені ЖОО дербес айқындайды және оны жыл сайын ректор (басшы) бекітеді. ӘАОО-да штаттық кестені тиісті уәкілетті мемлекеттік орган айқындайды.
ЖОО-ның білім беру қызметі
25. ЖОО-ның білім беру қызметі академиялық саясат негізінде жүзеге асырылады, ол білім беру қызметін жоспарлау мен басқару және студентке бағдарланған оқытуды іске асыруға және білім сапасын арттыруға бағытталған оқу процесін тиімді ұйымдастыру бойынша шаралар, қағидалар және рәсімдер жүйесін білдіреді.
26. Академиялық саясат ЖОО-ның алдында тұрған басымдықтар мен міндеттерді ескере отырып, білім саласындағы қолданыстағы заңнама негізінде әзірленеді.
Академиялық саясаттың құрылымы мен бағыттарын ЖОО дербес айқындайды.
27. ЖОО-ға білім алушыларды қабылдау Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілген Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға қабылдаудың үлгілік қағидаларына сәйкес конкурстық негізде жүзеге асырылады.
ӘАОО-ға білім алушыларды қабылдау тиісті деңгейдің білім беру бағдарламаларын іске асыратын Әскери, арнаулы оқу орындарына оқуға қабылдаудың қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.
28. ЖОО-да жоғары білімі бар кадрлар даярлау мазмұны мен оқыту мерзімдері бойынша әртүрлі білім беру бағдарламалары бойынша оқытудың күндізгі, кешкі, сырттай нысандарында және экстернат нысанында жүзеге асырылады.
29. Оқу процесін тиімді ұйымдастыру, білім беру қызметіне тартылған материалдық активтер мен ресурстарды ұтымды пайдалану үшін институттарда және оларға теңестірілген ЖОО-да (консерваторияларда, жоғары мектепте, жоғары училищеде) күндізгі оқу нысаны бойынша бірінші бітірушілерден кейінгі білім алушылардың ең аз контингенті кемінде 960 адамға арналған материалдық-техникалық базасы болуы тиіс. Ерекшелікті күндізгі оқу нысаны бойынша білім алушылардың саны мемлекеттік тапсырыспен айқындалатын әскери және құқық қорғау органдарының ЖОО-лары құрайды.
30. Білім алушылардың келтірілген контингенті оқытудың күндізгі, кешкі және сырттай нысаны бойынша олардың санына байланысты айқындалады. Күндізгі оқу нысанының студенттері – 1,0, кешкі оқу нысаны – 0,5 және сырттай оқу нысаны – 0,25 коэффициентпен есептеледі.
ӘАОО үшін білім алушылардың сандық құрамының арақатынасын тиісті уәкілетті мемлекеттік орган айқындайды.
31. ЖОО-да оқу жылы 1 қыркүйекте басталады және академиялық күнтізбеге сәйкес аяқталады. ӘАОО-дағы оқу жылының басталу және аяқталу мерзімін тиісті уәкілетті мемлекеттік органдар айқындайды.
32. ЖОО-ның оқу-әдістемелік жұмысы білім беру саласындағы уәкілетті орган бекіткен Оқу-әдістемелік және ғылыми-әдістемелік жұмысты ұйымдастыру және жүзеге асыру қағидаларына сәйкес ұйымдастырылады.
ӘАОО-ның оқу-әдістемелік жұмысы тиісті уәкілетті мемлекеттік орган бекіткен Әскери, арнайы оқу орындарында оқу процесін, оқу-әдістемелік және ғылыми-әдістемелік қызметті ұйымдастыру және жүзеге асыру қағидаларына сәйкес ұйымдастырылады.
33. ЖОО-ның білім беру қызметі оқыту нәтижесі мен құзыреттілік негізгі рөл ойнайтын және білім алушылар үшін білім беру процесінің басты қорытындысы болып табылатын студентке бағытталған тәсілдің негізінде кредиттік оқыту технологиясы бойынша жүзеге асырылады.
ӘАОО-ның білім беру қызметі тиісті уәкілетті мемлекеттік орган бекіткен Әскери, арнаулы оқу орындары қызметінің қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.
34. Білім беру қызметінің сапасын арттыру мақсатында ЖОО еуропалық жоғары білім кеңістігіндегі (ESG) стандарттар мен жоғары білім сапасын қамтамасыз ету нұсқаулығына негізделген сапаны іштей қамтамасыз етудің жүйесін құрады, ол мыналарды қамтиды:
1) сапаны қамтамасыз ету саласындағы саясат;
2) бағдарламаларды әзірлеу мен бекіту;
3) студентке бағдарланған оқыту, сабақ беру және бағалау;
4) білім алушыларды қабылдау, олардың үлгерімі, тану және сертификаттау;
6) оқу ресурстары және студенттерді қолдау жүйесі;
8) жұртшылықты хабардар ету;
9) тұрақты мониторинг және бағдарламаларды мерзімді бағалау;
10) сыртқы мерзімді сапаны қамтамасыз ету.
35. Білім беру сапасын қамтамасыз етудің ішкі жүйесі мынадай негізгі қағидаттарға негізделеді:
1) ұсынылатын білім беру қызметтерінің сапасын қамтамасыз ету;
2) сапаны қамтамасыз ету жоғары білім беру жүйесінің, оқу орындарының, білім беру бағдарламалары мен білім алушылардың алуан түрлілігіне сәйкес келеді;
3) сапаны қамтамасыз ету сапа мәдениетін дамытуды қолдайды;
4) сапаны қамтамасыз ету білім алушылардың, барлық басқа да мүдделі тараптар мен қоғамның қажеттілігі мен үмітін ескереді;
5) сапаны қамтамасыз ету студенттің оқудағы, сондай-ақ жазбаша жұмыстарды (бақылау, курстық, эссе, дипломдық, диссертациялық) орындау кезіндегі адалдығын көрсететін академиялық адалдыққа негізделеді.
36. Академиялық адалдық оқыту процесінің негізгі қағидаты болып табылады. Плагиатты болдырмау үшін білім алушылардың жазбаша жұмыстарының барлық түрлері (бақылау, эссе, курстық, дипломдық, диссертациялық) антиплагиат бағдарламасы пайдаланылып тексерістен өтеді. Тексеру тәртібі мен рәсімін ЖОО өз бетінше айқындайды.
37. Оқу процесін ұйымдастыру академиялық күнтізбе, оқу сабақтарының кестесі және білім беру бағдарламалары негізінде жүзеге асырылады.
38. Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілген Білім берудің тиісті деңгейлерінің мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарына, үлгілік оқу жоспарларына сәйкес, сондай-ақ кәсіптік стандарттар негізінде ЖОО білім беру бағдарламаларын дербес әзірлейді.
ӘАОО-да оқу процесін ұйымдастыру тиісті уәкілетті мемлекеттік орган бекіткен Әскери, арнаулы оқу орындарында оқу процесін, оқу-әдістемелік және ғылыми-әдістемелік қызметті ұйымдастыру және жүзеге асыру қағидаларына және Әскери, арнаулы оқу орындарында білім беру технологияларын пайдалана отырып оқу процесін ұйымдастыру қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.
39. Профессор-оқытушылар құрамының орташа жылдық педагогикалық (оқу) жүктемесін жұмыс уақытының жылдық нормасының шегінде оқу жұмысының жалпы көлемі мен профессор-оқытушылар құрамының белгіленген штатына байланысты ЖОО дербес белгілейді және ғылыми кеңестің шешімі негізінде ЖОО ректоры бекітеді.
40. ЖОО-да оқу жұмысының мынадай негізгі түрлері белгіленеді: дәрістер, семинарлар, практикалық, студиялық және зертханалық сабақтар, консультациялар, бақылау жұмыстары, коллоквиумдар, білім алушының өзіндік жұмысы, оқытушының жетекшілігімен білім алушының өзіндік жұмысы, кәсіптік практика, курстық жұмыс (жоба), дипломдық жұмыс (жоба), эксперименттік жұмыс, білім алушылардың оқу жетістіктерін бақылаудың түрлі нысандары (емтихан, жазбаша жұмыстарды қорғау) және тағы басқалар.
Бұл ретте сабақ түрлерін, сондай-ақ дәрістер мен семинарлар, практикалық, студиялық және зертханалық сабақтар арасындағы сағат көлемінің арақатынасын ЖОО дербес айқындайды.
41. ЖОО оқытушыларының ғылыми-педагогикалық қызметі құрылымдық бөлімшенің басшысы бекітетін оқу жылына арналған оқытушының жеке жұмыс жоспары негізінде жүзеге асырылады.
42. Дәрістерді ғылым докторы немесе ғылым кандидаты ғылыми дәрежесі, философия докторы (PhD) немесе бейіні бойынша доктор дәрежесі, ғылыми атақтары (қауымдастырылған профессор (доцент), профессор), сондай-ақ магистр академиялық дәрежесі және (немесе) кемінде 3 жыл ғылыми-педагогикалық өтілі бар аға оқытушылар оқиды.
Дәрістерді оқуға және (немесе) басқа оқу сабақтарының түрлерін өткізуге ғылыми қызметкерлер, еңбегі сіңген мәдениет, өнер, спорт қайраткерлері, шығармашылық одақтардың мүшелері немесе мамандық бейіні бойынша кемінде 3 жыл практикалық жұмыс өтілі бар тәжірибелі мамандар да тартылуы мүмкін.
43. Оқу жұмысының басқа түрлері атқарып отырған лауазымына қарамастан барлық оқытушылардың педагогикалық жүктемесіне кіруі мүмкін.
44. Оқу жұмысы аудиториялық (дәрістер, семинарлар, практикалық, студиялық, зертханалық сабақтар, консультациялар, емтихандар, жазбаша жұмыстар) және оқу жұмысының барлық қалған түрлері жататын аудиториядан тыс деп бөлінеді.
45. Білім алушылардың жоғары білім беру бағдарламаларын меңгеруі үшін барынша қолайлы жағдайлар жасай отырып, ЖОО оқыту нысандарын, әдістері мен құралдарын дербес айқындайды.
46. ЖОО оқытушысы оқу жоспарлары мен оқу бағдарламаларының (силлабус) талаптарын сақтау шартымен оқу сабақтарын ұйымдастыру және өткізу тәсілдері мен нысандарын, оқыту әдістерін таңдау еркіндігіне ие.
47. Жоғары білімнің білім беру бағдарламалары пәндердің үш циклын қамтиды: жалпы білім беретін пәндер циклы (ЖББП), базалық пәндер циклы (БЗП) және бейіндеуші пәндер циклы (БП), сондай-ақ қосымша оқыту түрлері (мамандық бойынша кәсіптік практика, дене шынықтыру және т.б.), аралық және қорытынды аттестаттау.
48. Пәндердің әр циклы тізбесі мен мазмұны үлгілік оқу жоспарларында және үлгілік оқу бағдарламаларында айқындалатын міндетті компонент пәндерінен, сондай-ақ таңдау бойынша компонент пәндерінен, ӘАОО-да тізбесі мен мазмұны оқу жұмыс жоспарларында және оқу жұмыс бағдарламаларында (силлабус) айқындалатын ЖОО-компоненті пәндерінен тұрады.
49. Оқыту барлық оқыту нысандары үшін бірыңғай білім беру бағдарламалары негізінде жүзеге асырылады.
Даму мүмкіндіктері шектеулі, оның ішінде мүгедектігі бар адамдар үшін олардың ерекше білім берілуіне қажеттілігі ескеріле отырып, оқуына арнайы жағдайлар жасалады.
50. ЖОО білім беру бағдарламаларында оқытудың дуальды жүйесінің элементтері, оқытудың инновациялық, оның ішінде қашықтықтан оқыту технологиялары, сондай-ақ үш тілде оқыту іске асырылуы мүмкін.
51. Техникалық және кәсіптік (орта кәсіптік), орта білімнен кейінгі немесе жоғары білімі бар тұлғалар үшін ЖОО-да оқу процесі жеделдетілген оқу мерзімімен қысқартылған білім беру бағдарламалары бойынша ұйымдастырылады.
52. Жоғары білім базасындағы білім беру бағдарламалары тек кәсіби даярлықты көздейді және базалық пәндер мен бейіндеуші пәндерді, оқытудың қосымша түрлерін, аралық және қорытынды аттестаттауды қамтиды.
53. Қысқартылған білім беру бағдарламалары бойынша оқу мерзімін білім алушылардың пререквизиттеріне байланысты ЖОО дербес айқындайды.
Бұл жағдайда көлемдерінің жеткіліктігі және білім беру бағдарламасының сабақтастығы шартымен кредиттерді қайта есептеу және бұрын игерілген пәндерді есепке алу жүзеге асырылады. Оқыту бағыты мен мерзімі транскриптте (дипломға қосымшалар) көрсетілген пәндер пререквизиттері ескеріле отырып айқындалады.
54. Білім алушылардың кәсіптік практикасы, эксперименттік жұмысы және оларды қорытынды аттестаттау жоғары білімнің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарының талаптарына сәйкес академиялық күнтізбеге сәйкес жүргізіледі.
Кәсіптік практика мамандарды даярлау бейініне сәйкес келетін ұйымдарда жүргізіледі және оқыту процесінде алынған білімдерді бекітуге, практикалық дағдыларды алуға және озық тәжірибені игеруге бағытталған.
55. Кәсіптік практиканың түрлері, мерзімдері мен мазмұны оқу жұмыс жоспарларымен және оқу жұмыс бағдарламаларымен айқындалады.
Кәсіптік практиканың барлық түрлері бойынша бағдарламаларды әзірлеу мен бекітуді ЖОО білім беру саласындағы уәкілетті орган бекіткен Кәсіптік практиканы ұйымдастыру және өткізу қағидаларына және Практика базалары ретінде ұйымдарды айқындау қағидаларына сәйкес дербес айқындайды.
ӘАОО-да кәсіптік практика мен тағылымдаманың барлық түрлері бойынша бағдарламаларды әзірлеу және бекіту тәртібі тиісті уәкілетті мемлекеттік орган бекіткен Әскери, арнаулы оқу орындары білім алушыларының кәсіптік практикасы мен тағылымдамасын ұйымдастыру және өткізу қағидаларында айқындалады.
56. Білім алушылардың оқу жетістіктерін бағалау білім беру саласындағы уәкілетті орган бекіткен Білім алушылардың үлгерімін ағымдағы бақылау, аралық және қорытынды аттестаттаудан өткізу қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады. ЖОО-лар білім алушылардың ағымдағы және межелік үлгерімін бақылау және аралық аттестаттаудан өткізу нысандарын, тәртібі мен мерзімділігін дербес айқындайды.
ӘАОО-да білім алушылардың үлгерімін ағымдағы және межелік бақылау, аралық және қорытынды аттестаттаудан өткізу нысандары, тәртібі мен мерзімділігі тиісті уәкілетті мемлекеттік орган бекіткен Әскери, арнайы оқу орындары білім алушыларының үлгерімін ағымдағы бақылау, аралық және қорытынды аттестаттаудан өткізу қағидаларында айқындалады.
57. Білім алушыларды оқу пәндеріне тіркеу, меңгерілген кредиттерді есепке алу, аралық және қорытынды аттестаттауды ұйымдастыру және білім алушылардың оқу жетістіктерінің бүкіл тарихын жүргізу үшін ЖОО-да тіркеу офисі құрылады.
58. Тіркеу офисінің құрылымы мен жұмыс тәртібін ЖОО дербес айқындайды.
59. Тіркеу офисі мынадай негізгі функцияларды атқарады:
1) оқу пәндеріне тіркеу қағидаларын әзірлейді;
2) білім алушыларды оқу пәндеріне тіркеуді жүргізеді;
3) академиялық топтар мен лектерді қалыптастырады;
4) білім алушылардың жеке оқу жоспарларын белгіленген тәртіппен тіркейді;
5) білім алушыларды аралық және қорытынды аттестаттауды ұйымдастырады және өткізеді;
6) білім алушылардың академиялық рейтингін есептеуді жүзеге асырады;
7) оқытудың барлық кезеңі ішінде және бүкіл оқыту кезеңінде білім алушылардың игерген кредиттерін есепке алуды жүргізеді;
8) білім алушылардың транскриптін жазып береді.
60. Қызмет түрлеріне сәйкес, сондай-ақ білім мен ғылымды кіріктіруді қамтамасыз ету мақсатында ЖОО-да мамандандырылған зертханалар және (немесе) ғылыми, ғылыми-зерттеу, ғылыми-өндірістік бөлімшелер, конструкторлық бюролар, дайындық бөлімдері (факультет, орталық), өндірістік және әлеуметтік инфрақұрылымдардың объектілері, жатақханалар, клиникалық базалар, оқу-тәжірибелік шаруашылықтар, практиканың оқу базалары, оқу театрлары мен концерт залдары, көркем-шығармашылық шеберханалар, дене шынықтыру-спорт клубтары және басқа да құрылымдық бөлімшелер болуы мүмкін.
Оқу сабақтарын өткізу, кәсіптік практиканың әртүрлі түрлерін ұйымдастыру және өткізу, курстық жұмыстар (жобалар), дипломдық жұмыстар (жобалар) дайындау мақсатында ЖОО жұмыс берушілермен бірлесіп, өзінің бейініне сәйкес келетін кәсіпорындар мен ұйымдарда оқу бөлімшелерін (филиалдарын) ұйымдастыра алады.
61. ЖОО-ның тәрбие қызметі оқу процесінің құрамдас бөлігі болып табылады және патриотизм, азаматтылық, интернационализм, жоғары мораль және адамгершілік, конфессияаралық толеранттылықтың құқықтық мәдениетін, сондай-ақ білім алушылардың жан-жақты қызығушылықтары мен қабілеттерін дамытуға бағытталған.
62. Тәрбие қызметі білім алушылар мен профессор-оқытушылар құрамының адами қадір-қасиетін өзара құрметтеу негізінде жүзеге асырылады.
Жоғары оқу орындарында тәрбие жұмысы қазақстандық бірегейлік пен бірлік, «Мәңгілік ел» жалпыұлттық патриоттық идеясының рухани-адамгершілік құндылықтары, салауатты өмір салты мәдениетін қалыптастыру негізінде жүзеге асырылады.
63. ЖОО-ның тәрбие қызметі тәрбие жұмысы бойынша кешенді жоспар негізінде жүзеге асырылады.
64. ЖОО-ның тәрбие жұмысы:
1) білім алушылардың бойында өз бетінше және білікті түрде шешімдер қабылдау мен іске асыру икемділіктерін қалыптастыруды;
2) білім алушылардың бойында патриотизм, азаматтылық, интернационализм, жоғары мораль мен адамгершілікті қалыптастыруды;
3) білім алушыларды салауатты өмір салтына, қоғамдық іс-шараларға белсенді қатысуға ынталандыруды;
4) кафедра бейіні бойынша білім алушылардың ой-өрісін кеңейтуге, таңдаған мамандығына құндылық қатынасты қалыптастыруға ықпал ететін тақырыптық іс-шаралар өткізуді;
5) жастарға құқықтық білім беруге және құқықтық нигилизмнің алдын алуға бағытталған іс-шаралар өткізуді қамтиды.
ӘАОО-да тәрбие жұмысы тиісті уәкілетті мемлекеттік орган бекіткен Әскери, арнаулы оқу орындары қызметінің қағидаларында айқындалған қосымша жұмыс түрлерін қамтиды.
65. ЖОО-ның тәрбие процесі білім алушылардың бойында сыбайлас жемқорлық көріністеріне «мүлдем төзбеушілікті», сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлық көзқарасын қалыптастыруға бағытталған шараларды көздеуі тиіс.
2.3. ЖОО-ның ғылыми-зерттеу қызметі
66. ЖОО-ның ғылыми-зерттеу қызметін оқытушылар мен ғылыми қызметкерлер жүзеге асырады.
Профессор-оқытушылар құрамы ғылыми-зерттеу жұмысын негізгі жұмыс уақытында оқытушының жеке жұмыс жоспарына сәйкес өз қызметінің міндетті құрамдас бөлігі ретінде орындайды.
67. ЖОО-дағы ғылыми-зерттеу жұмысы (бұдан әрі – ҒЗЖ) қызмет түрлеріне сәйкес:
1) іргелі, қолданбалы, іздеу (бастамашылық), ғылыми-зерттеу, тәжірибелік-конструкторлық, оның ішінде инновациялық бағыттар бойынша жұмыстар жүргізуді;
2) тапсырыс, бөгде ұйымдармен жасалған шарт бойынша ғылыми зерттеулерді жүзеге асыруды;
3) өз ғылыми мектептерін қалыптастыру мен дамытуды, ЖОО профессор-оқытушылар құрамының зерттеу жұмысына тартылуын;
4) студенттердің, магистранттардың және докторанттардың ғылыми-зерттеу жұмысын ұйымдастыруды, зерттеу жұмысына білім алушылардың барлық санаттарын белсенді түрде тартуды;
5) ғылыми-педагогикалық қызметкерлер мен білім алушылардың ғылыми зерттеулері мен шығармашылық қызметі арқылы жаңа білімдерді алуды;
6) жоғары білімді дамытудың теориялық және әдіснамалық негіздерін зерттеу мен әзірлеуді;
7) оқытудың инновациялық технологияларын әзірлеуді және ЖОО оқу процесіне енгізуді;
8) ғылыми зерттеулер нәтижелерін оқу процесіне және өндіріске енгізуді;
9) зерттеу қызметінің инновациялық инфрақұрылымын қалыптастыруды, ғылыми әзірлемелерді коммерцияландырудың тетігін құруды және ендіруді;
10) зерттеушілер мен әзірлеушілердің зияткерлік меншігі мен авторлық құқықтарын қорғауды;
11) ғылыми зерттеулер мен әзірлемелердің қаржылық көздерін, оның ішінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік, халықаралық ынтымақтастық және кәсіпорындар мен ұйымдардың қаражаты негізінде кеңейтуді қамтиды.
68. Қызмет түрлеріне байланысты ЖОО-ның ғылыми қызметі мамандар даярлау процесінің қажетті құрамдас бөлігі болып табылады. Оқу және ғылыми процестер бірлігі:
1) білім алушыларды Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген бюджеттік және бюджеттен тыс қаржыландыру көздері есебінен орындалатын ғылыми-зерттеу және жобалау-конструкторлық жұмыстарға қатысуға тарту;
2) ЖОО-ның ғылыми және ғылыми-өндірістік бөлімшелері, кәсіпорындар мен ұйымдар базасында білім алушылардың белсенді оқу жұмысының әртүрлі нысандарын, кәсіптік практика, курстық және дипломдық жобалауды жүргізу есебінен қамтамасыз етіледі.
69. ҒЗЖ орындау нәтижелері бойынша күнтізбелік жоспарда көзделген аралық және қорытынды есептер жасалады. Есептер дұрыс деректер негізінде, орындаушылар ұсынатын ҒЗЖ нәтижелері бойынша жасалады.
70. Жоғары оқу орындары қызметінің басым бағыты білім беру қызметімен қатар, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру болып табылады.
71. ЖОО халықаралық ынтымақтастығы Қазақстан Республикасының заңнамасы және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары негізінде жүзеге асырылады.
ЖОО-лар шетелдік білім беру, ғылыми және мәдени ұйымдармен, халықаралық ұйымдармен және қорлармен тікелей байланыстарды дербес орнатады, ынтымақтастық туралы екі жақты және көп жақты шарттар жасасады, білім алушылармен, педагогикалық және ғылыми қызметкерлермен халықаралық алмасу бағдарламаларына қатысады, білім беру саласындағы халықаралық үкіметтік емес ұйымдарға (қауымдастықтарға) мүше болады.
72. ӘАОО халықаралық шарттар мен келісімшарттарға сәйкес шетелдік азаматтар қатарынан мамандар даярлауды жүзеге асыруға құқылы.
3. ЖОО қызметін ақпараттық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету
73. ЖОО-ның ақпараттық ресурстармен қамтамасыз етілуі білім беру қызметін жүзеге асырудың міндетті шарты болып табылады.
74. Кітапхана қоры ақпараттық ресурстардың құрамдас бөлігі болып табылады және оқу, оқу-әдістемелік және ғылыми әдебиетті, сондай-ақ нормативтік құқықтық актілерді қамтиды.
ЖОО-лар оқу жоспарларының барлық пәндері бойынша білім алушыларды оқу, оқу-әдістемелік әдебиетпен қамтамасыз етеді.
Жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыру білім алушылардың электронды кітапханаларда орналастырылатын халықаралық дереккөздерді қоса алғанда, кітапхана қорына, компьютерлік технологияларға, оқу-әдістемелік және ғылыми әдебиетке, оқу, ғылыми, ақпараттық деректер базасына еркін қол жеткізуімен қамтамасыз етіледі.
75. ЖОО-ларда web-сайтты, ақпараттық-білім беру порталын, оқытудың кредиттік технологиясын қамтамасыз етудің автоматтандырылған жүйесін, ЖОО-ның жергілікті желілерінде орналасқан ақпараттық-білім беру ресурстарының жиынтығын және кең жолақты әрі жоғары жылдамдықты интернетке қосылған тармақталған компьютерлік желіні қамтитын жоғары технологиялық ақпараттық-білім беру ортасы құрылады.
76. Тиісті дәрісханалық және зертханалық базалардың, оқу кабинеттерінің, өндірістік шеберханалардың, полигондардың, спорт залдарының және оның қызметін қамтамасыз ететін және оған меншік, шаруашылық жүргізу немесе жедел басқару құқығында тиесілі басқа да орынжайлардың болуы ЖОО қызметінің міндетті шарты болып табылады.
77. ЖОО-ның оқыту нысандары бойынша екі ауысымнан аспайтын оқу сабақтарын жүргізу үшін қажетті дәрісханалық қоры болады.
78. Білім беру мақсаттары мен міндеттеріне қол жеткізу үшін ЖОО-ның әртүрлі техникалық ресурстары: зертханалық жабдықтары, қондырғылары, тетіктері, стендтері, өлшеу құралдары, оқу және зерттеу мақсаттарында пайдаланылатын макеттері және бұйымдардың модельдері, эксперименттік үлгілері, материалдары, компьютерлік және өзге де есептеу техникасы, бағдарламалық құралдары болады.
79. ЖОО-ның білім алушылар контингентіне және білім беру қызметіне қарай айқындалатын білім алу үшін қажетті жағдайлармен қамтамасыз ететін қаржылық ресурстары болады.
80. Қаржылық ресурстар көздеріне бюджет қаражаты, оның ішінде білім беру және ғылыми гранттардан алынған қаражат, ақылы негізде білім беру қызметінен, оқу-әдістемелік, ғылыми, тәжірибелік-конструкторлық, эксперименттік және баспа өнімдерін сатудан түсетін қаражат, демеушілік көмек және Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында тыйым салынбаған қызметтің басқа да түрлерін жүзеге асырудан алынған өзге де қаражат көздері жатады.