Toggle Dropdown
Мемлекеттік органдардың қызметіне салалық (ведомстволық) функционалдық шолу жүргізу жөніндегі әдістемені бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Ұлттық экокомика министрінің 2017 жылғы 27 ақпандағы № 84 бұйрығы.
Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2017 жылы 27 наурызда № 14941 болып тіркелді
Редакция 07.02.2025 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 24 қыркүйектегі № 1011 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі туралы ереженің 15-тармағының 107) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттік органдардың қызметіне салалық (ведомстволық) функционалдық шолу жүргізу жөніндегі әдістеме бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Мемлекеттік басқару жүйесін дамыту департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрық Қазақстан Ресупбликасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның баспа және электрондық түрдегі көшірмесін ресми жариялауға мерзімді баспа басылымдарына, сондай-ақ Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің эталонды бақылау банкіне енгізу үшін Республикалық құқықтық ақпарат орталығына жіберуді;
3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастыруды;
4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министірлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі Т. Сүлейменов
Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрінің
2017 жылғы 27 ақпандағы
№ 84 бұйрығымен
бекітілді
Мемлекеттік органдардың қызметіне салалық (ведомстволық) функционалдық шолулар жүргізу жөніндегі әдістеме
1. Осы мемлекеттік органдардың қызметіне салалық (ведомстволық) функционалдық шолу жүргізу жөніндегі әдістеме (бұдан әрі – Әдістеме) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 24 қыркүйектегі № 1011 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі туралы ереженің 107-тармағының 15) тармақшасына сәйкес әзірленді.
мемлекеттік орган функцияларының оның міндеттері мен мақсаттарына сәйкестігін белгілеу;
мемлекеттік органның артық функцияларын анықтау;
мемлекеттік органға тән емес функцияларды анықтау;
мемлекеттік орган қызметінде қайталануды болдырмау;
мемлекеттік органның жетіспейтін функцияларын айқындау;
мемлекеттік органның алға қойған міндеттерін тиімді іске асыру үшін оның штат санының оңтайлы лимитін айқындау әдістеменің негізгі мақсаттары болып табылады.
3. Осы Әдістемеде мынадай терминдер қолданылады:
1) бастамашы – мемлекеттік органдардың функцияларын бәсекелес ортаға немесе өзін-өзі реттейтін ұйымдарға беру мақсатында қайта қарауға бастамашылық жасайтын мемлекеттік органдар, мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органдар, Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы.
2) конкурстық негізде орындаушы – бәсекелес ортаның сыртқы субъектілері – бәсекелестік жағдайында халыққа қызмет көрсетуді жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлғалар.
3) қолдаушы функциялар – ішкі әкімшілік-шаруашылық қызметті қамтамасыз етуге бағытталған функциялар, сондай-ақ мемлекеттік органның ішкі бақылау және бұқаралық ақпарат құралдары қызметтерінің функциялары;
4) мазмұны жағынан ұқсас функциялар – іс-қимылдарының мазмұндық жақындығы, тікелей нәтижелері, нысаналы топтары есебінен бір топқа біріктірілуі мүмкін функциялар;
5) мемлекеттік басқару жүйесін дамыту саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – мемлекеттік органдардың қызметіне салалық (ведомстволық) функционалдық шолу жүргізуге жауапты орталық атқарушы орган;
6) нысаналы топ – функцияның тікелей нәтижесін алушы;
7) өзін-өзі реттейтін ұйымдарға функциялар беру (бұдан әрі – функцияларды беру) – экономикалық қызметтің немесе мамандықтың нақты түрінің қызметін реттейтін мемлекеттік функцияларды мемлекеттік органдардан өзін-өзі реттейтін ұйымдарға толығымен беру;
8) салалық функциялар – мемлекеттік органның мемлекеттік басқарудың тиісті аясында (саласында) мемлекеттік саясатты іске асыруға бағытталған функциялары;
9) тән емес функция – мемлекеттік органның қызметіне тән емес және бәсекелес ортаға, өзін-өзі реттейтін ұйымдарға беруге немесе алып тастауға жататын мына белгілердің біреуіне сәйкес келетін:
артық болып табылатын (мемлекеттік органның әкімшілік-басқарушылық процесінен алып тастау жұмыс сапасының төмендеуіне немесе мемлекеттік қызметті көрсетуге әкеп соқпайды);
қолдаушы болып табылатын;
негізгі болып табылатын, бірақ бұл ретте мемлекеттік реттеу шегінен шығатын, сондай-ақ осындай функцияны енгізу нәтижелері мен мақсаттары тиімсіз (рұқсат беру немесе хабардар ету тәртібі, мемлекеттік бақылау) функция;
10) тұрақты функциялар – мемлекеттік органдар өзінің бүкіл қызметі барысында жүзеге асыратын функциялар, яғни олар белгілі бір дәрежедегі міндеттерді шешуге бағытталған, әрдайым мемлекет алдында тұратын функциялар;
11) уақытша функциялар – қысқа мерзімді сипаттағы және белгілі бір міндет шешілгеннен кейін қолданысын тоқтататын функциялар;
12) функционалдық шолу – мемлекеттік органдардың функциялары мен штат санын оларды оңтайландыру тұрғысынан талдау құралы;
13) функцияларды аутсорсингілеу – мемлекеттік функциялардың жекелеген түрлерін жүзеге асыру жөніндегі мемлекеттік органдың функцияларын келісім шарт жасау арқылы бәсекелес ортаға беру;
14) функцияларды беру – стратегиялық, бақылау және қадағалау функцияларын қоспағанда, мемлекетке тән емес функцияларды мемлекеттік органдардан бәсекелес ортаға беру;
15) функцияларды процестік топтастыру – жеке алғанда толыққанды емес және бірыңғай іс-қимылдың дәйекті операцияларын білдіретін функциялардың топтарын іріктеу;
16) функцияларды семантикалық топтастыру – жеке алғанда толыққанды емес және бір тікелей нәтиженің кіші түрлерін қамтитын функциялардың топтарын іріктеу;
17) функцияларды синтаксистік талдау – зерттеліп отырған мемлекеттік орган функцияларының қолданыстағы (зерттеліп отырған мемлекеттік орган жұмыскерлеріне пікіртерім жүргізу барысында заңнамалық актілерде және зерттеліп отырған мемлекеттік орган, оның ведомстволары, аумақтық органдары туралы ережелерде қамтылған) тұжырымдарын мемлекеттік функцияны бірыңғай тұжырымдау стандартына сәйкестендіру;
18) функцияның тікелей нәтижесі – мемлекеттік органның функциясын іске асырудың тікелей нәтижесі;
19) хронометраждық жұмыстар – жедел жұмыстың жүйелі түрде қайталатын элементтері, сондай-ақ дайындау-қорытындылау жұмыстарының немесе жұмыс орнына қызмет көрсету жөніндегі жұмыстардың элементтері зерделенетін бақылаулардың түрі.
4. Тән емес функцияларды анықтау, қайталанатын функцияларды жою, мемлекеттік органның міндеттеріне, мақсаттарына сәйкес жаңа функцияларды бекіту, сондай-ақ тән емес функцияларды бәсекелес ортаға және өзін-өзі реттейтін ұйымдарға беру арқылы әрбір нақты мемлекеттік органда функциялардың оңтайлы көлемін қалыптастыру және жекелеген аяларда (салаларда) да, мемлекеттік басқарудың түрлі деңгейлерінде де мемлекеттің рөлін белгілеу қамтамасыз етіледі.
5. Мемлекеттік функциялардың оңтайлы жиынтығын қалыптастырудың негізгі құралы мемлекеттік органдардың қызметіне салалық (ведомстволық) функционалдық шолулар жүргізу болып табылады.
6. Осы Әдістемеде мемлекеттік орган қызметіне салалық (ведомстволық) функционалдық шолу (бұдан әрі – функционалдық шолу) жүргізудің кешенді алгоритмі, сондай-ақ фукционалдық жүктемесіне байланысты және тиісті арнайы өлшемшарттарды ескере отырып, мемлекеттік органдардың оңтайлы штат санының есебі берілген.
7. Функционалдық шолудың негізін сараптамалық бағалау әдісі құрайды, бұл ретте, қорытынды шешім алқалы түрде қабылданады.