Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
Отправить по почте
«Жоғары білім алуға ақы төлеу үшін білім беру грантын беру ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 23 қаңтардағы № 58 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 26 шілдедегі № 446 қаулысы
Осы Қаулы күшін жойды 2023 жылғы 22 қыркүйектен бастап ҚР Үкіметінің 07.09.2023 жылғы № 772 Қаулысына сәйкес
Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. «Жоғары білім алуға ақы төлеу үшін білім беру грантын беру ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 23 қаңтардағы № 58 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2008 ж., № 2, 24-құжат) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген Жоғары білім алуға ақы төлеу үшін білім беру грантын беру ережесінде:
3, 4, 5, 5-1-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
«3. Білім беру грантын беру жөніндегі конкурсты білім беру саласындағы уәкілетті орган құратын республикалық конкурстық комиссия және тиісті облыстың және республикалық маңызы бар қаланың, астананың әкімінің шешімімен құрылатын жергілікті атқарушы органдардың конкурстық комиссиясы өткізеді.
4. Республикалық конкурстық комиссия білім беру саласындағы уәкілетті органның, басқа мүдделі мемлекеттік органдар мен ведомстволардың қызметкерлері, азаматтық қоғам институттарының, «Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы өкілдері, жоғары оқу орындарының (бұдан әрі – ЖОО) басшылары санынан қалыптастырылады.
Республикалық конкурстық комиссия мүшелерінің саны тақ санды құрауы тиіс. Республикалық конкурстық комиссияның отырысы оның құрамының кемінде үштен екісі болған кезде заңды деп есептеледі және 1-10 тамыз кезеңінде өткізіледі.
Жергілікті атқарушы органдардың конкурстық комиссиясы жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері, «Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасының жергілікті филиалдарының, азаматтық қоғам институттарының өкілдері, аталған аумақта орналасқан ЖОО басшылары санынан қалыптастырылады.
Жергілікті атқарушы органдардың конкурстық комиссиясының төрағасы тиісті облыстың немесе республикалық маңызы бар қаланың, астананың әкімі болып табылады.
Жергілікті атқарушы органдардың конкурстық комиссиясы туралы ережесі тиісті облыс немесе республикалық маңызы бар қала, астана әкімдігінің қаулысымен бекітіледі.
Жергілікті атқарушы органдардың конкурстық комиссиясының құрамы тиісті облыс немесе республикалық маңызы бар қала, астана әкімінің шешімімен бекітіледі.
Жергілікті атқарушы органдардың конкурстық комиссиясы мүшелерінің саны тақ санды құрауы тиіс. Жергілікті атқарушы органдардың конкурстық комиссиясының отырысы оның құрамының кемінде үштен екісі болған кезде заңды деп есептеледі және 17-25 тамыз кезеңінде өткізіледі.
5. Республикалық бюджет қаражаты есебінен білім беру гранттары талапкерлер өтініш білдірген нақты мамандықтар, тіл бөлімдері мен оқу нысандары бойынша мамандықтар кезектілігіне сай білім беру грантын беру туралы куәлікті берумен қоса ұлттық бірыңғай тестілеудің (бұдан әрі – ҰБТ) немесе кешенді тестілеудің (бұдан әрі – КТ) нәтижелері бойынша сертификаттар баллдарына сәйкес конкурстық негізде беріледі.
Білім беру грантын беру конкурсында Қазақстан тарихы, математикалық сауаттылық, оқу сауаттылығы (оқыту тілі), екі бейіндік пән бойынша балдар ескеріледі.
Шығармашылық емтихандарды талап ететін мамандықтарға түсу үшін білім беру грантын беру конкурсына Қазақстан тарихы, оқу сауаттылығы (оқыту тілі) және екі шығармашылық емтиханның нәтижелері ескеріледі.
Шығармашылық емтихандарды талап ететін мамандықтарға түсушілерді қоспағанда, ұқсас мамандықтар, қысқартылған білім беру бағдарламалары бойынша түсу үшін білім беру грантын беруге арналған конкурста жалпы бейіндік пән және бейіндік пән бойынша балдар ескеріледі.
Ұқсас мамандықтар, қысқартылған білім беру бағдарламалары бойынша шығармашылық мамандықтарға түсу үшін білім беру грантын беруге арналған конкурста бейіндік пән бойынша балдар және шығармашылық емтихан нәтижесі ескеріледі.
Жергілікті бюджет қаражаты есебінен білім беру гранттары өңірлердің кадрларға қажеттілігі ескеріле отырып, талапкерлер өтініш білдірген нақты мамандықтар, тіл бөлімдері мен оқу нысандары бойынша ЖОО-да оқу үшін мамандықтар кезектілігіне сай білім беру грантын беру туралы куәлікті берумен қоса ҰБТ немесе КТ нәтижелері бойынша сертификаттар баллдарына сәйкес конкурстық негізде беріледі.
5-1. Білім беру грантын беруге арналған конкурсқа қатысу үшін азамат ЖОО-ның қабылдау комиссиясына белгіленген үлгідегі бланкіде өтінішті, білімі туралы құжатты (түпнұсқа), ҰБТ немесе КТ сертификатын, 3x4 көлеміндегі екі фотосуретті, 086-У нысаны бойынша медициналық анықтаманы, сондай-ақ жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесін тапсырады.
Тілдік дайындық деңгейін күшейтуге арналған мемлекеттік білім беру гранты негізінде ЖОО-ның дайындық бөлімдерін аяқтаған тұлғалар ЖОО-ның ректоры қол қойған аяқтағаны туралы транскрипті ұсынады.
Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарының білім туралы құжаттары бар, біліктілігін растаған және мамандығы бойынша кемінде бір жыл жұмыс өтілі бар адамдар қосымша мына құжаттардың біреуін тапсырады:
1) еңбек кітапшасы;
2) жұмыс беруші қол қойған, ұйымның мөрімен расталған қызметтік тізім (жұмыскердің жұмысы, еңбек қызметі туралы мәліметтер тізбесі) (болған кезде);
3) жұмыскердің еңбек қызметі туралы мәліметтер қамтылған архивтік анықтама, сондай-ақ аударылған міндетті зейнетақы жарналары туралы бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан үзінді көшірме мен жүргізілген әлеуметтік аударымдар туралы Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан мәліметтер.
Білім беру грантын беруге арналған конкурсқа қатысу үшін азамат өтініште өзі таңдаған мамандық пен ЖОО-н көрсетеді.
Бейіндік пәндер сәйкес келген жағдайда азамат төрт мамандықты көрсете алады.
Республикалық бюджет қаражаты есебінен білім беру грантын алуға арналған конкурсқа қатысу үшін өтініштер 23-31 шілде кезеңінде, жергілікті бюджет қаражаты есебінен 10-17 тамыз кезеңінде қабылданады.»;
5-5 және 5-6-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
«5-5. Конкурсқа қатысу үшін ұлттық ЖОО-на, шығармашылық емтихандарды талап ететін мамандықтарға түсушілерді қоспағанда, тестілеу нәтижелері бойынша кемінде 65 балл, «Білім беру», «Ауыл шаруашылығы ғылымдары» және «Ветеринария» мамандықтарының топтары бойынша кемінде 60 балл, басқа ЖОО-на кемінде 50 балл, «Жалпы медицина» мамандығы бойынша кемінде 65 балл, оның ішінде Қазақстан тарихы, математикалық сауаттылық, оқу сауаттылығы – оқыту тілі бойынша кемінде 5 балл және әр бейіндік пәннен кемінде 5 балл жинау қажет.
Шығармашылық емтихандар тапсыруды талап ететін мамандықтар бойынша конкурсқа қатысу үшін ұлттық ЖОО-на тестілеу және шығармашылық емтихан нәтижелері бойынша кемінде 65 балл, ал «Білім беру» мамандық тобы бойынша кемінде 60 балл, басқа жоғары оқу орындарына кемінде 50 балл, оның ішінде Қазақстан тарихы, оқу сауаттылығы – оқыту тілі бойынша кемінде 5 балл және әрбір шығармашылық емтихан бойынша кемінде 5 балл (жеделдетілген оқу мерзімімен қысқартылған білім беру бағдарламалары бойынша ұқсас шығармашылық мамандықтарға түсушілер үшін – кемінде 35 балл, оның ішінде шығармашылық емтихан бойынша – кемінде 5 балл және бейіндік пән бойынша кемінде 5 балл) жинау қажет.
Шығармашылық емтихандарды тапсыруды талап ететін мамандықтарға түсушілерді қоспағанда, жеделдетілген оқу мерзімімен қысқартылған білім беру бағдарламалары бойынша ұқсас шығармашылық мамандықтарға түсушілерге конкурсқа қатысу үшін тестілеу нәтижелері бойынша кемінде 35 балл, оның ішінде жалпы бейіндік пән бойынша кемінде 5 балл және бейіндік пән бойынша кемінде 5 балл жинау қажет.
Жеделдетілген оқу мерзімімен қысқартылған білім беру бағдарламалары бойынша шығармашылық емтиханды тапсыруды талап ететін ұқсас мамандықтарға түсушілерге конкурсқа қатысу үшін тестілеу нәтижесі және шығармашылық емтихан нәтижесі бойынша кемінде 35 балл, оның ішінде шығармашылық емтихан бойынша кемінде 5 балл және бейіндік пән бойынша кемінде 5 балл жинау қажет.
Аталған тармақтың нормалары республикалық бюджет қаражаты және жергілікті бюджет қаражаты есебінен білім беру гранттарын беру конкурсының қатысушыларына қолданылады.
5-6. Шығармашылық мамандықтарды таңдаған талапкерлер республикалық және жергілікті бюджет қаражаты есебінен білім беру грантын беруге арналған конкурсқа бір мамандық бойынша қатысады және шығармашылық емтихан тапсырған ЖОО-н ғана көрсетеді.
Педагогикалық мамандықтарды таңдаған және арнайы емтиханнан «өткен» талапкерлер республикалық және жергілікті бюджет есебінен білім беру грантын беруге арналған конкурсқа арнайы емтиханды тапсыру орнына қарамастан, бейіндік пәндеріне сәйкес төрт ЖОО және төрт мамандық бойынша қатысады.»;
6-тармақтың 3) тармақшасы мынадай мазмұндағы бөліктермен толықтырылсын:
«Бұл ретте, балдардың көрсеткіштері бірдей болған жағдайда, білім беру гранттары аттестаттың, куәліктің немесе дипломның жоғары орта балдары бар тұлғаларға беріледі.
Балдардың көрсеткіштері бірдей болған жағдайда, сондай-ақ аттестаттың, куәліктің немесе дипломның орташа балдары бірдей болғанда бейіндік пән бойынша алған балдары ескеріледі.»;
6-1-тармақтың үшінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«Бірдей балдық көрсеткіштері және басым құқығы болмаған кезде, сондай-ақ аттестаттың, куәліктің немесе дипломның орташа балы бірдей болғанда бейіндік пәндер бойынша алған балдары ескеріледі.»;
7-тармақ мынадай мазмұндағы бөліктермен толықтырылсын:
«Мамандық топтарында квоталар бойынша білім беру гранттарының саны оқу түрі бойынша орналастырылады. Егер квота бөлінген мамандықтар тобында шығармашылық емтиханы бар мамандықтар болған жағдайда, білім беру грантын алушыларды анықтағанда қатысушының максималды мүмкін балының үтірден кейінгі бір белгіге дейін дөңгелектелген пайыздық қатынасында ҰБТ немесе КТ тестілеу нәтижесі салыстырылатын болады.
Бірдей балдық көрсеткіштері болған жағдайда, білім беру гранттары аттестаттың, куәліктің немесе дипломның жоғары балы бар тұлғаларға беріледі.
Аттестаттың, куәліктің немесе дипломның орташа балы бірдей болған жағдайда бейіндік пәндер немесе шығармашылық емтихандар бойынша алған балдары ескеріледі.»;
8-1 және 8-2-тармақтар мынадай мазмұнда жазылсын:
«8-1. Білім беру гранттарын конкурстық тағайындаудан кейін қалған бос білім беру гранттарын республикалық конкурстық комиссия оқыту нысанына қарамастан, жоғары өту балымен мамандықтарға дайындау бағыттарының ішінде осы ереженің 5, 6, 6-1-тармақтарында көзделген тәртіппен конкурстық негізде береді.
Халықаралық келісімдер бойынша келген шетелдік тұлғаларға білім беру гранттарын конкурстық тағайындаудан кейін қалған бос білім беру гранттарын тағайындау бойынша шешімді республикалық конкурстық комиссия қабылдайды.
Резервте көзделген білім беру гранттарын республикалық конкурстық комиссия оқыту нысанына қарамастан, жоғары өту балымен мамандықтарға ең алдымен жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, сондай-ақ кәмелетке толғанға дейін ата-анасынан айырылған немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жастар қатарындағы Қазақстан Республикасының азаматтары, I және II топтағы мүгедектер, бала кезінен мүгедектер, жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне теңестірілген адамдар арасынан шыққан осы Ереженің 5, 6, 6-1-тармақтарында көзделген тәртіппен конкурстық негізде беріледі.
8-2. Республикалық конкурстық комиссия шешімінің негізінде білім беру саласындағы уәкілетті органның бұйрығы шығарылады және білім беру грантын тағайындау туралы куәлік ресімделеді.
Білім беру гранты иегерлерінің тізімі бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.
Грант иегері білім беру грантынан бас тартқан жағдайда білім беру грантын беру туралы куәлігінің күші жойылады, білім беру гранты конкурстық негізде осы Ережеде белгіленген тәртіппен қабылдау күнінен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде беріледі.
Білім беру грантын беру туралы куәлік қайтарылмаған жағдайда ЖОО-ның қабылдау комиссиясы мерзімін және білім беру грантынан бас тартқан адамның деректерін көрсете отырып, оның күшін жою туралы акт жасайды және ЖОО-ның мөрімен расталған актіні қабылдау күнінен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде білім беру саласындағы уәкілетті органға тапсырады.
Жергілікті атқарушы органдардың конкурстық комиссиясы шешімінің негізінде тиісті бұйрық шығарылады және жергілікті бюджет қаражаты есебінен білім беру грантын беру туралы куәлік ресімделеді.
Жергілікті бюджет қаражаты есебінен білім беру гранты иегерлерінің тізімі өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.
Грант иегері жергілікті бюджет қаражаты есебінен білім беру грантынан бас тартқан жағдайда білім беру грантын беру туралы куәлігінің күші жойылады, білім беру гранты конкурстық негізде осы Ережеде белгіленген тәртіппен қабылдау күнінен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде беріледі.
Жергілікті бюджет есебінен білім беру грантын беру туралы куәлік қайтарылмаған жағдайда ЖОО-ның қабылдау комиссиясы мерзімін және білім беру грантынан бас тартқан адамның деректерін көрсете отырып, оның күшін жою туралы акт жасайды және ЖОО-ның мөрімен расталған актіні қабылдау күнінен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде жергілікті атқарушы органдарға тапсырады.
Жергілікті бюджет есебінен білім беру грантын беру туралы куәлікті ЖОО-ның қабылдау комиссиялары азаматтардың конкурсқа қатысу үшін тапсырған құжаттарымен бірге 25 тамыздан кешіктірмей береді.»;
мынадай мазмұндағы 2-2-бөліммен толықтырылсын:
«2-2. Педагогикалық мамандықтар бойынша мамандардың тілдік дайындығын күшейтуге бөлінген білім беру грантын беру тәртібі
8-8. Білім беру саласындағы уәкілетті орган республикалық бюджет есебінен «Физика», «Химия», «Биология» және «Информатика» педагогикалық мамандықтар бойынша мамандардың тілдік дайындығын күшейту үшін білім мемлекеттік беру тапсырысын орналастырады.
Осы тармақта көрсетілген педагогикалық мамандықтар бойынша білім беру грантын беру конкурсына мемлекеттік білім беру гранты негізінде тілдік дайындық деңгейін күшейтуге арналған ЖОО-ның дайындық бөлімдерін аяқтаған, кешенді тестілеу және Ұлттық тестілеу орталығы (бұдан әрі – ҰТО) өткізетін шет тілін (ағылшын) білуге арналған тестілеуді жоғары балдан 50%-ынан төмен емес шекті балмен тапсырған тұлғалар қатысады.
Көрсетілген адамдар санаттары үшін білім беру гранттарын беру мынадай тәртіппен жүргізіледі:
1) үміткер мамандығы мен ЖОО-ны көрсете отырып педагогикалық мамандықтар бойынша мамандардың тілдік дайындығын күшейтуге арналған білім беру грантын беру конкурсына қатысу туралы өтініш береді.
2) ЖОО білім алушылар өтініштерінің деректер базасын ҰТО-ға жолдайды;
3) білім беру саласындағы уәкілетті орган шет (ағылшын) тілін білуге арналған тестілеу өткізу үшін базалық ЖОО тізімін айқындайды;
4) ҰТО базалық ЖОО-да 27 шілдеге дейін шет (ағылшын) тілін білуге арналған тестілеу өткізеді;
5) шет (ағылшын) тілін білуге арналған тестілеу нәтижелері бойынша ҰТО мамандықтар бөлінісінде ведомость жасайды және оны білім беру саласындағы уәкілетті органға тапсырады;
6) білім беру саласындағы уәкілетті орган мамандықтар бөлінісінде ведомосты қарастырады және осы тармақта көрсетілген педагогикалық мамандықтар бойынша мамандардың тілдік дайындығын күшейтуге арналған білім беру грантын беру туралы бұйрық шығарады;
7) білім беру саласындағы уәкілетті орган бұйрығының негізінде ҰТО осы тармақта көрсетілген педагогикалық мамандықтар бойынша мамандардың тілдік дайындығын күшейтуге арналған білім беру грантын тағайындау туралы куәлік ресімдейді.
Осы тармақта көрсетілген педагогикалық мамандықтар бойынша мамандардың тілдік дайындығын күшейтуге арналған білім беру грантын тағайындау туралы куәлік негізінде ЖОО басшысы білім алушының өтініш берген мамандығы бойынша аталған ЖОО-да оқуын жалғастыруы туралы бұйрық шығарады
Көрсетілген санаттағы тұлғаларға арналған конкурс өткізілгеннен кейін қалған білім беру гранттары ақылы оқудан ауысуға ниет білдірген студенттерге 3-курстан бастап «Білім беру», «Жаратылыстану ғылымдары», «Техникалық ғылым және технология», «Ауыл шаруашылығы ғылымдары» және «Ветеринария», «Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру» дайындық бағыттары бойынша білім алушыларға беріледі.
Көрсетілген санаттағы тұлғаларға арналған білім беру гранттары Ұлттық тестілеу орталығы өткізетін жоғары балдан 50%-ынан төмен емес шекті балмен шет тілін (ағылшын) білуге арналған тестілеу нәтижелері бойынша конкурстық негізде беріледі.
Білім беру гранттарын беру жазғы демалыс кезеңінде 2-курстың бағдарламасы 2,67 кем емес GPA (Grade Point Average – Грейт Поинт Эверейдж) жинаған жағдайда мынадай тәртіппен жүзеге асырылады:
1) «Білім беру», «Жаратылыстану ғылымдары», «Техникалық ғылым және технология», «Ауыл шаруашылығы ғылымдары» және «Ветеринария», «Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру» дайындық бағыттары бойынша меншік нысанына қарамастан жоғары оқу орындарының ақылы негізінде білім алушы мамандық пен жоғары оқу орнын көрсете отырып педагогикалық мамандықтар бойынша мамандардың тілдік дайындығын күшейтуге арналған білім беру гранттарын беру конкурсына қатысу туралы өтініш береді.
2) ЖОО білім алушылар өтініштерінің деректер базасын ҰТО-ға жолдайды;
3) білім беру саласындағы уәкілетті орган шет (ағылшын) тілін білуге арналған тестілеу өткізу үшін базалық ЖОО-ның тізбесін айқындайды;
4) ҰТО базалық ЖОО-ларда 15 тамызға дейін шет (ағылшын) тілін білуге тестілеу өткізеді;
5) шет (ағылшын) тілін білуге арналған тестілеу нәтижелері бойынша ҰТО мамандықтар бөлінісінде ведомость жасайды және оны білім беру саласындағы уәкілетті органға тапсырады;
6) білім беру саласындағы уәкілетті орган мамандықтар бөлінісінде ведомосты қарастырады және осы тармақта көрсетілген педагогикалық мамандықтар бойынша 22 тамызға дейін мамандардың тілдік дайындығын күшейтуге арналған білім беру гранттарын беру туралы бұйрық шығарады;
7) білім беру саласындағы уәкілетті орган бұйрығының негізінде ҰТО осы тармақта көрсетілген педагогикалық мамандықтар бойынша мамандардың тілдік дайындығын күшейтуге арналған білім беру гранттарын беру туралы куәлік ресімдейді.
Осы тармақта көрсетілген педагогикалық мамандықтар бойынша мамандардың тілдік дайындығын күшейтуге арналған білім беру гранттарын беру туралы тапсырылған куәлік негізінде ЖОО басшысы білім алушының өтініш берген мамандығы бойынша аталған ЖОО-да білім беру гранты бойынша оқуын 3-курстан бастап жалғастыру туралы бұйрық шығарады.
Бұл ретте осы тармақта көрсетілген педагогикалық мамандықтар бойынша мамандардың тілдік дайындығын күшейтуге арналған білім беру грантына қабылдау кезінде міндетті құрамдас пәндердегі академиялық айырмашылық түріндегі пререквизиттер курстың жоғалуына әкелмейді және тегін негізде меңгеріледі.».
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Б. Сағынтаев
Эта возможность доступна только для зарегистрированных пользователей. Пожалуйста, войдите или зарегистрируйтесь. |
|
Регистрация |