Toggle Dropdown
Жеңіл және аса жеңіл авиация саласындағы сертификаттау қағидаларын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2017 жылғы 19 шілдедегі № 483 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2017 жылғы 8 қыркүйекте № 15633 болып тіркелді
Редакция 15.03.2025 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен
«Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 14-бабы 1-тармағының 41-23) тармақшасына және «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 10-бабының 1) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Жеңіл және аса жеңіл авиация саласындағы сертификаттау қағидалары бекітілсін.
2. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:
1) «Азаматтық әуе кемесі данасын сертификаттау және оның ұшуға жарамдылық нормаларына сәйкестігіне куәлік беру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 24 ақпандағы № 193 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11723 болып тіркелген, «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде 2015 жылғы 1 қыркүйекте жарияланған);
2) «Аса жеңіл авиация саласында сертификаттау қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 24 ақпандағы № 194 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11721 болып тіркелген, «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде 2015 жылғы 1 қыркүйекте жарияланған).
3. Қазақстан Республикасы Инвестициялар мен даму министрлігінің Азаматтық авиация комитеті:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі қағаз тасығыштағы және электрондық нысандағы көшірмелерін Қазақстан Республикасы Нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне ресми жариялау және енгізу үшін «Республикалық құқықтық ақпарат орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;
3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмелерін мерзімді баспа басылымдарына ресми жариялауға жіберілуді;
4) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
5) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1), 2), 3) және 4) тармақшаларына сәйкес іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.
4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму вице-министріне жүктелсін.
5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрі Ж. Қасымбек
«КЕЛІСІЛДІ»
Қазақстан Республикасының
Ақпарат және коммуникациялар министрі
Д. Абаев________________________
2017 жылғы 27 шілде
«КЕЛІСІЛДІ»
Қазақстан Республикасының
Ұлттық экономика министрі
Т. Сүлейменов ________________
2017 жылғы 28 шілде
Қазақстан Республикасы
Инвестициялар және даму
министрінің
2017 жылғы 19 шілдедегі
№ 483 бұйрығымен
бекітілген
Жеңіл және аса жеңіл авиация саласындағы сертификаттау қағидалары
1. Осы Жеңіл және аса жеңіл авиация саласындағы сертификаттау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 14-бабы 1-тармағының 41-23) тармақшасына және «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі – Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы заң) 10-бабының 1) тармақшасына сәйкес әзірленді және жеңіл және аса жеңіл авиация саласындағы сертификаттау және «Жеңіл және аса жеңіл авиация әуе кемесінің ұшуға жарамдылығы сертификатын беру», «Азаматтық әуе кемесі данасының ұшуға жарамдылық нормаларына сәйкестігі туралы куәлік беру» мемлекеттік қызметтер көрсету тәртібін белгілейді.
2. Осы Қағидалар Қазақстан Республикасының азаматтық әуе кемелерінің мемлекеттік тізілімінде тіркелген және жалпы мақсаттағы авиация (коммерциялық әуе тасымалдарына қатыспайтын) мақсатында авиациялық жұмыстар мен ұшуларды орындайтын жеңіл және аса жеңіл авиацияның азаматтық әуе кемелеріне және жеңіл және ең жоғары ұшу салмағы 2250 кг аспайтын Қазақстан Республикасының азаматтық әуе кемелерінің мемлекеттік тізілімінде мемлекеттік тіркелуге жататын аса жеңіл авиацияның азаматтық әуе кемесінің даналарына (ұшақтар, тікұшақтар, моторы бар планерлер, аэростатикалық әуе кемелері) қолданылады.
3. Осы Қағидаларда мынадай терминдер мен анықтамалар пайдаланылады:
1) азаматтық авиация саласындағы уәкілетті ұйым (бұдан әрі – уәкілетті ұйым) – жарғылық капиталына мемлекет жүз пайыз қатысатын, Қазақстан Республикасының азаматтық авиация саласын орнықты дамытуды, ұшу қауіпсіздігі мен авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған қызметті жүзеге асыратын акционерлік қоғам;
2) азаматтық әуе кемесінің данасы – бекітілген үлгілік конструкциясы жоқ (үлгі сертификаты немесе оған баламалы құжаты жоқ), сериялық өндіріске арналмаған, сертификатталған және азаматтық авиация саласындағы уәкілетті ұйым берген оның конструкциясының, сипаттамаларының және пайдалану-техникалық құжаттамасының ұшу жарамдылығы нормаларына сәйкестігі куәлігі бар әуе кемесі;
3) азаматтық әуе кемесі данасының ұшу сипаттамаларын бағалау және ұшу сынақтарын жүргізу жөніндегі персонал – әуе кемелерін пайдаланушыларды біріктіретін, ұшу сипаттамаларын бағалауды және азаматтық әуе кемесі данасының ұшу сынақтарын жүргізуді орындайтын коммерциялық емес ұйымның мамандары;
4) азаматтық әуе кемелерінің пайдалануға жарамдылығын бағалау актісі (бұдан әрі – бағалау актісі) – жеңіл және аса жеңіл авиацияның азаматтық әуе кемесінің ұшуға жарамдылығын бағалау бойынша жүргізілген жұмыстардың нәтижелері бойынша коммерциялық емес ұйым беретін құжат;
5) аса жеңіл авиация – ең жоғары сертификатталған ұшу салмағы 750 (жеті жүз елу) килограммнан кем әуе кемелерін, басқа да әуе кемелерін және қосалқы құрылғыларды пайдаланатын азаматтық авиация;
6) конструкциясының, сипаттамаларының және пайдалану-техникалық құжаттамасының ұшуға жарамдылығы нормаларына сәйкестігіне куәлік – азаматтық әуе кемесінің данасы конструкциясының сипаттамалары мен пайдалану-техникалық құжаттамасының ұшу жарамдылығы нормаларына сәйкестігін куәландыратын, уәкілетті ұйым берген құжат;
7) жеңіл авиация – ең жоғары сертификатталған ұшу салмағы 5700 (бес мың жеті жүз) килограмнан кем әуе кемелерін, оның ішінде ең жоғары сертификатталған ұшу салмағы 3175 (үш мың жүз сексен) килограмнан кем тікұшақтарды пайдаланатын азаматтық авиация;
8) пайдалану құжаттамасы – жеңіл немесе аса жеңіл әуе кемесін немесе оларға техникалық қызмет көрсетуді және жөндеуді қоса алғанда, азаматтық әуе кемесінің данасын ұшу және техникалық пайдалануды регламенттейтін, сондай-ақ пайдалану шарттары мен пайдалану шектеулерін қамтитын құжаттама;
9) пайдалану – техникалық құжаттама – нақты әуе кемелерді және оның компоненттерін техникалық қызмет көрсетуі және жөндеуді сонымен бірге пайдалану жағдайы және пайдалану шегін қоса алғанда, азаматтық әуе кемесі данасын ұшу және техникалық пайдалану регламенттеу құжаттар топтамасы;
10) өтініш беруші – жеңіл авиациядағы ұшуға жарамдылығы сертификатын, аса жеңіл авиациядағы ұшуға жарамдылығы сертификатын, экспорттық ұшуға жарамдылығы сертификатын алу, әуе кемесі данасының куәландыру үшін уәкілетті ұйымға өтініш берген жеке немесе заңды тұлға;
11) әуе кемесінің ұшуға жарамдылығын бағалау – әуе кемесінің пайдалану-техникалық құжаттамасын, ұшуға жарамдылықты ұстап тұру жөніндегі есептік деректерді, әуе кемесін қарап тексеру және азаматтық авиация саласындағы уәкілетті ұйымның бақылауымен әуе кемесіне ұшу сынақтарын қажет болған кезде жүргізу;
12) ұшу жарамдылығын бағалау жөніндегі персонал – жеңіл және аса жеңіл авиацияның азаматтық әуе кемелерінің ұшу жарамдылығын бағалауды орындайтын, әуе кемелерін пайдаланушыларды біріктіретін коммерциялық емес ұйымның мамандары;
13) ұшу жарамдылығын қолдау – әуе кемесін пайдалану мерзімі ішінде әуе кемесінің Қазақстан Республикасы Азаматтық әуе кемелерінің ұшу жарамдылығы нормаларының қолданыстағы талаптарына (бұдан әрі – ұшу жарамдылығы нормалары) сәйкестігін қамтамасыз ететін процестер жиынтығы.
4. Жеңіл және аса жеңіл авиацияның әуе кемесін жеңіл және аса жеңіл авиацияның қолданыстағы ұшу жарамдылығы сертификатынсыз пайдалануға жол берілмейді. Жеңіл және аса жеңіл авиация әуе кемесінің ұшуға жарамдылығы сертификатының жарамдылығы оның қосымшасы және ажырамас бөлігі болып табылатын қолданыстағы бағалау актісінің болуымен расталады.
5. Бекітілген үлгілік конструкциясы жоқ азаматтық әуе кемесінің әрбір данасы сертификатталуы және азаматтық авиация саласындағы уәкілетті ұйым берген оның конструкциясының, сипаттамаларының және пайдалану-техникалық құжаттамасының ұшуға жарамдылық нормаларына сәйкестігі куәлігі (бұдан әрі – сәйкестік куәлігі) болуы тиіс.
Сәйкестік куәлігі берілген әуе кемесі коммерциялық әуе тасымалдарын жүзеге асыруға жіберілмейді.
6. Жалпы мақсаттағы авиация мақсатында авиациялық жұмыстар мен ұшуларды орындайтын жеңіл және аса жеңіл әуе кемелерінің ұшуға жарамдылығын, азаматтық әуе кемесінің куәлігінің данасын сертификаттауды әуе кемелерін пайдаланушыларды біріктіретін коммерциялық емес ұйымдарды (бұдан әрі – коммерциялық емес ұйым) тарта отырып, уәкілетті ұйым жүзеге асырады.
Азаматтық әуе кемесінің және оның компоненттерінің ұшуға жарамдылығын қолдау Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы 30 сәуірдегі № 551 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11573 болып тіркелген) бекітілген Қазақстан Республикасының азаматтық әуе кемелерін техникалық пайдалану және жөндеу қағидаларының талаптарына сәйкес қамтамасыз етіледі.
2-тарау. Қазақстан Республикасының жеңіл және аса жеңіл авиациясы әуе кемесінің ұшуға жарамдылығын сертификаттау тәртібі
1-параграф. Сертификаттау және жеңіл және аса жеңіл авиация әуе кемесінің ұшуға жарамдылығы сертификатын беру
7. Жеңіл және аса жеңіл авиация әуе кемесінің ұшуға жарамдылығы сертификатын алу үшін өтініш беруші уәкілетті ұйымға осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтінім және осы Қағидаларға 2-қосымшада көзделген «Жеңіл және аса жеңіл авиация әуе кемесінің ұшуға жарамдылығы сертификатын беру» мемлекеттік қызметтер көрсетуге қойылатын негізгі талаптар тізбесінің (бұдан әрі – талаптардың тізбесі) 8-тармағында көзделген тізбе бойынша құжаттар топтамасын «электрондық үкіметтің» веб-порталы (бұдан әрі – портал) арқылы жібереді.
Құжаттар топтамасымен ұсынылатын жеңіл және аса жеңіл авиация әуе кемесінің техникалық жай – күйін тексеру және ұшуға жарамдылығын айқындау актісі (бұдан әрі – тексеру актісі) осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша жасалады.
Портал арқылы жүгінгенде өтініш берушіге «жеке кабинетке» мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесін алу күнін көрсете отырып, мемлекеттік қызметтер көрсету үшін өтінімнің қабылданғаны туралы мәртебе жіберіледі.
Өтініш беруші жұмыс уақыты аяқталғаннан кейін, Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес демалыс және мереке күндері жүгінгенде, мемлекеттік қызметтер көрсету жөніндегі өтінішті тіркеу келесі жұмыс күні жүзеге асырылады.
Уәкілетті ұйым құжаттарды келіп түскен күні тіркеуді жүзеге асырады.
Жеке басты куәландыратын құжаттар туралы, заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы, дара кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркеу туралы, пайдаланушының сертификаты, азаматтық әуе кемесі үлгісіндегі сертификат, авиациялық жұмыстарды орындау құқығына куәлік, ұшуларды орындау құқығына куәлік туралы мәліметтерді уәкілетті ұйым «электрондық үкімет» шлюзі арқылы тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алады.