Toggle Dropdown
Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органның кейбір бұйрықтарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы
Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің м.а. 2018 жылғы 27 ақпандағы № 80 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2018 жылғы 16 наурызда № 16612 болып тіркелді
Редакция 10.06.2025 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен
1. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органның өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін кейбір бұйрықтарының тізбесі бекітілсін.
2. Бюджеттік инвестициялар және мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамыту департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі қағаз және электрондық түрдегі көшірмесінің ресми жариялау үшін мерзімді баспасөз басылымдарына, сондай-ақ ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін «Республикалық құқықтық ақпарат орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорынына жіберілуін;
3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;
4) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде бұйрықтың осы тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика бірінші вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрінің міндетін атқарушы Р. Дәленов
«КЕЛІСІЛДІ»
Қазақстан Республикасының
Қаржы министрі
__________ Б. Сұлтанов
2018 жылғы 1 наурыз
Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрінің
міндетін атқарушының
2018 жылғы 28 ақпандағы
№ 80 бұйрығымен
бекітілді
Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органның өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін кейбір бұйрықтарының тізбесі
1. «Концессия объектісінің құнын, концессионерлер қызметін мемлекеттік қолдау мен шығындарды өтеу көздерінің жиынтық құнын айқындау әдістемесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасының Экономика және бюджеттік жоспарлау министрінің 2009 жылғы 23 ақпандағы № 24 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5604 болып тіркелген, Қазақстан Республикасының орталық атқарушы және өзге де орталық мемлекеттік органдарының актілер жинағында жарияланған, 2009 жыл, № 7) мынадай өзгеріс енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Концессия объектісінің құнын, концессионерлер қызметін мемлекеттік қолдау мен шығындарды өтеу көздерінің жиынтық құнын айқындау әдістемесінің 23-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«23. Мемлекеттік емес қарыздар бойынша мемлекет кепілдігінің құны мемлекеттік кепілдікпен қамтамасыз етілген қарыз бойынша негізгі борыш сомасы және ол бойынша есептеудің 1 кезеңіне және 1 айға немесе шарт талаптарына сәйкес кезеңге есептелген концессия кезеңіне болжанатын неғұрлым жоғары пайыздық мөлшерлеме бойынша сыйақы ретінде есептеледі:
Г = D*(1 + r/p + r/12) (4),
Г – мемлекеттік кепілдіктер құны;
D – мемлекет кепілдік беретін қарыз бойынша негізгі борыш сомасы;
r – қарыз алу туралы шарт талаптарына немесе конкурстық өтінімге сәйкес мемлекет кепілдік беретін қарыз бойынша концессия кезеңіне болжанатын неғұрлым жоғары сыйақының жылдық мөлшерлемесі. Конкурстық құжаттаманы әзірлеу кезеңінде LIBOR+(қосу) 1% (шетел валютасындағы қарыздар үшін), «Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы» Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 30 наурыздағы Заңының 19-бабына сәйкес белгіленген базалық мөлшерлеменің пайыздық дәлізінің жоғарғы шегі + 1% (ұлттық валютадағы қарыздар үшін) мөлшерлемесі ретінде айқындалады;
p - күнтізбелік жылдағы мемлекет кепілдік беретін қарыз бойынша сыйақыны есептеу кезеңдерінің саны.».
2. Тармақ күшін жойды (ескертуді қараңыз)
3. «Мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын жоспарлаудың және іске асырудың кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 25 қарашадағы № 725 бұйрығына (Нормативтiк құқықтық актілерді мемлекеттік тiркеу тiзiлiмiнде № 12717 болып тіркелген, нормативтік құқықтық актілердің «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде 2016 жылғы 4 ақпанда жарияланған) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын жоспарлаудың және іске асырудың қағидалары осы бұйрыққа 4-қосымшаға сәйкес редакцияда жазылсын.
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Іске асырылуы жоспарланған Мемлекеттік-жекешілік әріптестік жобаларының тізбесін бекіту тәртібін осы бұйрыққа 5-қосымшаға сәйкес редакцияда жазылсын;
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Мемлекет кепілгерліктерін беру немесе олардың көлемін ұлғайту үшін мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын іріктеу тәртібінде:
4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«4. Мемлекет кепілгерлігі республикалық бюджет туралы заңда белгіленген лимит шегінде, Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 229-бабының 9-тармақшасына сәйкес тиісті кезеңге мемлекет кепілгерлігімен тартылатын мемлекеттік емес қарыздар есебінен қаржыландыруға ұсынылатын МЖӘ жобалары тізбесіне енгізілген МЖӘ жобалары бойынша беріледі.
Бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган мемлекет кепілгерлігін беруді көздейтін МЖӘ жобасының конкурстық құжаттамасын (бұдан әрі – конкурстық құжаттама) келісу кезінде конкурстық құжаттаманы немесе МЖӘ жобасына бизнес-жоспарын (тікелей келіссөздер бойынша) әзірлеуші ұсынған мемлекет кепілгерлігінің көлемін және мемлекет кепілгерлігін берумен байланысты конкурстық құжаттаманың елеулі талаптарын келіседі.
Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган конкурстық құжаттаманы, МЖӘ жобасына бизнес-жоспарын (тікелей келіссөздер бойынша) келісудің нәтижелері бойынша мемлекет кепілгерлігінің көлемін көрсете отырып, кезекті қаржы жылының лимиті шегінде мемлекет кепілгерлігі берілуі мүмкін МЖӘ жобалары тізбесінің жобасын Республикалық бюджет комиссиясының қарауына енгізеді.
Жекеше әріптес қызметіне мемлекеттік қолдау көрсете отырып, жекеше әріптесті айқындау жөніндегі конкурс өткізу, әлеуетті жекеше әріптеспен қызметіне мемлекеттік қолдау көрсете отырып, тікелей келіссөздер бойынша шарт жасасу, МЖӘ шарттарының шеңберінде инфрақұрылымдық облигациялар бойынша мемлекет кепілгерлігі Қазақстан Республикасы Үкіметі мемлекеттің кепілгерлігімен тартылатын мемлекеттік емес қарыздар есебінен қаржыландыруға ұсынылатын МЖӘ жобаларының тізбесі бекітілгеннен кейін жүзеге асырылады.»;
8-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«8. Әлеуетті жекеше әріптес (қарыз алушы) мемлекет кепілгерлігін алу үшін осы бұйрықпен бекітілген МЖӘ жобаларын жоспарлау және іске асыру қағидаларына сәйкес МЖӘ шарттарының шеңберінде инфрақұрылымдық облигациялар бойынша мемлекет кепілгерлігін ұсынуды көздейтін конкурстық өтінімді конкурсты ұйымдастырушыға ұсынады.
Әлеуетті жекеше әріптес (қарыз алушы) тікелей келіссөздер бойынша мемлекет кепілгерлігін алу үшін осы бұйрықпен бекітілген МЖӘ жобаларын жоспарлау және іске асыру қағидаларына сәйкес МЖӘ шарттарының шеңберінде инфрақұрылымдық облигациялар бойынша мемлекет кепілгерлігін ұсынуды көздейтін МЖӘ жобасына бизнес-жоспарын тікелей келіссөздерді ұйымдастырушыға ұсынады.»;
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларының техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеуге немесе түзетуге, сондай-ақ оларға кажетті сараптамалар жүргізуге койылатын талаптарда:
2-тармақшасының 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«2) МЖӘ жобасының орындылығы – жобаның Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарына сәйкестігі (іске асыру кезеңіне, қаржыландыру көздеріне және т.б. сәйкестігі) және/немесе МЖӘ жобасының ТЭН-інің мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органның оң қорытындысы бар инвестициялық ұсынысқа сәйкестігі;;
осы бұйрыққа 6-қосымшаға сәйкес редакцияда «Мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектісін құру және (немесе) реконструкциялау құнын және мемлекеттік-жекешелік әріптестік субъектілерін мемлекеттік қолдау мен шығындарын өтеу көздерінің жиынтық құнын есептеу әдістемесі» 7-қосымшамен толықтырылсын.
Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрінің
міндетін атқарушының
2018 жылғы 27 ақпандағы № 80
бұйрығына 1-қосымша
Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрінің
міндетін атқарушының
2018 жылғы 27 ақпандағы № 80
бұйрығына 2-қосымша
Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрінің
міндетін атқарушының
2018 жылғы 27 ақпандағы № 80
бұйрығына 3-қосымша
Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрінің
міндетін атқарушының
2018 жылғы 27 ақпандағы № 80
бұйрығына 4-қосымша
Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрінің
міндетін атқарушының
2015 жылғы 25 қарашадағы
№ 725 бұйрығына
1-қосымша
Мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын жоспарлау және іске асыру қағидалары
1. Осы Мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын жоспарлау және іске асыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы» 2015 жылғы 31 қазандағы Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 20-бабының 6) тармақшасына сәйкес мемлекеттік-жекешелік әріптестік (бұдан әрі – МЖӘ) субъектілерінің МЖӘ жобаларын жоспарлау және іске асыру кезеңінде өзара іс-қимыл жасауын қамтамасыз ету мақсатында әзірленген.
Осы Қағидалардың 2-тарауының 3-параграфын қоспағанда, концессиялық жобаларды жоспарлау және іске асыру Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10122 тіркелген «Концессиялық жобаларды жоспарлаудың және іске асырудың кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2014 жылғы 22 желтоқсандағы № 157 бұйрығына сәйкес жүзеге асырылады.