Салық төлеушінің жеке шотын жүргізу, салықтар, бюджетке төленетін төлемдер, әлеуметтік төлемдер, айыппұлдар, өсімпұл бойынша салық төлеушінің жеке шотындағы есеп-қисаптар сальдосын есептеу, есебі мемлекеттік кірістер органында жүргізілетін берешектің жоқ (бар) екендігі туралы мәліметтерді қалыптастыру, сондай-ақ «Салықтарды, бюджетке төленетін төлемдерді, өсімпұл мен айыппұлдарды есепке жатқызуды және қайтаруды жүргізу» мемлекеттік қызметті көрсету қағидаларын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2018 жылғы 27 ақпандағы № 306 бұйрығы
Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2018 жылғы 14 наурызда № 16601 болып тіркелді
Редакция 18.03.2024 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен
«Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 97-бабы 2 және 7-тармақтарына, 100-бабының 2-тармағына, 101-бабының 7-тармағына және «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабы 1) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған, Салық төлеушінің жеке шотын жүргізу, салықтар, бюджетке төленетін төлемдер, әлеуметтік төлемдер, айыппұлдар, өсімпұл бойынша салық төлеушінің жеке шотындағы есеп-қисаптар сальдосын есептеу, есебі мемлекеттік кірістер органында жүргізілетін берешектің жоқ (бар) екендігі туралы мәліметтерді қалыптастыру, сондай-ақ «Салықтарды, бюджетке төленетін төлемдерді, өсімпұл мен айыппұлдарды есепке жатқызуды және қайтаруды жүргізу» мемлекеттік қызметті көрсету қағидалары бекітілсін.
2. Осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілерінің күші жойылды деп танылсын.
3. Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті (А.М.Теңгебаев) заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі қағаз және электрондық түрдегі көшірмелерін ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін «Республикалық құқықтық ақпарат орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жолдануын;
3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін;
4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.
4. Осы бұйрық оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Қаржы министрі Б. Сұлтанов
Қазақстан Республикасы
Қаржы министрінің
2018 жылғы 27 ақпандағы
№ 306 бұйрығымен
бекітілген
Салық төлеушінің жеке шотын жүргізу, салықтар, бюджетке төленетін төлемдер, әлеуметтік төлемдер, айыппұлдар, өсімпұл бойынша салық төлеушінің жеке шотындағы есеп-қисаптар сальдосын есептеу, есебі мемлекеттік кірістер органында жүргізілетін берешектің жоқ (бар) екендігі туралы мәліметтерді қалыптастыру, сондай-ақ «Салықтарды, бюджетке төленетін төлемдерді, өсімпұл мен айыппұлдарды есепке жатқызуды және қайтаруды жүргізу» мемлекеттік қызметті көрсету қағидалары
1. Осы Салық төлеушінің жеке шотын жүргізу, салықтар, бюджетке төленетін төлемдер, әлеуметтік төлемдер, айыппұлдар, өсімпұл бойынша салық төлеушінің жеке шотындағы есеп-қисаптар сальдосын есептеу, есебі мемлекеттік кірістер органында жүргізілетін берешектің жоқ (бар) екендігі туралы мәліметтерді қалыптастыру, сондай-ақ «Салықтарды, бюджетке төленетін төлемдерді, өсімпұл мен айыппұлдарды есепке жатқызуды және қайтаруды жүргізу» мемлекеттік қызметті көрсету қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) (бұдан әрі – Салық кодексі) 97-бабы 2 және 7-тармақтарына, 100-бабының 2-тармағына, 101-бабының 7-тармағына және «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 10-бабы 1) тармақшасына сәйкес әзірленген және:
1) салық төлеушінің жеке шоттың жүргізу (бұдан әрі – көрсетілетін қызметті алушы);
2) салықтар, бюджетке төленетін төлемдер, әлеуметтік төлемдер, айыппұлдар, өсімпұл бойынша салық төлеушінің жеке шотындағы есеп-қисаптар сальдосын есептеу;
3) есебі мемлекеттік кірістер органында жүргізілетін берешектің жоқ (бар) екендігі туралы мәліметтерді қалыптастыру;
4) «Салықтарды, бюджетке төленетін төлемдерді, өсімпұл мен айыппұлдарды есепке жатқызуды және қайтаруды жүргізу» мемлекеттік қызмет көрсету тәртіптерін айқындайды.
Осы Қағидалармен айқындалатын мемлекеттік қызметтер көрсету тәртібіне өзгертулер және (немесе) толықтырулар енгізу кезінде, тиісті нормативтік құқықтық актілері әділет органдарында мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін 3 (үш) жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі мемлекеттік қызметтер көрсету тәртібі туралы ақпаратты Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің аудандар, қалалар және қалалардағы аудандар бойынша, арнайы экономикалық аймақтардың аумақтарындағы аумақтық органдары (бұдан әрі – көрсетілетін қызметті берушілер) «электрондық үкімет» ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым операторына, Бірыңғай байланыс-орталығына жолдайды.
2. Көрсетілетін қызметті алушы жеке шоты салықтардың, бюджетке төленетін төлемдердің, әлеуметтік төлемдердің есептелген, есепке жазылған (кемітілген), аударылған және төленген (есепке жатқызылғандарды және қайтарылғандарды есепке ала отырып) сомасын, сондай-ақ өсімпұлдар мен айыппұлдардың сомасын есепке алуға арналған құжатты, оның ішінде электрондық нысандағы құжатты білдіреді.
Көрсетілетін қызметті алушы жеке шоттары ұлттық валютада жүргізіледі.
3. Салықтар, бюджетке төленетін төлемдер түсімдерін есепке алу Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің (бұдан әрі – Бюджет кодексі) 26-бабы 4-тармағына сәйкес бекітілген Қазақстан Республикасы бірыңғай бюджеттік сыныптамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді республикалық және жергілікті бюджет арасында бөлу Бюджет кодексіне сәйкес жүргізіледі.
4. Көрсетілетін қызметті беруші осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес мемлекеттік кірістер органдарында есеп жүргізілетін, салықтардың, бюджетке төленетін төлемдердің, әлеуметтік төлемдердің тізбесіне сәйкес (бұдан әрі – тізбесі) кірістердің, әлеуметтік төлемдердің бюджеттік жіктеуішінің тиісті кодтары бойынша әрбір көрсетілетін қызметті алушы жеке шот ашады.
5. Осы Қағидаларда мынадай анықтамалар пайдаланылады:
1) артық төлем – ағымдағы жылдың алдындағы жыл үшін жеке шоттан есеп-қисаптар сальдосы ескеріле отырып, ағымдағы жыл үшін жеке шотта көрсетілген салықтың, бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемнің, әлеуметтік төлемнің төленген (есепке жатқызылғандарын, қайтарылғандарын шегергенде) және есептелген, есепке жазылған (кемітілгендерін шегергенде) сомалары арасындағы оң айырма;
2) есепке алуды жүргізуге жауапты лауазымды тұлға – салықтардың, бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің, әлеуметтік төлемдердің, сондай-ақ жеке шоттардағы өсімпұлдар мен айыппұлдардың есепке жазылған (есептелген, кемітілген) және төленген (есепке жатқызылған, қайтарылған) сомаларын есепке алудың дұрыс жүргізілуіне бақылау және есептілікті жасау функцияларын атқаратын тұлға;
3) міндеттемелердің орындалуына бақылау бойынша лауазымды тұлға – көрсетілетін қызметті алушы салық міндеттемелерін, міндетті зейнетақы жарналарын аудару, әлеуметтік аударымдарды, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға аударымдарды және (немесе) жарналарды төлеу бойынша міндеттемелерін орындауына бақылау, сондай-ақ салықтардың, бюджетке төленетін төлемдердің, өсімпұлдардың есепке жазылған (есептелген, кемітілген) сомаларының құқыққа сыйымдылын бақылау функцияларын атқаратын тұлға;
4) салық есептілігі бойынша бақылауды жүзеге асыратын лауазымды тұлға – салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің, әлеуметтік төлемдердің есепке жазылған (есептелген, кемітілген) сомалары бойынша ақпаратты енгізу және (немесе) бақылау функцияларын орындайтын тұлға;
5) салық тексеруін жүзеге асыратын лауазымды тұлға - көрсетілетін қызметті беруші салық тексеруін тағайындау (жүргізу) туралы актісімен белгіленген тұлға;
6) көрсетілетін қызметті алушының жанама салықтарды төлеу бойынша салық міндеттемелерін орындауына бақылауды жүзеге асыратын лауазымды тұлға – Еуразиялық экономикалық одаққа мүше (бұдан әрі – ЕАЭО) мемлекеттердің аумақтарынан Қазақстан Республикасының аумағына тауарлар импорты кезінде көрсетілетін қызметті алушы жанама салықтарды төлеу бойынша салық міндеттемелерін орындауына бақылау функциясын орындайтын тұлға;
7) салықтың және басқа да міндетті төлемнің коды - Қазақстан Республикасының Бірыңғай бюджеттік сыныптамасы бойынша бюджет кірістерін жіктеу бойынша төлемнің цифрлық белгіленуі;
8) іріктеу - бұрын жеке шотта жүргізілген соманы нөлге келтіру мақсатында растайтын құжаттар негізінде жеке шоттың тиісті бағандарындағы («Есепке жазылған», «Кемітілді») қосымша есепке алу жазбасы.
6. Осы Қағидаларда пайдаланылатын терминдер мен анықтамалар Салық кодексінде және Бюджет кодексінде қалай жазылса, сол мәнде қолданылады.
7. Көрсетілетін қызметті беруші салықтардың, бюджетке төленетін төлемдердің, әлеуметтік төлемдердің, сондай-ақ өсімпұлдар мен айыппұлдардың есепке алуы «Орталықтандырылған біріздендірілген жеке шот» ақпараттық жүйесінде (бұдан әрі - ОБЖШ АЖ) жүргізіледі.
8. Жеке шоттарда бар ақпаратқа қол жеткізу мүмкіндігі көрсетілетін қызметті беруші лауазымды тұлғаларына беріледі. Ақпараттық жүйе ақпаратқа рұқсат етілмеген қол жеткізуден қорғауды және оның сақталуын қамтамасыз етеді.
9. Есепке алуды жүргізуге жауапты лауазымды тұлғалар есептелген (есепке жазылған, кемітілген), түскен (есепке жатқызылған, қайтарылған) салықтардың, бюджетке төленетін төлемдердің, әлеуметтік төлемдер сомаларының, сондай-ақ көрсетілетін қызметті алушы жеке шоттарындағы өсімпұлдар мен айыппұлдар сомасының есепке алуын жүргізудің дұрыстығын бақылайды.
10. Жеке шоттардағы барлық жазбалар, жазба жүргізілген күнді, сондай-ақ мұндай жазбалардың заңдылығын растайтын құжаттарды көрсете отырып, хронологиялық тәртіпте жүргізіледі.
11. Салықтарды, бюджетке төленетін төлемдерді, әлеуметтік төлемдерді, сондай-ақ өсімпұлдар мен айыппұлдарды есепке алу жөніндегі құжаттама қағаз және (немесе) электронды тасымалдағыштарда жүргізіледі:
1) уәкілетті мемлекеттік органдардан алынған құжаттар;
2) салықтардың, бюджетке төленетін төлемдердің, өсімпұлдардың және айыппұлдардың артық (қате) төленген сомаларын есепке жатқызу және қайтару жөніндегі құжаттар;
3) қосылған құн салығын (бұдан әрі – ҚҚС) есепке жатқызу және қайтару жөніндегі құжаттар;
4) жеке шоттарын беру жөніндегі құжаттар;
5) салықтарды және төлемақыларды төлеу бойынша салық міндеттемелерін орындау мерзімдерінің өзгеруі туралы құжаттар;
6) банкрот деп танылған көрсетілетін қызметті алушының салық берешегі жөніндегі құжаттары;
7) таратылған көрсетілетін қызметті алушы, сондай-ақ заңды тұлғаның қайта ұйымдастырылуы кезіндегі салық міндеттемелерін орындауы жөніндегі құжаттар.
2-тарау. Жеке шотты жүргізу тәртібі
1-параграф. Жеке шоттарын ашу тәртібі