• Мое избранное
«Электрондық үкіметтің» ақпараттандыру объектілерін интеграциялау қағидаларын бекіту туралы

Отправить по почте

Toggle Dropdown
  • Комментировать
  • Поставить закладку
  • Оставить заметку
  • Информация new
  • Редакции абзаца

«Электрондық үкіметтің» ақпараттандыру объектілерін интеграциялау қағидаларын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрінің м.а. 2018 жылғы 29 наурыздағы № 123 бұйрығы ​Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2018 жылғы 19 сәуірде № 16777 болып тіркелді

Редакция 28.09.2025 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен  
«Ақпараттандыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабының 13) тармақшасына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 12 шілдедегі № 501 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі туралы ереженің 15-тармағының 140) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
Кіріспе жаңа редакцияда жазылды ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 10.09.2025 жылғы № 465/НҚ Бұйрығына сәйкес (12.03.2025 ж. редакцияны қараңыз)(өзгерту 28.09.2025 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
1. Қоса беріліп отырған «Электрондық үкіметтің» ақпараттандыру объектілерін интеграциялау қағидалары бекітілсін.
2. «Электрондық үкімет» шлюзінің, «электрондық үкіметтің» төлем шлюзінің ақпараттық жүйелермен интеграциясының қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушысының 2016 жылғы 28 қаңтардағы № 104 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 13244 болып тіркелген, 2016 жылғы 14 наурызда «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған) күші жойылды деп танылсын.
3. Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің «Электрондық үкіметті» және мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді дамыту департаменті:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оны «Республикалық құқықтық ақпарат орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде ресми жариялау және енгізу үшін жіберуді;
3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
4) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.
4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар вице-министріне жүктелсін.  
5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрінің міндетін атқарушы А. Әжібаев
Қазақстан Республикасы
Ақпарат және коммуникациялар
министрінің міндетін атқарушысының
2018 жылғы 29 наурыздағы № 123
бұйрығымен бекітілген
«Электрондық үкіметтің» ақпараттандыру объектілерін интеграциялау қағидалары
Осы Қағидалар жаңа редакцияда жазылды ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 29.04.2020 жылғы № 165/НҚ Бұйрығына сәйкес (31.07.2019 ж. редакцияны қараңыз)(өзгерту 22.05.2020 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
1- тарау. Жалпы ережелер
1. Осы «Электрондық үкіметтің» ақпараттандыру объектілерін интеграциялау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Ақпараттандыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 7-бабының 13) тармақшасына сәйкес әзірленді және «электрондық үкіметтің» ақпараттандыру объектілерін интеграциялау тәртібін айқындайды.
1-тармақ жаңа редакцияда жазылды ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 02.09.2022 жылғы № 307/НҚ Бұйрығына сәйкес (28.01.2022 ж. редакцияны қараңыз)(өзгерту 24.09.2022 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
2-тармақ жаңа редакцияда жазылды ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 02.09.2022 жылғы № 307/НҚ Бұйрығына сәйкес (28.01.2022 ж. редакцияны қараңыз)(өзгерту 24.09.2022 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
1) ақпараттық жүйе (бұдан әрі – АЖ) – ақпараттық өзара іс-қимыл арқылы белгілі бір технологиялық іс-әрекеттерді іске асыратын және нақты функционалдық міндеттерді шешуге арналған ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың, қызмет көрсететін персоналдың және техникалық құжаттаманың ұйымдастырылып ретке келтірілген жиынтығы;
2) ақпараттандыру объектілері – электрондық ақпараттық ресурстар, бағдарламалық қамтылым, интернет-ресурс және ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым;
3) ақпараттандыру объектілерін ықпалдастыру – деректерді берудің Қазақстан Республикасында пайдаланылатын стандарттық хаттамалары негізінде ақпараттандыру объектілері арасындағы ақпараттық өзара іс-қимылды ұйымдастыру және қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар;
4) ақпараттандыру саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – ақпараттандыру және «электрондық үкімет» саласында басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
5) ашық деректерді ұсыну жөніндегі сервис – ақпараттандыру объектілері арасында бір жақты тәртіппен деректерді беру тәсілі;
6) веб-сервистердің қауіпсіздігі (WebServiceSecurity) (бұдан әрі – WSSecurity) – SOAP веб-сервистері арасында хабар алмасу кезінде қауіпсіздік функцияларын қолдану стандарты. Таратылған жүйелер (REST) үшін бағдарламалық қамтамасыз ету архитектурасының стилін қолданған кезде сервис қауіпсіздігі HTTPs қауіпсіздік шаралары және пайдаланушыларды аутентификациялау арқылы қамтамасыз етіледі;
7) дербес деректерге қол жеткізуді мемлекеттік бақылау сервисі (бұдан әрі – мемлекеттік сервис) – дербес деректер субъектісінен дербес деректерді жинауға, өңдеуге немесе оларды үшінші тұлғаларға беруге келісім алуды қоса алғанда, мемлекеттік органдардың және (немесе) мемлекеттік заңды тұлғалардың ақпараттандыру объектілеріндегі дербес деректерге қол жеткізу кезінде меншік иелерінің және (немесе) операторлардың, үшінші тұлғалардың дербес деректер субъектісімен және уәкілетті органмен ақпараттық өзара іс-қимылын қамтамасыз ететін қызмет;
8) Деффи-Хеллман хаттамасы – тыңдаудан қорғалмаған байланыс арнасында бірнеше жария және жеке кілттердің жұбын пайдалана отырып екі және одан да көп тараптарға алдын ала келісілген ортақ құпия кілтпен алмасуға мүмкіндік беретін криптографиялық хаттама;
9) жария Peer IP-мекен – ақпараттандыру объектісінің бастамашысы және/немесе иесі жағында VPN туннельді терминациялайтын және Интернет желісінде пайдаланылатын құрылғының бірегей IP-мекенжайы;
10) интеграциялық сервис – ақпараттандыру объектілерінің ақпараттық өзара іс-қимыл жасау тәсілі;
11) интеграциялық сервистің бастамашысы – интеграциялық сервисті ұсынуға сұрау салуға бастамашылық жасайтын ақпараттандыру объектісінің иесі;
12) интеграциялық сервистің иесі (бұдан әрі – сервис иесі) – интеграциялық сервисті ұсынатын «электрондық үкіметтің» ақпараттандыру объектісінің меншік иесі немесе иесі;
13) кеңейтілетін таңба тілі (eXtensible Markup Language) (бұдан әрі – XML) – құрылымдық және машинамен оқылатын форматта деректерді сақтау және беру үшін пайдаланылатын кеңейтілетін таңба тілі;
14) клиент-коннектор – ақпараттандыру объектісінің бастамашысына ЭҮШ, ЭҮСШ, форматтарын қолдаумен ЭҮШ, ЭҮСШ-те орналастырылған интеграциялық сервиске қосылу нүктесін генерациялау мүмкіндігін беретін бағдарламалық қамтамасыз ету;
15) көліктік қолтаңба – WSSECURITY ерекшелігін қолдана отырып, АЖ ақпараттық өзара іс-қимылы кезінде берілетін хабарламалардың тұтастығы мен авторлығын қамтамасыз ету үшін пайдаланылатын электрондық цифрлық қолтаңба;
16) куәландырушы орталық – электрондық цифрлық қолтаңбаның ашық кілтінің электрондық цифрлық қолтаңбаның жабық кілтіне сәйкестігін куәландыратын, сондай-ақ тіркеу куәлігінің дұрыстығын растайтын заңды тұлға;
17) қол жеткізу ашық құқығы бар API (OpenAPI) – ақпараттық өзара іс-қимылды жүзеге асыру үшін электрондық ақпараттық ресурс иесінің келісімін немесе рұқсатын талап етпейтін, интернет желісіне еркін қол жеткізуге қойылған API;
18) логирлеу журналы – жүйенің жұмысын мониторингілеу және іркіліс туындаған жағдайда себептерді анықтау үшін пайдаланылатын жұмысы туралы ақпаратты қамтитын файлдар;
19) мемлекеттік органдардың бірыңғай көлік ортасы (бұдан әрі – МО БКО) – «электрондық үкіметтің» ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымына кіретін және мемлекеттік органдардың, олардың ведомстволық бағынысты ұйымдары мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, сондай-ақ уәкілетті орган айқындаған өзге де ақпараттандыру субъектілерінің ақпараттық қауіпсіздігінің талап етілетін деңгейін сақтай отырып, жергілікті (интернетке қолжетімділігі бар жергілікті желілерді қоспағанда), ведомстволық және корпоративтік телекоммуникациялар желілерінің өзара іс-қимылын қамтамасыз етуге арналған телекоммуникациялар желісі;
20) объектілерге қол жеткізудің қарапайым хаттамасы (SimpleObjectAccessProtocol) – АЖ интеграциясы кезінде хабарламаларды жіберу үшін XML-ге негізделген хаттама;
21) сервис-коннектор – ақпараттандыру объектісінің иесіне ЭҮШ-ке интеграциялық сервистерді құруға және орналастыруға мүмкіндік беретін бағдарламалық қамтамасыз ету;
22) сервистер тізілімі – сервисті сипаттай отырып, «электрондық үкімет» шлюзінде және «электрондық үкіметтің» сыртқы шлюзінде тіркелген сервистер тізбесі;
23) «электрондық үкіметтің» ақпараттандыру объектілері – мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурстар, мемлекеттік органдардың бағдарламалық қамтылымы, мемлекеттік органның интернет-ресурсы, «электрондық үкіметтің» ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым объектілері, оның ішінде өзге де тұлғалардың мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурстарды қалыптастыруға, мемлекеттік функцияларды жүзеге асыруға және мемлекеттік қызметтер көрсетуге арналған ақпараттандыру объектілері;
23-тармақша жаңа редакцияда жазылды ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 10.09.2025 жылғы № 465/НҚ Бұйрығына сәйкес (12.03.2025 ж. редакцияны қараңыз)(өзгерту 28.09.2025 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
24) «электрондық үкіметтің» ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымының операторы (бұдан әрі – оператор) – Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын, өзіне бекітілген «электрондық үкіметтің» ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымының жұмыс істеуін қамтамасыз ету жүктелген заңды тұлға;
25) «электрондық үкіметтің» сервистік интеграторы (бұдан әрі – сервистік интегратор) – Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын, «электрондық үкіметтің» архитектурасын және «электрондық әкімдіктің» үлгілік архитектурасын дамытуды әдіснамалық қамтамасыз ету жөніндегі функциялар, сондай-ақ Заңда көзделген өзге де функциялар жүктелген заңды тұлға;
26) «электрондық үкіметтің» сыртқы шлюзі (бұдан әрі – ЭҮСШ) – мемлекеттік органдардың бірыңғай көліктік ортасында тұрған ақпараттық жүйелердің мемлекеттік органдардың бірыңғай көліктік ортасынан тыс тұрған ақпараттық жүйелермен өзара іс-қимылын қамтамасыз етуге арналған «электрондық үкімет» шлюзінің кіші жүйесі;
27) «электрондық үкіметтің» төлем шлюзі (бұдан әрі – ЭҮТШ) – электрондық нысанда көрсетілетін ақылы қызметтер көрсету шеңберінде төлемдер жүргізу туралы ақпаратты беру процесін автоматтандыратын АЖ;
28) «электрондық үкімет» шлюзі (бұдан әрі – ЭҮШ) – «электрондық үкіметтің» ақпараттандыру объектілерін «электрондық үкіметтің» өзге де ақпараттандыру объектілерімен интеграциялауға арналған АЖ;
29) электрондық хабарлама (бұдан әрі - хабарлама) – ақпараттандыру объектілері арасында ақпарат алмасуға арналған XML, JSON форматындағы электрондық құжат;
30) электрондық цифрлық қолтаңба (бұдан әрі – ЭЦҚ) – электрондық цифрлық қолтаңба құралдарымен жасалған және электрондық құжаттың дұрыстығын, оның тиесілілігін және мазмұнының тұрақтылығын растайтын электрондық цифрлық таңбалардың жиынтығы;
31) Application programming interface (бұдан әрі – API) – қосымшаларды бағдарламалау интерфейсі, ақпараттандыру объектілері арасындағы ақпараттық өзара іс-қимыл үшін сервис ұсынатын дайын бағдарламалар жиынтығы;
32) AH (AuthenticationHeader) инкапсуляциясы – VPN туннеліндегі көрші түйіндерді аутентификациялауға және шифрлаусыз берілетін деректердің бүтіндігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін аутентификациялық тақырып инкапсуляциясы. IP тақырыбының хаттама өрісіндегі мәні 51 портына UDP тең;