Конкурстық іріктеу және бизнес-инкубаторлар қызметін қолдау қағидаларын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2018 жылғы 30 наурыздағы № 129 бұйрығы
Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2018 жылғы 21 сәуірде № 16791 болып тіркелді
«Бизнестің жол картасы-2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасын бекіту, «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасын іске асыру жөніндегі кейбір шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 10 маусымдағы № 556 қаулысына өзгерістер енгізу және Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп тану туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 наурыздағы № 168 қаулысына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Конкурстық іріктеу және бизнес-инкубаторлар қызметін қолдау қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Кәсіпкерлікті дамыту департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі қағаз және электрондық түрдегі көшірмесін ресми жариялауға мерзімді баспасөз басылымдарына, сондай-ақ ресми жариялау және Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін «Республикалық құқықтық ақпарат орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;
3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
4) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Заң департаментіне бұйрықтың осы тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтер беруді қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі Т. Сүлейменов
Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрінің
2018 жылғы 30 наурыздағы
№ 129 бұйрығымен
бекітілді
Конкурстық іріктеу және бизнес-инкубаторлар қызметін қолдау қағидалары
1. Осы конкурстық іріктеу және бизнес-инкубаторлар қызметін қолдау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 наурыздағы № 168 қаулысымен бекітілген «Бизнестің жол картасы 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасының (бұдан әрі – Бағдарлама) 213-1-тармағына сәйкес әзірленген және конкурстық іріктеу және бизнес-инкубаторлар қызметін қолдау тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) акселерациялау – тәлімгерлік (менторлық), оқыту және сараптамалық қолдау арқылы қарқынды даму бағдарламасы;
2) бизнес-инкубатор – өндірістік үй-жайларды, жабдықтарды, ұйымдастырушылық, құқықтық, қаржылық, консалтингтік және ақпараттық қызметтерді ұсыну арқылы Бағдарламаны іске асыруға қатысу үшін конкурстық іріктеуден өткен шағын кәсіпкерлік субъектілерін олардың қалыптасу кезеңінде қолдау үшін құрылған заңды тұлға;
3) бизнес-инкубатордың резиденті – бизнес-инкубатормен ынтымақтастық туралы келісім және (немесе) бизнес инкубациялау жөніндегі қызметті көрсету туралы шарт жасаған шағын кәсіпкерлік субъектісі;
4) бизнес-инкубациялау – бұл шағын кәсіпкерлік субъектілеріне ресурстар мен көрсетілетін қызметтер кешенін ұсыну арқылы олардың құрылуы мен табысты дамуы үшін жағымды жағдайларды жасауға бағытталған шағын кәсіпкерлік субъектілерін қолдау құралы;
5) есепті кезең – Ұлттық институтпен бизнес-инкубатордың арасында шартты жасаған уақыттан бастап әрбір 12 ай сайын;
6) индустриалды-инновациялық жоба – белгiлi бiр уақыт мерзiмi iшiнде iске асырылатын (оларды пайдалану жаңа немесе жетілдірілген тауарларды, жұмыстарды көрсетілетін қызметтерді алуды қамтамасыз ететін бірыңғай өндірістік циклда жұмыс істейтін процесс және (немесе) жабдықтар кешені технология деп түсініледі, қандай да бір жаңа өнімді (тауарды немесе көрсетілетін қызметті) немесе процесті, маркетингтің жаңа тәсілін немесе іскерлік практикада жұмыс орындарын немесе сыртқы байланысты ұйымдастырудың жаңа ұйымдастырушылық тәсілін тұтынуға енгізу инновация болып табылады) жаңа өндiрiстерді, технологияларды, тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді құруға немесе жұмыс істеп тұрғанын жетілдіруге бағытталған iс-шаралар кешенi;
7) конкурстық іріктеу – Бағдарламаға қатыстыру үшін конкурстық негізде бизнес-инкубаторларды іріктеу;
8) өтінім беруші – Қазақстан Республикасының аумағында қызметін жүзеге асыратын, осы Қағидаларға сәйкес өтінімді қарауға ұсынған және бизнес-инкубаторлардың конкурстық іріктеуіне қатысуға үміткер заңды тұлға;
9) өтінім – осы Қағидалардың талаптарына сәйкес қажетті құжаттар қоса берілген өтінім;
10) процесті автоматтандыру – электрондық нысанда қызмет көрсетуді қамтамасыз ету үшін әкімшілік процестерді түрлендіру рәсімі;
11) сыртқы сарапшы – бизнес-инкубациялау экожүйесін дамыту саласындағы тартылған шетелдік сарапшылар;
12) Ұлттық институт – бизнес-инкубаторлар қызметін қолдау және бизнес-инкубациялау шеңберінде индустриялы-инновациялық жобаларға мемлекеттік гранттар беру процестерін сүйемелдеу бойынша оператор функцияларын жүзеге асыратын технологиялық даму саласындағы Ұлттық институт;
13) шарт – Ұлттық институт пен бизнес-инкубатордың арасында жасалған бизнес-инкубаторлардың шығыстарын бірлесіп қаржыландыру және қаржылық емес көмек көрсету туралы шарт.
3. Бизнес инкубаторларды іріктеу және шығыстарды бірлесіп қаржыландыру Бағдарлама шеңберінде жүзеге асырылады.
4. Бизнес инкубаторлардың шығыстарын бірлесіп қаржыландыру жаңа немесе елеулі түрде жақсартылған өнімді (тауарды және (немесе) көрсетілетін қызметті) немесе бизнес процесті құру үшін шағын кәсіпкерлік субъектілерінің индустриалды-инновациялық жобаларын инкубациялау мақсатында жүзеге асырылады.
5. Бірлесіп қаржыландыруды мемлекет осы Қағидаларға сәйкес технологиялық даму саласындағы ұлттық даму институт (бұдан әрі – Ұлттық институт) арқылы жүзеге асырады.
6. Ұлттық институттың көрсетілетін қызметтерін республикалық бюджеттің қаражаты есебінен кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) төлейді.
7. Бизнес-инкубаторлардың шығыстарын бірлесіп қаржыландыру үшін көзделген қаражатты уәкілетті орган Ұлттық институтқа аударады.
2-тарау. Конкурстық іріктеу және бизнес-инкубаторлар қызметін қолдау тәртібі
8. Бағдарламаны iске асыруға қатысуға үміткер бизнес-инкубаторлар Бағдарламаның 213 тармағымен белгіленген талаптарға сәйкестікті қамтамасыз етедi.
9. Бизнес-инкубаторлар Бағдарламаның 212 тармағымен белгіленген функцияларды орындайды.
1) конкурстық іріктеуді жүргізуге өтінімдерді қабылдауды;
2) конкурстық іріктеуден өткен бизнес-инкубаторлармен ынтымақтастық туралы шарттың талаптарын жасау, бұзу және мониторингілеуді;
3) осы Қағидаларда көзделген жағдайларда бизнес-инкубаторлардың шығыстарын бірлесіп қаржыландыруды;
4) сыртқы сарапшыларды тарта отырып, бизнес-инкубаторлардың қызметіне ақпараттық-талдамалық және әдіснамалық қолдау көрсетуді;
5) оқыту іс-шараларын ұйымдастыруды, бизнес-инкубаторлар және олардың резиденттері үшін сыртқы сарапшыларды тарта отырып бизнес-құзыреттерін дамыту бойынша тағылымдама өткізуді;
6) сыртқы сарапшылардың қызметін төлеуді жүзеге асырады.
11. Ұлттық институт өтінімдерді қабылдау күніне дейін күнтізбелік отыз күн бұрын мекенжайы мен өтінімдерді қабылдау кезеңін көрсете отырып, бұқаралық ақпарат құралдарында және Ұлттық институттың ресми интернет ресурсында конкурстық іріктеудің басталуы туралы хабарлайды.
Өтінімдерді қабылдау кезеңін Ұлттық институт айқындайды және ол күнтізбелік отыз күннен аспайды.
12. Ұлттық институттың өтінімді қарауы құжатты қабылдаған күннен бастап он күн ішінде жүзеге асырылады, оның ішінен;
1) екі жұмыс күні ішінде ұсынылған құжаттардың толықтығына тексерілу жүргізіледі;
2) сегіз жұмыс күні ішінде ұсынылған құжаттардың Қағида талаптарының сәйкестігіне тексерілу жүргізіледі.
Бұл ретте, өтінімдерді қабылдау кезеңі аяқталғаннан кейін берілетін өтінімдер тіркеуге және қарауға жатпайды.