Жер қойнауын пайдаланушы жер қойнауы учаскесінде өндірген мұнайдың көлемі мен салмағын өлшеу қағидаларын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2018 жылғы 5 мамырдағы № 163 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2018 жылғы 5 маусымда № 16992 болып тіркелді
Редакция 11.01.2023 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен
«Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Кодексі 152-бабының 1-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Жер қойнауын пайдаланушы жер қойнауы учаскесінде өндірген мұнайдың көлемі мен салмағын өлшеу қағидалары бекітілсін.
2. «Жер қойнауын пайдаланушы келісімшарттық аумақта өндірген мұнайдың көлемі мен салмағын өлшеу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2015 жылғы 23 ақпандағы № 133 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10891 болып тіркелген, «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде 2015 жылғы 13 мамырда жарияланған) бұйрығының күші жойылды деп танылсын.
3. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Мұнай өнеркәсібін дамыту департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі қағаз және электрондық түрдегі көшірмесін ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін «Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Республикалық құқықтық ақпарат орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;
3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін мерзімді баспасөз басылымдарына ресми жариялауға жіберуді;
4) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
5) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 2), 3) және 4) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының энергетика вице-министріне жүктелсін.
5. Осы бұйрық 2018 жылғы 29 маусымнан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға жатады.
Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Қ. Бозымбаев
«КЕЛІСІЛДІ»
Қазақстан Республикасының
Инвестициялар және даму министрі
_____________ Ж. Қасымбек
18 мамыр 2018 жылғы
Қазақстан Республикасы
Энергетика министрінің
2018 жылғы 5 мамырдағы
№ 163 бұйрығымен
бекітілген
Жер қойнауын пайдаланушы жер қойнауы учаскесінде өндірген мұнайдың көлемі мен салмағын өлшеу қағидалары
1. Осы Жер қойнауын пайдаланушы жер қойнауы учаскесінде өндірген мұнайдың көлемі мен салмағын өлшеу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Кодексі 152-бабының 1-тармағына (бұдан әрі – Кодекс) сәйкес әзірленді және жер қойнауын пайдаланушы жер қойнауы учаскесінде өндірген мұнайдың көлемі мен салмағын өлшеу тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) бақылауаралық интервал – өлшеу құралдарының метрологиялық сипаттамаларын салыстырып тексеру кезiнде анықталған мәндерден ауытқуын анықтау үшiн жүргiзiлетiн екi кезектi бақылау актiсiнiң арасындағы уақыт аралығы;
2) метрологиялық сипаттамаларды бақылау – салыстырып тексерулер арасындағы кезеңде өлшеу құралдарының метрологиялық сипаттамалары мәндерiнiң нақты мәндерден немесе соңғы салыстырып тексеру кезiнде айқындалған мәндерден ауытқуын айқындау, өлшеу құралдарының одан әрi пайдалануға жарамдылығын белгiлеу;
3) мұнайдың балласттық салмағы – мұнайдағы судың, хлорлы тұздар мен механикалық қоспалардың жалпы салмағы;
4) мұнай көлемiнiң және сапа көрсеткіштерінің өлшемдерi жүйесi – өлшеу құралдарының (шығысты түрлендіргіштердің, тығыздықты түрлендіргіштердің, ылғал мөлшерiн, тұз мөлшерiн, тұтқырлықты, температураны, қысымды, салмақ өлшеуiштердi түрлендiргiштердiң), өлшеу нәтижелерiн өңдеу, сақтау, индикациялау және тiркеу құрылғыларының, автоматты және қолмен өңдеу үшiн қолайлы нысанда өлшеуiш ақпаратының дабылдарын өңдеуге арналған технологиялық және қосалқы жабдықтардың (құбырлардың, сүзгiлердiң, сорғылардың, сынама iрiктегiштiң, бекiтушi және реттеушi арматураның) жиынтығы;
5) мұнайдың брутто салмағы – балласттық салмақты қамтитын мұнайдың жалпы салмағы;
6) мұнайдың нетто салмағы – мұнайдың брутто салмағы мен мұнайдың балласттық салмағының айырмасы;
7) өлшеу сызығы – қысымды және температураны өлшеу құралдарымен, ысырмалармен және сүзгiлермен жарақтандырылған құбырлардың тiк сызықты учаскелерi бар шығысты түрлендіргіштерден немесе салмақ өлшеуiштен тұратын мұнай көлемiн өлшеу жүйесі конструкциясының бөлiгi;
8) резервтiк есепке алу схемасы – негізгі схема – мұнай көлемі мен сапасының көрсеткіштерін өлшеу жүйесі істемей қалған кезде мұнай салмағын өлшеу үшін қолданылатын жүйе;
9) технологиялық жабдық – бекітуші және реттеуші арматура, құбырлар, сүзгілер, ағысты түзетуші және тік сызықты учаскелер, циркуляциялық сорғы, автоматтандырылған және қол сынама іріктегіштері, сынама алу құрылғысы, дренаждық ыдыстар, тиісті технологиялық орамы бар жуу сорғысы және өлшеу аспаптары;
10) төрелiк сынама – төрелiк талдау үшiн пайдаланылатын бақылау сынамасы.
3. Мұнайды есепке алу топтық өлшеу қондырғылары арқылы әрбір ұңғыма бойынша жер қойнауы учаскесінде тоннамен жүзеге асырылады. Мұнай салмағын өлшеудiң дұрыстығын, сондай-ақ өлшеу сапасын бақылауды қамтамасыз ету үшiн жер қойнауын пайдаланушының салыстырып тексеру туралы қолданыстағы сертификаты және Қазақстан Республикасының өлшем бiрлiгін қамтамасыз ету жүйесiнiң мемлекеттiк тiзiлiмiне енгiзiлген қажеттi жабдығы мен өлшеу құралдары қолданылады.
2-тарау. Жер қойнауын пайдаланушы жер қойнауы учаскесінде өндірген мұнайдың көлемі мен салмағын өлшеу тәртібі
4. Мұнайдың көлемі мен салмағын өлшеу тікелей және жанама тәсілдермен жүзеге асырылады.
5. Тікелей тәсілдер қолданылған кезде мұнай салмағы таразымен, таразылы мөлшерлеуіштермен және құрылғылармен (тікелей статикалық тәсіл), салмақтық есептеуішпен және салмақтық шығысты түрлендіргішпен өлшенеді (тікелей серпінді тәсіл).
6. Жанама тәсіл көлемдік-салмақтық тәсілге және гидростатикалық қағидатқа негізделген тәсілге бөлінеді.
7. Жанама көлемдік-салмақтық тәсіл мұнайды жанама көлемдік-салмақтық серпінді тәсілге (бұдан әрі – жанама серпінді тәсіл) және жанама көлемдік-салмақтық статикалық тәсілге (бұдан әрі – жанама статикалық тәсіл) бөлінеді.
8. Жанама көлемдік-салмақтық серпінді тәсіл мұнайды мұнай құбырында тікелей ағында өлшеген кезде қолданылады. Бұл ретте мұнай көлемін өлшеуіштермен немесе интеграторлары бар шығысты түрлендіргішпен өлшейді.
9. Көлемдік-салмақтық серпінді тәсіл қолданылған кезде мұнайдың көлемі мен тығыздығы бірдей немесе бірдей етілген жағдайларда (температура, қысым) өлшенеді, мұнайдың брутто салмағын осы шамалардың мәндерінің көбейтіндісі ретінде айқындайды, ал содан соң мұнайдың нетто салмағы есептеледі.
10. Мұнай тығыздығын ағынды тығыздық өлшеуішпен немесе зертхана жағдайында біріктірілген сынамада мұнайға арналған ареометрмен, ал мұнайдың температурасы мен қысымын – тығыздық пен көлемді өлшеген кезде тиісінше термометрлермен және манометрлермен өлшейді.
11. Жанама көлемдік-салмақтық статикалық тәсілді мұнайды градуирленген ыдыстарда өлшеген кезде қолданады (тік және көлденең резервуарлар, көліктік ыдыстар және цистерналар).
Мұнай салмағы мыналарды өлшеу нәтижелерi бойынша анықталады:
1) сыйымдылық шамаларында:
мұнай деңгейін – стационарлық деңгей өлшеуішпен немесе сұйықтық деңгейін өлшейтін құралдармен (лазерлік, механикалық, гидростатикалық, электрлік, акустикалық, радарлық, рефлекстік микротолқынды, радиациялық типтер);
мұнай тығыздығын – тығыздық өлшейтін көшпелі немесе стационарлық құралмен немесе ареометрмен;
мұнай температурасын – нүктелі сынамаларда термометрмен немесе көшпелі және стационарлық температура түрлендіргішпен;
мұнай көлемін – деңгейді өлшеу нәтижелерін қолдана отырып, сыйымдылық шамасының градуирленген кестесі бойынша;
2) толық сыйымдылық шамаларында:
мұнай тығыздығын – көшпелі тығыздық өлшеу құралымен немесе зертханада ареометрмен, зертханалық тығыздық өлшеуішпен немесе тығыздық түрлендіргішін қолдана отырып;
мұнай температурасын – көшпелі температура түрлендіргішпен немесе нүктелі мұнай сынамасында термометрмен;
мәні таңбалау кестесіне жазылған және салыстырып тексеру туралы сертификатында көрсетілген шаманың іс жүзіндегі сыйымдылығына тең қабылданған мұнай көлемін – деңгей көрсеткішіне қатысты мұнай деңгейінің өзгеруін ескере отырып айқындайды.