• Мое избранное

Отправить по почте

Қазақстан Республикасының көмірсутек кен орындарын барлау және әзірлеу жөніндегі орталық комиссия туралы ережені бекіту туралы Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2018 жылғы 28 мамырдағы № 214 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2018 жылғы 12 маусымда № 17042 болып тіркелді

Редакция 28.02.2024 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен  
«Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Кодексі 140-бабының 3-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
Кіріспе жаңа редакцияда жазылды ҚР Энергетика министрінің 29.03.2022 жылғы № 113 Бұйрығына сәйкес (11.03.2020 ж. редакцияны қараңыз) (өзгерту 31.03.2022 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
1. Осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасының көмірсутек кен орындарын барлау және әзірлеу жөніндегі орталық комиссия туралы ереже бекітілсін.
2. Осы бұйрыққа 2- қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Мұнай және газ министрінің және Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің кейбір бұйрықтарының күші жойылды деп танылсын.
3. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Мұнай өнеркәсібін дамыту департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі қағаз және электрондық түрдегі көшірмесін ресми жариялау және Қазақстан Республикасы Нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін «Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Республикалық құқықтық ақпарат орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;
3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін мерзімді баспасөз басылымдарына ресми жариялауға жіберуді;
4) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастыруды;
5) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 2), 3) және 4) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының энергетика вице-министріне жүктелсін.
5. Осы бұйрық 2018 жылғы 29 маусымнан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялауға жатады.
Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Қ. Бозымбаев
Қазақстан Республикасы
Энергетика министрінің
2018 жылғы 28 мамырдағы
№ 214 бұйрығына
1-қосымша
Қазақстан Республикасының көмірсутек кен орындарын барлау және әзірлеу жөніндегі орталық комиссия туралы ереже
Ереже жаңа редакцияда жазылды ҚР Энергетика министрінің 11.03.2020 жылғы № 91 Бұйрығына сәйкес (28.05.2018 ж. редакцияны қараңыз)(өзгерту 27.03.2020 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Қазақстан Республикасының көмірсутек кен орындарын барлау және әзірлеу жөніндегі орталық комиссия туралы ереже (бұдан әрі – Ереже) «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Кодексі (бұдан әрі – Кодекс) 140-бабының 3-тармағына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасының көмірсутек кен орындарын барлау және әзірлеу жөніндегі орталық комиссияның (бұдан әрі – Орталық комиссия) қызметін ұйымдастыру тәртібін, оның құрамын, жұмыс регламентін және іс қағаздарын жүргізуді айқындайды.
1-тармақ жаңа редакцияда жазылды ҚР Энергетика министрінің 29.03.2022 жылғы № 113 Бұйрығына сәйкес (11.03.2020 ж. редакцияны қараңыз) (өзгерту 31.03.2022 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
2. Орталық комиссия өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына, заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге және осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
3. Орталық комиссия құрамын көмірсутектер саласындағы уәкілетті орган бекітеді. Орталық комиссияның құрамына келісім бойынша:
мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері;
Қазақстан Республикасының Ұлттық Кәсіпкерлер Палатасының өкілдері;
мұнай-газ кешені саласындағы кәсіпкерлік субъектілерінің заңды тұлғалары бірлестіктерінің (қауымдастықтардың, одақтардың) өкілдері;
ғылыми-зерттеу, жобалау ұйымдары, сондай-ақ геология және көмірсутек кен орындарын игеру саласында, жер қойнауын пайдаланудың экономикалық және құқықтық мәселелерінде маманданған ұйымдардың өкілдері;
көрсетілген салаларда арнайы білімі мен біліктіліктері бар мамандар кіреді.
4. Осы Ережеде пайдаланылатын терминдер Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес қолданылады.
2-тарау. Орталық комиссияның міндеті және функциялары
5. Орталық комиссияның негізгі міндеті базалық жобалау құжаттарына (оларға өзгерістер мен толықтыруларға) немесе әзірлеу талдауларына (бұдан әрі – Жоба) мемлекеттік сараптаманы жүргізу болып табылады.
6. Орталық комиссия мынадай функцияларды жүзеге асырады:
1) жер қойнауын пайдаланушылар ұсынатын Жобаларды қарайды және олар бойынша сараптамалық қорытынды береді;
2) жер қойнауын пайдалану мәселелері, оның ішінде инновациялық технологиялар мен әдістер бойынша ғылыми-зерттеу, жобалау ұйымдарының, жер қойнауын пайдаланушылардың және ғалымдардың баяндамаларын тыңдайды;
3) Жобалардың ережелері бойынша жер қойнауын пайдаланушылардың өтініштерін қарайды және олар бойынша ұсынымдар береді;
4) қажет болған жағдайда, көмірсутектер саласындағы уәкілетті органға жұмыс топтарын құруды ұсынады.
7. Орталық комиссия өзінің қызметі шеңберінде мемлекеттік органдар мен ұйымдардан өз функцияларын жүзеге асыру үшін қажетті ақпарат пен материалдарды, сондай-ақ жер қойнауын пайдаланушылардан және Жобалар авторларынан қосымша ақпарат пен материалдарды сұратуы мүмкін.
3-тарау. Орталық комиссияның жұмыс регламенті мен іс қағаздарын жүргізуі
8. Жер қойнауын пайдаланушы Орталық комиссияға Жобаны, Жобаға аннотацияны, сондай-ақ осы Ережеге қосымшаға сәйкес нысан бойынша мемлекеттік сараптама жүргізуге өтінішін жібереді.
8-тармақ жаңа редакцияда жазылды ҚР Энергетика министрінің 29.03.2022 жылғы № 113 Бұйрығына сәйкес (11.03.2020 ж. редакцияны қараңыз) (өзгерту 31.03.2022 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген материалдар электрондық жеткізгіште (DOCX және PDF форматтарында) бір данада жіберіледі.
9. Орталық комиссияға мыналар:
9-тармақ жаңа редакцияда жазылды ҚР Энергетика министрінің м.а. 16.02.2024 жылғы № 66 Бұйрығына сәйкес (03.05.2023 ж. редакцияны қараңыз)(өзгерту 28.02.2024 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
1) Кодекстің 113-бабына сәйкес бағалау жөніндегі жұмыстарды, теңіздегі барлау жұмыстарын, жер қойнауы учаскесін ұлғайтуды көздейтін барлау жұмыстарының жобалары, оларға өзгерістер мен толықтырулар;
2) сынамалап пайдалану жобалары, оларға өзгерiстер мен толықтырулар;
3) көмірсутектер кен орнын игеру жобалары, оларға өзгерiстер мен толықтырулар;
4) Кодекстің 142-бабының 8-тармағында көрсетілген жағдайларда, көмірсутектер кен орындарын әзірлеуге талдаулар ұсынылады.
10. Барлау жұмыстарының жобасына (оған өзгерістер мен толықтыруларға) мемлекеттік сараптама оны жер қойнауын пайдаланушыдан алған күннен бастап – 2 (екі) ай ішінде, ал сынамалап пайдалану жобаларына, кен орнын әзірлеу жобаларына (оларға өзгерістер мен толықтыруларға), әзірлеу талдауларына 3 (үш) ай ішінде жүргізіледі.
Сынамалап пайдалану жобаларына, кен орнын әзірлеу жобаларына (оларға өзгерістер мен толықтыруларға), әзірлеу талдауларына мемлекеттік сараптама жүргізу мерзімі Орталық комиссияның шешімі бойынша 3 (үш) айдан аспайтын мерзімге ұлғайтылуы мүмкін.
11. Орталық комиссия Жобаның мемлекеттік сараптамасын жүзеге асыру үшін геология және әзірлеу саласында арнайы білімі бар және сараптама нәтижелеріне мүдделі емес тәуелсіз сарапшыларды тартады.
11-тармақ жаңа редакцияда жазылды ҚР Энергетика министрінің 29.03.2022 жылғы № 113 Бұйрығына сәйкес (11.03.2020 ж. редакцияны қараңыз) (өзгерту 31.03.2022 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
Тәуелсіз сарапшыларды тарту Кодекстің 140-бабының 2-тармағына сәйкес көмірсутектер саласындағы уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.
Орталық комиссияның қызметін ұйымдастыру көмірсутектер саласындағы уәкілетті органның тиісті құрылымдық бөлімшесіне жүктеледі.
12. Орталық комиссияның төрағасы, ал ол болмаған жағдайда – төрағаның орынбасары:
1) Орталық комиссияның қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады;
2) Орталық комиссияның жұмысын жоспарлайды;
3) Орталық комиссияның отырыстарында төрағалық етеді.
13. Орталық комиссияның хатшысы:
1) Орталық комиссия отырысын өткізу күні мен орны туралы Орталық комиссия мүшелеріне жазбаша немесе электрондық пошта арқылы хабарлайды;
2) Орталық комиссия отырысын өткізу үшін материалдарды дайындауды жүзеге асырады, Орталық комиссия отырысының нәтижелері бойынша сараптамалық қорытынды ресімдейді;
3) Орталық комиссияның мүшесі болып табылмайды.
14. Тармақ алынып тасталды (ескертуді қараңыз)
14-тармақ алынып тасталды ҚР Энергетика министрінің 03.05.2023 жылғы № 168 Бұйрығына сәйкес (29.03.2022 ж. редакцияны қараңыз)(өзгерту 26.05.2023 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
15. Жобаға мемлекеттік сараптама жүргізу нәтижелері Орталық комиссияның отырысында тәуелсіз сараптаманың тиісті қорытындысымен бірге қарау арқылы айқындалады.
16. Жобаларға мемлекеттік сараптама жүргізу нәтижелері сараптамалық қорытындымен ресімделеді, ол оң немесе теріс болуы мүмкін. Сараптамалық қорытындының көшірмесі оған қол қойылған күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде жер қойнауын пайдаланушыға жіберіледі.
Теріс сараптамалық қорытынды шығару үшін негіз мыналар:
1) Жобаның Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына және (немесе) келісімшарт ережелеріне сәйкес келмеуі;
2) Жобаның көмірсутектер саласындағы уәкілетті орган бекітетін нормативтік-техникалық құжаттарда белгіленген талаптарға мазмұны, құрылымы және ресімделуі жағынан сәйкес келмеуі;
3) Жобаның жер қойнауын пайдаланудың оң практикасына сәйкес келмеуі;
4) кен орнын әзірлеу жобасында ұсынылған барланған көмірсутек қорларының саны мен сапасы туралы ақпараттың анық болмауы;
5) Жобада ұсынылған жобалау шешімдерінің сапасын объективті бағалаудың мүмкін болмауы;
6) сынамалап пайдалану жобасы үшін – геологиялық қорларды жедел есептеу бойынша есепке қатысты жер қойнауына мемлекеттік сараптамасының оң қорытындысының болмауы;
7) кен орнын игеру жобасы үшін – геологиялық қорларды есептеу бойынша есепке қатысты жер қойнауына мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысының болмауы.
Жобаның мемлекеттік сараптамасының теріс қорытындысында оны шығару негіздемесі және Жобаны пысықтау бойынша ұсынымдар келтіріледі.
17. Орталық комиссия отырысын оның төрағасы немесе ол болмаған жағдайда төрағаның орынбасары өткізеді.
18. Орталық комиссияның отырысында Жоба авторлары мен жер қойнауын пайдаланушы қаралатын мәселенің негізгі ережелерін баяндайды.
Жобаға тәуелсіз сараптама жүргізген тәуелсіз сарапшылар өзінің тәуелсіз сараптама қорытындысын түсіндіру үшін Орталық комиссияның отырысына шақырылады.
Орталық комиссия мүшесінің Орталық комиссияға Жобаны ұсынған жер қойнауын пайдаланушыға немесе жобалау ұйымына қатысты мүдделер қақтығысы болған кезде, сондай-ақ Орталық комиссияның мүшесі тәуелсіз сарапшы ретінде тартылған жағдайда, Орталық комиссияның мұндай мүшесі қаралатын Жобаға қатысты дауыс беру құқығынан айырылады.
19. Сараптамалық қорытынды Орталық комиссияның қатысып отырған мүшелерінің қарапайым көпшілігінің ашық дауыс беруі арқылы қабылданады. Орталық комиссия отырысының кворумы үшін Орталық комиссия мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен екісінің қатысуы қажет.
Кворум болмаған жағдайда, Орталық комиссияның отырысы отырыстың тағайындалған күнінен кейінгі күнге ауыстырылады. Бір отырысты екі реттен асырмай ауыстыруға жол беріледі.
Дауыстар тең болған жағдайда, төрағалық етушінің дауысы шешуші болып табылады. Орталық комиссия хатшысының дауыс беру құқығы болмайды.
20. Орталық комиссияның сараптамалық қорытындысы отырыс өткізілген күннен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде ресімделеді.
21. Орталық комиссияның сараптамалық қорытындысына Орталық комиссияның төрағасы, ол болмаған жағдайда – оның орынбасары, сондай-ақ хатшы қол қояды.
Дауыс беру нәтижелері Орталық комиссия сараптамалық қорытындысының ажырамас бөлігі болып табылатын дауыс беру парағында көрсетіледі.
22. Тармақ алынып тасталды (ескертуді қараңыз)
22-тармақ алынып тасталды ҚР Энергетика министрінің 03.05.2023 жылғы № 168 Бұйрығына сәйкес (29.03.2022 ж. редакцияны қараңыз)(өзгерту 26.05.2023 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
23. Көмірсутектер саласындағы уәкілетті органның тиісті құрылымдық бөлімшесі Жобаларды электрондық форматта сақтауды жүзеге асырады.
24. Жобалардың авторлары мен жер қойнауын пайдаланушылар Жобаларды қағаз және электрондық жеткізгіштерде (DOC және PDF форматтарында) сақтауды қамтамасыз етеді.
Қазақстан Республикасының көмірсутек кен
 орындарын барлау және әзірлеу жөніндегі
 орталық комиссия туралы ережеге
қосымша
Нысан
Мемлекеттік сараптама жүргізуге өтініш
_________________________________________________________________ 
( базалық жобалау құжатының немесе әзірлеу талдауының атауы )  
1. Жер қойнауын пайдаланушы ______________________________________
2. Жер қойнауын пайдалануға _______________________________________ 
( құзыретті орган және жер қойнауын пайдаланушы )  
____________ арасында жасалған _______________________ келісімшарт. 
(күні)  
3. Базалық жобалау құжатын немесе әзірлеу талдауын әзірлеуші жобалау ұйымының атауы
_________________________________________________________________
_________________________________________________________________
Құжатты   ұсынатын   кәсіпорын   басшысының   тегі ,  аты ,  әкесінің   аты  
( бар болған жағдайда ) және  қолы 
Қазақстан Республикасы
Энергетика министрінің
2018 жылғы 28 мамырдағы
№ 214 бұйрығына
2-қосымша
Қазақстан Республикасы Мұнай және газ министрінің және Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің күші жойылған кейбір бұйрықтарының тізбесі  
1) «Пайдалы қазбаларды барлау және игеру жөніндегі орталық комиссия туралы ережені бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Мұнай және газ министрінің 2010 жылғы 1 қазандағы № 341 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6524 болып тіркелген, 2010 жылғы 9 қарашада «Егемен Қазақстан» газетінің № 461-468 (26311) санында жарияланған);
2) «Пайдалы қазбаларды барлау және игеру жөніндегі орталық комиссия туралы ережені бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Мұнай және газ министрінің 2010 жылғы 1 қазандағы № 341 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Мұнай және газ министрінің 2013 жылғы 22 тамыздағы №160 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8726 болып тіркелген, 2013 жылғы 17 қазанда «Егемен Қазақстан» газетінің № 233 (28172) санында жарияланған);
3) «Пайдалы қазбаларды барлау және игеру жөніндегі орталық комиссия туралы ережені бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Мұнай және газ министрінің 2010 жылғы 1 қазандағы № 341 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2014 жылғы 28 қарашадағы №157 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10052 болып тіркелген, 2015 жылғы 13 қаңтарда «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған);
 4) «Пайдалы қазбаларды барлау және игеру жөніндегі орталық комиссия туралы ережені бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Мұнай және газ министрінің 2010 жылғы 1 қазандағы № 341 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 23 маусымдағы №425 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №11740 болып тіркелген, 2015 жылғы 5 тамызда «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған).