Осы Заң валюталық операцияларды жүзеге асыруға байланысты қоғамдық қатынастарды реттейді, валюталық реттеу мен валюталық бақылаудың мақсаттарын, мiндеттерiн айқындайды.
Отправить по почте
Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы Қазақстан Республикасының Заңы 2018 жылғы 2 шiлдедегi № 167-VІ
Редакция 08.06.2024 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен
Осы Заң валюталық операцияларды жүзеге асыруға байланысты қоғамдық қатынастарды реттейді, валюталық реттеу мен валюталық бақылаудың мақсаттарын, мiндеттерiн айқындайды.
1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар мен терминдер
1. Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) айырбастау пункті – Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің немесе қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның лицензиясы немесе Қазақстан Республикасының заңдары негізінде Қазақстан Республикасында қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын жүзеге асыруға құқығы бар уәкілетті ұйым немесе уәкілетті банк құрған, қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын жүзеге асыру үшін арнайы жабдықталған орын;
1-тармақша жаңа редакцияда жазылды ҚР 03.07.2019 жылғы № 262-VІ Заңына сәйкес (03.04.2019 ж. редакцияны қараңыз) (өзгерту 01.01.2020 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
2) валюталық құндылықтар:
шетел валютасы;
номиналы шетел валютасымен көрсетілген бағалы қағаздар мен төлем құжаттары;
Қазақстан Республикасының бейрезиденттері шығарған, номиналы жоқ бағалы қағаздар;
құймалардағы аффинирленген алтын;
Қазақстан Республикасының резиденттері мен Қазақстан Республикасының бейрезиденттері арасында және Қазақстан Республикасының бейрезиденттері арасында олармен операциялар жасалған, сондай-ақ оларды Қазақстан Республикасынан әкеткен (аударған) немесе Қазақстан Республикасына әкелген (аударған) жағдайларда ұлттық валюта, номиналы ұлттық валютамен көрсетілген бағалы қағаздар мен төлем құжаттары;
Қазақстан Республикасының резиденттері мен Қазақстан Республикасының бейрезиденттері арасында және Қазақстан Республикасының бейрезиденттері арасында олармен операциялар жасалған, сондай-ақ оларды Қазақстан Республикасынан әкеткен немесе Қазақстан Республикасына әкелген жағдайларда Қазақстан Республикасының резиденттері шығарған, номиналы жоқ бағалы қағаздар;
3) валюталық операциялар:
валюталық құндылықтарға меншік құқығының және өзге де құқықтардың өтуіне байланысты операциялар, сондай-ақ валюталық құндылықтарды төлем құралы ретінде пайдалану;
валюталық құндылықтарды Қазақстан Республикасына әкелу, жіберу және аудару, сондай-ақ Қазақстан Республикасынан әкету, жіберу және аудару;
валюталық құндылықтарды сенімгерлік басқаруға беру;
валюталық құндылықтарды брокерлік қызметтер көрсету туралы шарт негізінде беру;
4) валюталық шарт – валюталық операциялар солардың негізінде және (немесе) оларды орындау үшін жүзеге асырылатын, өзгерістерін және (немесе) толықтыруларын қоса алғанда, келісімдер, құрылтай құжаттары, сондай-ақ өзге де құжаттар;
5) есептік нөмір – Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі немесе уәкілетті банк валюталық шартқа немесе шетелдік банктегі шотқа беретін және валюталық операциялар бойынша есепке алуды және есептілікті қамтамасыз етуге арналған сәйкестендіру нөмірі;
6) импорт – Қазақстан Республикасы бейрезидентінің Қазақстан Республикасының резидентіне тауарларды беруі, Қазақстан Республикасы бейрезидентінің Қазақстан Республикасының резидентіне зияткерлік меншік объектілеріне айрықша құқықтарды ішінара беруі, Қазақстан Республикасы бейрезидентінің Қазақстан Республикасының резидентіне жұмыстарды орындауы, қызметтерді көрсетуі, мүлікті жалға беруі;
7) құймалардағы аффинирленген алтын – аффинаждау нәтижесінде алынған және өлшеуіш және стандартты құймалар түрінде дайындалған, «Бағалы металдар мен асыл тастар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес инвестициялық алтынға жатқызылатын алтын;
7-1) мемлекеттік кірістер органы – өз құзыреті шегінде салықтардың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің түсуін қамтамасыз етуді, Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеуді, Қазақстан Республикасының заңнамасында осы органның қарауына жатқызылған әкімшілік құқық бұзушылықтардың алдын алу, анықтау, жолын кесу және ашу жөніндегі өкілеттіктерді жүзеге асыратын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де өкілеттіктерді орындайтын мемлекеттік орган;
1-тармақ 7-1-тармақшамен толықтырылды ҚР 12.07.2023 жылғы № 23-VIII Заңына сәйкес (өзгерту 01.01.2024 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
8) уәкілетті банктер – валюталық операцияларды, оның ішінде клиенттердің тапсырмалары бойынша валюталық операцияларды жүргізетін, Қазақстан Республикасында құрылған банктер және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар (уәкілетті ұйымдарды қоспағанда), сондай-ақ шетелдік банктердің Қазақстан Республикасында қызметін жүзеге асыратын филиалдары;
9) уәкілетті ұйымдар – банктер болып табылмайтын, қызметін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларына арналған лицензиясы негізінде тек қана айырбастау пункттері арқылы жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының қаржы ұйымдары;
9-тармақша жаңа редакцияда жазылды ҚР 03.07.2019 жылғы № 262-VІ Заңына сәйкес (03.04.2019 ж. редакцияны қараңыз) (өзгерту 01.01.2020 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
10) ұлттық валюта:
Қазақстан Республикасының аумағында айналыста болатын және заңды төлем құралы болып табылатын, сондай-ақ айналыстан алынған немесе алынатын, бірақ айналыстағы ақша белгілеріне айырбастауға жататын Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің банкноттары мен монеталары түріндегі ақша белгілері;
банктік шоттардағы Қазақстан Республикасының ақша бірліктеріндегі ақша;
11) шетел валютасы:
шет мемлекеттің (мемлекеттер тобының) аумағында айналыста болатын және заңды төлем құралы болып табылатын, сондай-ақ айналыстан алынған немесе алынатын, бірақ айналыстағы ақша белгілеріне айырбастауға жататын банкноттар, монеталар түріндегі ақша белгілері;
банктік шоттардағы шет мемлекеттердің (мемлекеттер тобының) ақша бірліктеріндегі және халықаралық ақша немесе есеп айырысу бірліктеріндегі ақша;
12) шетелдік банктер – шет мемлекеттердің заңнамасына сәйкес құрылған және өздері тіркелген мемлекеттердің заңнамасы негізінде Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде банк қызметін жүзеге асыратын банктер және өзге де қаржы институттары;
13) экспорт – Қазақстан Республикасы резидентінің Қазақстан Республикасының бейрезидентіне тауарларды беруі, Қазақстан Республикасы резидентінің Қазақстан Республикасының бейрезидентіне зияткерлік меншік объектілеріне айрықша құқықтарды ішінара беруі, Қазақстан Республикасы резидентінің Қазақстан Республикасының бейрезидентіне жұмыстарды орындауы, қызметтерді көрсетуі, мүлікті жалға беруі.
2. Осы Заңда валюталық операцияларды сыныптау мақсаттары үшін мынадай негізгі терминдер пайдаланылады:
1) капиталға қатысу:
заңды тұлғаның, жай серіктестіктің, консорциумның жарғылық капиталына, мүлкіне қатысу, оның ішінде акциялар, қатысу үлестері, салымдар және (немесе) қатысушылардың дауыстары түрінде қатысу;
заңды тұлғаның жарғылық капиталынан өзге капиталына қатысу;
2) капитал қозғалысы операциялары – Қазақстан Республикасының резиденттері мен Қазақстан Республикасының бейрезиденттері арасында жүзеге асырылатын, валюталық құндылықтарға меншік құқығының және өзге де құқықтардың өтуіне байланысты болатын, мыналар:
қаржылай қарыздар;
капиталға қатысу;
бағалы қағаздармен, қатысу үлестерімен және туынды қаржы құралдарымен операциялар;
Қазақстан Республикасының заңдарымен жылжымайтын мүлікке теңестірілген не жатқызылған жылжымалы заттарды қоспағанда, жылжымайтын мүлікке меншік құқығын иемдену;
зияткерлік меншік объектілеріне айрықша құқықтарды толығымен иемдену;
ақшаны және өзге де мүлікті бірлескен қызметке қатысушының міндеттемелерін орындау үшін, сондай-ақ сенімгерлік басқаруға, трастқа беру;
клиенттердің тапсырмалары бойынша валюталық операцияларды жүзеге асыратын бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушыларға ақшаны және қаржы құралдарын клиенттерге тиесілі ақшаны есепке алуға және сақтауға арналған шоттарға беру;
ақшаны және өзге де валюталық құндылықтарды өтеусіз беру көзделетін операциялар;
3) қаржылай қарыздар:
экспортты немесе импортты алдын ала төлеу, төлеуді кейінге қалдыру және бөліп төлеу кезінде туындайтын міндеттемелерді қоспағанда, қарыздар;
борышкер міндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз етуге берілетін ақша;