• Мое избранное
Внимание! Документ утратил силу с 02.02.2022 г

Отправить по почте

7

«Бизнестің жол картасы-2020» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 25 тамыздағы № 522 қаулысы

Осы Қаулы күшін жойды ҚР Үкіметінің 02.02.2022 жылғы № 43 Қаулысына сәйкес  
1. Қоса беріліп отырған «Бизнестің жол картасы-2020» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы (бұдан әрі – Бағдарлама) бекітілсін.
2. Орталық және жергілікті атқарушы органдар мен өзге де ұйымдар Бағдарламаны іске асыру жөнінде шаралар қабылдасын.
3. Жауапты орталық және жергілікті атқарушы органдар, ұйымдар (келісім бойынша) «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жоспарлау жүйесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 29 қарашадағы № 790 қаулысына сәйкес Бағдарламаны іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігіне ақпарат берсін.
4. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.
5. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігіне жүктелсін.
6. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Б. Сағынтаев
Қазақстан Республикасы Үкіметінің  
2018 жылғы 25 тамыздағы
№ 522 қаулысымен
бекітілген
2
«Бизнестің жол картасы-2020» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы
4. Бағдарламаның мақсаттары, нысаналы индикаторлары, міндеттері мен іске асыру нәтижелерінің көрсеткіштері
5. Бағдарламаның негізгі бағыттары, мақсаттары мен міндеттеріне қол жеткізу жолдары және тиісті шаралар

Атауы

«Бизнестің жол картасы-2020» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы

Әзірлеу үшін негіздеме

«Қазақстан Республикасын индустриялық-инновациялық дамытудың 2015 – 2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын бекіту туралы және «Мемлекеттік бағдарламалар тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 19 наурыздағы № 957 Жарлығына толықтыру енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 1 тамыздағы № 874 Жарлығы; 2015 жылғы 29 қазандағы Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексі

Бағдарламаны әзірлеуге жауапты мемлекеттік орган,

Бағдарламаны іске асыруға жауапты мемлекеттік органдар мен ұйымдар

Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі

Орталық және жергілікті атқарушы органдар, квазимемлекеттік сектор субъектілері

Бағдарламаның мақсаты

Өңірлік кәсіпкерліктің тұрақты және теңгерімді өсуін қамтамасыз ету, сондай-ақ бар жұмыс орындарын сақтау және жаңа тұрақты жұмыс орындарын құру

Міндеттері

1. Ауылдық елді мекендер, шағын қалалар мен моноқалалар кәсіпкерлерінің қаржыландыруға қолжетімділігін арттыру.

2. Ауылдық елді мекендер, шағын қалалар мен моноқалалар кәсіпкерлерінің өндірістік қуатын ұлғайту.

3. Ауылдық елді мекендерде, шағын қалалар мен моноқалаларда кәсіпкерлердің бизнес бастамаларын кеңейту.

4. Өңдеуші өнеркәсіп өндірген өнім көлемін ұлғайту.

5. Бәсекеге қабілетті жаңа өндірістер құру.

6. Халықтың шағын және орта кәсіпкерлікте жұмыспен қамтылуын ұлғайту.

7. Шетелдік валюталардың ауытқуларына байланысты валюталық тәуекелдердің кредиттік тәуекелге көшуіне жол бермеу.

8. Кәсіпкерлікті ақпараттық-талдамалық қамтамасыз ету.

9. Кәсіпкерлердің/индустриялық-инновациялық қызмет субъектілерінің құзыретін арттыру.

10. Кәсіпкерлердің/индустриялық-инновациялық қызмет субъектілерінің өнімділігін арттыру.

11. Іскерлік байланыстарды кеңейту.

Іске асыру мерзімдері

2015 – 2019 жылдар

Нысаналы индикаторлар

Бағдарламада қойылған міндеттерді орындау жолымен 2020 жылға қарай мынадай нысаналы индикаторларға қол жеткізілетін болады:

1. ЖІӨ құрылымында өңдеуші өнеркәсіптің үлесін кемінде 12,5 %-ға жеткізу.

2. ШОК-тың өнім шығару көлемін 2014 жылғы деңгейден 1,5 есеге ұлғайту.

3. Белсенді жұмыс істейтін ШОК субъектілерін 2014 жылғы деңгейден 50 %-ға ұлғайту.

4. ШОК-та жұмыс істейтіндердің санын 2014 жылғы деңгейден 50 %-ға ұлғайту.

Қаржыландыру көздері мен көлемдері

Бағдарламаны іске асыруға 2015 – 2019 жылдары 145 819 065 мың теңге көлемінде бюджет қаражаты жұмсалатын болады.

1)республикалық бюджеттен берілетін қаражат:

2015 – 55 960 992 мың теңге;

2016 – 53 939 805 мың теңге;

2017 – 16 910 820 мың теңге;

2018 – 10 374 471 мың теңге;

2019 – 8 632 977 мың теңге;

2) жергілікті бюджеттен берілетін қаражат:

2017 – 30 000 000 мың теңге;

2018 – 30 000 000 мың теңге;

2019 – 30 000 000 мың теңге;

3) Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан берілетін қаражат:

2015 – 9 781 530 мың теңге,

2016 – 14 565 048 мың теңге

2017 – 8 561 115 мың теңге.

«Бизнестің жол картасы-2020» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы (бұдан әрі – Бағдарлама) Қазақстан Республикасы Президентінің «Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауын және Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 17 ақпандағы № 925 Жарлығымен бекітілген Қазақстанның 2020 жылға дейінгі жалпыұлттық даму жоспарын іске асыру үшін әзірленді.
Бағдарлама Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан – 2030» Стратегиясы және «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына жолдауларының мақсаттарына қол жеткізуге бағытталған.
Жалпы елдің орнықты экономикалық дамуын қамтамасыз ету жеке кәсіпкерліктің және бірінші кезекте, шағын және орта бизнестің жай-күйі мен даму деңгейіне тәуелді. Мемлекеттің экономикалық өсуіне ықпалын тигізетін бәсекелестік дамымаған, материалдық және материалдық емес ресурстарды тиімсіз пайдалану, ішкі сұраныстың импортқа тәуелділігі, жұмыссыздық, кедейшілік және басқалары сияқты көптеген проблемаларды шешу үшін экономиканың нақ осы секторының әлеуетті мүмкіндіктері өте зор.
Шағын және орта бизнестің экономиканы әртараптандырудағы рөлі де маңызды. Индустриялық-инновациялық дамытудың мемлекеттік бағдарламасы (бұдан әрі – ИИДМБ) іске асыру жағдайында, жұмыс процестеріне шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің қатарынан көптеген қосалқы мердігерлер жұмылдырылуы мүмкін ірі өндірістер көбірек қалыптастырылатын болады. Ауылдарда, шағын қалалар мен моноқалаларда шағын кәсіпкерлік субъектілері тұрғындардың тұтынушылық сұранысын қанағаттандыруға бағдарланған секторларда жұмыс істей отырып, дамуға жаңа импульс беруі тиіс.
Осыған байланысты жеке кәсіпкерлікті қолдау бойынша, қаржыландыруға қолжетімділікті жақсартуды, қажетті инфрақұрылымды қамтамасыз етуді, құзыретті арттыруға жәрдемдесуді, консультациялық қолдау алуды және кәсіпкерлік бастамаларды бірлесіп іске асыру үшін әріптестер тартуды қамтитын, бірақ олармен шектелмейтін жүйелі шаралар қабылдау қажет.
2015 – 2019 жылдар кезеңінде іске асырылатын Бағдарлама өңірлік кәсіпкерліктің орнықты және теңгерімді өсуін, сондай-ақ барын сақтауды және жаңа тұрақты жұмыс орындарын құруды қамтамасыз етеді.
1) моноқалалар, шағын қалалар мен ауылдық елді мекендер кәсіпкерлерінің жаңа бизнес-бастамаларын қолдау;
2) экономиканың басым секторларында және өңдеуші өнеркәсіп салаларында қызметін жүзеге асыратын кәсіпкерлерге салалық қолдау көрсету;
Осы Бағдарламада мынадай негізгі терминдер мен анықтамалар пайдаланылады:
1) банк – Бағдарламаға қатысатын екінші деңгейдегі банк;
2) банктік кредит (бұдан әрі – кредит) – банктік қарыз шартының негізінде мерзімділік, ақылылық, қайтарымдылық, қамтамасыз етілу және нысаналы пайдалану шарттарында банктің кәсіпкерге беретін ақшалай қаражат сомасы;
3) даму банкі – «Қазақстанның Даму Банкі» акционерлік қоғамы және/немесе оның үлестес лизингтік компаниясы;
4) қаржылай емес қолдау операторының веб-порталы – қолданушыларға қаржылай емес қолдау шаралары электрондық форматта ұсынылатын қаржылай емес қолдау операторының ақпараттық жүйесі;
5) кепілдік беру – Бағдарлама шарттарында және кепілдік шартына сәйкес кәсіпкердің кредит бойынша міндеттемелерді орындауын қамтамасыз ету ретінде ішінара кепілдік беру түрінде пайдаланылатын кәсіпкерлерді мемлекеттік қолдау нысаны;
6) мемлекеттік-жекешелік әріптестік – мемлекеттік әріптес пен жекеше әріптес арасындағы «Мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы» 2015 жылғы 31 қазандағы Қазақстан Республикасының Заңында айқындалған белгілерге сәйкес келетін ынтымақтастық нысаны;
7) ИИДМБ – Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 1 тамыздағы № 874 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасын индустриялық-инновациялық дамытудың 2015 – 2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы;
8) қаржылық лизинг шарты – шарттары бойынша лизингтік компания/банк кәсіпкерге қаржылық лизинг беретін лизингтік компания/банк және кәсіпкер арасында жасалған жазбаша келісім;
9) банктік қарыз шарты – шарттары бойынша банк кәсіпкерге кредит беретін банк пен кәсіпкер арасында жасалған жазбаша келісім, сондай-ақ банкте кредиттік желі ашу туралы келісім;
10) ақпараттық жүйе – ақпараттық өзара іс-қимыл арқылы белгілі бір технологиялық әрекеттерді іске асыратын және нақты функционалдық міндеттерді шешуге арналған ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың және техникалық құжаттаманың ұйымдастырылып ретке келтірілген жиынтығы;
11) лизингтік компания – Бағдарламаға қатысатын лизингтік компания;
12) лизингтік мәміле (лизинг) – лизингке қатысушылардың азаматтық құқықтары мен міндеттерін белгілеуге, өзгертуге және тоқтатуға бағытталған келісілген іс-қимылдар жиынтығы;
13) Бағдарламаның жергілікті үйлестірушісі – облыс әкімі айқындайтын, қаланың/ауданның Бағдарламаға қатысу үшін қажетті құжаттарды дайындау және жинау бойынша кәсіпкерлерді консультациялық сүйемелдеуді жүзеге асыратын құрылымдық бөлімшесі;
14) ісін жаңа бастаған жас кәсіпкер – жеке кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркелу мерзімі кредит алу үшін банкке өтініш берген кезде кемінде үш жылды құрайтын 29 жасқа дейінгі (қоса алғанда) жеке кәсіпкер (жас шамасы ісін жаңа бастаған жеке кәсіпкердің банкке өтініш берген күнге айқындалады, жұмыс істеп жатқан үлестес кәсіпкерлердің ағымдағы қызметінен ерекшеленетін жаңа қызмет түрін құрған кезде ісін жаңа бастаған жас кәсіпкердің жұмыс істеп жатқан кәсіпкерлермен бірге үлестес болуына жол беріледі);
15) халықаралық шетелдік ұйымдар (бұдан әрі – ХШҰ) – шетелдік тағылымдамаларды ұйымдастыруда және шетелдік әріптестермен іскерлік байланыстар орнатуда шағын және орта кәсіпкерлік кәсіпорындарына жәрдем көрсететін және/немесе шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін дамытуға жәрдем көрсетуге бағытталған халықаралық үкіметтік емес ұйымдар;
16) ісін жаңа бастаған кәсіпкер – жеке кәсіпкер немесе заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркелу мерзімі банкке/лизингтік компанияға/микроқаржы ұйымына кредит/лизингтік шарт/микрокредит үшін өтініш берген кезде кемінде үш жылды құрайтын кәсіпкер (жұмыс істеп жатқан үлестес кәсіпкерлердің ағымдағы қызметінен ерекшеленетін жаңа қызмет түрін құрған кезде ісін жаңа бастаған кәсіпкердің жұмыс істеп жатқан кәсіпкерлермен бірге үлестес болуына жол беріледі);