Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
Продукты: | Судебная практика |
Отправить по почте
Инфрақұрылымды дамытудың 2015 – 2019 жылдарға арналған "Нұрлы жол" мемлекеттік бағдарламасын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 30 шілдедегі № 470 қаулысы
Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Инфрақұрылымды дамытудың 2015 – 2019 жылдарға арналған "Нұрлы жол" мемлекеттік бағдарламасы (бұдан әрі – Бағдарлама) бекітілсін.
2. Орталық және жергілікті атқарушы органдар, сондай-ақ өзге де ұйымдар:
1) Бағдарламаны іске асыру бойынша шаралар қабылдасын;
2) мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға ай сайынғы негізде есепті айдан кейінгі айдың 10-ы күніне қарай Бағдарлама шеңберінде бөлінген қаражатты игеру жөніндегі ақпаратты және тоқсан сайынғы негізде есепті тоқсаннан кейінгі айдың 15-і күніне қарай құрылған, оның ішінде уақытша және тұрақты жұмыс орындары жөнінде ақпарат берсін.
3. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігіне жүктелсін.
4. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Б. Сағынтаев
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 30 шілдедегі № 470 қаулысымен бекітілген
Инфрақұрылымды дамытудың 2015 – 2019 жылдарға арналған "Нұрлы жол" мемлекеттік бағдарламасы
БАҒДАРЛАМА ПАСПОРТЫ
Бағдарламаның атауы |
Инфрақұрылымды дамытудың 2015 – 2019 жылдарға арналған "Нұрлы жол" мемлекеттік бағдарламасы |
Әзірлеу үшін негіздеме |
Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 11 қарашадағы "Нұрлы жол – болашаққа бастар жол" атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық жоспардың 4-тармағы |
Бағдарламаны әзірлеуге жауапты мемлекеттік орган |
Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі |
Бағдарламаны іске асыруға жауапты мемлекеттік органдар |
Орталық және жергілікті мемлекеттік органдар |
Бағдарламаның мақсаты |
Қазақстанның ұзақ мерзімді экономикалық өсуін қамтамасыз ету үшін хаб қағидатымен тиімді инфрақұрылым құру негізінде елдің макроөңірлерін интеграциялау арқылы бірыңғай экономикалық нарықты қалыптастыру, көлік инфрақұрылымын халықаралық көлік жүйесіне интеграциялау, транзит әлеуетін іске асыру |
Міндеттер |
1) Қазақстанның заманауи көлік инфрақұрылымын қалыптастыру, сондай-ақ оның халықаралық көлік жүйесіне интеграциялануын қамтамасыз ету; |
Іске асыру мерзімі |
2015 – 2019 жылдар |
Нысаналы индикаторлар |
мынадай нысаналы индикаторларға қол жеткізу: |
Қаржыландыру көздері мен көлемі |
"Нұрлы жол" мемлекеттік бағдарламасының іс-шаралары мен инвестициялық жобалары Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының, республикалық және жергілікті бюджеттердің, халықаралық қаржы институттары мен ұйымдардың қаражаты, ұлттық компаниялар мен даму институттарының меншікті қаражаты, сондай-ақ жекеше инвестициялар есебінен 4,6 трлн. теңге жалпы индикативтік сомада қаржыландырылатын болады, оның ішінде: |
2. Кіріспе
Осы Инфрақұрылымды дамытудың 2015 – 2019 жылдарға арналған "Нұрлы жол" мемлекеттік бағдарламасы (бұдан әрі – Бағдарлама) Мемлекет басшысының 2014 жылғы 11 қарашадағы "Нұрлы жол – болашаққа бастар жол" атты Қазақстан халқына Жолдауын, сондай-ақ "100 нақты қадам" Ұлт жоспары институционалдық реформаларының бесінші бағытын іске асыру мақсатында әзірленді.
Бағдарлама Алматы, Астана, Ақтөбе, Шымкент және Өскемен қалаларын заманауи инфрақұрылымы бар ұлттық және халықаралық деңгейдегі хаб-қалалар ретінде айқындай отырып, елдің макроөңірлерін қалыптастыру арқылы Қазақстанның бірыңғай экономикалық нарығын құруға және мемлекеттік көлік инфрақұрылымын халықаралық көлік жүйесімен интеграциялауды қамтамасыз етуге бағытталған.
Хаб-қалалар макроөңірлердің экономикалық белсенділігінің орталықтары, капитал, ресурстар, озық технологиялар мен көрсетілетін қызметтер шоғырланатын орталықтар болады, көші-қон ағындарының тартылыс нүктелеріне айналады және табиғи урбандалуға ықпал етеді. Макроөңірлердің басқа ірі қалалары немесе екінші деңгейдегі қалалар хаб-қаламен "шұғыла" қағидаты бойынша байланысты болады.
Хаб-қалаларды дамыту және макроөңірлер интеграциясы көлік, индустриялық, тұрғын үй, әлеуметтік және энергетикалық инфрақұрылымдарды тиімді дамыту негізінде қамтамасыз етіледі, құрылыс материалдарына, өнеркәсіп өніміне және жабдыққа елеулі сұраныс тудырады, өңдеу өнеркәсібінің дамуына ықпал етеді.
Жаһандану жағдайында Қазақстан экономикасын әлемдік жүйемен сәтті интеграциялау үшін мультимодальды тасымалдарды дамыта отырып, халықаралық заманауи көлік дәліздері жұмыс істейтін болады.
Іскерлік белсенділікті ұлғайту мақсатында өңдеу өнеркәсібі саласындағы шағын және орта бизнес, ірі кәсіпкерлік үшін қаржыландырудың қолжетімділігін арттыру бойынша жұмыс жалғасады.
Экономиканың жекелеген секторларын (машина жасау, аграрлық), өңдеу өнеркәсібінің отандық экспорттаушыларын қолдау жөніндегі шараларды іске асыру және басқа да іс-шаралар сыртқы нарықтарда конъюнктураның нашарлауы жағдайларында ағымдағы өндіріс көлемін, бар жұмыс орындарын сақтауды және жаңаларын құруды қамтамасыз етеді.
Тұтастай алғанда, инфрақұрылымды дамытуға және кәсіпкерлікті қолдауға мемлекеттік инвестицияларды ұлғайту арқылы Бағдарламаны іске асыру қысқа мерзімді перспективада ғана экономикалық өсуге ықпал етіп қоймай, ұзақ мерзімді перспективада орнықты өсу үшін де алғышарттар жасайды.
Инфрақұрылымдық жобаларды іске асырудан кешенді, синергетикалық нәтиже алу үшін ілеспе іс-шаралар қолданыстағы бағдарламалық құжаттар (Қазақстан Республикасын индустриялық-инновациялық дамытудың 2015 – 2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы, Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016 – 2019 жылдарға арналған "Денсаулық" мемлекеттік бағдарламасы, Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2016 – 2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы, Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы, "Бизнестің жол картасы – 2020" кәсіпкерлікті қолдаудың бірыңғай бағдарламасы, Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған бағдарламасы) шеңберінде жүзеге асырылатын болады.
3. Ағымдағы жағдайды талдау
Соңғы жылдары Қазақстанда инфрақұрылымды дамыту мен жаңғыртуды талап ететін бірқатар үрдістер байқалады.
Біріншіден, халық саны мен урбандалу деңгейінің өсуі қала инфрақұрылымының озыңқы дамуын қажет етеді.
Екіншіден, экономика мен экономикалық байланыстардың өсуі, бизнестің жоғары көліктік және әкімшілік шығыстары, сондай-ақ жаңа қалыптасып келе жатқан өңірлік нарықтар елдің инфрақұрылымдық мүмкіндіктерін арттыруды және жаңа деңгейдегі көлік қызметтерін ұсынуды айқындап берді.
Үшіншіден, Азия-Еуропа бағыты бойынша өсіп келе жатқан жүк айналымы мен елдің транзиттік әлеуеті Қазақстанның халықаралық көліктік-коммуникация легіне одан әрі интеграциялануына себеп болады.
Қазақстанда ішкі бірыңғай нарықтың қалыптасуын мынадай факторлар қиындатады:
өңірлер арасында тауарлар қозғалысын, еңбек көші-қонын қамтамасыз ететін көлік жолдарының жеткіліксіздігі;
өңірлік сәйкессіздіктердің пайда болуына ықпал ететін өңірлердің өнеркәсіптік дамуының әртүрлі деңгейі;
халықтың ұтымды қоныстанбауы – солтүстікте еңбек ресурстарының тапшы болуы және оңтүстікте "жұмыс қолының" шамадан тыс артық болуы;
тұрғын үй-коммуналдық және әлеуметтік салалар жүйесінің біркелкі дамымауы.
Макроөңірлердің 2013 жылғы көрсеткіштері
Макроөңір |
Халық (млн. адам) |
Елдің ЖІӨ-сіндегі үлесі |
Жан басына шаққандағы ЖӨӨ, АҚШ долл. |
Оңтүстік |
6,6 |
17 % |
7720 |
Орталық-шығыс |
3,5 |
18 % |
12030 |
Батыс |
2,6 |
27 % |
25660 |
Солтүстік |
2,2 |
9 % |
8907 |
Алматы қаласы |
1,5 |
19 % |
28523 |
Астана қаласы |
0,8 |
10 % |
26790 |
Елдің оңтүстігі халық ең тығыз орналасқан макроөңір болып табылады, бұл ретте мұнда жан басына шаққандағы ЖӨӨ ең төмен (7,7 мың АҚШ доллары). Ең аз халық елдің солтүстігінде тұрады. Өңірдің елдің ЖІӨ-дегі үлесі де ең төмен. Орталық-шығыс өңір халық саны бойынша екінші орында және мұнда ел ЖІӨ-нің бестен бір бөлігі шоғырланған. Батыс өңірі халық саны бойынша үшінші орында және ол жан басына шаққандағы жоғары ЖӨӨ-мен елдің ЖІӨ-не қосатын үлесі бойынша көш бастап отыр. Алматы және Астана жан басына шаққандағы ЖӨӨ деңгейі бойынша алдыңғы қатарда.
Оңтүстік макроөңірде урбандалу деңгейі ең төмен (35 %) және экономикалық тұрғыдан белсенді халықтың үлесі де (49 %) барынша аз. Мұнда ел бойынша тұрғын үймен қамтамасыз етілу де ең төмен (17,5 м2 / адам) болып келеді.
Өңір экономикасының негізгі мамандануының бірі ауыл шаруашылығы болып табылады, оның ЖІӨ құрылымындағы үлесі 10 %-дан асады.
Ауызсуға қолжетімділік бар болғаны 49 %-ға қамтамасыз етілген.
Өңірде электр энергиясын өндіру қажетті көлемінің жартысын ғана қамтамасыз етеді.
Жергілікті бюджеттің 50 %-ынан астамы әлеуметтік салаға жұмсалатынына қарамастан, кедейшілік шегі, аналар және нәрестелер өлімі бойынша өңірдің әлеуметтік көрсеткіштері соңғы орында тұр. Оқушы орындарының тапшылығы ел бойынша ең жоғары (33 мың орын).
Солтүстік макроөңірде урбандалу деңгейі 47 %-ды құрады. Өңір өмір сүру ұзақтығының ең төмен болуымен (68,7 жас) және бала туу деңгейінің төмендігімен (1000 адамға 16 адам) ерекшеленеді. Өңірде орташа жас 36 жасты құрайды. Сонымен қатар теріс көші-қон сальдосы байқалады: 2009 жылдан бері көшіп келген адамдарға қарағанда, көшіп кеткендер саны 21 мыңға артық. Экономикалық тұрғыдан белсенді халық үлесі ел бойынша ең жоғары (60 %). Өңірде еңбек ресурстарының тапшылығы (4,6 мың адам) сезіледі.
Аталған макроөңірге елдің өңделетін ауыл шаруашылығы алқаптарының 72 %-ы тиесілі. Бұл ретте ЖӨӨ-де ауыл шаруашылығының үлесі 30 %-ға жетеді.
Жолдардың 42 %-дан астамы қанағаттанарлықсыз күйде (Солтүстік Қазақстан – 44 %, Қостанай – 42 %, Ақмола – 41 %).
Батыс макроөңірде қалаларда халықтың 55 %-ы тұрады. Өңірде өмір сүру ұзақтығы (70,9 жас) және бала туу деңгейі (1000 адамға 26 адам) жоғары. Батысқа халықтың ең көбі қоныс аударады. Бұл жерге өндіру өнеркәсібі өнімінің (мұнай, газ, тыңайтқыштар) жалпы республикалық көлемінің 76 %-ы тиесілі. Мұнай және газ өңір ЖӨӨ-сінің жартысынан астамын (55-60 %) құрайды.
Жалақының жоғары деңгейі және басқа макроөңірлерден қашықтығы (елдің солтүстігімен және орталығымен тікелей көлік қатынасы жоқ) өңірдегі бағалардың жоғары болуына себеп болып табылады.
Автомобиль жолдарының жартысынан астамы қанағаттанғысыз күйде. Бұл ретте олардың ұзындығы жыл сайын өсу үстінде.
Өңірде шағын және орта бизнес нашар дамыған, оның ЖӨӨ-дегі үлесі республика бойынша ең төмен (17 %).
Әлеуметтік салаға өңір бюджетінің 53 %-ынан астамы тиесілі болуына қарамастан, әлеуметтік инфрақұрылымның жетіспеушілігі байқалады, атап айтқанда, мектепке дейінгі білім берумен қамту 50-70 %-ды ғана құрайды.
Орталық-шығыс макроөңірде қала халқының үлесі ең жоғары (68 %).