Toggle Dropdown
Қазақстан Республикасының ішкі валюта нарығында сұраныс пен ұсыныс көздерін мониторингтеу қағидаларын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2018 жылғы 29 қарашадағы № 294 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2019 жылғы 21 қаңтарда № 18214 болып тіркелді
Редакция 14.03.2025 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен
«Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 15-бабы екінші бөлігінің 59-1) тармақшасына, «Мемлекеттік статистика туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабы 3-тармағының 2) тармақшасына және «Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабы 5-тармағының үшінші бөлігіне сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының ішкі валюта нарығында сұраныс пен ұсыныс көздерін мониторингтеу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) бекітілсін.
2. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес тізбе бойынша Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің, сондай-ақ Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілерінің құрылымдық элементтерінің күші жойылды деп танылсын.
3. Төлем балансы және валюталық реттеу департаменті (Қуандықов Ә.Ә.) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) Заң департаментімен (Сәрсенова Н.В.) бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы қаулы мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оны қазақ және орыс тілдерінде «Республикалық құқықтық ақпарат орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін жіберуді;
3) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;
4) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы қаулының осы тармағының 2), 3) тармақшаларында және 4-тармағында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
4. Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау және сыртқы коммуникациялар басқармасы (Терентьев А.Л.) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін мерзімді баспасөз басылымдарында ресми жариялауға жіберуді қамтамасыз етсін.
5. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары О.А. Смоляковқа жүктелсін.
6. Осы қаулы ресми жариялануға тиіс және Қағидалардың 6-тармағының 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 6) тармақшасын қоспағанда, 2019 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі.
Ұлттық Банк Төрағасы Д. Ақышев
«КЕЛІСІЛДІ»
Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрлігінің
Статистика комитеті
2018 жылғы «___» __________
Қазақстан Республикасы
Ұлттық Банкі Басқармасының
2018 жылғы 29 қарашадағы
№ 294 қаулысымен
бекітілген
Қазақстан Республикасының ішкі валюта нарығында сұраныс пен ұсыныс көздерін мониторингтеу қағидалары
1. Осы Қазақстан Республикасының ішкі валюта нарығында сұраныс пен ұсыныс көздерін мониторингтеу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 15-бабы екінші бөлігінің 59-1) тармақшасына, «Мемлекеттік статистика туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабы 3-тармағының 2) тармақшасына және «Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабы 5-тармағының үшінші бөлігіне сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасының ішкі валюта нарығында сұраныс пен ұсыныс көздерін мониторингтеу тәртібін және сатып алынған шетел валютасын пайдалану мақсаттарын, сондай-ақ оны жүзеге асыру үшін есептерді ұсыну нысандары мен мерзімдерін айқындайды.
2. Қазақстан Республикасының ішкі валюта нарығында сұраныс пен ұсыныс көздерін және сатып алынған шетел валютасын пайдалану мақсаттарын мониторингтеу екінші деңгейдегі банктердің, «Қазақстанның Даму Банкі» акционерлік қоғамының, «Қазпочта» акционерлік қоғамының (бұдан әрі – банктер), шетел валютасымен айырбастау операцияларына лицензиясы бар, банктер болып табылмайтын бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушылардың (бұдан әрі – кәсіби қатысушылар) және олардың клиенттерінің ішкі валюта нарығындағы операциялары, клиенттердің банктік шоттары бойынша ақша қозғалысы және шетел валютасындағы банктік шотты ашпай және (немесе) пайдаланбай жүргізілген аударымдар туралы ақпаратты жинау арқылы жүзеге асырылады.
3. Қазақстан Республикасының ішкі валюта нарығында сұраныс пен ұсыныс көздері және сатып алынған шетел валютасын пайдалану мақсаттары жөніндегі ақпаратты (бұдан әрі – есептер) банктер және кәсіби қатысушылар ұсынады.
4. Қағидалардың мақсаттары үшін банктің клиенттеріне заңды тұлға құрмай-ақ кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын субъектілерді қоса алғанда, резидент және бейрезидент - жеке тұлғалар, сондай-ақ осы банкте банктік шоттары ашылған филиалдары мен өкілдіктерін қоса алғанда, банктер болып табылмайтын резидент және бейрезидент - заңды тұлғалар жатады.
Қағидалардың мақсаттары үшін кәсіби қатысушының клиенттеріне заңды тұлға құрмай-ақ кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын субъектілерді қоса алғанда, резидент және бейрезидент - жеке тұлғалар, сондай-ақ осы кәсіби қатысушы брокерлік қызмет көрсету туралы шарттар жасасқан олардың филиалдары мен өкілдіктерін қоса алғанда, банктер болып табылмайтын резидент және бейрезидент - заңды тұлғалар жатады.
5. Есептерді жасау кезінде операцияларды жіктеу есептердің нысандарында көзделген нақтылау ескеріле отырып, Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 14365 болып тіркелген Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2016 жылғы 31 тамыздағы № 203 қаулысымен бекітілген Экономика секторларының және төлемдер белгілеу кодтарын қолдану қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.
2-тарау. Есептердің нысандары мен ұсыну мерзімдері
6. Есептер Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің (бұдан әрі – Ұлттық Банк) орталық аппаратына электрондық форматта ұсынылады және мыналарды қамтиды:
1) Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес әкімшілік деректерді жинауға арналған нысан бойынша клиенттердің банктік шоттары және банктік шотты ашпай және (немесе) пайдаланбай жүргізілген аударымдар бойынша шетел валютасындағы ақша қозғалысы туралы жиынтық есеп;
2) Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес әкімшілік деректерді жинауға арналған нысан бойынша банктің және оның клиенттерінің шетел валютасын сатып алуы (сатуы) туралы есеп;
3) Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес әкімшілік деректерді жинауға арналған нысан бойынша клиенттердің шетел валютасындағы банктік шоттарындағы ақша қозғалысы туралы есеп;
4) Қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес әкімшілік деректерді жинауға арналған нысан бойынша банк клиенттерінің шетел валютасының ірі көлемдерін сатып алу операциялары туралы есеп;
5) Қағидаларға 5-қосымшаға сәйкес әкімшілік деректерді жинауға арналған нысан бойынша шетел валютасымен айырбастау операцияларына лицензиясы бар, банк болып табылмайтын бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушының шетел валютасын сатып алуы (сатуы) туралы есеп;
6) Қағидаларға 6-қосымшаға сәйкес әкімшілік деректерді жинауға арналған нысан бойынша қолма-қол шетел валютасының қозғалысы туралы есеп.
7. Банк есептері клиенттердің барлық банктік шоттары және шетел валютасындағы банктік шотты ашпай және (немесе) пайдаланбай жүргізілген аударымдар бойынша ақпарат, сондай-ақ бір банктің клиенттері арасындағы операциялар мен бір клиенттің шетел валютасындағы банктік шоттары бойынша ақша аударымдары жөніндегі мәліметтер негізінде банктің тұтас жүйесі бойынша ұсынылады.
Кәсіби қатысушылар Қағидалардың 6-тармағының 5) тармақшасында көзделген есепті Ұлттық Банкке есепті кезеңнен кейінгі айдың 10 (онына) (қоса алғанда) дейінгі мерзімде ай сайын ұсынады.
8. Банктер Қағидалардың 6-тармағының 1), 2), 3), 4) және 6) тармақшаларында көзделген есептерді Ұлттық Банкке есепті кезеңнен кейінгі айдың 10 (онына) (қоса алғанда) дейінгі мерзімде ай сайын ұсынады.
Кәсіби қатысушылар ай сайын Қағидалардың 6-тармағының 5) тармақшасында көзделген есепті Ұлттық Банкке есепті айдан кейінгі айдың он бесіне (қоса алғанда) дейінгі мерзімде ұсынады.
9. Егер есептерді ұсыну мерзімінің соңғы күні жұмыс емес күніне келсе, одан кейінгі жұмыс күні есептерді ұсыну мерзімінің аяқталған күні болып саналады.
Қазақстан Республикасының
ішкі валюта нарығында сұраныс
пен ұсыныс көздерін
мониторингтеу қағидаларына
1-қосымша
Ұсынылады: Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне
Әкімшілік деректерді өтеусіз негізде жинауға арналған нысан www.nationalbank.kz интернет-ресурсында орналастырылған
Әкімшілік нысанның атауы: клиенттердің банктік шоттары және банктік шотты ашпай және (немесе) пайдаланбай жүргізілген аударымдар бойынша шетел валютасындағы ақша қозғалысы туралы жиынтық есеп
Әкімшілік деректерді өтеусіз негізде жинауға арналған нысанның индексі: 1-INV
Есепті кезеңі: 20___ жылғы «___» ______________жағдай бойынша
Әкімшілік деректерді өтеусіз негізде жинауға арналған нысанды ұсынатын тұлғалар тобы: екінші деңгейдегі банктер, «Қазақстанның Даму Банкі» акционерлік қоғамы, «Қазпошта» акционерлік қоғамы
Әкімшілік деректерді өтеусіз негізде жинауға арналған нысанды ұсыну мерзімі: есепті кезеңнен кейінгі айдың 10 (онына) (қоса алғанда) дейінгі мерзімде, ай сайын.