Bestprofi Logo

Заң № 242-VІ от 2019-04-03г./Қазақстан Республикасының Парламенті

Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар туралы

Отправить на почту


Языки документа

Документ на казахском языке

Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар туралы Қазақстан Республикасының Заңы 2019 жылғы 3 сәуірдегі № 242-VІ

Осы Заң Қазақстан Республикасының аумағында арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың құрылуы, жұмыс істеуі және таратылуы кезінде туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді.

1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

1) тармақша алынып тасталды (ескертуді қараңыз)

1-тармақша алынып тасталды ҚР 30.12.2022 № 177-VII ҚРЗ Заңына сәйкес (27.12.2021 ж. редакцияны қараңыз)(өзгерту қолданысқа енгізіледі 12.01.2023 жылдан бастап)

2) арнайы экономикалық аймақ – Қазақстан Республикасы аумағының дәл белгіленген шекаралары бар, осы Заңға сәйкес қызметті жүзеге асыру үшін арнайы экономикалық аймақтың арнайы құқықтық режимі қолданылатын бір бөлігі;

2-тармақша жаңа редакцияда жазылды ҚР 30.12.2022 № 177-VII ҚРЗ Заңына сәйкес (27.12.2021 ж. редакцияны қараңыз)(өзгерту қолданысқа енгізіледі 12.01.2023 жылдан бастап)

3) арнайы экономикалық аймақтың басқарушы компаниясы – арнайы экономикалық аймақтың жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін осы Заңға және «Инновациялық технологиялар паркі» инновациялық кластері туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес құрылатын немесе айқындалатын заңды тұлға;

4) арнайы экономикалық аймақтың қатысушысы – арнайы экономикалық аймақтың аумағында басым қызмет түрлерін жүзеге асыратын және арнайы экономикалық аймақтардың қатысушыларының бірыңғай тізіліміне енгізілген заңды тұлға.

«Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағының қатысушыларына осы арнайы экономикалық аймақтың аумағынан тыс жерде басым қызмет түрлерін жүзеге асыруға жол беріледі;

шектері Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасының учаскелерімен толық немесе ішінара тұспа-тұс келетін арнайы экономикалық аймақтың қатысушылары ретінде көрсетілген арнайы экономикалық аймақтың аумағында басым қызмет түрлерін жүзеге асыратын дара кәсіпкерлер әрекет ете алады;

5) басым қызмет түрлері – арнайы экономикалық аймақтардың аумақтарында жүзеге асырылатын басым қызмет түрлерінің тізбесіне енгізілген, арнайы экономикалық аймақтың арнайы құқықтық режимі қолданылатын қызмет түрлері;

5-тармақша өзгертілді ҚР 30.12.2022 № 177-VII ҚРЗ Заңымен (27.12.2021 ж. редакцияны қараңыз)(өзгерту қолданысқа енгізіледі 12.01.2023 жылдан бастап)

5-1) бейінді емес қызмет түрлері – басым қызмет түрлерінің тізбесіне кірмейтін, өңдеу өнеркәсібі салаларына жататын, шикізатты, материалдарды, заттарды, жаңа өнімге арналған құрамдастарды өңдеумен байланысты қызмет түрлері;

1-бап 5-1-тармақшамен толықтырылды ҚР 30.12.2022 № 177-VII ҚРЗ Заңына сәйкес (өзгерту қолданысқа енгізіледі 12.01.2023 жылдан бастап)

5-2) бейінді емес қызмет түрлерін жүзеге асыратын тұлға – бейінді емес қызмет түрлерін жүзеге асыратын тұлғалардың бірыңғай тізіліміне енгізілген және осындай қызметті арнайы экономикалық аймақ аумағында жүзеге асыратын тұлға;

1-бап 5-2-тармақшамен толықтырылды ҚР 30.12.2022 № 177-VII ҚРЗ Заңына сәйкес (өзгерту қолданысқа енгізіледі 12.01.2023 жылдан бастап)

5-3) бейінді емес қызметті жүзеге асыру туралы шарт – бейінді емес қызмет түрлерін жүзеге асыратын тұлға немесе бейінді емес қызмет түрлерін жүзеге асыратын бірнеше тұлға мен арнайы экономикалық аймақтың басқарушы компаниясы арасында жасалатын, арнайы экономикалық аймақ аумағында қызметті жүзеге асыру шарттарын, тараптардың құқықтарын, міндеттері мен жауапкершілігін белгілейтін шарт;

1-бап 5-3-тармақшамен толықтырылды ҚР 30.12.2022 № 177-VII ҚРЗ Заңына сәйкес (өзгерту қолданысқа енгізіледі 12.01.2023 жылдан бастап)

6) «бір терезе» қағидаты – өтініш берушілердің құжаттарды жинау мен дайындауға қатысуын барынша азайтуды және олардың мемлекеттік және өзге де қызметтер көрсету субъектілерімен тікелей байланысын шектеуді көздейтін, арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың аумақтарында мемлекеттік және өзге көрсетілетін қызметтерді ұсыну нысаны;

7) бірыңғай технологиялық процесс – бір басым немесе бейінді емес қызмет түрі шеңберінде өндіру процесінде орындалатын технологиялық жағынан өзара байланысты және дәйекті әрекеттердің (жұмыстардың) жиынтығы. Бірыңғай технологиялық процесс шеңберіндегі қызмет түрлерінің жиынтығы басым және (немесе) бейінді емес қызмет түрінің ажырамас бөлігі болып табылады және онымен біртұтастықты құрайды;

7-тармақша өзгертілді ҚР 30.12.2022 № 177-VII ҚРЗ Заңымен (27.12.2021 ж. редакцияны қараңыз)(өзгерту қолданысқа енгізіледі 12.01.2023 жылдан бастап)

7-1) ерекше индустриялық аймақ – аумағында халықаралық құрылыс нормалары мен қағидаларын, сондай-ақ халықаралық өңірлік стандарттар мен шет мемлекеттердің стандарттарын тікелей қолдануға жол берілетін, жеке және (немесе) мемлекеттік емес заңды тұлғалар құратын жекеше индустриялық аймақтың өзге түрі;

1-бап 7-1-тармақшамен толықтырылды ҚР 01.04.2021 жылғы № 26-VII Заңына сәйкес (өзгерту 13.04.2021 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)

7-2) ерекше индустриялық аймақтың басқарушы компаниясы – ерекше индустриялық аймақтың жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін ерекше индустриялық аймақтың жер учаскесінің меншік иесі құратын немесе айқындайтын заңды тұлға;

1-бап 7-2-тармақшамен толықтырылды ҚР 01.04.2021 жылғы № 26-VII Заңына сәйкес (өзгерту 13.04.2021 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)

8) жоба – арнайы экономикалық аймақтың әлеуетті қатысушысының, өтініш берушісінің, қатысушысының немесе бейінді емес қызмет түрлерін жүзеге асыратын тұлғаның басым немесе бейінді емес қызмет түрлерін жүзеге асыруы үшін, сондай-ақ индустриялық аймақтың әлеуетті қатысушысының, өтініш берушісінің немесе қатысушысының кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруы үшін өнімділігі жоғары, бәсекеге қабілетті заманауи өндірістер мен көрсетілетін қызметтер құруды көздейтін іс-шаралар кешені;

8-тармақша жаңа редакцияда жазылды ҚР 30.12.2022 № 177-VII ҚРЗ Заңына сәйкес (27.12.2021 ж. редакцияны қараңыз)(өзгерту қолданысқа енгізіледі 12.01.2023 жылдан бастап)

9) индустриялық аймақ – жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiне Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен кәсіпкерлік қызмет, оның ішінде өнеркәсіп, агроөнеркәсіптік кешен, туристік индустрия, көлік логистикасы, қалдықтарды басқару саласындағы қызмет объектілерін орналастыру және пайдалану үшін берілетін, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген аумақ;

10) индустриялық аймақтың басқарушы компаниясы – индустриялық аймақтың жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін осы Заңға сәйкес құрылатын немесе айқындалатын заңды тұлға;

11) индустриялық аймақтың қатысушысы – Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен индустриялық аймақтың аумағында кәсіпкерлік қызмет объектілерін орналастыруды және пайдалануды жүзеге асыратын, олармен индустриялық аймақтың басқарушы компаниясы қызметті жүзеге асыру туралы шарт жасасқан дара кәсіпкер, заңды тұлға;

12) инфрақұрылым объектілері – арнайы экономикалық немесе индустриялық аймақтың жылу және электр энергиясын өндіру және (немесе) беру, сумен жабдықтау және газбен жабдықтау, кәріз, көлік коммуникациялары, көрсетілетін байланыс қызметтері объектілерінің және өзге де объектілердің құрамына кіретін объектілер;

13) қосалқы қызмет түрлері – арнайы экономикалық аймақтың аумағында оның қатысушылары болып табылмайтын тұлғалар жүзеге асыратын, арнайы экономикалық аймақ қатысушыларының қызметіне қызмет көрсету үшін қажетті қызмет түрлері;

14) қосалқы қызмет түрлерін жүзеге асыратын тұлғалар – осы Заңға сәйкес қосалқы қызмет түрлерін жүзеге асыратын, арнайы экономикалық аймақтың қатысушылары болып табылмайтын дара кәсіпкерлер немесе заңды тұлғалар;

15) қызметті жүзеге асыру туралы шарт – арнайы экономикалық немесе индустриялық аймақтың қатысушысы немесе бірнеше қатысушысы мен арнайы экономикалық немесе индустриялық аймақтың басқарушы компаниясы арасында жасалатын, арнайы экономикалық немесе индустриялық аймақтың аумағында және (немесе) олардың құқықтық режимінде қызметті жүзеге асыру талаптарын, тараптардың құқықтарын, міндеттері мен жауапкершілігін белгілейтін шарт;

16) өңірлік үйлестіру кеңесі – облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әкімі немесе оның орынбасары басқаратын, осы Заңға сәйкес функцияларды және Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған өзге де функцияларды жүзеге асыратын консультативтік-кеңесші орган;

17) өтініш беруші – арнайы экономикалық аймақтың басқарушы компаниясына басым немесе бейінді емес, немесе қосалқы қызмет түрлерін жүзеге асыруға арналған өтінішті не индустриялық аймақтың басқарушы компаниясына индустриялық аймақтың қатысушысы ретінде кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға арналған өтінішті беретін тұлға;

17-тармақша жаңа редакцияда жазылды ҚР 30.12.2022 № 177-VII ҚРЗ Заңына сәйкес (27.12.2021 ж. редакцияны қараңыз)(өзгерту қолданысқа енгізіледі 12.01.2023 жылдан бастап)

18) сарапшылық кеңес – осы Заңға сәйкес арнайы экономикалық аймақтарды құрудың, олардың жұмыс істеу мерзімін ұзартудың және таратудың орындылығы, сондай-ақ республикалық маңызы бар индустриялық аймақтарды құрудың, олардың жұмыс істеу мерзімін ұзартудың және таратудың орындылығы мәселелерін қарайтын, тұрақты түрде жұмыс істейтін ведомствоаралық консультативтік-кеңесші орган;

19) уәкілетті орган – арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың құрылуы, жұмыс істеуі және таратылуы саласында мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган.

2-бап. Қазақстан Республикасының арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар туралы заңнамасы

1. Қазақстан Республикасының арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.

2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда қамтылғаннан өзгеше қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.

Осы Заңның күші мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың құрылуы, жұмыс істеуі және таратылуы кезінде туындайтын қоғамдық қатынастардың субъектілері болып табылатын жеке және заңды тұлғаларға қолданылады.

4-бап. Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарды мемлекеттік реттеу қағидаттары

1. Қазақстан Республикасында арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарды мемлекеттік реттеу мүдделер теңгерімі, әділдік, транспаренттілік және өндірісті ынталандыру қағидаттарына негізделеді.

2. Қазақстан Республикасының арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар туралы заңнамасы осы Заңда көзделген қағидаттарға қайшы келе алмайды.

Осы Заң Қазақстан Республикасының аумағында арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың құрылуы, жұмыс істеуі және таратылуы кезінде туындайтын қоғамдық қатынастардың барлық субъектісі мүдделерінің теңгерімін көздейді.

Тараптардың құқықтары мен міндеттері мөлшерлес болатын және тараптар өздерінің заңды мүдделерін іске асыру үшін тең мүмкіндіктерге ие болатын құқықтық қатынастардың жай-күйі осы Заңның мақсаттары үшін мүдделер теңгерімі деп түсініледі.

Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың әлеуетті қатысушыларына, осындай қызметті жүзеге асыруға арналған талаптар сақталған жағдайда, осындай аймақтардың аумағында қызметті жүзеге асыру үшін қол жеткізудің тең мүмкіндіктері беріледі.

Транспаренттілік қағидаты арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарды құру кезінде, сондай-ақ арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың қатысушыларының қызметті жүзеге асыруы және жаңа қатысушыларды осындай аймақтардың аумағында қызметті жүзеге асыру үшін жіберу кезінде бүкпесіз, ашық және жариялы рәсімдерді қамтамасыз етуден көрінеді.

Өндірісті ынталандыру қағидаты отандық тауар өндірушілерге, сондай-ақ жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді отандық өнім берушілерге Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға қайшы келмейтіндей шамада қолдау көрсетуден көрінеді.

Ссылка на абзац скопирована в буфер обмена

Комментарий успешно добавлен

Ссылка на документ скопирована в буфер обмена

Документ добавлен в избранное

Комментарий удален

Закладка успешно добавлена

Закладка удалена

Закладка изменена

Функция доступна только для подписчиков системы

Содержание