• Мое избранное
Қазақстан Республикасында валюталық операцияларды жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы

Отправить по почте

Toggle Dropdown
  • Комментировать
  • Поставить закладку
  • Оставить заметку
  • Информация new
  • Редакции абзаца

Қазақстан Республикасында валюталық операцияларды жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2019 жылғы 30 наурыздағы № 40 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2019 жылғы 15 сәуірде № 18512 болып тіркелді

Осы Қаулыға өзгеріс енгізу қарастырады - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 31.03.2026 жылғы № 29 Қаулысына сәйкес (өзгерту 12.07.2026 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
Редакция 19.04.2026 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен  
«Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ережесін және құрылымын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 31 желтоқсандағы № 1271 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы ереженің 19-тармағының екінші бөлігі екінші абзацының 43) тармақшасына және «Мемлекеттік статистика туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабы 3-тармағының 2) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
Кіріспе жаңа редакцияда жазылды ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 20.12.2021 жылғы № 113 Қаулысына сәйкес (20.07.2020 ж. редакцияны қараңыз) (өзгерту 08.01.2022 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
Кіріспе жаңа редакцияда жазылды ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 24.12.2025 жылғы № 99 Қаулысына сәйкес (20.02.2025 ж. редакцияны қараңыз)(өзгерту 01.01.2026 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасында валюталық операцияларды жүзеге асыру қағидалары бекітілсін.
2. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес тізбе бойынша Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің, сондай-ақ Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актісі құрылымдық элементінің күші жойылды деп танылсын.
3. Төлем балансы және валюталық реттеу департаменті (Қуандықов Ә.Ә.) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) Заң департаментімен (Сәрсенова Н.В.) бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы қаулы мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оны қазақ және орыс тілдерінде «Республикалық құқықтық ақпарат орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде ресми жариялау және оған енгізу үшін жіберуді;
3) осы қаулы ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;
4) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы қаулының осы тармағының 2), 3) тармақшаларында және 4-тармағында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
4. Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау және сыртқы коммуникациялар басқармасы (Терентьев А.Л.) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін мерзімді баспасөз басылымдарында ресми жариялауға жіберуді қамтамасыз етсін.
5. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары О.А. Смоляковқа жүктелсін.
6. Осы қаулы ресми жариялануға тиіс және 2019 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі.
Ұлттық Банк Төрағасы Е. Досаев
«КЕЛІСІЛДІ»
Қазақстан Республикасының
Сыртқы істер министрлігі
 ___________________________
 20___ жылғы «___» __________
«КЕЛІСІЛДІ»
Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрлігінің
Статистика комитеті
 ___________________________
 20___ жылғы «___» __________
Қазақстан Республикасы
Ұлттық Банкі Басқармасының
2019 жылғы 30 наурыздағы
№ 40 қаулысымен
бекітілген
Қазақстан Республикасында валюталық операцияларды жүзеге асыру қағидалары
Осы Қағидалар өзгертілді ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 19.03.2020 жылғы № 25 Қаулысымен (30.03.2019 ж. редакцияны қараңыз)(өзгерту 23.03.2020 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
Осы Қағидалар өзгертілді ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 20.07.2020 жылғы № 93 Қаулысымен (19.03.2020 ж. редакцияны қараңыз)(өзгерту 07.08.2020 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
Осы Қағидалар өзгертілді ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 20.12.2021 жылғы № 113 Қаулысымен (20.07.2020 ж. редакцияны қараңыз) (өзгерту 08.01.2022 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
Осы Қағидалар өзгертілді ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 26.09.2023 жылғы № 66 Қаулысымен (20.12.2021 ж. редакцияны қараңыз)(өзгерту 07.01.2024 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
Осы Қағидалар өзгертілді ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 22.08.2024 жылғы № 48 Қаулысымен (26.09.2023 ж. редакцияны қараңыз)(өзгерту 01.01.2025 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
Осы Қағидалар өзгертілді ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 20.02.2025 жылғы № 4 Қаулысымен (22.08.2024 ж. редакцияны қараңыз)(өзгерту 14.03.2025 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
Осы Қағидалар өзгертілді ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 24.12.2025 жылғы № 99 Қаулысымен (20.02.2025 ж. редакцияны қараңыз)(өзгерту 01.01.2026 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
Осы Қағидалар жаңа редакцияда жазылды ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 31.03.2026 жылғы № 29 Қаулысына сәйкес (24.12.2025 ж. редакцияны қараңыз)(өзгерту 19.04.2026 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Қазақстан Республикасында валюталық операцияларды жүзеге асыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ережесін және құрылымын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 31 желтоқсандағы № 1271 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы ереженің 19-тармағының екінші бөлігі екінші абзацының 43) тармақшасына сәйкес әзірленді және онда резиденттер мен бейрезиденттердің Қазақстан Республикасында валюталық операцияларды жүзеге асыру тәртібі айқындалады.
Қағидаларда мынадай:
валюталық операцияларды жүзеге асыру;
Қазақстан Республикасының ішкі валюта нарығында қолма-қол ақшасыз шетел валютасын сатып алу және (немесе) сату;
банктік шот бойынша қолма-қол шетел валютасын алуға, есепке жатқызуға және пайдалануға байланысты операцияларды жүргізу тәртібі қамтылады.
2. Қағидаларда пайдаланылатын ұғымдар «Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы» Қазақстан Республикасының Заңында (бұдан әрі – Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы заң) көрсетілген мағынасында қолданылады.
Қағидаларда мынадай ұғымдар мен қысқартулар да пайдаланылады:
1) БСН – бизнес-сәйкестендіру нөмірі;
2) ЖСН – жеке сәйкестендіру нөмірі;
3) қолма-қол ақшасыз шетел валютасын сатып алу сомасының шекті мәні – Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы заңның 10-бабы 6-тармағының екінші бөлігіне сәйкес айқындалатын Қазақстан Республикасының ішкі валюта нарығында қолма-қол ақшасыз шетел валютасын ұлттық валютаға сатып алу мақсаттарын және оны мәлімделген мақсаттарға пайдаланылуын растау жөніндегі талаптар қолданылатын Қазақстан Республикасының ішкі валюта нарығында қолма-қол ақшасыз шетел валютасын сатып алу сомасының мөлшері;
4) тіркеу куәлігі – Қағидалар қолданысқа енгізілгенге дейін валюталық шартты тіркеу кезінде берілген және күші жойылмаған, белгіленген үлгідегі құжат;
5) Ұлттық Банк – Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі;
6) хабарлама туралы куәлік – Қағидалар қолданысқа енгізілгенге дейін валюталық шартқа немесе шетелдік банктегі шотқа берілген және күші жойылмаған, белгіленген үлгідегі құжат;
7) ішкі корпоративтік ақша аударымы – заңды тұлға өзінің құрылымдық бөлімшелерімен немесе бір заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшелерінің арасында жүзеге асырылатын ақша аударымы.
2-тарау. Валюталық операцияларды жүзеге асыру және жүргізілген валюталық операциялар туралы хабарламаны және (немесе) мәліметтерді ұсыну тәртібі
1-параграф. Валюталық операцияларды жүзеге асыру және жүргізілген валюталық операциялар туралы хабарламаны және (немесе) мәліметтерді ұсыну
3. Валюталық бақылау агенттері болып табылатын уәкілетті банк, бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушы резидент немесе бейрезидент Қағидаларға сәйкес ұсынған құжаттар және (немесе) мәліметтер болған жағдайда валюталық операция жүргізеді.
Қағидалардың мақсаты үшін егер төлемнің және (немесе) ақша аударымының валютасы Америка Құрама Штаттарының (бұдан әрі – АҚШ) долларынан басқа валюта болса, төлем және (немесе) ақша аударымы сомасының баламасы операция жүргізілген күнгі валюта айырбастаудың нарықтық бағамы пайдаланыла отырып есептеледі.
Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы заңның 5-бабының 7-тармағына сәйкес, «Қазақстан Республикасында экспорттық-импорттық валюталық бақылауды жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2023 жылғы 29 қыркүйектегі № 78 және Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Қаржы министрінің 2023 жылғы 4 қазандағы № 1054 бірлескен қаулысымен және бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33512 болып тіркелген) бекітілген Қазақстан Республикасында экспорттық-импорттық валюталық бақылауды жүзеге асыру қағидаларында (бұдан әрі – Экспорттық-импорттық валюталық бақылауды жүзеге асыру қағидалары) есептік нөмір берілуі тиіс экспорт немесе импорт жөніндегі валюталық шарттар бойынша төлемдерді және (немесе) ақша аударымын жүзеге асыру ерекшеліктері көзделеді.
4. Резиденттің міндеттемелерін орындау мақсатында бейрезиденттің шетелдік банктегі, халықаралық қаржы ұйымындағы шотынан резиденттің валюталық операциясы бойынша төлем және (немесе) ақша аударымы:
1) резиденттің бейрезиденттен алған қаржылай қарызын үшінші тұлғалардың шоттарына аударған;
2) өзі тіркелген мемлекеттің заңнамасы бойынша бағалы қағаздар нарығында кәсіби қызметті жүзеге асыруға құқығы бар бейрезидент резидентке бағалы қағаздар нарығында қаржылық қызметтер көрсеткен;
3) бейрезидент резидентке тапсырма шарты бойынша қызметтер көрсеткен жағдайда жүзеге асырылады.
5. Есептік нөмір берілуі тиіс валюталық шарт бойынша төлемді және (немесе) ақша аударымын жүзеге асырған кезде резидент төлем құжаттарында осындай шарттың деректемелерін және есептік нөмірін көрсетеді. Келіп түсетін соманы сәйкестендіру үшін резидент бейрезидентті өз пайдасына ақша аударуға арналған төлем құжаттарында валюталық шарттың деректемелерін және оның есептік нөмірін көрсету қажеттілігі туралы хабардар етеді.
Есептік нөмір берілуі тиіс валюталық шарт бойынша төлемді және (немесе) ақша аударымын жүзеге асыру кезінде уәкілетті банк (оның филиалы) төлем құжатында валюталық шарт деректемелерінің және оның есептік нөмірінің болуын тексереді.
Егер капитал қозғалысының операцияларын немесе оларға теңестірілген операцияларды жүзеге асыруға негіз болатын және (немесе) орындалатын немесе шетелдік банктегі, халықаралық қаржы ұйымындағы шотты пайдалана отырып төлемдер және (немесе) ақша аударымы жүзеге асырылатын, есептік нөмір берілген не тіркеу куәлігі немесе хабарлама туралы куәлік берілген валюталық шартқа (бұдан әрі – капитал қозғалысы жөніндегі валюталық шарт) «Қазақстан Республикасында валюталық операцияларды мониторингтеу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2019 жылғы 10 сәуірдегі № 64 қаулысымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 18544 болып тіркелген) бекітілген Қазақстан Республикасында валюталық операцияларды мониторингтеу қағидаларының (бұдан әрі – Валюталық операцияларды мониторингтеу қағидалары) 14 және 21-тармақтарына сәйкес жаңа есептік нөмір берілетін өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілсе, онда төлемді және (немесе) ақша аударымын қолданыстағы есептік нөмірді (тіркеу куәлігінің немесе хабарлама туралы куәліктің нөмірін) пайдалана отырып жүзеге асыруға болады. Бұл ретте уәкілетті банк (оның филиалы) резидентке жаңа есептік нөмірді беру қажеттілігі туралы еркін нысанда хабарлайды.
Егер валюталық шарт бойынша резиденттің пайдасына келіп түскен төлем және (немесе) ақша аударымы бойынша төлем құжатында осындай шарттың деректемелері және (немесе) оның есептік нөмірі дұрыс көрсетілмесе немесе болмаса, онда уәкілетті банк ақшаны есепке жатқызуды валюталық шарттың деректемелерін және (немесе) оның есептік нөмірін резиденттің жазбаша растауының негізінде жүргізеді.
Валюталық шарт бойынша келіп түскен ақшаны есепке алу үшін қажетті деректер төлем құжатында болмаған жағдайда, уәкілетті банк (оның филиалы) келіп түскен соманы сәйкестендіру қажеттілігі туралы резидентке алдын ала жазбаша хабарлай отырып, оны жөнелтушінің нұсқауларын сақтау шотына есепке жатқызады. Резидент валюталық шарттың деректемелерін және оның есептік нөмірін көрсете отырып, уәкілетті банкке (оның филиалына) келіп түскен соманың сипаты туралы жазбаша хабарлайды.
6. Егер келіп түскен ақша күнтізбелік бір жүз сексен күннің ішінде валюталық шарттың деректемелері немесе оның есептік нөмірі бойынша сәйкестендірілмеген не резидент Қағидаларда көзделген құжаттарды және (немесе) мәліметтерді ұсыну жөніндегі өзге әрекеттерді орындамаса, уәкілетті банк (оның филиалы) мұндай нұсқауды жөнелтушіге орындамай қайтарады.
7. Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы заңның 7-бабының 4-тармағында көзделген жағдайларда жеке тұлға уәкілетті банкте шот ашпай және (немесе) оны пайдаланбай, Қазақстан Республикасының аумағында, Қазақстан Республикасынан және Қазақстан Республикасына баламасы он мың АҚШ долларынан аспайтын сомаға валюталық операция бойынша төлемді және (немесе) ақша аударымын жүзеге асырады.
8. Валюталық бақылау агенті болып табылатын уәкілетті банк, бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушыcы валюталық бақылау агенттерінің клиенттері жол берген, күнтізбелік ай ішінде өздеріне белгілі болған Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасын бұзу фактілері туралы келесі күнтізбелік айдың соңғы күнінен кешіктірмей, Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысандағы бұзушылық бойынша карточкаға сәйкес Ұлттық Банкке хабарлайды.