Toggle Dropdown
Шетелдік қаржылық емес ұйымдардың Қазақстан Республикасында қызметін жүзеге асыратын филиалдарының (өкілдіктерінің) ақпарат ұсыну қағидаларын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2019 жылғы 30 наурыздағы № 41 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2019 жылғы 12 сәуірде № 18509 болып тіркелді
Редакция 01.01.2026 жылғы жағдай бойынша өзгерістер мен толықтырулармен
«Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ережесін және құрылымын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 31 желтоқсандағы № 1271 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы ереженің 19-тармағының екінші бөлігі екінші абзацының 45) тармақшасына және «Мемлекеттік статистика туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабы 3-тармағының 2) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Шетелдік қаржылық емес ұйымдардың Қазақстан Республикасында қызметін жүзеге асыратын филиалдарының (өкілдіктерінің) ақпарат ұсыну қағидалары бекітілсін.
2. «Қазақстан Республикасының аумағында қызметін жүзеге асыратын Қазақстан Республикасы бейрезиденттерінің валюталық операцияларына мониторингті жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 263 қаулысының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 13691 болып тіркелген, 2016 жылғы 25 мамырда «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған) күші жойылды деп танылсын.
3. Төлем балансы және валюталық реттеу департаменті (Қуандықов Ә.Ә.) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) Заң департаментімен (Сәрсенова Н.В.) бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы қаулы мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оны қазақ және орыс тілдерінде «Республикалық құқықтық ақпарат орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін жіберуді;
3) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;
4) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы қаулының осы тармағының 2) және 3) тармақшаларында және 4-тармағында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
4. Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау және сыртқы коммуникациялар басқармасы (Терентьев А.Л.) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін мерзімді баспасөз басылымдарында ресми жариялауға жіберуді қамтамасыз етсін.
5. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары О.А. Смоляковқа жүктелсін.
6. Осы қаулы ресми жариялануға тиіс және 2019 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі.
Ұлттық Банк Төрағасы Е. Досаев
«КЕЛІСІЛДІ»
Қазақстан Республикасы
Қаржы министрлігі
«КЕЛІСІЛДІ»
Қазақстан Республикасы
Сыртқы істер министрлігі
«КЕЛІСІЛДІ»
Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрлігінің
Статистика комитеті
«КЕЛІСІЛДІ»
Қазақстан Республикасы
Энергетика министрлігі
Қазақстан Республикасы
Ұлттық Банкі Басқармасының
2019 жылғы 30 наурыздағы
№ 41 қаулысымен
бекітілді
Шетелдік қаржылық емес ұйымдардың Қазақстан Республикасында қызметін жүзеге асыратын филиалдарының (өкілдіктерінің) ақпарат ұсыну қағидалары
1. Осы Шетелдік қаржылық емес ұйымдардың Қазақстан Республикасында қызметін жүзеге асыратын филиалдарының (өкілдіктерінің) ақпарат ұсыну қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ережесін және құрылымын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 31 желтоқсандағы № 1271 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы ереженің (бұдан әрі – Ұлттық Банк туралы ереже) 19-тармағының екінші бөлігі екінші абзацының 45) тармақшасына, «Мемлекеттік статистика туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабы 3-тармағының 2) тармақшасына сәйкес әзірленді және онда Қазақстан Республикасында қызметін бір жылдан астам жүзеге асыратын шетелдік қаржылық емес ұйымдар филиалдарының (өкілдіктерінің) (бұдан әрі – филиалдар (өкілдіктер) есептерді ұсыну нысандары мен мерзімдерін, сондай-ақ филиалдар (өкілдіктер) жүзеге асыру кезінде есептерді ұсыну талап етілетін қызмет түрлерін қоса алғанда, ақпаратты ұсыну тәртібі айқындалады.
2. Қағидаларда «Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көрсетілген мағынасында қолданылатын ұғымдар мен терминдер пайдаланылады.
3. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің аумақтық филиалы (бұдан әрі – Ұлттық Банктің аумақтық филиалы) филиалға (өкілдікке) еркін нысандағы жазбаша сұратуды жібереді. Филиал (өкілдік) осындай сұратуды алған күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей өзі орналасқан орны бойынша Ұлттық Банктің аумақтық филиалына Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша шетелдік қаржылық емес ұйымның филиалы (өкілдігі) туралы есепті ұсынады.
4. Ұлттық Банктің аумақтық филиалы алынған ақпараттың негізінде Қағидаларға сәйкес есептер нысанында резиденттермен және бейрезиденттермен жасалған операциялар туралы ақпаратты ұсынатын филиалдардың (өкілдіктердің) тізімін (бұдан әрі – филиалдардың (өкілдіктердің) тізімі) жасайды.
Филиалдардың (өкілдіктердің) тізіміне қызметтің мына түрлерін жүзеге асыратын филиалдар (өкілдіктер) енгізіледі:
1) өңделмеген мұнайды, табиғи және ілеспе газды өндіру;
3) пайдалы қазбаларды игерумен байланысты қызмет;
4) сәулет, инженерлік және өзге техникалық қызмет;
5) ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыс.
5. Ұлттық Банктің аумақтық филиалы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша шетелдік қаржылық емес ұйымның филиалы (өкілдігі) туралы есепті алған күннен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей филиалға (өкілдікке) ол филиалдардың (өкілдіктердің) тізіміне енгізілгені және Қағидалардың 7-тармағына сәйкес есептерді ұсыну қажеттілігі туралы хабарлайды.
Филиалдардың (өкілдіктердің) тізімі Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми интернет-ресурсында орналастырылады және өзгеруіне қарай жаңартылып отырады.
6. Филиалдардың (өкілдіктердің) тізіміне енгізілген филиал (өкілдік) Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша шетелдік қаржылық емес ұйымның филиалы (өкілдігі) туралы есептің «Жалпы ақпарат» А бөлігінде бұдан бұрын берілген деректемелері мен көрсеткіштері өзгертілгені жөніндегі еркін нысандағы хабарламаны өзінің орналасқан орны бойынша Ұлттық Банктің аумақтық филиалына жібереді.
7. Филиалдардың (өкілдіктердің) тізіміне енгізілген филиал (өкілдік) өзінің орналасқан орны бойынша Ұлттық Банктің аумақтық филиалына мына есептерді:
1) Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша Қазақстан Республикасында жүзеге асырылатын жобалар туралы есепті – жыл сайын, ағымдағы жылғы 5 (бесінші) сәуірге дейін (қоса алғанда);
2) Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша Қазақстан Республикасында жобаларды іске асыру туралы есепті – тоқсан сайын, есепті тоқсаннан кейінгі бірінші айдың 20 (жиырмасына) дейін (қоса алғанда);
3) Қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес нысан бойынша шетел банктеріндегі банктік шоттардағы ақша қозғалысы туралы есепті – тоқсан сайын, есепті тоқсаннан кейінгі бірінші айдың 20 (жиырмасына) дейін (қоса алғанда);
4) Қағидаларға 5-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өнімді бөлу туралы келісім бойынша шығынды өтеу және пайданы бөлу туралы есепті тоқсан сайын, есепті тоқсаннан кейінгі бірінші айдың 25 (жиырма бесіне) дейін (қоса алғанда) ұсынады.
8. Филиал (өкілдік) Ұлттық Банктің аумақтық филиалына Қағидаларға сәйкес талап етілетін есептерді қағаз тасымалдағышта не электрондық цифрлық қолтаңбамен растау рәсімін сақтай отырып, ақпараттық жүйелерді қолдану арқылы электрондық тәсілмен ұсынады.
Өзге тәсілмен ұсынылған есеп кейіннен қағаз тасымалдағышта не электрондық цифрлық қолтаңбамен растау рәсімін сақтай отырып, ақпараттық жүйелерді қолдану арқылы электрондық тәсілмен растауды талап етеді.
Бір есеп түрлі тәсілдермен ұсынылған кезде есепті ұсыну күні болып бұрын ұсынылған күн саналады.
Егер Қағидаларда белгіленген есепті ұсыну мерзімі жұмыс істемейтін күні аяқталса, онда есепті ұсыну мерзімінің аяқталу күні деп одан кейінгі жұмыс күні саналады. Қағаз тасымалдағышта есепті ұсыну күні қолма-қол ұсынылған кезде адресаттың есепті алу күні немесе пошта штемпеліндегі жөнелту күні саналады.
9. Филиалдардың (өкілдіктердің) тізіміне енгізілген филиал (өкілдік) Ұлттық Банк аумақтық филиалының сұратуы бойынша ұсынылған есептердің дәйектілігін тексеру үшін қажетті құжаттарды (филиал (өкілдік) туралы ереженің, шарттардың, шот-фактуралардың, қабылдау-өткізу актілерінің, төлем тапсырмаларының, сондай-ақ қаржылық есептіліктің көшірмесін) ұсынады.
9-1. Филиалдардың (өкілдіктердің) тізіміне енгізілген филиал (өкілдік) Ұлттық Банктің сұратуы бойынша сұратуда көрсетілген нысан бойынша және мерзімде жобаны іске асыру, қаржыландыру және қаржыландыруды қайтару, өзге де қаржы-өндірістік көрсеткіштер туралы болжамды ақпаратты өтініште көрсетілген нысанда және мерзімде ұсынады.
10. Филиалда (өкілдікте) мемлекеттік кірістер органының аумақтық бөлімшесінің салық төлеушінің салық есептілігін тоқтата тұрғаны туралы шешімінің көшірмесі болған жағдайда, филиал (өкілдік) өзінің орналасқан орны бойынша Ұлттық Банктің аумақтық филиалына осындай шешімнің көшірмесін берген күннен бастап салық есептілігін ұсынуды тоқтата тұру мерзімі аяқталғанға дейін Қағидалардың 7-тармағында көрсетілген есептерді ұсыну талап етілмейді.
11. Филиал (өкілдік) Қағидалардың 4-тармағының екінші бөлігінде көрсетілген қызмет түрлерін жүзеге асыру тоқтатылған, әділет органдарында есептік тіркеуден шығарылған, жобаны іске асыру аяқталған және/немесе Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша Қазақстан Республикасында жобаларды іске асыру туралы есептерден алынатын көрсеткіштер серпіні қатарынан төрт тоқсан ішінде төмендеген кезде филиалдардың (өкілдіктердің) тізімінен алып тасталады.
Шетелдік қаржылық емес ұйымдардың Қазақстан Республикасында
қызметін жүзеге асыратын филиалдарының
(өкілдіктерінің) ақпарат ұсыну қағидаларына
1-қосымша
Әкімшілік деректерді
жинауға арналған
нысан
Ұсынылады: Қазақстан Республикасында қызметін бір жылдан астам жүзеге асыратын шетелдік қаржылық емес ұйымның филиалы (өкілдігі) орналасқан орны бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің аумақтық филиалына
Әкімшілік деректерді өтеусіз негізде жинауға арналған нысаны www.nationalbank.kz интернет-ресурсында орналастырылған