Toggle Dropdown
Қазақстан Республикасында экспорттық-импорттық валюталық бақылауды жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2019 жылғы 30 наурыздағы № 42 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2019 жылғы 16 сәуірде № 18539 болып тіркелді
Редакция 08.01.2022 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен
«Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 15-бабы екінші бөлігінің 60) тармақшасына, «Мемлекеттік статистика туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабы 3-тармағының 2) тармақшасына және «Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабы 4-тармағының 3) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасында экспорттық-импорттық валюталық бақылауды жүзеге асыру қағидалары бекітілсін.
2. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес тізбе бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының кейбір қаулыларының күші жойылды деп танылсын.
3. Төлем балансы және валюталық реттеу департаменті (Қуандықов Ә.Ә.) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) Заң департаментімен (Сәрсенова Н.В.) бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы қаулы мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оны қазақ және орыс тілдерінде «Республикалық құқықтық ақпарат орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде ресми жариялау және енгізу үшін жіберуді;
3) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;
4) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы қаулының осы тармағының 2), 3) тармақшаларында және 4-тармағында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
4. Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау және сыртқы коммуникациялар басқармасы (Терентьев А.Л.) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін мерзімді баспасөз басылымдарында ресми жариялауға жіберуді қамтамасыз етсін.
5. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары О.А. Смоляковқа жүктелсін.
6. Осы қаулы ресми жариялануға тиіс және 2019 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі.
Ұлттық Банк Төрағасы Е. Досаев
«КЕЛІСІЛДІ»
Қазақстан Республикасы
Қаржы министрлігі
«КЕЛІСІЛДІ»
Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрлігінің
Статистика комитеті
Қазақстан Республикасы
Ұлттық Банкі Басқармасының
2019 жылғы 30 наурыздағы
№ 42 қаулысымен
бекітілді
Қазақстан Республикасында экспорттық-импорттық валюталық бақылауды жүзеге асыру қағидалары
1. Осы Қазақстан Республикасында экспорттық-импорттық валюталық бақылауды жүзеге асыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 15-бабы екінші бөлігінің 60) тармақшасына, «Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы заң) 5-бабы 4-тармағының 3) тармақшасына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасында экспорттық-импорттық валюталық бақылауды жүзеге асыру тәртібін айқындайды.
Экспорттық-импорттық валюталық бақылау – бұл Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі (бұдан әрі – Ұлттық Банк), басқа да мемлекеттік органдар өз құзыреттері шеңберінде және уәкілетті банктер экспорттаушылардың немесе импорттаушылардың экспорт немесе импорт бойынша шетел және (немесе) ұлттық валютаны репатриациялау талабын (бұдан әрі – репатриациялау талабы) орындауын қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асыратын шаралар кешені.
экспорт немесе импорт жөніндегі валюталық шарттар бойынша есептік нөмірлерді алу;
экспорт немесе импорт жөніндегі валюталық шарттар бойынша репатриациялау талаптарының орындалуын бақылау;
экспорт немесе импорт жөніндегі валюталық шарттар бойынша ақша қозғалысының және міндеттемелердің өзге де орындалуының мониторингі;
экспорт немесе импорт жөніндегі валюталық шарттарды есептік тіркеуден алу тәртібі қамтылады.
2. Осы Қағидаларда қолданылған ұғымдар Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы заңда және «Электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы» 2003 жылғы 7 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңында көрсетілген мағыналарда пайдаланылады.
Осы Қағидалардың мақсаттары үшін сондай-ақ мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) тіркеу журналы – есептік нөмірлер берілген экспорт немесе импорт жөніндегі валюталық шарттарды тіркеу үшін есептік тіркеу банкі жүргізетін журнал;
2) есептік тіркеу – экспорт немесе импорт жөніндегі валюталық шартқа есептік нөмір беру, осындай шарт шеңберінде міндеттемелердің орындалуы жөнінде есеп жүргізу және есептілік ұсыну;
3) есептік тіркеу банкі – репатриациялау талабының орындауын бақылау үшін есептік тіркеуді жүзеге асыратын уәкілетті банк (оның филиалы) немесе Ұлттық Банктің аумақтық филиалы;
4) есептік нөмір – экспорт немесе импорт жөніндегі валюталық шартқа берілген және валюталық операциялар бойынша есеп пен есептілікті қамтамасыз етуге арналған сәйкестендіру нөмірі;
5) репатриациялау мерзімі – экспорттаушы немесе импорттаушы тараптардың экспорт немесе импорт жөніндегі валюталық шарт бойынша міндеттемелерін орындау талаптары негізінде есептейтін:
экспорт күні мен экспортты төлеуге валюта келіп түскен күн;
импорт бойынша төлем және (немесе) ақша аударымы күні мен бейрезидент міндеттемелерін орындамаған және (немесе) толық орындамаған жағдайда импорт бойынша пайдаланылмаған аванстық төлем қайтарылған күн;
импорт бойынша төлем және (немесе) ақша аударымы күні мен валюталық шартта пайдаланылмаған аванстық төлемді қайтару мерзімі болмаған жағдайда импорт күні арасындағы уақыт кезеңі;
6) экспорттаушы немесе импорттаушы – экспорт немесе импорт жөніндегі валюталық шарт жасаған, сондай-ақ экспорт немесе импорт жөніндегі валюталық шарт бойынша талап қоюдың өтуі нәтижесінде бейрезидентке талап қою құқығын қабылдаған немесе осындай шарт бойынша борышты аудару нәтижесінде бейрезидент алдындағы борышты қабылдаған Қазақстан Республикасының резиденті (заңды тұлға, оның филиалы, сондай-ақ дара кәсіпкер).
3. Валюталық бақылау құжаттары репатриациялау талабының орындауын бақылауды жүзеге асыру кезінде қағаз тасымалдағышпен немесе электрондық тәсілмен түскен ақпарат және (немесе) құжаттар, оның ішінде орындалған жұмыстар актілері, көрсетілген қызметтер актілері, нақты өткізілген тауарлар, орындалған жұмыстар, көрсетілген қызметтер,үшін шот-фактуралар, инвойстар, тауарларға арналған декларациялар, жанама салықтарды төлеу немесе қосылған құн салығынан және (немесе) акциздерден босату туралы растауы бар тауарларды әкелу және жанама салықтардың төленгенi туралы өтiнiштер (бұдан әрі – тауарларды әкелу туралы өтiнiш), жанама салықтардың төлену фактісін растау туралы хабарлама (босату не төлеудің өзге тәртібі), шетелдік банкте ашылған шот бойынша ақша қозғалысы туралы үзінді-көшірме, салыстырып тексерулер актілері және экспорт немесе импорт жөніндегі валюталық шарттың талаптарына сәйкес басқа құжаттар болып табылады.
4. Тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер экспортының немесе импортының күні:
1) тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың (бұдан әрі – Одақ) кеден шекарасы арқылы өткізген кезде – тауарлардың шығарылған, тауарларға арналған декларациясында көрсетілген, сыртқы сауданың кедендік статистикасында экспорт немесе импорт ретінде есепке алынатын тауарды кедендік рәсіммен орналастыруды растайтын күні;
2) тауарларды Одақтың кедендік аумағының ішінде өткізген кезде:
импорт үшін – тауарды есепке қабылдаған, тауарларды әкелу туралы өтініште көрсетілген күн;
экспорт үшін – шот-фактураның тауарларды әкелу туралы өтініште көрсетілген күні;
3) осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көрсетілмеген жағдайларда:
өзара сауданың кедендік статистикасында экспорт немесе импорт ретінде есепке алынатын тауардың кедендік рәсіммен орналастырылуын растайтын тауарларға арналған декларацияда көрсетілген, тауарлардың шығарылған күні – егер тауарларға арналған декларация ресімдесе;
тауарлардың берілуін, жұмыстардың орындалуын, қызметтердің көрсетілуін растайтын құжаттарға қол қойылған (қабылданған) күн;
нақты берілген тауарлар, орындалған жұмыстар, көрсетілген қызметтер үшін шот-фактураның, инвойстың берілген күні;
жұмыстардың орындалғанын, қызметтердің көрсетілгенін растайтын құжаттарға қол қоюды (қабылдауды) және нақты орындалған жұмыстар, көрсетілген қызметтер үшін шот-фактура, инвойс беруді көздемейтін экспорт немесе импорт жөніндегі валюталық шарттың талаптарына сәйкес міндеттемелерді орындаудың басталған күні болып табылады.
5. Тауарларды экспорт немесе импорт үшін Қазақстан Республикасының шекарасы арқылы өткізу:
1) тауарларды Қазақстан Республикасының аумағынан (аумағына) Одаққа мүше басқа мемлекеттердің аумағына (аумағынан) өткізу;