• Мое избранное
Қазақстан Республикасында валюталық операцияларды мониторингтеу қағидаларын бекіту туралы

Отправить по почте

Toggle Dropdown
  • Комментировать
  • Поставить закладку
  • Оставить заметку
  • Информация new
  • Редакции абзаца

Қазақстан Республикасында валюталық операцияларды мониторингтеу қағидаларын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2019 жылғы 10 сәуірдегі № 64 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2019 жылғы 18 сәуірде № 18544 болып тіркелді

Осы Қаулыға өзгеріс енгізу қарастырады - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 31.03.2026 жылғы № 29 Қаулысына сәйкес (өзгерту 12.07.2026 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
Редакция 19.04.2026 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен  
«Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ережесін және құрылымын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 31 желтоқсандағы № 1271 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы ереженің 19-тармағының екінші бөлігі екінші абзацының 41) тармақшасына және «Мемлекеттік статистика туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабы 3-тармағының 2) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
Кіріспе жаңа редакцияда жазылды ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 27.02.2023 жылғы № 8 Қаулысына сәйкес (28.02.2022 ж. редакцияны қараңыз)(өзгерту 07.04.2023 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
Кіріспе жаңа редакцияда жазылды ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 24.12.2025 жылғы № 99 Қаулысына сәйкес (20.02.2025 ж. редакцияны қараңыз)(өзгерту 01.01.2026 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасында валюталық операцияларды мониторингтеу қағидалары бекітілсін.
2. Төлем балансы және валюталық реттеу департаменті (Қуандықов Ә.Ә.) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) Заң департаментімен (Сәрсенова Н.В.) бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы қаулы мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оны қазақ және орыс тілдерінде «Республикалық құқықтық ақпарат орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін жіберуді;
3) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;
4) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы қаулының осы тармағының 2), 3) тармақшаларында және 3-тармағында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау және сыртқы коммуникациялар басқармасы (Терентьев А.Л.) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін мерзімді баспасөз басылымдарында ресми жариялауға жіберуді қамтамасыз етсін.
4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары О.А. Смоляковқа жүктелсін.
5. Осы қаулы ресми жариялануға тиіс және 2019 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі.
Ұлттық Банк Төрағасы Е. Досаев
«КЕЛІСІЛДІ»
Қазақстан Республикасының
Қаржы министрлігі
«КЕЛІСІЛДІ»
Қазақстан Республикасының
Сыртқы істер министрлігі
«КЕЛІСІЛДІ»
Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрлігінің
Статистика комитеті
Қазақстан Республикасы
Ұлттық Банкі Басқармасының
2019 жылғы 10 сәуірдегі
№ 64 қаулысымен
бекітілді
Қазақстан Республикасында валюталық операцияларды мониторингтеу қағидалары
Осы Қағидалар өзгертілді ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 20.07.2020 жылғы № 93 Қаулысымен (10.04.2019 ж. редакцияны қараңыз)(өзгерту 07.08.2020 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
Осы Қағидалар өзгертілді ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 28.02.2022 жылғы № 13 Қаулысымен (20.07.2020 ж. редакцияны қараңыз)(өзгерту 04.04.2022 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
Осы Қағидалар өзгертілді ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 27.02.2023 жылғы № 8 Қаулысымен (28.02.2022 ж. редакцияны қараңыз)(өзгерту 07.04.2023 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
Осы Қағидалар өзгертілді ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 26.09.2023 жылғы № 66 Қаулысымен (27.02.2023 ж. редакцияны қараңыз)(өзгерту 07.01.2024 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
Осы Қағидалар өзгертілді ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 22.08.2024 жылғы № 48 Қаулысымен (26.09.2023 ж. редакцияны қараңыз)(өзгерту 01.01.2025 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
Осы Қағидалар өзгертілді ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 20.02.2025 жылғы № 4 Қаулысымен (22.08.2024 ж. редакцияны қараңыз)(өзгерту 14.03.2025 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
Осы Қағидалар өзгертілді ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 24.12.2025 жылғы № 99 Қаулысымен (20.02.2025 ж. редакцияны қараңыз)(өзгерту 01.01.2026 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
Осы Қағидалар жаңа редакцияда жазылды ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 31.03.2026 жылғы № 29 Қаулысына сәйкес (24.12.2025 ж. редакцияны қараңыз)(өзгерту 19.04.2026 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Қазақстан Республикасында валюталық операцияларды мониторингтеу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң ережесiн және құрылымын бекiту туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 31 желтоқсандағы № 1271 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi туралы ереженің (бұдан әрі – Ұлттық Банк туралы ереже) 19-тармағының екінші бөлігі екінші абзацының 41) тармақшасына, «Мемлекеттік статистика туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабы 3-тармағының 2) тармақшасына сәйкес әзірленді және онда Қазақстан Республикасында валюталық операцияларды мониторингтеуді жүзеге асыру тәртібі айқындалады.
2-тармақтың бірінші бөлігі 2026 жылғы 12 шілдеге дейін тоқтатылды ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 31.03.2026 жылғы № 29 Қаулысына сәйкес, тоқтатыла тұру кезеңінде осы тармақтың бірінші бөлігі келесі редакциясында әрекет етеді: Болашақ басылымның көрсету 
2. Қағидаларда пайдаланылатын ұғымдар мен терминдер Қазақстан Республикасының Цифрлық Кодексінде және «Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы» Қазақстан Республикасының Заңында (бұдан әрі – Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы заң) көрсетілген мағынасында қолданылады.
Қағидалардың мақсаты үшін мынадай ұғымдар да пайдаланылады:
1) бейрезидент-эмитенттердің бағалы қағаздары – базалық активі бейрезидент-эмитенттердің бағалы қағаздары болып табылатын депозитарлық қолхаттарды қоса алғанда, Қазақстан Республикасының және (немесе) эмитент елінің заңнамасына сәйкес бағалы қағаздар болып танылатын қаржы құралдары;
2) есептік нөмірлердің тізілімі – олардың негізінде және (немесе) орындалуы үшін капитал қозғалысының операциялары және оларға теңестірілген операциялар жүргізілетін валюталық шарттарға (бұдан әрі – капитал қозғалысы жөніндегі валюталық шарттар) және шетелдік банктердегі, халықаралық қаржы ұйымдарындағы шоттарға Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі (бұдан әрі – Ұлттық Банк) берген қолданыстағы есептік нөмірлердің, сондай-ақ тіркеу куәліктерінің, хабарлау туралы куәліктердің қолданыстағы нөмірлерінің тізбесі;
3) инвестициялау объектісі – акциялары, қатысу үлесі, пайлары сатып алынатын (сатып алынған) заңды тұлға, инвестициялық пай қоры, сондай-ақ мүлкіне мүліктік жарналар енгізілетін (енгізілген) заңды тұлға, жай серіктестік, консорциум. Депозитарлық қолхаттармен операциялар жүргізілген жағдайда олардың базалық активі болып табылатын бағалы қағаз эмитенті инвестициялау объектісі болып табылады;
4) инвестор – инвестициялау объектiсiне меншік құқығы өтетін (өткен) жеке немесе заңды тұлға;
5) капитал қозғалысы бойынша валюталық шарт – олардың негізінде және (немесе) орындалуы үшін капитал қозғалысы операциялары мен оларға теңестірілген операциялар жүзеге асырылатын келісімдер, құрылтай құжаттары, оларға енгізілген өзгерістер және (немесе) толықтырулар, сондай-ақ өзге де құжаттар;
6) меншікті операциялар – валюталық шарт тарапы болып табылатын резиденттің өз атынан жүзеге асыратын операциясы;
7) резидент-эмитенттердің бағалы қағаздары – базалық активі резидент-эмитенттердің бағалы қағаздары болып табылатын депозитарлық қолхаттарды қоса алғанда, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бағалы қағаздар болып танылатын қаржы құралдары;
8) тіркеу куәлігі – Қағидалар қолданысқа енгізілгенге дейін валюталық шартты тіркеу кезінде Ұлттық Банк берген және күші жойылмаған құжат;
9) хабарлама туралы куәлік – Қағидалар қолданысқа енгізілгенге дейін валюталық шартқа немесе шетелдік банктегі шотқа Ұлттық Банк берген және күші жойылмаған құжат.
3. Капитал қозғалысы және оларға теңестірілген операциялар бойынша валюталық шарттарға, резиденттердің шетелдік банктердегі, халықаралық қаржы ұйымдарындағы шоттарына есептік нөмірлер беру Ұлттық Банк тарапынан қандай да бір міндеттемелерсіз жүзеге асырылады. Есептік нөмірдің болуы Қазақстан Республикасының заңнамасының талаптарын бұзғаны үшін жауаптылықтан босатуға негіз бола алмайды.
4. Қағидалардың 15-тармағы бірінші бөлігінің 9) тармақшасында және 22-тармағы бірінші бөлігінің 4) тармақшасында көзделген мән-жайлардың туындағанын растайтын құжат сот шешімі не шет мемлекеттің уәкілетті мемлекеттік органының жеке тұлға-бейрезиденттің қайтыс болуын тіркеу, қайтыс болды деп жариялау, әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп тану, сондай-ақ бейрезидент заңды тұлғаны тарату туралы құжаты болып табылады. Егер бұл құжаттар шет тілінде жасалған болса, онда олардың қазақ немесе орыс тілдеріндегі аудармасы қоса ұсынылады.
5. Егер Қағидаларда белгіленген мәліметтерді, есептерді және (немесе) өзге де құжаттарды ұсыну мерзімі жұмыс істемейтін күнге сәйкес келсе, онда тиісті мерзім келесі жұмыс күніне ауыстырылады.
6. Қағидаларда өзгеше көзделмесе, заңды тұлғаларға қатысты (банктерді, Қазақстан Республикасының аумағында қызметін жүзеге асыратын бейрезидент банктердің филиалдарын қоспағанда) белгіленген Қағидалардың ережелері олардың филиалдары мен өкілдіктеріне де қолданылады.
7. Есептік нөмірлердің тізілімі Ұлттық Банктің ресми интернет-ресурсында орналастырылады.
2-тарау. Валюталық операцияларды мониторингтеу тәртібі
1-параграф. Капитал қозғалысы бойынша валюталық шарттарға есептік нөмірлер беру
8.  Капитал қозғалысы бойынша валюталық шартқа есептік нөмір беріледі, және оның аясында:
1) баламасы 500 000 (бес жүз мың) Америка Құрама Штаттарының (бұдан әрі – АҚШ) долларынан асатын сомада (сыйақы, комиссия, айыппұл және өзге де төлемдерді есептемегенде) Қазақстан Республикасына мүліктің (ақшаның) түсуі және (немесе) резиденттің бейрезидентке мүлікті (ақшаны) қайтару міндеттемесінің туындауы;
2) баламасы 500 000 (бес жүз мың) АҚШ долларынан асатын сомада (сыйақы, комиссия, айыппұл және өзге де төлемдерді есептемегенде) Қазақстан Республикасынан мүлікті беру (ақша аудару) және (немесе) резиденттің бейрезидентке мүлікті (ақшаны) қайтаруы жөнінде талаптардың туындауы көзделеді.
9. Егер капитал қозғалысы бойынша валюталық шартта оған қол қойылған күні (ондай күн болмаған жағдайда – күшіне енген күні) шарттың сомасы көрсетілмеген болса, мұндай валюталық шарт есептік нөмір берілетін шарт ретінде қарастырылады.
Шарттың сомасы АҚШ долларынан өзге валютада көрсетілген және АҚШ долларына айырбастау бағамы көрсетілмеген капитал қозғалысы бойынша валюталық шартқа есептік нөмір беруді айқындау мақсаты үшін АҚШ долларында валюталық шарт сомасының баламасын есептеу валюталық шартқа қол қойылған күні (ондай күн болмаған жағдайда – валюталық шарт күшіне енген күні) валюта айырбастаудың нарықтық бағамын пайдалана отырып жүзеге асырылады.
Капитал қозғалысы бойынша валюталық шартқа оның сомасын ұлғайтатын өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілген кезде, новация шартын жасау арқылы валюталық операция сомасы ұлғайтылған кезде, шарт сомасының ұлғаюының АҚШ долларындағы баламасы қосымша келісімге, новация шартына қол қойылған күні (ондай күн болмаған жағдайда – қосымша келісім, новация шарты күшіне енген күні) нарықтық айырбастау бағамы бойынша есептеледі.
Сомасы Қағидалардың 8-тармағында көрсетілген шекті мәннен аспайтын капитал қозғалысы бойынша валюталық шарт бойынша, шартқа тиісті өзгерістер енгізілмей шарт сомасы нақты ұлғайтылған жағдайда, валюталық шарт бойынша нақты орындалған міндеттемелер сомасының АҚШ долларындағы баламасын есептеу тиісті операциялар жасалған күні валюта айырбастаудың нарықтық бағамын пайдалана отырып жүзеге асырылады.
Талапты басқаға беру немесе борышты ауыстыру нәтижесінде резиденттің бейрезидентке талап ету құқығын немесе бейрезидент алдындағы борышты қабылдауы кезінде валюталық шарттың сомасы ретінде сыйақыны, комиссияны, айыппұлды және өзге де төлемдерді қоса алғанда, берілетін (қабылданатын) талап немесе борыш сомасы танылады.
10. Капитал қозғалысы бойынша валюталық шарттың резидент-қатысушысы есептік нөмір алу үшін өзінің тұрақты тұратын жері (жеке тұлға үшін) немесе орналасқан жері (заңды тұлға үшін) бойынша Ұлттық Банктің аумақтық филиалына өтініш жасайды.
Қазақстан Республикасынан тыс жерде тұратын резидент жеке тұлға есептік нөмір алу үшін тіркелген (тұрғылықты) жері бойынша Ұлттық Банктің аумақтық филиалына өтініш жасайды.
11. Резидент-қатысушы капитал қозғалысы бойынша валюталық шарт бойынша міндеттемелерді тараптардың кез келгені орындай бастағанға дейін есептік нөмір алуға өтініш жасайды. Егер міндеттемелерді орындауды бірінші болып бейрезидент-қатысушы бастаса және бұл орындау мүлікті резиденттің пайдасына берумен (ақша түсуімен) байланысты болса, онда капитал қозғалысы бойынша валюталық шарттың резидент-қатысушысы мүлікті (ақшаны) алғанға дейін осындай валюталық шартқа есептік нөмір беруге өтініш жасайды.