Bestprofi Logo

Қаулы № 70 от 2019-05-02г./Қазақстан Республикасының Ұлттық Банк Басқармасы

Банк акцияларын мәжбүрлеп сатып алудың және оларды кейіннен инвесторларға міндетті түрде сатудың қағидаларын бекіту туралы

Отправить на почту


Языки документа

Документ на казахском языке

Банк акцияларын мәжбүрлеп сатып алудың және оларды кейіннен инвесторларға міндетті түрде сатудың қағидаларын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2019 жылғы 2 мамырдағы № 70 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2019 жылғы 14 мамырда № 18669 болып тіркелді

«Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» 1995 жылғы 31 тамыздағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

1. Қоса беріліп отырған Банк акцияларын мәжбүрлеп сатып алудың және оларды кейіннен инвесторларға міндетті түрде сатудың қағидалары бекітілсін.

2. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес тізбе бойынша Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілерінің, сондай-ақ Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілерінің құрылымдық элементтерінің күші жойылды деп танылсын.

3. Банктерді қадағалау департаменті (Қизатов О.Т.) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

1) Заң департаментімен (Сәрсенова Н.В.) бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

2) осы қаулы мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оны қазақ және орыс тілдерінде «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін жіберуді;

3) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;

4) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы қаулының осы тармағының 2), 3) тармақшаларында және 4-тармағында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

4. Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау және сыртқы коммуникациялар басқармасы (Терентьев А.Л.) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін мерзімді баспасөз басылымдарында ресми жариялауға жіберуді қамтамасыз етсін.

5. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары О.А. Смоляковқа жүктелсін.

6. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2019 жылғы 2 мамыр № 70 қаулысымен бекітілді

Банк акцияларын мәжбүрлеп сатып алудың және оларды кейіннен инвесторларға міндетті түрде сатудың қағидалары

1. Осы Банк акцияларын мәжбүрлеп сатып алудың және оларды кейіннен инвесторларға міндетті түрде сатудың қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» 1995 жылғы 31 тамыздағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленді және қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның (бұдан әрі – уәкілетті орган) банктің акцияларын мәжбүрлеп сатып алу және оларды кейіннен инвесторларға (бұдан әрі – инвестор) сату тәртібін айқындайды.

1-тармақ жаңа редакцияда жазылды ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 30.03.2020 жылғы № 28 Қаулысына сәйкес (02.05.2019 ж. редакцияны қараңыз)(өзгерту 18.04.2020 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)

2. Уәкілетті орган банк акцияларын меншіктеу құқығының инвесторға өтуін қамтамасыз ету мақсатында банк акцияларын мәжбүрлеп сатып алу рәсімін қолданады және сатып алынатын акцияларды соңғы сатып алушы (иеленуші) болып табылмайды.

2-тарау. Банк акцияларын мәжбүрлеп сатып алудың және кейіннен инвесторға міндетті түрде сатудың негіздемелері және талаптары

3. Банк акцияларын мәжбүрлеп сатып алу үшін негіз банкте меншікті капиталдың теріс мөлшерін белгілеу болып табылады.

Егер банк міндеттемелерінің сомасы оның активтерінің құнынан асатын болса, банктің меншікті капиталы теріс болып табылады.

4. Банктің сатып алынған акцияларын уәкілетті орган банктің меншікті капиталының ұлғаюына (бұдан әрі – қайта капиталдандыру) және инвестор алған мiндеттемелердi ескере отырып оның қалыпты жұмыс iстеуiне кепiлдiк беретiн талаптармен сатып алу бағасы бойынша сатады.

5. Уәкілетті орган банктің акцияларын сатып алуға ниетті инвесторды іздестіру туралы ақпаратты Қазақстан Республиксының бүкіл аумағында тараталатын мерзімді баспсөз басылымдарына қазақ және орыс тілдерінде және уәкілетті органның ресми интернет-ресурсына жариялайды.

6. Инвесторға мынадай талаптар қойылады:

1) банктің акционері үшін Қазақстан Республикасының банктік заңнамасында қойылатын талаптарға сәйкес келуі;

2) конфиденциалдылықты сақтау және коммерциялық құпияны сақтау жөнінде жазбаша міндеттемелер қабылдау.

7. Сатып алынған акцияларды кейіннен инвесторға сату туралы шешімді уәкілетті орган Қағидалардың 6, 9 және 12-тармақтарында көзделген талаптар орындалған кезде қабылдайды.

3-тарау. Банк акцияларын мәжбүрлеп сатып алудың және кейіннен инвесторға міндетті түрде сатудың рәсімдері

8. 6-тармағының талаптарына сәйкес келетін тұлға (бұдан әрі – өтініш беруші) уәкілетті органға банктің акцияларын сатып алу ниеті туралы өтінішпен жүгінеді.

Банктің акцияларын сатып алу ниеті туралы бір өтінішпен 2 (екі) және одан көп тұлға бірлесіп жүгінген жағдайларда, көрсетілген тұлғалар өтінішке қосымша олардың әрқайсысы сатып алатын банк акцияларының санын және сатып алынатын акциялар үшін ақы төлеуге енгізілуге тиісті ақша сомасын анықтайтын, олардың арасында өзара жасалған келісімді ұсынады.

Уәкілетті органға осы мәселе бойынша заңды тұлға инвестордың атынан инвестордың атқарушы органының немесе басқару органының бірінші басшысы өтініш білдіреді.

9. Өтініш беруші өтінішке мыналар қамтылатын банкті қайта капиталдандыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын қоса ұсынады:

1) қаржы ұйымының қаржы жағдайын қалыпқа келтіру жөніндегі іс-шаралардың жан-жақты сипаттамасы (банктің меншікті капиталын пруденциялық нормативтер және сақтауға міндетті өзге нормалар мен лимиттер орындалатын шамаға дейін қалпына келтіруге бағытталған шығыстарды төмендету жөніндегі шаралар, қосымша қаржылық салымдар (ақша салымының сомасы мен көздерін көрсете отырып), қосымша кірістер алу жөніндегі іс-шаралар және өзге іс-шаралар);

2) банкті қаржылық қалыпқа келтіру жөніндегі іс-шараларды орындаудың күнтізбелік мерзімдері;

3) қалыпқа келтіру іс-шараларының болжамды экономикалық әсері (пруденциялық нормативтер өзгерістерінің серпіні, банктің меншікті капиталының өзгерісі, банктің қаржылық және өзге көрсеткіштерінің өзгерісі).

10. Акцияларды кейіннен сату мақсатымен оларды мәжбүрлеп сатып алу туралы оң шешiм қабылданған жағдайда, уәкiлеттi орган жаңа инвесторға алдағы уақытта жасалатын мәмiленiң болжамды мерзiмiмен қоса оны жасау талаптарын бiрлесiп қарауды бастау туралы жазбаша хабарлама жiбередi.

Банктің акцияларын сатып алғысы келетiн 2 (екi) немесе одан да көп тұлға бірлесіп бір өтiнiш берген жағдайда, уәкілетті орган олардың әрқайсысына осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген жазбаша хабарламаны жібереді.

11. Инвестордың ұсыныстары қабылданған жағдайда, уәкілетті орган ол туралы инвесторға жазбаша хабарлайды. Банктің акцияларын сату және ол бойынша мiндеттемелердiң орындалуын қамтамасыз ету талаптарын енгiзе отырып, уәкілетті орган мен инвестор арасында жасалатын банктің сатып алынған акцияларын сатып алу-сату шартының жобасы уәкілетті орган инвесторға хабарлаған күннен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде жасалады.

12. Инвестор Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкiндегі тиісті шотына (бұдан әрі – шот) акциялардың сату бағасын, сондай-ақ банкті қайта капиталдандыру үшін қажетті соманы уәкілетті органның көрсетілген шотты ашқаны туралы жазбаша хабарламаны инвестор алған күннен бастап 7 (жеті) жұмыс күні ішінде енгізеді.

13. Инвестор Қағидалардың 12-тармағында көрсетілген ақшаны шотқа енгізгеннен кейін банктің сатып алынған акцияларын сатып алу-сату шартының жобасы күнтізбелік 30 (отыз) күн ішінде уәкiлеттi органның Басқармасының қарауына шығарылады. Банктің сатып алынған акцияларын сатып алу-сату шарты уәкілетті орган банктің осындай акцияларын кейіннен инвесторға сату туралы шешім қабылдаған күннен бастап күшіне енеді.

Уәкілетті органның Басқармасы акцияларды кейіннен инвесторға сату мақсатымен оларды мәжбүрлеп сатып алу туралы теріс шешiм қабылдаған жағдайда, уәкiлеттi орган осы шешім қабылданған күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде инвестор Қағидалардың 12-тармағына сәйкес енгізген ақшаны инвесторға қайтаруды жүзеге асырады.

14. Банктің акцияларын мәжбүрлеп сатып алуды және оларды кейіннен инвесторға сатуды ресімдеу уәкілетті органның банктің акцияларын мәжбүрлеп сатып алу туралы шешім және банктің акцияларын кейіннен инвесторға сату туралы шешім қабылдауы арқылы жүргізіледі.

15. Уәкiлеттi органның банктің акцияларын мәжбүрлеп сатып алу туралы шешiмi және банктің сатып алынған акцияларын инвесторға сату туралы шешімі банктің акцияларын банк акцияларының бұрынғы иелерінің шоттарынан есептен шығару және оларды уәкілетті органның орталық депозитарийдің есепке алу жүйесінде ашылған жеке шотына есепке алу үшін негiз болып табылады.

16. Банктің сатып алынған акцияларын сатып алу-сату мәмiлелердi тiркеу Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығы туралы заңнамасына сәйкес уәкілетті органның және инвестордың қарама-қарсы бұйрықтарының негізінде жүзеге асырылады.

17. Бұрынғы иелеріне банктің сатып алынған акцияларының жалпы көлеміндегі акциялардың үлесіне тепе-тең сомадағы акциялардың акциялар құнын төлеу уәкілетті органның өкімі негізінде банктің сатып алынған акцияларын сатып алу-сату шарты күшіне енгеннен кейін 10 (он) жұмыс күні ішінде шоттан жүргізіледі.

18. Банктің акцияларын кейіннен инвесторға сата отырып, мәжбүрлеп сатып алу бойынша iс-шаралар жүргiзуге байланысты шығыстар осы инвестордың есебінен жұмсалады.

19. Уәкiлеттi орган банктің акцияларын мәжбүрлеп сатып алу және сатып алынған акцияларды кейіннен инвесторға сату туралы шешiмдер қабылданған күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішiнде Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында таралатын мерзімді баспасөз басылымдарында және уәкілетті органның ресми интернет-ресурсында қазақ және орыс тілдерінде тиiстi хабарлама жариялайды.

20. Уәкiлеттi орган банктің акцияларын мәжбүрлеп сатып алу және кейіннен сатып алынған акцияларды сату туралы шешiмдi ол қабылданған күннен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде банкке жiбередi. Банктің атқару органының басшысы не оның орнындағы адам көрсетілген шешiмге қол қоя отырып танысады және атқару органының мүшелерін хабардар етеді.

21. Банкті қайта капиталдандыру үшін инвестор енгізген ақша сомасы банктің атқарушы органы басшысынан не оның орнындағы адамнан еркін нысанда жасалған өтінішхат алғаннан кейін 10 (он) жұмыс күні ішінде уәкілетті органның өкімі негізінде банктің корреспонденттік шотына аударылады.

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2019 жылғы 2 мамыр № 70 қаулысына қосымша

Күші жойылды деп танылған Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің, сондай-ақ Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілері құрылымдық элементтерінің тізбесі

1. «Банк акцияларын мәжбүрлеп сатып алу және оларды инвесторларға міндетті түрде сату ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау жөніндегі агенттігі Басқармасының 2005 жылғы 26 наурыздағы № 113 қаулысы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 3576 болып тіркелген, 2005 жылғы 2 қыркүйекте «Заң газеті» газетінде № 96-97 (721) жарияланған).

2. «Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілеріне сәйкестендіру нөмірлері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау жөніндегі агенттігі Басқармасының 2007 жылғы 28 мамырдағы № 155 қаулысымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 4803 болып тіркелген, 2007 жылғы мамыр-шілдеде Қазақстан Республикасы орталық атқарушы және өзге де орталық мемлекеттік органдарының актілер жинағында жарияланған) бекітілген Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілеріне сәйкестендіру нөмірлері бойынша енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар тізбесінің 10-тармағы.

3. «Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының «Банк акцияларын мәжбүрлеп сатып алу және оларды инвесторларға міндетті түрде сату ережесін бекіту туралы» 2005 жылғы 26 наурыздағы № 113 қаулысына толықтырулар мен өзгеріс енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау жөніндегі агенттігі Басқармасының 2008 жылғы 28 қарашадағы № 202 қаулысы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5484 болып тіркелген, 2009 жылғы мамыр-шілдеде Қазақстан Республикасы орталық атқарушы және өзге де орталық мемлекеттік органдарының актілер жинағының № 4 жарияланған).

4. «Қазақстан Республикасының кейбір нормативтiк құқықтық актілеріне сәйкестендiру нөмiрлерi бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау жөніндегі агенттігі Басқармасының 2010 жылғы 29 наурыздағы № 50 қаулысымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6219 болып тіркелген, 2010 жылғы 26 тамызда Қазақстан Республикасы орталық атқарушы және өзге де орталық мемлекеттік органдарының актілер жинағының № 14 жарияланған) бекітілген Қазақстан Республикасының кейбір нормативтiк құқықтық актілеріне сәйкестендiру нөмiрлерi бойынша енгiзiлетiн өзгерістер мен толықтырулар тізбесінің 6-тармағы.

5. «Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілеріне өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2013 жылғы 26 сәуірдегі № 110 қаулысымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8505 болып тіркелген, 2013 жылғы 6 тамызда «Заң газеті» газетінде № 115 (2316) жарияланған жарияланған) бекітілген Өзгерістер енгізілетін Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің тізбесінің 7-тармағы.

Ссылка на абзац скопирована в буфер обмена

Комментарий успешно добавлен

Ссылка на документ скопирована в буфер обмена

Документ добавлен в избранное

Комментарий удален

Закладка успешно добавлена

Закладка удалена

Закладка изменена

Функция доступна только для подписчиков системы

Содержание