Toggle Dropdown
Заңды тұлғаларды, филиалдар мен өкілдіктерді тіркеу мәселелері бойынша мемлекеттік көрсетілетін қызметтер стандарттарын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2019 жылғы 26 маусымдағы № 349 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2019 жылғы 28 маусымда № 18916 болып тіркелді
«Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» 2013 жылғы 15 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабын 1),«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік көрсетілетін қызметтер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2019 жылғы 2 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес бизнес-ортаны дамыту және сауда қызметін реттеу мәселелері бойынша» тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1) «Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу, олардың филиалдар мен өкілдіктерін есептік тіркеу» мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарты осы бұйрықтың 1-қосымшасына сәйкес;
2) «Заңды тұлғаларды мемлекеттік қайта тіркеу, олардың филиалдары мен өкілдіктерін есептік қайта тіркеу» мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарты осы бұйрықтың 2-қосымшасына сәйкес;
3) «Заңды тұлғаларды тіркеу (қайта тіркеу) туралы, олардың филиалдары мен өкілдіктерін есептік тіркеу (қайта тіркеу) туралы анықтама беру» мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарты осы бұйрықтың 3-қосымшасына сәйкес;
4) «Жеке кәсіпкерлік субъектілеріне жатпайтын заңды тұлғаның, сондай-ақ акционерлік қоғамның, олардың филиалдары мен өкілдіктерінің жарғысының (ережесінің) телнұсқасын беру» мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарты осы бұйрықтың 4-қосымшасына сәйкес;
5) «Жеке кәсіпкерлік субъектісіне жатпайтын заңды тұлғаның, сондай-ақ акционерлік қоғамның құрылтай құжаттарына, олардың филиалдары (өкілдіктері) туралы ережелерге енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды мемлекеттік тіркеу» мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарты осы бұйрықтың 5-қосымшасына сәйкес;
6) «Заңды тұлға қызметінің тоқтатылуын мемлекеттік тіркеу, филиал мен өкілдікті есептік тіркеуден шығару» мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарты осы бұйрықтың 6-қосымшасына сәйкес;
7) «Заңды тұлғалар» мемлекеттік дерекқорынан анықтама беру» мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарты осы бұйрықтың 7-қосымшасына сәйкес бекітілсін.
2. Осы бұйрыққа 8-қосымшаға сәйкес кейбір бұйрықтарының күші жойылды деп танылсын.
3. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Тіркеу қызметі және заң қызметін ұйымдастыру департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде оны қазақ және орыс тілдерінде Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне ресми жариялау және оған енгізу үшін «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;
4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Әділет министрінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
5. Осы бұйрық 2019 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға жатады.
Қазақстан Республикасының Әділет министрі М. Бекетаев
«КЕЛІСІЛДІ»
Қазақстан Республикасының
цифрылық даму, инновациялар
және аэроғарыш
өнеркәсібі министрі
________________А. Жұмағалиев
Қазақстан Республикасы
Әділет министрінің
2019 жылғы 26 маусымдағы
№ 349 бұйрығына
1–қосымша
«Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу, олардың филиалдары мен өкілдіктерін есепті тіркеу» мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарты
1. «Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу, олардың филиалдары мен өкілдіктерін есептік тіркеу» мемлекеттік көрсетілетін қызмет (бұдан әрі – мемлекеттік көрсетілетін қызмет).
2. «Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу, олардың филиалдары мен өкілдіктерін есептік тіркеу» мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартын (бұдан әрі - Стандарт) Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі (бұдан әрі - Министрлік) әзірледі.
3. Мемлекеттік қызметті Әділет министрлігі және оның аумақтық органдары коммерциялық ұйым болып табылмайтын заңды тұлғаларға, филиалдарға және өкілдіктерге қатысты және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) коммерциялық ұйым болып табылатын заңды тұлғаларға, филиалдарға және өкілдіктерге қатысты (бұдан әрі – көрсетілетін қызметті беруші) көрсетеді.
Өтінішті қабылдау және мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесін беру:
1) «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация);
2) www.egov.kz «электрондық үкімет» веб-порталы (бұдан әрі – портал) арқылы жүзеге асырылады.
2-тарау. Мемлекеттік қызметтер көрсету тәртібі
4. Құжаттарды тапсырған кезден бастап мемлекеттік қызмет көрсету мерзімдері:
1) Мемлекеттік корпорацияға:
қызметін үлгілік болып табылмайтын жарғы негізінде жүзеге асыратын акционерлік қоғамдарды, олардың филиалдарын (өкілдіктерін) қоспағанда, жеке кәсіпкерлік субъектілеріне жататын заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу, олардың филиалдарын (өкілдіктерін) есептік тіркеу қажетті құжаттарды қоса бере отырып, өтініш берілген күннен кейінгі бір жұмыс күнінен кешіктірілмей жүргізіледі;
саяси партияларды қоспағанда, жеке кәсіпкерлік субъектілеріне жатпайтын заңды тұлғаларды, сондай-ақ қызметін үлгілік болып табылмайтын жарғы негізінде жүзеге асыратын акционерлік қоғамдарды мемлекеттік тіркеу, олардың филиалдарын (өкілдіктерін) есептік тіркеу: қажетті құжаттарды қоса бере отырып, өтініш берілген күннен кейін көрсетілетін қызмет берушінің орналасқан жері бойынша он жұмыс күннен кешіктірмей, көрсетілетін қызмет берушінің орналасқан жерінен тыс он бес жұмыс күннен кешіктірілмей жүргізіледі;
cаяси партияларды мемлекеттік тіркеу және олардыңфилиалдарын (өкілдіктерін) есептік тіркеу қажетті құжаттарды қоса бере отырып, өтініш берілген күннен бастап бір айдан кешіктірілмей жүргізіледі.
Құжаттарды тапсыру үшін күтудің рұқсат етілетінең ұзақ уақыты – 15 минуттан аспайды;
Көрсетілетін қызметті алушыға қызмет көрсетудің рұқсат етілетін ең ұзақ уақыты – 20 минуттан аспайды;
2) порталда - акционерлік қоғамдарды, олардың филиалдарын (өкілдіктерін) қоспағанда, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне жататын заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу, өтініш берілген кезден бастап жұмыс күнінің бір сағаты ішінде көрсетіледі.
Құжаттар топтамасы толық ұсынылмаған, оларда кемшіліктер болған, құрылтай құжаттары бойынша сарапшының (маманның) қорытындысын алу қажеттігі болған жағдайларда, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген өзге де негіздер бойынша заңды тұлғаны, филиалды немесе өкілдікті мемлекеттік (есептік) тіркеу мерзімі анықталған кемшіліктер жойылғанға немесе тиісті қорытынды (сараптама) алынғанға дейін тоқтатылатұрады.
Республикалық және өңірлік мәртебесі бар қоғамдық және діни бірлестіктерді, сонымен қатар, саяси партияларды, шетелдік және халықаралық коммерциялық емес үкіметтік емес бірлестіктердің филиалдары мен өкілдіктерін мемлекеттік (есептік) тіркеуді Қазақстан Республикасының Әділет Министрлігі (бұдан әрі - Министрлік) жүзеге асырады.
Құрылған, қайта құрылған заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеуді және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеуді, жергілікті мәртебесі бар қоғамдық және діни бірлестіктерді, қорларды және заңды тұлғалардың бірлестіктерін, қоғамдық және діни бірлестіктердің филиалдары мен өкілдіктерін, сондай-ақ қорлар мен заңды тұлғалар бірлестігін есептік тіркеуді аумақтық әділет органдары жүргізеді.
Коммерциялық ұйымдарға жатқызылатын заңды тұлғалардың мемлекеттік тіркеуін және олардың филиалдары мен өкілдіктерінің есептік тіркеуін Мемлекеттік корпорация жүзеге асырады.
5. Мемлекеттік қызмет көрсету нысаны: электронды/қағаз түрінде.
6. Мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесі:
1 қосымшаға сәйкес бойынша коммерциялық емес ұйымға жататын заңды тұлғаны және 2 қосымшаға сәйкес коммерциялық ұйымға жататын заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу туралы анықтама (бұдан әрі - анықтама), сондай-ақ 3 қосымшаға сәйкес нысан бойынша коммерциялық емес ұйымға жататын заңды тұлғалардың филиалын және 4 қосымшаға сәйкес нысан бойынша коммерциялық ұйымға жататын заңды тұлғаның филиалын (өкілдікті) есептік тіркеу туралы анықтама, не осы стандарттың 10-тармағында көзделген жағдайларда және негіздер бойынша мемлекеттік қызмет көрсетуден жазбаша түрде дәлелді бас тарту.
Порталға жүгінген кезде, көрсетілетін қызметті алушының «жеке кабинетіне» электрондық цифрлық қолтаңбамен (бұдан әрі - ЭЦҚ) куәландырылған электрондық құжат нысанындағы мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесі жолданады.
Мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесін ұсыну нысаны: электрондық/қағаз түрінде.
Көрсетілетін қызметті алушы осы стандарттың 9-тармағында көзделген тізбеге сәйкес құжаттар топтамасын толық ұсынбаған жағдайда, Мемлекеттік корпорация қызметкері өтінішті қабылдаудан бас тартады және осы стандартқа 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша құжаттарды қабылдаудан бас тарту туралы қолхат береді.
7. Мемлекеттік көрсетілетін қызмет шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне жататын заңды тұлғаларды қоспағанда, заңды тұлғаларға (бұдан әрі - көрсетілетін қызметті алушы) ақылы көрсетіледі.
Коммерциялық емес ұйымдарды және олардың филиалдары мен өкілдіктерін тіркеу бойынша мемлекеттік қызметті көрсеткені үшін тіркеу алымы белгіленген.Тіркеу алымының сомасы осы стандартқа 6-қосымшасына сәйкес «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі)» 2017 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Кодексінде белгіленген мөлшерлеме бойынша есептеледі және салық салу объектісінің тіркеу орны бойынша тиісті құжаттар берілгенге дейін төленеді.
«Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы» Заңның 10 бабы заңды тұлғаларды тіркеу саласындағы тауар (жұмыс, қызмет) бағасына сай, коммерциялық ұйымдар және олардың филиалдары мен өкілдіктерін тіркеу бойынша мемлекеттік қызметті көрсеткені үшін төлем алынады.
Мемлекеттік көрсетілетін қызметті алуға электрондық сұрау салу берілген жағдайда, төлем портал арқылы «электрондық үкімет» төлем шлюзі арқылы жүзеге асырылады.