Toggle Dropdown
Табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2019 жылғы 13 тамыздағы № 73 бұйрығы.
Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2019 жылғы 14 тамызда № 19242 болып тіркелді
Редакция 29.11.2025 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен
«Мемлекеттік статистика туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабының 3-тармағының 2) тармақшасына, «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабының 1) тармақшасына және «Табиғи монополиялар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабының 6) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін жүзеге асыру қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмелерін қағаз және электронды түрде қазақ және орыс тілдерінде ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жолдауды
3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
4) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрі
Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрінің
2019 жылғы 13 тамыздағы
№ 73 бұйрығымен
бекітілген
Табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін жүзеге асыру қағидалары
1. Осы Табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін жүзеге асыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабының 1) тармақшасына (бұдан әрі – Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы Заң) және «Табиғи монополиялар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 8-бабының 6) тармақшасына сәйкес әзірленді және табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін жүзеге асыруды, сондай-ақ «Аэронавигация, әуежайлар және байланыс саласындағы көрсетілетін қызметтерді қоспағанда, Табиғи монополиялар субьектілерінің мемлекеттік тіркеліміне енгізу және шығару», «Аэронавигация, әуежайлар және байланыс саласындағы көрсетілетін қызметтерді қоспағанда, егер ағымдағы жылдың басындағы бухгалтерлік баланста есепке алынған, оған қатысты мәміле жасалатын мүліктің баланстық құны ағымдағы жылдың басындағы бухгалтерлiк балансқа сәйкес оның активтерінің баланстық құнының 0,05 процентінен асатын болса, табиғи монополия субъектісінің мүлкімен мәмілелер жасауға келісім беру» және «Аэронавигация, әуежайлар және байланыс саласындағы көрсетілетін қызметтерді қоспағанда, табиғи монополиялар субъектілерін қайта ұйымдастыруға немесе таратуға келісім беру» мемлекеттік қызметтерін көрсету тәртібін айқындайды.
1) табиғи монополиялар субъектілерінің мемлекеттік тіркеліміне қосу және одан шығару тәртібін;
2) жария тыңдаулар өткізу тәртібін;
3) «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – Рұқсаттар және хабарламалар туралы Заң) сәйкес табиғи монополия субъектісінің жекелеген іс-қимылдар жасауына келісім беру, сондай-ақ табиғи монополия субъектісінен реттеліп көрсетілетін қызметтерге жатпайтын қызметті жүзеге асыруы туралы хабарламаны қабылдау тәртібін;
4) табиғи монополиялар субъектілерінің сатып алуды өткізу тәртібін;
5) реттеліп көрсетілетін қызметтерге қол жеткізудің тең жағдайларын қамтамасыз ету тәртібін;
6) тұтынушылар мен өзге де мүдделі тұлғалар алдында табиғи монополиялар субъектілерінің бекітілген тарифтік сметалардың орындалуы туралы, бекітілген инвестициялық бағдарламалардың орындалуы туралы, реттеліп көрсетілетін қызметтердің сапа мен сенімділік көрсеткіштерінің сақталуы және қызметінің тиімділігі көрсеткіштеріне қол жеткізу туралы есептерін өткізу тәртібін;
7) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес мемлекеттік құпияларға және заңмен қорғалатын өзге де құпияға жататын мәліметтерді қоспағанда, бос және қолжетімді қуаттардың, сыйымдылықтардың, орындардың, табиғи монополия субъектісі желілерінің өткізу қабілеттерінің бар екендігі туралы ақпаратты, сондай-ақ табиғи монополиялар салаларындағы коммуналдық көрсетілетін қызметтердің инженерлік коммуникацияларының схемаларын орналастыру тәртібі;
8) есепке алу аспабын сатып алу және орнату үшін төлемақыны келісу тәртібін;
9) табиғи монополиялар субъектілері қызметінің тиімділігі көрсеткіштерін бекіту тәртібін;
10) табиғи монополиялар салаларындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру тәртібін;
11) тұтынушыларға және (немесе) уәкілетті органға тариф, оның өзгергені туралы хабарлау тәртібін;
12) реттеліп көрсетілетін қызметтердің сапа мен сенімділік көрсеткіштерін бекіту тәртібін;
13) бекітілген инвестициялық бағдарламаның орындалуына, реттеліп көрсетілетін қызметтердің сапа мен сенімділік көрсеткіштерінің сақталуына және табиғи монополиялар субъектілері қызметінің тиімділігі көрсеткіштеріне қол жеткізуге қоғамдық мониторинг және (немесе) техникалық сараптама жүргізу тәртібін;
егер ағымдағы жылдың басындағы бухгалтерлiк баланста есепке алынған мүліктің баланстық құны ағымдағы жылдың басындағы бухгалтерлiк балансқа сәйкес оның активтерiнiң баланстық құнының 0,05 пайызынан асатын болса, реттеліп көрсетілетін қызметті ұсыну үшін пайдаланылатын мүлікпен мәмілелер жасауға және табиғи монополия субъектiсін қайта ұйымдастыруға немесе таратуға келісім беру туралы өтініш хаттардың;
табиғи монополия субъектісінің тұтынушылар мен өзге де мүдделі тұлғалар алдындағы:
бекітілген тарифтік сметаның орындалуы туралы;
бекітілген инвестициялық бағдарламаның орындалуы туралы;
реттеліп көрсетілетін қызметтердің сапасы мен сенімділігі көрсеткіштері сақталғандығы туралы;
табиғи монополиялар субъектілері қызметінің тиімділігі көрсеткіштеріне қол жеткізу туралы есептерінің нысандарын;
15) бекітілген инвестициялық бағдарламаның орындалуына техникалық сараптама жүргізу, реттеліп көрсетілетін қызметтердің сапасы мен сенімділігі көрсеткіштерін сақтау және табиғи монополиялар субъектілері қызметінің тиімділігі көрсеткіштеріне қол жеткізу үшін уәкілетті тұлғаларға (сарапшыларға, сараптама ұйымдарына) қойылатын өлшем шарттар мен талаптарды;
16) халықаралық қаржы ұйымдарынан, мамандандырылған салалық банктерден, Қазақстанның Даму Банкінен және Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерінен қарыздар тарту үшін табиғи монополиялар субъектілерінің кредиттік келісімдерін уәкілетті органның келісу тәртібін;
17) табиғи монополиялар субъектілері реттеліп көрсетілетін қызметтерді ұсынған кезде технологиялық циклде пайдаланылатын және мүлікті балансқа және (немесе) сенімгерлік басқаруға беру жоспарына сәйкес жергілікті атқарушы органдардан табиғи монополиялар субъектісіне берілетін мүлікті беру шартын мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті органмен, жергілікті атқарушы органмен келісу тәртібін;
18) табиғи монополиялар субъектілері реттеліп көрсетілетін қызметтерді ұсынған кезде технологиялық циклде пайдаланылатын мүлікті балансқа және (немесе) сенімгерлік басқаруға беру жоспарын жергілікті атқарушы органмен келісу тәртібін айқындайды.
3. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар мен терминдер пайдаланылады:
1) анық емес ақпарат – әлеуетті өнім берушінің конкурсқа қатысуға арналған өтінімінде қамтылған, сол сияқты әлеуетті өнім беруші ұсынған өтінімнің шынайы мазмұнын бұрмалайтын және шындығына сәйкес келмейтін түзетулер арқылы енгізілген жалған мәліметтер;
2) аумақтық орган – өз құзыреті шегінде Табиғи монополиялар субъектілерінің мемлекеттік тіркелімінің жергілікті бөліміне енгізілген табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін реттеу мен бақылауды жүзеге асыратын уәкілетті орган ведомствосының аумақтық органы;
3) әлеуетті өнiм берушi – сатып алу туралы шарт жасасуға үміткер, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке тұлға, заңды тұлға (егер Қазақстан Республикасының заңдарында олар үшін өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік мекемелерді қоспағанда), заңды тұлғалардың уақытша бірлестіктері (консорциум);
4) бiртекті тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер – бірдей болмаса да, белгілі бір функцияларды орындауға және өзара алмастыруға мүмкіндік беретін ұқсас сипаттамалары бар және ұқсас құрамдас бөліктерден тұратын тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер;
5) конкурс – әлеуетті өнiм берушiлердiң арасындағы бәсекелестiктi көздейтiн және сатып алу шартының неғұрлым қолайлы талаптарын анықтауға бағытталған сатып алу тәсiлi;
6) конкурстық комиссия – осы Қағидаларда көзделген жағдайларда және тәсілдермен тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуды жүзеге асыру үшін сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушы ретінде қатысқан жағдайда, табиғи монополия субъектісінің қызметкерлерінен, сондай-ақ оның үлестес тұлғаларының қызметкерлерінен құрылатын комиссия;
7) конкурстық құжаттама – конкурстық өтінімді дайындау үшін электрондық сатып алудың ақпараттық жүйелерінде табиғи монополия субъектісі орналастыратын, конкурс өткізудің шарттары мен тәртібін қамтитын құжаттар топтамасы;
8) конкурстық өтінім – әлеуетті өнім берушінің конкурстық құжаттамаға сәйкес жасалған конкурстық ұсынысы;