• Мое избранное
Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2020 – 2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын бекіту туралы
Внимание! Документ утратил силу с 12.10.2021 г.

Отправить по почте

Toggle Dropdown
  • Комментировать
  • Поставить закладку
  • Оставить заметку
  • Информация new
  • Редакции абзаца

Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2020 – 2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 26 желтоқсандағы № 982 қаулысы

Осы Қаулы күшін жойды ҚР Үкіметінің 12.10.2021 жылғы № 725 Қаулысына сәйкес 
Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2020 – 2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы (бұдан әрі – Бағдарлама) бекітілсін.
2. Бағдарламаның іске асырылуына жауапты орталық және жергілікті атқарушы органдар, өзге де ұйымдар (келісім бойынша):
1) Бағдарламаны іске асыру бойынша шаралар қабылдасын;
2) «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жоспарлау жүйесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 29 қарашадағы № 790 қаулысында белгіленген тәртіппен және мерзімде Қазақстан Республикасының Үкіметіне Бағдарламаның орындалу барысы туралы ақпарат берсін.
3. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлiгiне жүктелсiн.
4. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрi А. Мамин
Қазақстан Республикасы
 Үкіметінің
2019 жылғы 26 желтоқсандағы
№ 982 қаулысымен
бекітілген
Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2020 – 2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы
1. Бағдарламаның паспорты

Бағдарламаның атауы

Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2020 – 2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы

Әзірлеу үшін негіз

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың 2012 жылғы 14 желтоқсандағы «Қазақстан-2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауы;

Қазақстан Республикасы Президентінің 2018 жылғы 15 ақпандағы № 636 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспары;

Қазақстан Республикасы Президентінің «Бес институционалдық реформаны іске асыру бойынша 100 нақты қадам» атты ұлт жоспары;

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың 2018 жылғы 10 қаңтардағы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» және 2018 жылғы 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру: табыстар мен өмір сүру сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауы;

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаевтың 2019 жылғы 2 қыркүйектегі «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауы.

Бағдарламаны әзірлеуге жауапты мемлекеттік орган

Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі

Бағдарламаны іске асыруға жауапты мемлекеттік органдар

Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі,

Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі,

Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі,

Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі,

Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі,

Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі,

Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі,

Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі,

Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі,

Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі,

Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі,

Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігі,

Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі,

Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі,

облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдіктері

Бағдарламаның мақсаты

Сапалы және қолжетімді денсаулық сақтауды қамтамасыз ету

Міндеттер

Халықтың саламатты өмір салтын ұстануын қалыптастыру және қоғамдық денсаулық қызметін дамыту; медициналық көмектің сапасын арттыру; денсаулық сақтау жүйесін орнықты дамыту

Іске асыру мерзімі

2020 – 2025 жылдар

Нысаналы индикаторлар

2025 жылы:

- азаматтардың күтілетін өмір сүру ұзақтығының 75 жасқа дейін өсуі;

- жүрек-тамыр, онкологиялық, созылмалы респираторлық аурулар мен диабеттен 30-70 жас аралығында мезгілсіз қаза болу қаупінің деңгейін 15,43 %-ға дейін төмендету;

- аналар өлімін 100 мың тірі туғанға шаққанда 14,5-ке дейін төмендету (құпия аудит деректері бойынша);

- нәрестелер өлімін 1000 тірі туғандарға шаққанда 8,3-ке дейін төмендету (құпия аудит деректері бойынша).

Қаржыландыру көздері мен көлемдері

2020 – 2025 жылдары Бағдарламаны іске асыруға республикалық және жергілікті бюджеттердің қаражаты, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының (бұдан әрі – ӘлМСҚ) активтері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасымен тыйым салынбаған басқа да қаражат жұмсалатын болады. Бағдарламаны іске асыруға арналған жалпы шығын 3,2 трлн. теңгені құрайды.

мың теңге

Жылдар бойынша

Барлығы

РБ

Басқа қаржыландыру көздері

2020 ж.

101 479 659

79 758 902

21 720 757

2021 ж.

190 302 331

112 473 864

77 828 467

2022 ж.

283 529 037

171 364 273

112 164 764

2023 ж.

712 064 057

483 520 916

228 543 141

2024 ж.

892 247 182

580 797 471

311 449 711

2025 ж.

1 000 696 116

616 975 228

383 720 888

Барлығы:

3 180 318 382

2 044 890 654

1 135 427 728

Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2020 – 2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын (бұдан әрі – Бағдарлама) қаржыландыру көлемі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тиісті қаржы жылдарына арналған республикалық және жергілікті бюджеттерді бекіту кезінде және республикалық және жергілікті бюджеттердің кіріс бөлігінің, ӘлМСҚ активтерінің мүмкіндіктеріне байланысты, сондай-ақ заңнамада тыйым салынбаған қаржыландырудың балама көздерін тарта отырып нақтыланатын болады.
2. Кіріспе
«Қазақстан-2050» ұзақ мерзімді стратегиясында әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіру стратегиялық мақсаты айқындалған болатын, бұл қазақстандықтардың күтілетін өмір сүру ұзақтығын (бұдан әрі – КӨҰ) дамыған мемлекеттердің орташа деңгейіне дейін жеткізуді де көздейді. Әлеуметтік саясаттың жаңа қағидаттарын – азаматтардың әлеуметтік кепілдіктері мен жеке жауапкершілігін іске асыруды қамтамасыз ету ұзақ мерзімді жеті басымдықтың бірі ретінде айқындалған.
Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының (бұдан әрі – БҰҰ) орнықты дамудың түйінді элементі – бұл саламатты өмір салтын қамтамасыз ету және кез келген жастағы барлық адамдар үшін қолайлы жағдай жасау деген анықтамасын қолдайды. Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі орта мерзімді стратегиялық даму жоспарында Қазақстан Республикасының Үкіметі БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарын (бұдан әрі – ТДМ) маңызды бағдар етіп айқындаған, онда үшінші мақсаты болып халықтың жақсы денсаулығы мен әл-ауқаты көрсетілген.
Блумберг халықаралық агенттігінің рейтингтік бағалауына сәйкес денсаулық сақтауға жұмсалатын шығыстардың тиімділік көрсеткіші бойынша Қазақстан 2012 жылы рейтингке қатысушы елдер арасында 111-позицияға ие болды, 2018 жылы 44-позицияға дейін көтерілді. Бұл көрсетілген кезеңде Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігі жоғарылағанын айғақтайды.
Денсаулық сақтау жүйесін жақсарту үшін Қазақстан Үкіметінің бастамасы бойынша Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (бұдан әрі – ЭЫДҰ) бірқатар ұсыныстар бере отырып, Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау жүйесіне шолу жүргізді, олар осы Бағдарламаны әзірлеу кезінде ескерілген.
Бұған қоса, бағалау негізінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (бұдан әрі – ДДҰ) Қазақстан үшін қоғамдық денсаулық саласында, инфекциялық емес аурулармен күрес бойынша, медициналық-санитариялық алғашқы көмек және басқа да бағыттар бойынша ұсынымдар берген.
Осы Бағдарлама Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016 – 2019 жылдарға арналған алдыңғы бағдарламасының негізгі бағыттары мен түйінді жобаларының сабақтастығын қамтамасыз етеді.
ЮНИСЕФ-тің 2016 – 2030 жылдарға арналған Денсаулық стратегиясының тәсілдеріне сәйкес бағдарламаның басты басымдықтарының бірі үздік халықаралық практиканы ескере отырып, аурулардың алдын алу, уақтылы көмек көрсету және толыққанды оңалту жолымен балалардың, жасөспірімдер мен жастардың денсаулығын нығайту болуы тиіс.
Қазақстан Республикасының ұзақ мерзімді және орта мерзімді стратегиялық құжаттарын, БҰҰ ТДМ және халықаралық ұйымдардың ұсынымдарын іске асыру үшін осы Бағдарламада денсаулық сақтау жүйесін дамытудың 2026 жылға дейінгі бағыты айқындалған.
3. Ағымдағы жағдайды талдау
2019 жылы ДДҰ бүкіл әлемнің денсаулық сақтау жүйелерінің алдында тұрған негізгі он сын-қатерді белгіледі. Инфекциялардың тез таралу қаупі (тұмау пандемиясы, Эбола эпидемиясы, адамның иммун тапшылығы вирусы – АИТВ) сақталады, ал Қазақстан Республикасы экономикасының сауда-туристік қатынастарға интеграциясы инфекциялардың әкеліну және таралу қаупін арттырады. Вакцинациядан бас тарту антибиотиктерді тиімсіз пайдаланудың салдары ретінде бактерияға қарсы резистенттілік инфекциялық аурулардан болатын өлімнің көбеюіне әкеп соғады. Қанайналым жүйесінің аурулары, ісіктер, қант диабеті аурулары және тыныс алу ағзаларының аурулары сияқты инфекциялық емес аурулардың ауыртпалығы өсуде. Халықтың денсаулығына сыртқы қауіп-қатердің ішінде ауаның техногендік ластануы және климаттың өзгеруі аса өзекті мәселе.
Инфекциялық емес аурулардың қауіп факторлары  
Қазақстанда инфекциялық емес аурулардың негізгі ауыртпалығы басты 7 қауіп факторына келеді: жоғары қан қысымы, темекі, алкоголь, қанда холестериннің көп болуы, артық салмақ, жемістер мен көкөністерді аз тұтыну, қозғалыссыз өмір салты. Айталық, қазақстандық жасөспірімдер арасында (10-19 жас аралығындағы балалар) 5 %-ы семіздікке шалдыққан және балалардың 20 %-ында артық салмақ бар. Қазақстанда тұзды тұтыну ДДҰ ұсынатын көрсеткіштен, кейбір деректер бойынша, төрт есе артық. Қазақстандықтардың жемістер мен көкөністерді күнделікті тұтынуы орташа еуропалық көрсеткішке қарағанда төмен.
Бағалау нәтижесі бойынша 2015 жылы 18 жастан асқан ерлердің 28 %-ында және әйелдердің 25 %-ында артериялық қан қысымы жоғары болған. Холестерин деңгейін бағалаудың соңғы деректері 25 жастағы және одан үлкен азаматтардың 46 %-ында жалпы холестериннің деңгейі жоғары екенін көрсетеді.
Қазақстанда темекі шегудің таралуы ерлер арасында 42,4 %-ды және әйелдер арасында 4,5 %-ды құрайды.
Алкоголь тұтыну Қазақстандағы аурулардың жалпы ауыртпалығындағы негізгі қауіп факторларының бірі болып қалады. 2016 жылы ерлер өлімінің бауыр циррозынан болған 74 %-ға жуығы және жарақаттанудан болған 34%-ы ішімдік ішумен байланысты болды, әйелдер үшін бұл көрсеткіштер тиісінше 45 %-ды және 31 %-ды құрады.
Тұтастай алғанда, Қазақстан экономикасына инфекциялық емес аурулардан келтірілетін ағымдағы залал жылына 2,3 трлн. теңгені құрайды, мұның өзі елдің 2017 жылғы жалпы ішкі өнімінің 4,5 %-ына балама. Инфекциялық емес негізгі аурулардан (бұдан әрі – ИЕА) болатын өлімді төмендетудегі прогреске ЭЫДҰ елдерінде ДДҰ ұсынымдары және тамақ өнімдерінің құрамын жақсарту есебінен тұзды тұтынуды қысқарту; бұқаралық ақпарат құралдарындағы ақпараттық науқандар және қаптамаларға ескертулер енгізу; тамақ өнеркәсібінде транс-майларды пайдалануға тыйым салу, темекі бұйымдары мен алкогольге салынатын акциздерді ұлғайту, темекі бұйымдарын шығарып қоюға тыйым салу туралы заңдарды қабылдау және іске асыру, қоғамдық орындарда темекі шегуге тыйым салу, құрамында қант бар сусындарға салық салуды енгізу сияқты жекелеген жобалардың арқасында қол жеткізілді.
Денсаулықтың медициналық-демографиялық көрсеткіштері  
Он жылдық кезең ішінде елде КӨҰ шамамен 5 жылға өсті (2010 жылы 68,41 жастан бастап 2018 жылы 73,15 жасқа дейін), алайда ЖІӨ деңгейі Қазақстан Республикасындағыдай ЭЫДҰ-ның бірқатар елдерінде (Чили, Түркия және басқалары) КӨҰ шамамен 80 жасты құрайды. 2018 жылы 0-35 жас аралығындағы әрбір үшінші өлім сәби жастағы балаларда болған. 5 жыл ішінде 28 %-ға төмендеу үрдісімен 0-18 жас аралығында бір жасқа толмаған балалардың өлімі бірінші орында, екінші орында – 25 %-ға төмендеумен жасөспірімдер өлімі (15-19 жас), үшінші орында – 24 %-ға төмендеумен 5 жасқа дейінгі балалардың өлімі болған. Ересектер арасында ерлер өлімі басым. Ерлер мен әйелдер арасындағы өлімнің ең көп айырмасы 25-29 жас аралығында, 2,8-ге 1 арақатынасында, бұл жарақаттардың, жол-көлік оқиғаларының және суицидтердің жоғары деңгейіне байланысты.
Аурулар құрылымында өлім себептерінің арасында қан айналымы жүйесінің аурулары (бұдан әрі – ҚЖА) бірінші орында. 2018 жылы 100 мың адамға шаққанда ҚЖА-дан 167,38 қайтыс болды, бұл 2015 жылмен салыстырғанда 13 %-ға төмен. Стационарларда ҚЖА-дан қайтыс болғандардың арасында 40,4 %-ы еңбекке жарамды жастағы адамдар (15 – 64 жас аралығында) болған. ҚЖА арасында жүректің ишемиялық ауруы (бұдан әрі – ЖИА) көш бастап келеді, одан Қазақстанда жылына 11,3 мың адам қайтыс болады (100 мың адамға шаққанда 71,7); сондай-ақ ми қан айналымының жіті бұзылулары (бұдан әрі – МҚЖБ), жылына 11,1 мың пациент қайтыс болады (100 мың адамға шаққанда 71,8). Жіті миокард инфарктін (бұдан әрі – ЖМИ) өткерген адамдардың ішінен 69 %-ы диспансерлік есепке алынады, МҚЖБ-дан емделіп шыққан пациенттердің ішінен 24 %-ы диспансерлік есепке алынады, бұл жерде мақсат инсульт алған барлық адамдарды бақылау болып табылады.
ҚЖА-дан кейін 2018 жылы нерв жүйесінің аурулары өлім бойынша екінші орында (15,7 %) болды (егде адамдардың көпшілігінің қайтыс болу себебі ретінде аурудың осы санаты көрсетіледі). Үшінші орында – тыныс алу ағзаларының аурулары (11,6 %). Өлім себептерінің төртінші орнында – ісіктер (8,8 %). Онкологиялық ауруларға қарсы күрес жөніндегі 2018 – 2022 жылдарға арналған кешенді жоспар іске асырылуда, астанада Ұлттық онкология орталығын салу басталды. I-II сатыда обырды ерте анықтау 60,5 %-ды құрайды.
Жарақаттанудан, жазатайым оқиғалардан және уланудан болатын өлімнің төмендеу үрдісі бар: 100 мың адамға шаққанда 2015 жылы 82,5 мың адамнан бастап 2018 жылы 66,59-ға дейін. Жол-көлік оқиғаларынан қайтыс болғандардың саны жоғары күйінде қалуда (2015 жылы – 2439 адам, 2018 жылы – 2413 адам) – ДДҰ Еуропалық өңіріндегі ең жоғары көрсеткіштердің бірі.
Балалар денсаулығы  
ДДҰ деректері бойынша баланы күтіп-бағудың жеткіліксіздігі және ата-аналардың балалардағы қауіпті белгілер мен факторларды білмеуі Қазақстандағы 5 жасқа дейінгі балалардың денсаулығы үшін негізгі қауіп болып табылады. Жарақаттар, суға бату және кездейсоқ тұншығу 5 жасқа толмаған балалар өліміндегі ең елеулі сыртқы себептер болып табылады.
2018 жылы денсаулық жағдайына (туа біткен ауытқулар, жарақаттар және басқа аурулар) байланысты ерекше білім алу қажеттілігі бар 6 жасқа толмаған балалар саны 46 мың адамнан асты. 2015 жылдан бері осы санаттағы балалардың жыл сайынғы өсімі 6 мың баланы құрады. Балалар мүгедектігінің өсу үрдісі бар, мүгедектіктің негізгі себептері: туа біткен ауытқулар (32,5 %), нерв жүйесінің аурулары (22,9 %), психикалық бұзылулар (12,5 %).
Аз қозғалатын өмір салты мен теңгерімсіз тамақтанудың салдарынан болатын артық дене салмағынан зардап шегетін 6-9 жас аралығындағы балалардың саны өсуде. Мектеп жасындағы балалар арасында асқазан-ішек жолдарының аурулары басым (24 %).
14 жасқа толмаған мектеп жасындағы балаларды профилактикалық қарап-тексеру нәтижелері бойынша көптеген балалар көру қабілетінің бұзылуынан зардап шегеді, бұл балалардың гаджеттерді бақылаусыз пайдалануына байланысты.
2017 жылы жастардың прогрессивтілігі индексі бойынша Қазақстан 102 елдің арасында 63-орынды иеленді. «Тамақтану және базалық медициналық қызмет көрсету» көрсеткіші бойынша баға 100-ден 96 балға дейін берілді. «Қазақстан жастары – 2018» ұлттық баяндамасының мәліметтері бойынша жыл сайын жастар көбінесе жазатайым оқиғалардан, уланудан және жарақаттанудан қайтыс болады (62,3 %).
2015 – 2017 жылдары барлық жас топтары бойынша жастардың өлім деңгейі төмендеді. Ерлер арасында өлім қауіпті мінез-құлық (өзін-өзі өлтіру, жол-көлік оқиғалары, кісі өлтіру, есірткі заттарын қабылдау) есебінен жоғары.
Суицидтің таралуы Қазақстан жастарының арасындағы анағұрлым маңызды әлеуметтік проблема болып табылады. ДДҰ мәліметтері бойынша тұрғындарының арасында өзіне-өзі қол жұмсау деңгейі бойынша Қазақстан алдыңғы он елдің қатарына кіреді. 2018 жылы тіркелген суицидтер саны 3471 оқиғаны құрады. 15-17 жас аралығындағы жасөспірімдер тобында болған суицид саны 5 жылда 50,9 %-ға және суицидке әрекеттену саны 49,3 %-ға төмендеді.
2018 жылы Қазақстанда 15-18 жас шамасындағы қыздарда 3,4 мың жүктілік жағдайы және 1237 аборт тіркелген. Еліміздің барлық өңірлерінен 15-19 жас аралығындағы 4,3 мың жасөспірім қатысқан қоғамдық пікірді зерттеу орталығының әлеуметтік сауалнамасының деректері бойынша жастардың үштен бірі сексуалдық тұрғыдан белсенді. Қалалық жасөспірімдер арасында қауіпті мінез-құлық факторлары (жыныстық серіктестердің орташа саны – 4) байқалады. Сауалнамаға қатысқандардың тек 10 %-ы ғана АИТВ-ға қарап-тексерілген. Сауалнама жүргізілгендердің 73,5 %-ы АИТВ-ға жасырын түрде қай жерде қарап-тексерілуге болатынын білмейді және 15 – 24 жас аралығындағы жастардың көпшілігі (91 %) АИТВ-ның негізгі берілу жолдары туралы тиісті дәрежеде хабардар емес.
Инфекциялық аурулар  
2018 жылы Қазақстан Республикасында инфекциялық аурулар бойынша эпидемиологиялық жағдай орнықты болды. 34 инфекциялық және паразиттік аурулар бойынша сырқатқа шалдығуың төмендеуіне қол жеткізілді. Қызылша, көкжөтел, менингококк инфекциясымен науқастанудың өскені байқалады.
Қазақстанда АИТВ инфекциясының таралуы шоғырланған сатыда тұр. ДЭФ ЖБИ рейтингінде Қазақстан соңғы үш жыл бойы АИТВ таралуы төмен елдердің тобына кірді. 15-49 жас аралығындағы топта АИТВ инфекциясымен өмір сүретін адамдар саны 22,7 мыңды құрады, 2018 жылдың қорытындысы бойынша АИТВ инфекциясының таралуы – 0,23 %. Елімізде АИТВ-ға қарсы күрес жөніндегі халықаралық ұсынымдарды, оның ішінде ЮНЭЙДС 90-90-90: ЖҚТБ эпедемиясын жеңуге жақындататын амбициялық мақсаттар» стратегиясын тиімді іске асыру үшін жағдайлар жасалған.