Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
Отправить по почте
Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2020 – 2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 27 желтоқсандағы № 988 қаулысы
Осы Қаулы күшін жойды ҚР Үкіметінің 12.10.2021 жылғы № 726 Қаулысына сәйкес
Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2020 – 2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы (бұдан әрі – Бағдарлама) бекітілсін.
2. Орталық, жергілікті атқарушы органдар және өзге де ұйымдар (келісу бойынша) Бағдарламаны іске асыру жөнінде шаралар қабылдасын.
3. Жауапты орталық, жергілікті атқарушы органдар және өзге де ұйымдар (келісу бойынша) "Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жоспарлау жүйесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 29 қарашадағы № 790 қаулысына сәйкес ақпарат берсін.
4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлiгiне жүктелсiн.
5. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі А. Мамин
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы желтоқсандағы № 988 қаулысымен бекітілген
Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2020 – 2025 жылдарға арналған МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАСЫ
1-бөлім. Бағдарламаның паспорты
Бағдарламаның атауы |
Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2020 – 2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы (бұдан әрі – Бағдарлама) |
Әзірлеу үшін негіздеме |
"Білім туралы" 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы; |
Бағдарламаны әзірлеуге жауапты мемлекеттік орган |
Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі |
Бағдарламаны іске асыруға жауапты мемлекеттік органдар |
Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі; |
Бағдарламаның мақсаты |
1. Қазақстандық білім мен ғылымның жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыру және жалпыадамзаттық құндылықтар негізінде тұлғаны тәрбиелеу және оқыту. |
Міндеттері |
1. Педагог кәсібінің жоғары мәртебесін қамтамасыз ету, педагогикалық білім беруді жаңғырту. |
Іске асыру мерзімдері |
2020 – 2025 жылдар |
Нысаналы индикаторлар |
1. 1-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен 85,3 %, 3-6 жас аралығындағы балаларды 100 % қамту. |
|
Бағдарламаны іске асыру үшін 2020 – 2025 жылдары 11 578 млрд. теңге (республикалық бюджет (бұдан әрі – РБ) – 9 565 млрд. теңге, (жергілікті бюджет (бұдан әрі – ЖБ) – 716 млрд. теңге, Дүниежүзілік банк (бұдан әрі – ДБ) – 13 млрд. теңге, жеке инвестициялар – 1 284 млрд. теңге) мөлшерінде бюджет қаражаты жұмсалатын болады, оның ішінде: |
Бағдарламаны қаржыландыру көлемі тиісті қаржы жылдарына арналған республикалық және жергілікті бюджеттерді бекіту кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес республикалық және жергілікті бюджеттердің кіріс бөлігінің, мемлекеттік жекешелік әріптестіктің мүмкіндігіне қарай және басқа да балама көздерді тарта отырып нақтыланатын болады.
2-бөлім. Кіріспе
Қазақстанда білім беруді және ғылымды дамыту бойынша жүйелі шаралар кешені іске асырылуда. 2015 жылы республика өзіне Біріккен Ұлттар Ұйымының 2030 жылға дейінгі тұрақты даму мақсаттарына, оның ішінде бәрін қамтитын және әділ сапалы білім беруді және баршаға арналған өмір бойы оқу мүмкіндігін ынталандыруды қамтамасыз етуді көздейтін 4-мақсатына қол жеткізу бойынша міндеттемелерді қабылдады. Оған қол жеткізу үшін әлемдегі білім беруді дамытудың негізгі бағыттары айқындалды: мектепалды даярлықты қамтамасыз ету, 12 жылдық мектеп білімінің моделі, оқушылардың бойында 21 ғасыр дағдыларын дамыту, арзан және сапалы ТжКБ мен жоғары білімге тең қол жеткізу. Аталған бағыттар қазақстандық білім беру жүйесі үшін де басым болып табылады.
2017 жылы Қазақстан ЭЫДҰ-ның екі бейінді комитеті – Білім беру саясаты комитеті мен Ғылыми және технологиялық саясат комитетінің қатысушысы болды, бұл қазақстандық білім жүйесі жетістіктерінің халықаралық танылғанын куәландырады.
Алайда отандық білім және ғылым жүйесінде шешуді талап ететін бірқатар өзекті мәселелер бар. Қазақстан халқының сауаттылық және құзыреттілік деңгейін бағалау әлемнің көптеген елдерінен елеулі артта қалғанын куәландырады. ЭЫДҰ-ның ересектердің (16-65 жас) құзыреттілігін халықаралық бағалау бағдарламасының (PIAAC) нәтижелері бойынша Қазақстан оқу бойынша 34-орынды, математикалық сауаттылықтан (39 елдің ішінен) 33-орынды және ақпараттық-коммуникативтік технологиялар саласындағы сауаттылық бойынша (36 елдің ішінен) 32-орынды иеленді. Қазақстанның нәтижелері ЭЫДҰ-ға қатысушы елдердің және Ресей Федерациясының орташа көрсеткішінен (оқу бойынша 9-орын және математикалық сауаттылық бойынша 15-орын) әлдеқайда төмен. Білім және ғылым жүйесіндегі бұл жағдай өзгермейтін болса, таяу перспективада ұлттық адами капитал одан әрі нашарлап, кәсіби кадрлардың азаюы және еліміздің экономикалық әлеуетінің төмендеуі орын алады.
Үздік отандық және әлемдік практикаларға сәйкес білім және ғылым жүйесін одан әрі дамыту жөнінде шұғыл шаралар қажет. Мысалы, ЭЫДҰ-ға мүше елдер мен әріптестердің саясатына жасалған шолуға (Education Policy Outlook 2018) сәйкес білім берудегі мемлекеттік саясаттың басты назары алты салада шоғырланады: (1) теңдік және сапа, (2) білім алушыларды болашаққа дайындау, (3) білім беру ұйымдарын жақсарту, (4) бағалау жүйесі, (5) басқару және (6) қаржыландыру. Бұл ретте елдер ағымдағы даму деңгейіне және қолда бар мүмкіндіктерге байланысты өздерінің күш-жігерін аса маңызды міндеттерді шешуге бағыттайды. Көрсетілген салалар шеңберінде көптеген елдер мынадай басымдықтарды белгілейді:
отбасының әлеуметтік-экономикалық мәртебесіне қарамастан білім алушылардың мүмкіндіктерін теңестіру;
түлектер дағдыларының экономика талаптарына сәйкестігін қамтамасыз ету;
педагогтердің кәсіби дамуы және жоғары мәртебесі;
жұмыс берушілерді кадрлар даярлауға тарту;
білім беру жүйесін және білім беру ұйымдарын бағалау;
басқарудың тиімді құрылымын құру;
мүдделі тараптармен қарым-қатынас құру;
қаржы ресурстарын тиімді пайдалану.
ЭЫДҰ STIP Compass деректер базасына сәйкес ғылым, технологиялар және инновациялар саласындағы саясаттың негізгі мәселелері басқару, қаржыландыру, зерттеушілік мансап, PhD және постдокторантура бағдарламалары болып саналады.
Халықаралық бағалар мен практикаларды, алынған міндеттемелер мен қол жеткізілген нәтижелерді ескере отырып, Қазақстан таяудағы 6 жылда білім және ғылым сапасын жақсарту жөнінде түбегейлі шаралар қабылдауы қажет. Осыған байланысты Бағдарлама негізгі анықталған проблемаларды шешуге, білім және ғылым жүйесінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру және ЭЫДҰ елдерінің үздік практикаларына жақындау үшін оны дамытуға бағытталған.
Білім және ғылым сапасын жақсарту жөніндегі шараларды іске асыру нәтижесінде 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен 100 % қамтуға, 3 ауысымда оқытуды жоюға, ауылдық жерлерде тірек мектептерді интернаттармен 100 % қамтамасыз етуге, 150 және одан да көп оқушы оқитын мектептерде дене шынықтырумен және спортпен айналысу үшін жағдай жасауға қол жеткізу күтіледі, кабинеттер мен мұғалімдер 100 % компьютерлік техникамен қамтамасыз етіледі, 180 тірек колледжін қазіргі заманғы жабдықтармен және бағдарламалармен 100 % қамтамасыз ету, жоғары білімді қаржыландыру 2 есеге, ғылымды қаржыландыру 7 есеге (43-тен 358 млрд. теңгеге дейін) ұлғаяды.
3-бөлім. Ағымдағы жағдайды талдау
Білім беруді және ғылымды дамытудың 2016 – 2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының (бұдан әрі – 2016 – 2019 жылдарға арналған бағдарлама) қорытындылары қойылған мақсаттар мен міндеттердің 93,4 %-ға орындалғанын көрсетеді. Мысалы, 2019 жылға қарай 2016 – 2019 жылдарға арналған бағдарламаның 5 бағыты бойынша 8 нысаналы индикатор мен 52 көрсеткішке қол жеткізу, 170 іс-шараны орындау жоспарланды. Барлық 8 нысаналы индикаторға қол жеткізілді, оның ішінде 2-еуі асыра орындалды. Есепті кезеңге жоспарланған 50 көрсеткіштің 46-сына (92 %) жоспарлы түрде қол жеткізілді, 1-еуіне (6 %) қол жеткізілген жоқ, 3-еуі (2 %) ішінара орындалды.
2016 – 2019 жылдарға арналған бағдарлама іске асырылған 3 жылда мектепке дейінгі ұйымдардың желісі 1480 бірлікке (2016 жылы – 9 410, 2017 жылы – 9 828, 2018 жылы – 10 334) ұлғайды. Нәтижесінде 3-6 жастағы балалардың 95,2 %-ы мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтылды (2016 жылы – 85,8 %, 2017 жылы – 90,5 %, 2018 жылы – 95,2 %).
Орта білім беруде жаңартылған оқу мазмұнына көшу жоспарлы түрде жүзеге асырылуда. 372 жаңа мектеп пайдалануға берілді. 437 мемлекеттік мектеп жан басына шаққандағы қаржыландыруға көшті. Мемлекеттік тапсырысты 80 жекеменшік мектеп алды.
"Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру" жобасы шеңберінде 94,8 мың орынға мемлекеттік тапсырыс бөлінді. Жоғары оқу орындарының академиялық және басқару дербестігін кеңейту туралы заң қабылданды. 3 жылдың ішінде шетелдік студенттер саны 8,9 мың адамға артты (2016 жылы – 12 837 адам, 2017 жылы – 13 898 адам, 2018 жылы – 21 727 адам).
Әлемнің үздік университеттерінің QS халықаралық рейтингіндегі қазақстандық ЖОО саны 10-ға дейін өсті. Times Higher Education рейтингіне алғаш рет екі қазақстандық жоғары оқу орны кірді.
Бизнес тарапынан ғылыми қызметті бірлесіп қаржыландыру үлесі артты. Бизнестің ғылымға қосқан үлесі 3 жыл ішінде 4,8 млрд. теңгені құрады.
Білім және ғылым саласының ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік қызметтерді ұсыну, ғылыми гранттарға өтінім беру және есептерді қабылдау бойынша бірқатар рәсімдер цифрландырылды.
Бағдарламаны талдамалық және ақпараттық-медиалық сүйемелдеу.
Халықтың және нысаналы аудиториялардың (ата-аналар, педагогтер, білім алушылар және т.б.) білім және ғылым саласындағы мемлекеттік саясатты оң қабылдауы мен түсінуін қалыптастыру, сондай-ақ мемлекеттік органдардың бұқаралық ақпарат құралдарындағы теріс және резонанстық тақырыптарға ақпараттық ден қоюы жөнінде шаралар қабылдау үшін 2016 – 2019 жылдарға арналған бағдарламаны талдамалық және ақпараттық-медиалық сүйемелдеу бойынша жоба (бұдан әрі – PR-жоба) іске асырылды.
PR-жобаның алдыңғы жылдары іске асырылуын талдау білім және ғылым саласындағы жаңалықтарға қоғамның теріс реакциясының алдын алу, жұртшылық тарапынан айтылатын сынға уақтылы ден қою және халықтың нысаналы топтары арасында Бағдарламаның идеяларын жалпы ілгерілету бойынша өткізіліп жатқан іс-шаралардың тиімділігін көрсетті.
PR-жоба шеңберінде білім және ғылым саласында жүргізіліп жатқан саясатқа халықтың қанағаттану деңгейіне әлеуметтік сауалнама жүргізу көзделген. Нәтижелерге сәйкес сұралғандардың 22,3 %-ы толық қанағаттанғанын, жартысынан астамы (50,2 %) қанағаттануы мүмкін екенін айтқан. Алайда респонденттердің төрттен бір бөлігі теріс баға берген, оның ішінде 20,1 %-ы білім беру жүйесінің дамуымен қанағаттанбауы мүмкін екенін және 7,5 %-ы мүлдем қанағаттанбайтынын жеткізген.
Мына мәселелер өзекті болып қалуда.
Педагог кәсібінің мәртебесін көтеру және педагогикалық білім беруді жаңғырту
2016 – 2019 жылдарға арналған бағдарламаны іске асыру кезеңінде педагог кадрлардың саны жарты миллион адамнан асты. Бұл ретте жыл сайын білім беру саласындағы мамандардың жаппай даярланып шығарылуына қарамастан, педагог кадрларға деген қажеттілік әлі де сақталуда. Мектептерге, атап айтқанда, ауылдық жерлердегі мектептерге білікті мұғалімдерді тарту және ұстап қалу бойынша пәрменді тетіктер жоқ: жол және тұрғын үй субсидиялары, жеңілдіктер мен преференциялар және т.б. Педагогикалық мамандықтарға көбінесе Ұлттық бірыңғай тестілеуде (бұдан әрі – ҰБТ) төмен балл алған талапкерлер түседі. Білім беру жүйесі талантты мұғалімдерді ұстап қалуға ықпал етпейді. Педагогтердің 35 %-ы басқа салаларға кетеді. Ынталы үміткерлер үшін педагогикалық кәсіппен айналысудың балама тетіктері жоқ.
Мұғалімнің мансаптық өсуінің жаңа жүйесін (педагог, педагог-модератор, педагог-сарапшы, педагог-зерттеуші, педагог-мастер) енгізудің арқасында жалақы лауазымдық жалақыдан 30%-дан 50%-ға дейін ұлғайды. Сонымен қатар пәндерді ағылшын тілінде оқытатын мұғалімдерге базалық лауазымдық жалақыдан 200 % мөлшерінде қосымша ақы белгіленді.
Алайда білім беру саласындағы жалақы экономика бойынша ең төменгілердің бірі болып қалуда (102 875 мың теңге, еліміз бойынша орташа еңбекақы 163 мың теңге), бұл білікті кадрлардың келуін тежейтін жағымсыз фактор болып табылады. ЭЫДҰ TALIS-2018 зерттеуінің нәтижелеріне сәйкес қазақстандық мұғалімдердің 96 %-ы өздерінің жалақысын арттыру білім беру бюджетін ұлғайту кезінде ең басым міндет болуы тиіс деп есептейді.
Мұғалімдерді оларға тән емес функциялардан босату бойынша шаралар қабылданды. 2017 жылдан бастап жалпыға бірдей оқыту шеңберінде шағын аудандарда аулаларды аралау жойылды, пән мұғалімдері толтыруға жататын құжаттардың тізбесі бекітілді. Алайда мұғалімдерді оларға тән емес жұмысқа тарту жалғасуда. TALIS-2018 нәтижелері бойынша 48 қатысушы елдің ішінде қазақстандық мұғалімдер жүктемелері көптердің қатарына жатады (2-орын). Бұл ретте осы жүктеменің негізгі бөлігін (69 %) сабақтан тыс қызмет (ЭЫДҰ бойынша орташа алғанда – 47 %) құрайды. Қазақстандық мұғалімдердің шамадан тыс жүктемесі көп жағдайда жұмыс уақытын нақты нормалаудың болмауына байланысты.
Мектепке дейінгі білім беруде педагог қызметкерлердің 41,8 %-ының "Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту" мамандығы бойынша білімі жоқ, 54 %-ының біліктілік санаты жоқ. Қосымша білім беретін 22 мың педагог үшін біліктілікті арттыру жүйесі қарастырылмаған.
4 жыл ішінде ТжКБ жүйесіндегі арнайы пәндер оқытушылары мен шеберлеріне деген қажеттілік 2,5 есеге өсті.
Осылайша, педагог кадрларды даярлау және біліктілігін арттыру жүйесіндегі оң өзгерістерге қарамастан, білікті педагог кадрларды тартуға және ұстауға кері әсер ететін бірқатар проблемалар сақталуда. Осыған байланысты Бағдарламада елдің педагогикалық әлеуетін дамытуға кедергі келтіретін проблемаларды шешу жөнінде шаралар көзделген.
Эта возможность доступна только для зарегистрированных пользователей. Пожалуйста, войдите или зарегистрируйтесь. |
|
Регистрация |