«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сақтандыру нарығын және бағалы қағаздар нарығын реттеу мен дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы (бұдан әрі – заң жобасы).










Отправить по почте
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сақтандыру нарығын және бағалы қағаздар нарығын реттеу мен дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасына тұжырымдама жобасына құжаттама
Қараңыз: Жолдаманы Қараңыз: Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының сараптамалық қорытындысы
ЖОБА
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сақтандыру нарығын және бағалы қағаздар нарығын реттеу мен дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасына тұжырымдама
1. Заң жобасының атауы
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сақтандыру нарығын және бағалы қағаздар нарығын реттеу мен дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы (бұдан әрі – заң жобасы).
2. Заң жобасын әзірлеу қажеттілігінің негіздемесі
Заң жобасын әзірлеу қажеттілігі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 27 тамыздағы №954 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының қаржы секторын дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасының, Қазақстан Республикасы Президентінің 2018 жылғы 15 ақпандағы № 636 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарының, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 12 желтоқсандағы № 827 қаулысымен бекітілген «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 25 қаңтардағы №32 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ұлттық қор нарығын дамыту жөніндегі 2018 – 2021 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл жоспарының негізгі міндеттерін іске асыру барысына негізделген.
Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 24 қаңтардағы кеңейтілген отырысында жарияланған тапсырмасына сәйкес сақтандыру нарығы мен бағалы қағаздар нарығын қоса алғанда, барлық қаржы секторын кешенді дамытуды қамтамасыз ету қажет.
Сақтандыру нарығы және бағалы қағаздар нарығы банк секторымен салыстырғанда ел экономикасындағы елеусіз үлесті ала отырып, жоғары әлеуметтік мәнге ие. Қаржы нарығының аталған секторлары ұсынатын өнімдер мен қызметтер банк секторының өнімдеріне ішінара балама бола отырып, халық пен заңды тұлғалардың активтерін басқаруға, олардың сақталуын және көбейтілуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Банктік емес сектордың қызметін жүзеге асырудың жүйелі тәсілдері мен практикалық құралдары туындайтын сын-қатерлер мен проблемаларға тұрақты түрде жаңартылуға және уақтылы жауап беруге, қаржылық қызметтерді тұтынушыларды, инвесторлар мен акционерлерді қорғауды қамтамасыз етуге тиіс.
Банктік емес сектор ұсынатын қызметтердің санын ұлғайту, сондай-ақ нарықта жұмыс істеп тұрған қатысушылардың қызметін жетілдіру арқылы банктік емес секторды одан әрі дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау, тұтастай алғанда, қаржы нарығында белсенді бәсекелес ортаны қалыптастыруға, халықты әлеуметтік қамтамасыз ету бөлігінде мемлекетке түсетін жүктемені азайтуға, қолданыстағы қаржы өнімдерінің сапасын арттыруға және жаңа жоғары табысты әрі банк салымдарына балама өнімдер мен қызметтерді енгізуге ықпал ететін болады.
Бұл мәселелер, әсіресе, COVID-19 коронавирустық пандемия жағдайында өзекті, оның нәтижесінде қаржы нарығына қатысушылардың қаржылық осалдықтары, инвесторлар капиталының құлдырауы және олардың іскерлік белсенділігінің төмендеуі байқалады.
Әлемде COVID-19 таралуы қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтары мен мүдделерін қорғауды, олардың құқықтары мен инвестицияланған қаражаттарына кепілдік беру жүйесін жетілдіруді, сондай-ақ тез өзгеретін нарықтық жағдайларға тез әрекет етуге мүмкіндік беретін және сыртқы соққыларға қарсы тұратын реттеу шараларын оңтайландыру бойынша шұғыл және тиімді әрекеттердің қабылдауын талап етеді.
Сақтандыру индустриясын одан әрі сапалы дамыту үшін әлеуметтік қамсыздандырудың мемлекеттік бағдарламаларын толықтыруға, халықтың жинақ ақшасы деңгейін арттыруға мүмкіндік беретін, халық пен бизнес үшін бәсекелес және тартымды сақтандыру өнімдерін жасауға мүмкіндік беретін оңтайлы заңнамалық жағдайлар қабылдау қажет.
Клиенттерге бағдарланған сақтандыру өнімдерін өмірді сақтандыру жөніндегі компаниялардың әзірлеуі үшін заңнамалық жағдайлар жасау мақсатында өмірді сақтандырудың ұзақ мерзімді жинақтаушы инвестициялық өнімдері бойынша инвестициялық мүмкіндіктерді кеңейту, өмірді сақтандыру жөніндегі компанияларды Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесіне тартуды қамтамасыз ету, зейнетақы аннуитеттерінің, оның ішінде бірлескен (ерлі-зайыптыларға арналған) және кейінге қалдырылған аннуитеттердің қолжетімділігін арттыру қажет.
Халықты кәсіби қателіктерден, сапасыз тауарлар мен қызмет көрсетулерден қорғау мақсатында кәсіпкерлік субъектілерінің үшінші тұлғалар алдындағы кәсіби жауапкершілігін сақтандыруды дамыту қажет. Өз кезегінде, міндетті азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыру көлік құралдары иелерінің жүйесі нарықтық өзгерістер мен соңғы үрдістерге сәйкес өзектілендіруді талап етеді.
Сақтандыру ұйымдарының қаржылық орнықтылығын арттыру мақсатында сақтандыру нарығының қатысушыларын реттеу және қадағалау, оның ішінде сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын лицензиялау, қайта ұйымдастыру, ерікті және мәжбүрлеп тарату рәсімдерін оңтайландыру қажет.
Ең үздік әлемдік практикаларды ескере отырып, сақтандыру ұйымдары таратылған жағдайда сақтанушыларға (сақтандырылған адамдарға, пайда алушыларға) сақтандыру төлемдерін жүзеге асыруға кепілдік беретін ұйым және дерекқор базасын қалыптастыру және жүргізу жөніндегі ұйым сияқты сақтандыру нарығындағы инфрақұрылымдық ұйымдардың, сақтандыру нарығындағы делдалдардың қызметін реттейтін заңнаманы жетілдіру талап етіледі.
Мемлекет басшысы 2020 жылғы 11 мамырдағы Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның қорытынды отырысында өз сөзінде капитал ұстаушылармен, яғни шетелдік капитал үшін күшейтілген бәсекелестік жағдайында инвесторлармен тікелей өзара іс-қимыл жасау қажеттігін ерекше атап өтті. Мұндай өзара іс-қимылды құру және соның салдарынан инвестициялық тартымдылықты қамтамасыз ету шетелдік инвесторларды қорғау құралы ретінде корпоративтік басқарудың жоғары деңгейін қамтамасыз етудің реттелген тетіктері бар дамыған бәсекеге қабілетті қор нарығынсыз мүмкін емес.
Қазақстанның қор нарығын одан әрі дамыту мақсатында барлық дамушы нарықтарға тән жүйелік жоспардың проблемаларын еңсеру, сондай-ақ мұнайға деген сұраныстың және оның бағасының құлдырау салдарына және бірқатар елдердің эпидимеологиялық ахуалдың нашарлауына жол бермеу жөніндегі шектеу шараларын енгізуге байланысты әлемдегі және Қазақстандағы ағымдағы макроэкономикалық жағдайды жақсарту қажет.
Жүйелік жоспар проблемаларының арасында қор нарығында жеткіліксіз институционалдық сұранысты, халықтың қор нарығына тартылу деңгейінің әлсіздігін, корпоративтік басқару стандарттарын сақтаудың әлсіз деңгейін, жарияланатын қаржылық есептілік сапасының төмендігін және қаржы нарығында көрсетілетін электрондық сервистердің аз дамығандығын бөліп көрсету қажет.
Бағалы қағаздар нарығы кәсіби қатысушыларының жұмыс істеуі мен дамуы үшін теңдестірілген реттеуші жағдайлар жасау, қаржы нарығын цифрландыруды жеделдету, сондай-ақ Қазақстандағы экономикалық ахуалды біртіндеп жақсарту және әлемдік экономиканы жандандыру қор нарығын дамытудың оң серпінін жаңғыртуға ықпал етуі тиіс.
Осылайша, сақтандыру нарығы мен бағалы қағаздар нарығын одан әрі дамыту үшін бірқатар заңнамалық бастамаларды қабылдау қажет, оларды іске асыру қаржы нарығының аталған секторларының жалпы ағымдағы жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді және олардың серпінді өсуі мен бәсекелі дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
«Сақтандыру қызметі туралы», «Бағалы қағаздар рыногы туралы», «Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеу, бақылау және қадағалау туралы» Қазақстан Республикасының Заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне (бұдан әрі – уәкілетті орган) сақтандыру нарығы, бағалы қағаздар нарығы субъектілерінің қызметін реттеу мен дамыту, қаржы нарығын дамыту жөніндегі өкілеттіктер жүктелді.
Заң жобасының сақтандыру нарығын реттеу және дамыту бөлігіндегі негізгі бағыттары.
1. Сақтандыру өнімдерінің желісін кеңейту
1.1. Сақтанушының инвестицияларға қатысуымен өмірді сақтандыру өнімі бойынша заңнама нормаларын жетілдіру (Unit-Linked)
«Unit-linked» – бұл инвестициялық басқару ұқсастығын білдіретін сақтандыру қорғанысы бар инвестициялық өнім, мұнда сақтанушы инвестициялау стратегиясын өз бетінше таңдау арқылы инвестициялық тәуекелдерді көтереді.
Сақтанушының инвестициялары оның меншігі болып табылатынын ескере отырып, олар сақтандыруға жатпайды. Көрсетілуіне қарай мұндай активтер сақтандыру ұйымының борыштары бойынша тыйым салудан және өндіріп алудан босатылуы тиіс және тарату конкурстық массасына енгізілмеуі тиіс.
Сақтандыру ұйымдарының сақтанушылардың активтеріне қатысты теріс жосықсыз іс-қимылдарын болдырмау және осындай активтерді бағалаудың барабар жүйесімен қамтамасыз ету мақсатында уәкілетті органға сақтанушылардың активтерін бағалаудың бірыңғай әдістемесі мен тәртібін бекіту жөніндегі құзыретін бекіту ұсынылады.
Сонымен қатар, сақтандыру ұйымының «өмірді сақтандыру» саласында сақтандыру қызметін жүзеге асыру құқығына арналған негізгі лицензиясының қолданылуы тоқтатылған жағдайда сақтандыру ұйымына берілген инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыруға арналған лицензияның қолданылуын сөзсіз тоқтату мәселесін заң деңгейінде реттеуді талап етеді.
1.2. «Зейнетақы аннуитеті» өнімін жетілдіру.
1.2.1. Ең төменгі зейнетақыдан ең төменгі күнкөріс деңгейіне көшу.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2019 жылғы 2 қыркүйектегі «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты жолдауымен Қазақстан халқына үндеуінде айтылған тапсырмасын орындау үшін Қазақстан Республикасының Үкіметіне Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен бірлесіп зейнетақы жүйесінің тиімділігін арттыру бойынша жұмыс жүргізу тапсырылды.
Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, зейнетақы аннуитеттерінің тетігі зейнетақы жүйесін жетілдіруге ықпал ететін ең маңызды құралдардың бірі болып табылады.
Заңнамаға сәйкес зейнетақы аннуитетті бойынша ең төменгі төлем мөлшері 2020 жылғы 1 сәуірден бастап 40 441 теңгені құрайтын ең төменгі зейнетақы мөлшерінен төмен болмауы тиіс.
Қазіргі уақытта зейнетақы аннуитетін жасау үшін жеткіліктілік сомасы:
- 55 жастағы ерлер үшін – 11,3 млн теңгені,
- 51,5 жастағы әйелдер үшін – 15,5 млн теңгені құрайды.
Жеткіліктілік сомасы статистикаға сәйкес дербес өсетін (саяси шешімдер) және инфляцияны жиі қуып жететін ең төменгі зейнетақы мөлшеріне сүйене отырып анықталады. Қазіргі уақытта мемлекеттің көптеген әлеуметтік төлемдері ең төменгі күнкөріс деңгейіне байланысты және тек БЖЗҚ-дан ақша аудару мүмкіндігі ғана ең төменгі зейнетақы мөлшеріне байланысты болады.
Нәтижесінде, ең төменгі зейнетақының өсуі халық үшін зейнетақы аннуитеттерін жасауға аз мүмкіндік береді.
Ең төменгі күнкөріс көрсеткішіне көшкен кезде аннуитеттерді жасау үшін жинақталған зейнетақы қаражатының ең төменгі жеткіліктілігі 24%-ға төмендейді және:
- 55 жастағы ерлер үшін – 9,1 млн теңгені,
- 51,5 жастағы әйелдер үшін – 12,5 млн теңгені құрайды.
Жоғарыда көрсетілген ең төменгі зейнетақыдан ең төменгі күнкөріс деңгейінің көрсеткішіне көшу әлеуетті сақтанушылардың санын 2 еседен астам ұлғайтуға мүмкіндік береді.
1.2.2. Бірлескен (ерлі-зайыптыларға арналған) аннуитеттерді енгізу.
Зейнетақы аннуитеті өнімдерінің желісін кеңейту мақсатында бір адамның емес, ерлі-зайыптылардың зейнетақы аннуитеті шартына қатысуын білдіретін бірлескен аннуитеттерді енгізу ұсынылады. Бірлескен аннуитет ерлі-зайыптылардың зейнетақы жинақ ақшасын біріктіруге және аннуитет шарты бойынша кірістерді қайта бөлуге мүмкіндік береді. Егер ерлі-зайыптылардың бірінде өмірді сақтандыру жөніндегі компаниядағы аннуитетті сатып алу үшін зейнетақы жинақ ақшасы жеткіліксіз болып, ал екіншісінде артықшылық бар болса, онда бірлескен зейнетақы аннуитетінің көмегімен екеуі де өмір бойғы төлемдермен қамтамасыз етіледі .
1.2.3. Кейінге қалдырылған аннуитеттерді енгізу.
Кейінге қалдырылған аннуитеттерді енгізу БЖЗҚ-да зейнетақы аннуитетін жасау үшін жеткілікті сомасы бар салымшыларға өмір бойғы зейнетақы төлемдерінің құралын 45 жастан бастап индекстеумен сатып алуға мүмкіндік береді. Бұл ретте зейнетақы аннуитеті бойынша төлемдер 55 жасқа толғанда жүзеге асырылады.
Жоғарыда көрсетілген шаралар зейнетақы аннуитеттерінің қолжетімділігі мен тартымдылығын арттыруға мүмкіндік береді.

Эта возможность доступна только для зарегистрированных пользователей. Пожалуйста, войдите или зарегистрируйтесь. |
|
| Регистрация | |