• Мое избранное

Отправить по почте

Солтүстік Қазақстан облысының ортақ су пайдалану қағидаларын белгілеу туралы Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының 2016 жылғы 20 маусымдағы № 3/7 шешімі. Солтүстік Қазақстан облысының Әділет департаментінде 2016 жылғы 19 шілдеде № 3831 болып тіркелді

Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 9 шілдедегі Су кодексінің 38-бабы 1) тармақшасына сәйкес, Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихат ШЕШТІ: 
1. Қоса берілген Солтүстік Қазақстан облысының ортақ су пайдалану қағидалары белгіленсін.
2. Осы шешім оны алғашқы ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Солтүстік Қазақстан облыстық
мәслихаттың ІІІ сессиясының
төрағасы
А.Асанова
Солтүстік Қазақстан облыстық
мәслихаттың хатшысы
В.Бубенко
Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының 2016 жылғы 20 маусымдағы № 3/7 шешімімен бекітілген
Солтүстік Қазақстан облысында ортақ су пайдалану қағидалары
1. Осы Солтүстік Қазақстан облысында ортақ су пайдалану қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 9 шілдедегі Су кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 38-бабы 1) тармақшасына сәйкес және "Ортақ су пайдаланудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 20 наурыздағы №19-1/252 бұйрығымен (нормативтік құқықтық актілер Реестрінде № 11434 тіркелген) бекітілген Үлгілік қағидалар негізінде әзірленді және өңірлік жағдайдың ерекшеліктерін ескере отырып, ортақ су пайдалану тәртібін айқындайды. 
2. Ортақ су пайдалану халықтың мұқтаждарын қанағаттандыру үшiн су объектiлерi жекелеген жеке немесе заңды тұлғаларға бекiтiлiп берiлмей және судың жай-күйiне әсер ететiн құрылыстар немесе техникалық құрылғылар қолданылмай жүзеге асырылады.
3. Ортақ су пайдалануды жүзеге асыру үшін арнайы рұқсат талап етілмейді.
4. Кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, жеке және заңды тұлғалардың ортақ су пайдалану объектілеріне халықтың кіруін қоршаулар, күзет пункттерін, тыйым салатын белгілер орнату жолымен шектеуіне жол берілмейді.
5. Экологиялық, техникалық және халықтың санитариялық-эпидемиологиялық қауiпсiздiгi мақсатында ортақ су пайдалану шектелуi немесе оған тыйым салынуы мүмкiн. 
6. Ортақ су пайдалануға:
1) шаруашылық-ауыз су мақсаттарын қанағаттандыру үшін;
2) ықтимал сел қаупі бар су объектілерін қоспағанда, рекреациялық мақсаттарда;
3) кеме қатынасы және шағын кемелерді пайдалану үшін;
4) мал суару үшін су объектілерін пайдалану жатады.
7. Шаруашылық-ауыз су мақсаттарын қанағаттандыру үшін жер үсті су көздерінен су алу судың жай-күйiне әсер ететiн құрылыстар немесе техникалық құрылғылар қолданылмай жүзеге асырылады.
8. Су объектiлерi мен су шаруашылығы құрылыстарындағы көпшiлiктiң демалуына, туризм мен спортқа арналған жерлердi экологиялық талаптар мен адам өмірінің қауіпсіздігін сақтай отырып, су қорын пайдалану және қорғау, сумен жабдықтау, су бұру саласындағы, қоршаған ортаны қорғау саласындағы және халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкiлеттi органдармен келiсiм бойынша облыстың жергiлiктi атқарушы органдары белгiлейдi.
Табиғи және жасанды су айдындарындағы көпшілік демалатын жерлерде жазатайым оқиғалардың алдын алу және суда апатқа ұшырағандарға көмек көрсету мақсатында осы су айдыны немесе жағажай бекітіп берілген ұйым "Су айдындарындағы қауіпсіздік қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2015 жылғы 19 қаңтардағы № 34 бұйрығымен бекітілген су айдындарындағы қауіпсіздік қағидаларының талаптарына сай келетін құтқару бекеттерін құрады. 
9. Солтүстік Қазақстан облысының су айдындарындағы жергілікті атқарушы органдармен белгіленбеген демалыс орындары шомылуға, шағын көлемді кемелерде және басқа жүзетін құралдарда жүзуге тыйым салынған деп айқындалсын.
10. Кеме қатынасы санатына жатқызылған Солтүстік Қазақстан облысының жер үстi су объектiлерi, оларды осы мақсаттарға пайдалануға толық немесе iшiнара тыйым салынған не олар оқшау пайдалануға берiлген жағдайларды қоспағанда, ортақ пайдаланудағы су жолдары болып табылады.
11. Су объектiлерiн кеме қатынасы санатына жатқызу тәртiбi, кеме қатынасы, әуе кемелерінің ұшуы (қонуы) үшін пайдаланылатын кеме қатынасы су жолдарының тiзбесi және оларды пайдалану қағидалары Кодекстің 105-бабының 3-тармағына сәйкес бекітілетін қағидаларға сәйкес жүзеге асырылады.
12. Су объектiлерiн мал суару үшiн пайдалануға санитарлық қорғау аймақтарынан тыс жерде және суат алаңдары мен су объектiлерiнiң ластануы мен қоқыстануын болғызбайтын басқа да құрылғылар болған жағдайда жол берiледi. 
12-1. Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихаты мәслихаттың кезекті немесе кезектен тыс сессиясы барысында азаматтардың өмірі мен денсаулығын сақтау мақсатында өңірлік жағдайлардың ерекшеліктерін ескере отырып, ортақ су пайдалану қағидаларында тиісті өңірдің аумағында орналасқан су объектілерінде шомылу, ауыз су және тұрмыстық қажеттіліктерге су алу, мал суару, шағын кемелерде және басқа да жүзу құралдарында жүзу жүзеге асырылмайтын жерлерді айқындайды.
Қағидалар 12-1-тармақпен толықтырылды - Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының 28.03.2017 № 13/4 шешімімен.(алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізілуі тиіс)
13. Азаматтардың өмірі мен денсаулығын сақтау мақсатында өңірлік жағдайлардың ерекшеліктерін ескере отырып, мыналар жүзеге асырылмайтыны айқындалсын:
1) тыйым салу және  белгілері орнатылған жерлерде шомылу.
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2015 жылғы 19 қаңтардағы № 34 "Су айдындарындағы қауіпсіздік қағидаларын бекіту туралы" бұйрығының талаптарына сәйкес су айдындарының қауіпті және демалу мен шомылу үшін жабдықталмаған учаскелерінде Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің аумақтық бөлімшелері мен жергілікті атқарушы органдар тыйым салу және  белгілерін орнатады;
2) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласында уәкілетті органдар тыйым салған жерлердегі жер үсті және жер асты су объектілерінен ауыз су және шаруашылық қажеттіліктерге су алу.
14. Шағын көлемді кемелерді пайдалану тәртібі "Шағын көлемді кемелерді және олар тоқтауға арналған базаларды (құрылыстарды) пайдалану қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 27 наурыздағы № 354 бұйрығына сәйкес жүзеге асырылады. 
15. Облыстың жергілікті атқарушы органы тиiстi аумақтарда орналасқан су объектiлерiнiң, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің жай-күйi туралы халықты хабардар етудi жүзеге асырады.
15-тармақ жаңа редакцияда - Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының 28.03.2017 № 13/4 шешімімен (20.06.2016 жылғы редакцияны қараңыз).(алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі)
16. Оқшау немесе бірлесіп су пайдалануды жүзеге асыратын су пайдаланушы, егер Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының шешімімен өзгеше белгiленбесе, Кодекстің 67-бабының 3-тармағына және 68-бабының 4-тармағына сәйкес ортақ су пайдалану шарттары немесе оған тыйым салу туралы жариялайды.
17. Ортақ су пайдаланудың шарттарын немесе оған тыйым салынатынын жариялау үшін оқшау немесе бірлесіп су пайдалануды жүзеге асыратын су пайдаланушы Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихатқа ортақ су пайдаланудың шарттарын немесе оған тыйым салынатынын белгілеудің қажеттігі негізделген ұсыныс енгізеді. 
17-1. Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихаты мәслихаттың кезекті немесе кезектен тыс сессиясы барысында ортақ су пайдаланудың шарттарын немесе оған тыйым салынатынын белгілеу бойынша тиісті шешім қабылдайды және оны үш жұмыс күні ішінде су пайдаланушыға жолдайды.
Қағидалар 17-1-тармақпен толықтырылды - Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының 28.03.2017 № 13/4 шешімімен.(алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізілуі тиіс)
18. Мемлекет қауiпсiздiгi мен қорғанысын, халықтың денсаулығын сақтауды, қоршаған ортаны, тарихи-мәдени мұраны, басқа да тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғауды қамтамасыз ету мақсатында, сондай-ақ су тапшылығы, табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар кезiнде Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен су пайдалану құқығы шектелуi мүмкiн.
Су пайдалану құқығын шектеу халықтың ауыз су және тұрмыстық мұқтаждары үшiн су ресурстарын пайдалану жағдайын нашарлатпауға тиiс. 
19. Жарияланған ортақ су пайдаланудың шарттары немесе оған салынатын тыйымдар шаруашылық-ауыз су мақсаттарын қанағаттандыру үшін ортақ су пайдалануды жүзеге асыруды шектемеуі тиіс.
19-тармақ жаңа редакцияда - Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының 28.03.2017 № 13/4 шешімімен (20.06.2016 жылғы редакцияны қараңыз).(алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі)
19-1. Су пайдаланушы Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихаттан оң шешім алғаннан кейін бұқаралық ақпарат құралдары арқылы, сондай-ақ, арнайы ақпараттық белгілер арқылы халықты шомылуға тыйым салынатыны және ортақ су пайдалануды жүзеге асырудың басқа шарттары туралы хабардар етуді қамтамасыз етеді.
Қағидалар 19-1-тармақпен толықтырылды - Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының 28.03.2017 № № 13/4 шешімімен.(алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізілуі тиіс)
20. Ортақ су пайдалану үшін су объектілерін пайдалану кезінде жеке және заңды тұлғалар:
1) су объектілерін ұқыпты пайдалануы;
2) су объектілерін пайдаланудың белгіленген режимін сақтауы;
3) су объектілерінде мәдени, спорттық және басқа да іс-шараларды өткізу кезінде қауіпсіздік шараларын сақтауы;
4) су объектілерін және іргелес аумақтарын тиісті санитариялық нормаларға сай ұстауға, тұрмыстық, құрылыс және басқа да қалдықтармен қоқыстамауға, іргелес аумақтарды ластаудың алдын алу және жою жөніндегі іс-шараларды уақытылы жүзеге асыруы тиіс.
21. Ортақ су пайдаланудың су объектілерін пайдалану кезінде:
1) су объектісін ластауға және қоқыстауға;
2) шомылуға арналған орындарда киім жууға және жануарларды шомылдыруға;
3)  немесе тыйым салу жазулары бар арнайы ақпараттық белгілер қойылған орындарда шомылуға;
4) арнайы ақпараттық белгілерді өз еркімен алып тастауға, бұзуға және жоюға;
5) аумақта жанар-жағармай материалдарын сақтауға;
6) көлікке жанармай құюды, жууды және жөндеуді жүзеге асыруға; 
7) су объектілерінде және оларға тікелей жақын жерде кәмелетке толмаған балаларды үлкендердің қарауынсыз тастауға жол берілмейді.
22. Табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардың туындау жағдайына арнап халықты ауыз сумен жабдықтауға жарамды сумен қамтамасыз ету үшiн ластану мен қоқыстанудан қорғалған жер асты су объектiлерiнiң негiзiнде ауыз сумен жабдықтау көздерiн резервтеу жүзеге асырылады. Резервтелген сумен жабдықтау көздерiнде Қазақстан Республикасының су заңдары мен өзге де заңдарына сәйкес оларды қорғаудың және жай-күйiн бақылаудың арнайы режимi белгiленедi. 
23. Технологиялық процеске байланысты ауыз суды пайдалану көзделген кәсiпорындарды қоспағанда, басқа сападағы суды пайдалану мүмкiндiгi бола тұрып, ауыз суды өнеркәсiп үшiн пайдалануға жол берiлмейдi. Табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар кезiнде облыстың жергiлiктi атқарушы органдары халықтың ауыз су және шаруашылық-тұрмыстық мұқтаждарын бiрiншi кезекте қанағаттандыруды ескере отырып, ауыз суды өнеркәсiптiк мақсаттар үшiн тұтынуға уақытша рұқсат беруге құқылы. Ауыз суды өнеркәсiптiк мұқтаждар үшiн тұтыну мерзiмдерi уәкiлеттi органның келiсiмi бойынша белгiленедi.
24. Облыстың жергiлiктi атқарушы органдары табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар болған кезде Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен өнеркәсiп және жылу энергетикасы кәсiпорындарының су объектiлерiн және су шаруашылығы құрылыстарын пайдалануын шектеуге, тоқтата тұруға немесе оған тыйым салуға құқылы. 
25. Осы Қағидаларды бұзғаны үшін, жеке және заңды тұлғалар "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 5 шілдедегі кодексінің 364-бабына сәйкес жауапқа тартылады.
26. Осы Қағидаларда реттелмеген құқықтық қатынастар Кодекстің қолданыстағы нормаларымен және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерімен регламенттеледі.