• Мое избранное

Отправить по почте

"Алматы қаласының Құрметті азаматы" атағын беру туралы Ережені бекіту туралы ІV сайланған Алматы қаласы мәслихатының ХХХХІV сессиясының 2011 жылғы 29 маусымдағы N 450 шешімі. Алматы қаласы Әділет департаментінде 2011 жылғы 9 тамызда N 900 тіркелді.

      Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 6 бабы 1 тармағының 12-2) тармақшасына сәйкес ІV-ші сайланған Алматы қаласының мәслихаты ШЕШІМ ЕТТІ:
      1. Қоса беріліп отырған "Алматы қаласының Құрметті азаматы" атағын беру туралы Ережесі бекітілсін.
      2. Осы шешімнің орындалуын бақылау Алматы қаласы мәслихатының заң, құқық тәртібі, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия төрағасы А. Моргуновқа және Алматы қаласы әкімінің орынбасары С. Сейдумановқа жүктелсін.
      3. Осы шешім оны алғаш рет ресми жарияланған күннен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
 
ІV-ші сайланған
Алматы қаласы мәслихаты
ХХХХІV-шы сессиясының
Төрағасы И. Бережной
ІV-ші сайланған Алматы қаласы
мәслихатының хатшысы Т. Мұқашев
 
ІV сайланған
Алматы қаласы мәслихатының
2011 жылғы 29 маусымдағы
ХХХХІV сессиясының
№ 450 шешімімен бекітілді
 "Алматы қаласының Құрметті азаматы" атағын беру туралы
Ереже 1. Жалпы ережелер
      1. "Алматы қаласының Құрметті азаматы" атағын беру туралы осы Ереже (бұдан әрі - Ереже) Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңына сәйкес әзірленді және "Алматы қаласының Құрметті азаматы" атағын берудің тәртібін анықтайды.
      2. "Алматы қаласының Құрметті азаматы" атағын (бұдан әрі - Атақ) беру азаматтардың көп жылғы жемісті еңбегін, олардың қабілеті мен дарынын және бастамаларын қоғамдық мойындауды білдіретін маңызды моральдық ынталандыру болып табылады. Ол азаматтардың еңбек және қоғамдық белсенділігін арттыруға, олардың Алматы қаласының экономикалық және әлеуметтік дамытуға жұмсаған күш-жігерін көтермелеуге, өскелең жас ұрпақты қазақстандық отансүйгіштік рухында тәрбиелеуге және халықтар арасында достықты нығайтуға арналған.
      3. Атақ ерекше сіңірген еңбегінің белгісі ретінде:
      Ұлы Отан соғысы кезіндегі ерліктері мен қаһармандығы, сондай-ақ бейбіт уақыттағы кәсіби міндеттерін немесе азаматтық борышын орындау кезіндегі жеке қаһармандығы үшін;
      экономикасының, ғылымы мен мәдениетінің, өнерінің, білімінің, денсаулық сақтау және әлеуметтік саласының дамуына қосқан зор үлесі үшін;
      мемлекеттік және қоғамдық қызметтегі, демократияны дамытудағы жариялылық пен әлеуметтік прогрестегі, рухани және интелектуалдық әлеуеттегі табыстары үшін;
      заңдылықты, қоғамдық тәртіпті тиімді қамтамасыз еткені үшін;
      азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудағы көп жылғы белсенді еңбегі, қайырымдылық қызметі мен ізгі істері үшін;
      халықтар арасындағы ұлтаралық қатынастар мен қоғамдық тұрақтылықты, бейбітшілікті, достық пен ынтымақтастықты нығайту жолындағы көп жылғы жемісті еңбегі үшін;
      өндіріс, бизнес, спорт салаласындағы, мемлекеттік және әскери қызметтегі аса жоғары нәтижелері үшін;
      қоршаған ортаны қорғауға көп жылғы белсене қатысқаны үшін;
      Алматы қаласының елдегі және шетелдердегі келбетін көтеруге қосқан мол қоғамдық танымал үлесі үшін беріледі.
      4. Атақ Қазақстан Республикасының азаматтарына және шетел азаматтарына беріледі.
      Атақ Алматы қаласының аумағында тұрмайтын адамдарға да берілуі мүмкін.
      Атақ өмірінің кезінде де, өмірден өткеннен кейін де берілуі мүмкін.
      5. Атақ жойылмаған немесе алынбаған, сотталғандығы бар адамдарға берілмейді.
 2. Атақ беру тәртібі
      6. Атақ беру жылына бір рет және Қала күніне орайластырылады. Атақ жылына он адамға дейін берілуі мүмкін.
6 тармақ жаңа редакцияда - Алматы қаласы мәслихатының 13.09.2019 № 394 шешімімен (16.09.2016 жылғы редакцияны қараңыз).(алғаш ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң)
      7. Атақты Алматы қаласының мәслихаты Алматы қаласы әкімінің ұсынымы бойынша береді.
      8. Атақты беру туралы ұсыныстарды Алматы қаласының мәслихатына Алматы қаласының әкімі Алматы қаласы мәслихатының сессиясында осы мәселені қарауға дейін бір айдан кем емес және Қала күніне дейін үш айдан кем емес наградалар жөніндегі қалалық комиссияның (бұдан әрі - Комиссия) шешімдері негізінде енгізеді.
      9. Атақты беру туралы еңбек және шығармашылық ұжымдары, қоғамдық және діни бірлестіктер, саяси партиялар, жеке және заңды тұлғалар, өзге де бастамашылық топтар ұсыныс жасай алады.
      Қолдау хатқа тиісті уәкілетті адам немесе бірінші басшы қол қояды, онда атақ берілетін үміткердің нақты сіңірген еңбектері көрсетіледі.
      Қолдау хатқа жиналыс, конференция хаттамаларының көшірмелері, үміткердің ерекше сіңірген еңбектері, өмірбаяндық деректемелерін растайтын құжаттамалардың көшірмелері қоса беріледі.
      Үміткерлігін өз бетімен ұсынған адамдардан түскен Атақ беру туралы қолдау хат қаралмайды.
      Бір үміткерге берілетін қолдау хатты енгізу Алматы қаласы мәслихатының бір сайланған кезеңінде екі реттен аспауы тиіс.
      10. Қолдау хат Алматы қаласының әкіміне жолданады, Алматы қаласының әкімі өз кезегінде қолдау хатты Комиссияның қарауына жібереді.
      11. Комиссияның шешімі көпшілік дауыспен қабылданады.
      12. Дауыс тең болған жағдайда комиссия төрағасының пікірі шешуші болып табылады.
      13. Комиссияның шешімі ұсыну сипатында болады және барлық мүшелері қол қоятын хаттамамен ресімделеді.
      14. Комиссия қолдау хатты қарау нәтижесі бойынша Алматы қаласының әкіміне мыналарды ұсынады:
      Алматы қаласының мәслихатына Атақ беру туралы ұсыным енгізу;
      қолдау хатты қанағаттандырмау;
      қолдау хатты қосымша құжаттарды немесе мәліметтерді беру үшін қайтару;
      15. Алматы қаласы мәслихатының Атақ беру туралы шешімі бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.
      16. Алматы қаласы мәслихатының Атақ беру туралы шешімі негізінде, осы Ереженің қосымшасына сәйкес құрметті азаматтарға "Алматы қаласының Құрметті азаматы" медалі, "Алматы қаласының Құрметті азаматы" төсбелгісі, Атақ беру туралы диплом және куәлік тапсырылады.
16 тармақ жаңа редакцияда - Алматы қаласы мәслихатының 16.09.2016 № 37 шешімімен (10.09.2014 жылғы редакцияны қараңыз).(алғаш ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң)
      17. Атақ беру туралы куәлікке Алматы қаласының әкімі қол қояды.
      Атақ беру туралы дипломға Алматы қаласының әкімі және Алматы қаласы мәслихатының төрағасы қол қояды.
17-тармақ жаңа редакцияда - Алматы қаласы мәслихатының 21.02.2024 № 88 (13.09.2019 жылғы редакцияны қараңыз) шешімімен.(алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі)
      18. "Алматы қаласының Құрметті азаматы" медалін, "Алматы қаласының Құрметті азаматы" төсбелгісін, Атақ беру туралы дипломды және куәлікті тапсыру салтанатты жағдайда жүргізіледі.
18-тармақ жаңа редакцияда - Алматы қаласы мәслихатының 21.02.2024 № 88 (13.09.2019 жылғы редакцияны қараңыз) шешімімен.(алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі)
      19. Алматы қаласының Құрмет Кітабына құрметті азаматтардың атын тіркеу хронологиялық тәртіппен жүргізіледі.
      20. Атақ беру мәселелері жөніндегі құжаттаманы және оның есебін жүргізуді, Алматы қаласы бюджетінің қаражаттары есебінен медальдарды және төсбелгілерді, дипломдарды және куәліктерді дайындауды, Алматы қаласының Құрмет Кітабын ресімдеуді және оны күтіп-ұстауды тиісінше Алматы қаласы мәслихатының аппараты жүзеге асырады.
20 тармақ жаңа редакцияда - Алматы қаласы мәслихатының 16.09.2016 № 37 шешімімен (10.09.2014 жылғы редакцияны қараңыз).(алғаш ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң)
      21. Алматы қаласының Құрметті азаматының аты, жұртшылықтың ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасымен көзделген тәртіпте Алматы қаласының көшелеріне берілуі мүмкін.
      22. Құрметті азамат "Алматы қаласының Құрметті азаматы" куәлігін көрсеткеннен кейін жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын Алматы қаласы әкімдігінің ғимаратына және атқарушы органдардың ғимаратына жұмыс уақытында кедергісіз кіруіне құқылы.
      23. Алматы қаласының Құрметті азаматтары Алматы қаласының құрметті қонақтары болып саналады және Алматы қаласының мәслихаты немесе Алматы қаласының әкімдігі тарапынан мемлекеттік мерекелерге, Қала күніне және басқа маңызды оқиғаларға арналған іс-шараларға шақырылуы мүмкін. Алынып тасталды (ескертуді қараңыз)
24. Алынып тасталды - Алматы қаласы мәслихатының 10.09.2014 № 257 шешімімен (29.06.2011 жылғы редакцияны қараңыз).(алғаш ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң)
 3. Атақтан айыру негіздемелері Алынып тасталды (ескертуді қараңыз)
3-тарау алынып тасталды - Алматы қаласы мәслихатының 10.09.2014 № 257 шешімімен (29.06.2011 жылғы редакцияны қараңыз).(алғаш ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң)
 
"Алматы қаласының Құрметті
азаматы" атағын беру Ережесіне
қосымша
 "Алматы қаласының Құрметті азаматы" медалінің, "Алматы қаласының
Құрметті азаматы" төсбелгісінің, дипломның, куәліктің сипаттамасы
#$Ереже қосымшамен толықтырылды - Алматы қаласы мәслихатының 16.09.2016 № 37 шешімімен.(алғаш ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң)
      1. "Алматы қаласының Құрметті азаматы" медалінің пішіні.
      "Алматы қаласының Құрметті азаматы" медалі металл бұйымнан жасалған медальдан және оның бекіткішінен, сондай-ақ медальдің лентасынан тұрады.
      Медаль диаметрі 80 мм жеті ұшы бар жұлдыз түріндегі ақ түсті металдан (күміс СрМ 925) жасалған, оның үстіне бұрыштарында дөңгеленген сегізұшты фигуралы пішіндері бар диаметрі 71 мм сары түсті металдан (алтын жалатылаған күміс СрМ 925) әзірленген жетіұшты қосалқы қаптама жапсырылған. Әрбір жетіұшты қаптамаға диаметрі 3,5 мм болатын 7 дана фианит бекітілген.
      Орталық бөлігінде қызыл, көк, ақ және көгілдір түсті дөңгелек эмальді медальон орналасқан. Медальонның жиектеріне қазақтың ұлттық ою-өрнектері салынған. Медальонның ортасында IV сайланған Алматы қаласы мәслихатының XXV сессиясының 2010 жылғы 22 қаңтардағы № 277 шешімімен бекітілген Алматы қаласының елтаңбасын пайдалану Ережесіне (бұдан әрі - Ереже) сәйкес алтынмен өрнектеліп орындалған Алматы қаласы елтаңбасының бейнесі орналасқан.
      Қызыл фонда шеңбер бойымен алтын түспен қазақтың ұлттық ою-өрнегі бейнеленген және мемлекеттік тілде "АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ҚҰРМЕТТІ АЗАМАТЫ" жазуы жазылған.
      Медаль көгілдір түсті лентаға алтын ою-өрнегі бар қапсырмамен (34 мм) бекітілген.
      2. "Алматы қаласының Құрметті азаматы"  төс белгісінің пішіні.
      "Алматы қаласының Құрметті азаматы" төсбелгісі диаметрі 20 мм жеті ұшы бар жұлдыз түріндегі ақ түсті металдан (күміс СрМ 925) жасалған, оның үстіне бұрыштарында дөңгелек жетіұшты фигуралы пішінді ақ эмальді түсті металдан жасалған жетіұшты қосалқы қаптама жапсырылған.
      Орталық бөлігінде қызыл эмальдан жасалған дөңгелек эмаль медальон орналастырылған. Медальонның жиектерінде қазақтық ұлттық ою-өрнегі бейнеленген. Медальонның орта тұсында Алматы қаласының елтаңбасын пайдалану Ережесіне сәйкес Алматы қаласының елтаңбасы ақпен өрнектеліп орналастырылған.
      3. Дипломның түрі.
      Диплом қою-көк түсті папкадан тұрады, ашылған күйіндегі өлшемі 31х44,5 см, алғашқы бетінде Алматы қаласының елтаңбасы бейнеленген.
      Дипломның алғашқы бетінде елтаңбаның төменгі жағында алтынмен жалатылып орындалған мемлекеттік тілде "АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ҚҰРМЕТТІ АЗАМАТЫ" жазуы орналасқан.
      Қосымшасы шеттерінде алтын жалатқан өрнек салынған А4 форматындағы сарғыш түсті тығыз мықты қағазда баспаханалық әдіспен дайындалады.
      Қосымшасының сол жағындағы орта тұсында "Алматы қаласының құрметті азаматы" медалі түрлі-түсті етіп бейнеленген.
      Қосымшасының оң жағындағы жоғары бөлігінде Алматы қаласы елтаңбасының кіші түрлі-түсті бейнесі бар.
      Орталық бөлігінде мемлекеттік тілде тегі, есімі, әкесінің есімі, негіздемесі, "Алматы қаласының Құрметті азаматы" атағын беру туралы қала мәслихатының шешімінің қабылданған нөмірі және датасы жазылады, оның төменгі жағына Алматы қаласы әкімінің және Алматы қаласы мәслихаты төрағасының қолы қойылады және "Алматы және берілген жылы" деген жазулар орналастырылған. Сол жағындағы төменгі бөлігінің оң жағында екі кішкентай лентамен бірге Алматы қаласының елтаңбасы қиып өрнектеліп орналастырылған.
#$3-бөлімге өзгерістер енгізілді - Алматы қаласы мәслихатының 21.02.2024 № 88 шешімімен.(алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі)
      4. Куәліктің түрі.
      Куәлік қою-көк түсті қатты мұқабадан дайындалады, ашылған күйіндегі өлшемі 6,5х20,5 см, куәліктің алғашқы бетінде Алматы қаласының елтаңбасын пайдалану Ережесіне сәйкес Алматы қаласының елтаңбасы бейнеленген, қазақ тілінде "АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ҚҰРМЕТТІ АЗАМАТЫ" жазуы баспаханалық шрифтімен жазылған.
      Сарғыш түсті куәліктің ішкі жағында, оң және сол жағында қазақ және орыс тілдеріндегі "Алматы қаласының құрметті азаматы", "Почетный гражданин города Алматы" деген мәтін бар, куәліктің нөмірі, тегі, есімі, әкесінің есімі көрсетіледі.
      Медальдің бейнесі оң ішкі жағында орналасқан, оның төменгі жағында Алматы қаласы әкімінің қолы қойылады.
      Куәліктің сол ішкі жағында өлшемі 3х4 сантиметр түрлі-түсті сурет жапсырылады. Суреттің төменгі жағында қалалық мәслихат шешімінің негіздемесі, нөмірі және датасы көрсетіледі.
#$4-бөлімге өзгерістер енгізілді - Алматы қаласы мәслихатының 21.02.2024 № 88 шешімімен.(алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі)