Осы Заң Семей ядролық қауіпсіздік аймағын құру және оның жұмыс істеуі кезінде туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді.










Отправить по почте
«Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы» Қазақстан Республикасының Заң жобасына құжаттама
Қараңыз: Жолдаманы Қараңыз: Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының сараптамалық қорытындысы
ЖОБА
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫ
«Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы»
Осы Заң Семей ядролық қауіпсіздік аймағын құру және оның жұмыс істеуі кезінде туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді.
1-тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар:
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) атом энергиясын пайдалану саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – атом энергиясын пайдалану саласында басшылықты жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
2) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган – қоршаған ортаны қорғау және табиғат пайдалану саласында басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган, сондай-ақ оның аумақтық органдары;
3) негізгі қызмет түрлері – Семей ядролық қауіпсіздік аймағын құру мақсаттарына сәйкес келетін Оператор қызметінің түрлері;
4) радиоактивті ластанған объектілер – қоршаған орта объектілері және адамның антропогендік қызметі нәтижесінде құрылған, ол жерлерде болған кезде сәулелену дозалары нормативтік мәндерден асатын объектілер;
5) Семей ядролық қауіпсіздік аймағы – Қазақстан Республикасы аумағының шектеулі бөлігі, осы Заңда көзделген Семей ядролық қауіпсіздік аймағының арнайы құқықтық режимі қолданылатын, нормативтен тыс радиоактивті ластануға ұшыраған Семей сынақ полигоны аумағының аймағы;
6) Семей ядролық қауіпсіздік аймағы инфрақұрылымының объектілері – Семей ядролық қауіпсіздік аймағының аумағында орналасқан және оның жұмыс істеуі үшін пайдаланылатын, Семей ядролық қауіпсіздік аймағының жер учаскелерінде орналасқан өндірістік және сынақ алаңдарының, техникалық құралдардың, құрылғылардың, инженерлік коммуникациялардың, ғимараттардың, құрылыстар мен жер учаскелерінің кешені;
7) Семей ядролық қауіпсіздік аймағының операторы (бұдан әрі – оператор) – Семей ядролық қауіпсіздік аймағының жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін осы Заңға сәйкес айқындалатын заңды тұлға;
8) ядролық қауіпсіздік аймақтарының жері – Қазақстан Республикасының Жер кодексінде белгіленген, ядролық қауіпсіздік аймағын құруға және оның жұмыс істеуіне арналған жер санаты;
9) ядролық қару сынақтары жүргізілген аумақтарды кешенді экологиялық тексеру – ядролық қару сынақтары, әскери техника, соның ішінде зымыран техникасының сынақтары жүргізілген жер учаскелеріндегі қоршаған ортаның жай-күйін бағалауға бағытталған экологиялық тексеру.
2-бап. Қазақстан Республикасының Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.
3-бап. Семей ядролық қауіпсіздік аймағын құрудың мақсаты және міндеттері
1. Семей ядролық қауіпсіздік аймағы Қазақстан Республикасының радиациялық және экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, радиоактивті ластанудың таралуын шектеу, Семей ядролық қауіпсіздік аймағының аумағын оңалту, Қазақстан Республикасының ғылыми әлеуетін дамыту, атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану мәселелеріндегі Қазақстан Республикасының ұстанымдарын нығайту мақсатында құрылады.
2. Семей ядролық қауіпсіздік аймағын құру міндеттері:
1) мемлекеттің радиациялық және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, бұрынғы Семей сынақ полигонының аумағы мен оған іргелес жатқан жерлерде ядролық таратпау режиміне қолдау көрсету жөніндегі міндеттемелерін, соның ішінде халықаралық міндеттемелерін орындау;
2) бұрынғы Семей ядролық сынақ полигоны инфрақұрылымының объектілерін тиімді басқаруды және оларға тиісінше қызмет көрсетуді ұйымдастыру;
3) бұрынғы Семей ядролық сынақ полигонының нормативтен жоғары радиоактивті ластанған жер учаскелеріне және стратегиялық объектілеріне кіруді шектеу;
4) Семей ядролық қауіпсіздік аймағын пайдалану жөніндегі жұмыстарды, оңалту және қауіпсіздігін күшейту жұмыстарын жүргізуді ұйымдастыру;
5) есепке алуды, өңдеуді, орналастыруды, кәдеге жаратуды, залалсыздандыруды, сақтауды, жоюды қамтитын қауіпті қалдықтармен жұмыс істеу;
6) қауіпті қалдықтарды көму;
7) Семей ядролық қауіпсіздік аймағында аумақтың, су объектілерінің және ауа кеңістігінің радиоактивті ластану деңгейіне тұрақты мониторинг жүргізуді қамтамасыз ету, сондай-ақ радионуклидтер миграциясының параметрлерін анықтау;
8) Қазақстан Республикасының ядролық технологиялар, атом энергиясы және радиоэкология салаларында ғылымды дамыту болып табылады.
2-тарау. Семей ядролық қауіпсіздік аймағын құру және оның жұмыс істеуі саласындағы мемлекеттік реттеу
4-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыреті
Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыретіне:
1) Семей ядролық қауіпсіздік аймағын құру және оның жұмыс істеуі саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлеу;
2) Семей ядролық қауіпсіздік аймағын құру және оның жер учаскелерінің шекараларын және ауданын белгілеу;
3) операторды айқындау;
4) Семей ядролық қауіпсіздік аймағы жер учаскелерінің шекараларын және ауданын өзгерту;
5) өзіне Қазақстан Республикасының Конституциясымен, осы Заңмен, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарымен және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен жүктелген өзге де функцияларды орындау жатады.
5-бап. Уәкілетті органның құзыреті
Уәкілетті органның құзыретіне:
1) Семей ядролық қауіпсіздік аймағын құру және оның жұмыс істеуі саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру;
2) Семей ядролық қауіпсіздік аймағын құру және оның жұмыс істеуі мәселелері бойынша мемлекеттік органдар мен оператордың қызметін салааралық үйлестіруді жүзеге асыру;
3) Семей ядролық қауіпсіздік аймағын құру, оның жер учаскелерінің шекараларын және ауданын белгілеу туралы Қазақстан Республикасының Үкіметіне ұсыныс енгізу;
4) Семей ядролық қауіпсіздік аймағы жер учаскелерінің шекараларын және ауданын өзгерту туралы Қазақстан Республикасының Үкіметіне ұсыныс енгізу;
5) осы Заңда белгіленетін критерийлерге сәйкес операторды айқындау туралы Қазақстан Республикасының Үкіметіне ұсыныс енгізу;
6) Семей ядролық қауіпсіздік аймағы жер учаскелерінің шекараларын және ауданын өзгерту туралы оператордың ұсынысын келісу;
7) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру жатады.
6-бап. Облыстардың жергілікті атқарушы органдарының құзыреті
Шекараларында Семей ядролық қауіпсіздік аймағы толық немесе ішінара орналасқан облыстардың жергілікті атқарушы органдарының құзыретіне:
1) Семей ядролық қауіпсіздік аймағының жұмыс істеуі саласындағы мемлекеттік саясатты өз құзыреті шегінде іске асыру;
2) Семей ядролық қауіпсіздік аймағын құру, оның жер учаскелерінің шекараларын және ауданын белгілеу және өзгерту туралы уәкілетті органның ұсыныстарын келісу;
3) кешенді экологиялық тексеру нәтижелері және мемлекеттік экологиялық сараптама қорытындысының негізінде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген құзыреті шегінде Семей ядролық қауіпсіздік аймағы жер учаскелерінің шекараларын межелеу, уәкілетті органға межелеу нәтижелерін беру;
4) жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде Қазақстан Республикасының заңнамасында жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру жатады.
3-тарау. Семей ядролық қауіпсіздік аймағын құру және оның жұмыс істеуі
7-бап. Семей ядролық қауіпсіздік аймағын құру және оның жер учаскелерінің шекараларын және ауданын белгілеу
1. Семей ядролық қауіпсіздік аймағын құру және оның жер учаскелерінің шекараларын және ауданын белгілеу туралы шешімді Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдайды.
2. Семей ядролық қауіпсіздік аймағын құру және оның жер учаскелерінің шекараларын және ауданын белгілеу туралы шешімнің жобасын уәкілетті орган әзірлейді және Қазақстан Республикасы Үкіметінің қарауына енгізеді.
3. Семей ядролық қауіпсіздік аймағының шекарасы мен ауданы бұрынғы Семей сынақ полигонының аумағын және оған іргелес жатқан жерлерді кешенді экологиялық тексеру, мемлекеттік экологиялық сараптама қорытындысы және әкімшілік шекараларында Семей ядролық қауіпсіздік аймағы толық немесе ішінара орналасқан облыстардың жергілікті атқарушы органдарының межелеу нәтижелерінің негізінде белгіленеді.
4. Семей ядролық қауіпсіздік аймағының жері ядролық қауіпсіздік аймақтарының жері санатына жатады.
5. Семей ядролық қауіпсіздік аймағы мемлекет меншігіндегі жер учаскелерінде құрылады.
6. Семей ядролық қауіпсіздік аймағы құрылатын жер учаскелері Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оператордың тұрақты жер пайдалануына беріледі.
8-бап. Семей ядролық қауіпсіздік аймағы жер учаскелерінің шекарасын және ауданын өзгерту
1. Семей ядролық қауіпсіздік аймағы жер учаскелерінің шекаралары және ауданы мемлекеттік экологиялық сараптаманың қорытындысы болған жағдайда, тиісті аумақты кешенді экологиялық тексеру нәтижелері бойынша ғана өзгертілуі мүмкін.
2. Семей ядролық қауіпсіздік аймағы жер учаскелерінің шекарасын және ауданын өзгерту туралы ұсынысты уәкілетті органға оператор Семей ядролық қауіпсіздік аймағы аумағының шекарасы мен ауданын өзгерту қажеттілігінің негіздемесін (кешенді экологиялық тексеру нәтижелерін, экологиялық сараптама қорытындысын, шекараны межелеуді) ұсына отырып енгізеді.
3. Семей ядролық қауіпсіздік аймағы жер учаскелерінің шекарасы мен ауданын өзгерту туралы ұсынысты уәкілетті орган осы баптың 2-тармағында көрсетілген материалдар енгізілген күннен бастап алпыс жұмыс күні ішінде қарайды.
4. Уәкілетті орган Семей ядролық қауіпсіздік аймағы жер учаскелерінің шекарасы мен ауданын өзгерту туралы ұсынысты мына жағдайларда:
1) Семей ядролық қауіпсіздік аймағы жер учаскелерінің шекарасын және ауданын өзгерту туралы ұсыныс мемлекеттік саясаттың басымдықтарына сәйкес келмеген;
2) Семей ядролық қауіпсіздік аймағы жер учаскелерінің шекарасын және ауданын өзгерту туралы ұсыныс қоршаған ортаны қорғау саласындағы талаптарға сәйкес келмеген;
3) Семей ядролық қауіпсіздік аймағы жер учаскелерінің шекарасын және ауданын өзгерту туралы ұсыныс негізсіз болған жағдайда қабылдамайды.
Семей ядролық қауіпсіздік аймағы жер учаскелерінің шекарасын және ауданын өзгерту туралы ұсыныстың қабылданбауы Семей ядролық қауіпсіздік аймағы жер учаскелерінің шекарасын және ауданын өзгерту туралы ұсынысты кейіннен енгізу үшін кедергі болып табылмайды.
5. Осы баптың 3-тармағында көрсетілген Семей ядролық қауіпсіздік аймағы жер учаскелерінің шекарасын және ауданын өзгерту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметі шешімінің жобасын уәкілетті орган міндетті түрде қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен келіседі және Қазақстан Республикасының Үкіметіне енгізеді.
6. Семей ядролық қауіпсіздік аймағы жер учаскелерінің шекарасын және ауданын өзгерту туралы шешімді Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдайды.
9-бап. Семей ядролық қауіпсіздік аймағының жұмыс істеуі
1. Семей ядролық қауіпсіздік аймағының аумағында осы Заңға, Қазақстан Республикасының салық, жер, бюджет заңнамасына сәйкес Семей ядролық қауіпсіздік аймағының жұмыс істеуі шарттарының жиынтығы болып табылатын арнайы құқықтық режим қолданылады.
2. Семей ядролық қауіпсіздік аймағының жұмыс істеуі бюджет қаражаты және (немесе) Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де қаржы көздері есебінен жүзеге асырылады.
3. Семей ядролық қауіпсіздік аймағы инфрақұрылымының объектілері мемлекеттік меншік болып табылады.
10-бап. Семей ядролық қауіпсіздік аймағындағы негізгі қызмет түрлері
1. Семей ядролық қауіпсіздік аймағындағы негізгі қызмет түрлері:
1) Семей ядролық қауіпсіздік аймағының және ондағы инфрақұрылым объектілерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету;
2) Қазақстан Республикасының ұлттық және халықаралық міндеттемелері шеңберінде Семей ядролық қауіпсіздік аймағы аумағында ядролық қаруды таратпау режимін қамтамасыз ету;
3) ядролық сынақ салдарының әсерін болдырмау, Семей ядролық қауіпсіздік аймағының радиоактивті ластанған жерлерін оңалту және қауіптілігін төмендету;
4) Семей ядролық қауіпсіздік аймағы инфрақұрылымының объектілерін физикалық қорғау;
5) Семей ядролық қауіпсіздік аймағының аумағында қауіпті қалдықтармен жұмыс істеу, оларды көмуге орналастыру;
6) өнеркәсіптік қауіпті объектілерді, қауіпті заттарды сынау полигондарының жұмыс істеуі, өнеркәсіптік қауіпті объектілердегі аварияларды модельдеу;
7) ядролық технологиялар және радиоэкология саласында ғылыми зерттеулер жүргізу болып табылады.
2. Семей ядролық қауіпсіздік аймағының аумағындағы негізгі қызмет түрлерін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оператор жүзеге асыруы мүмкін.
11-бап. Семей ядролық қауіпсіздік аймағын күзетуді қамтамасыз ету
1. Семей ядролық қауіпсіздік аймағының аумағында орналасқан стратегиялық объектілерді күзетуді қамтамасыз етуді мемлекеттік органдар, ішкі істер органдарының мамандандырылған күзет бөлімшелері, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері, басқа да әскерлері мен әскери құралымдары, сондай-ақ арнайы мемлекеттік органдар жүзеге асыра алады.
4-тарау. Семей ядролық қауіпсіздік аймағын басқару
12-бап. Семей ядролық қауіпсіздік аймағының Операторын айқындау
1. Операторды айқындау туралы шешімді Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдайды.
2. Оператор мынадай критерийлерге сәйкес болуы тиіс:
1) квазимемлекеттік сектор субъектісі болуы;
2) Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларын құрайтын мәліметтерді пайдалана отырып, жұмыстар жүргізуге рұқсаты болуы;
3) атом энергиясын пайдалану саласында, атап айтқанда бұрынғы ядролық сынақ полигондарының аумақтарында қызметті жүзеге асыруға, ядролық материалдармен, радиоактивті заттармен, радиоактивті қалдықтармен, оларды тасымалдау мен физикалық қорғауды қоса алғанда жұмыс істеуге рұқсаты болуы тиіс;
4) оператордың бірінші басшысы мен оның орынбасарлары Қазақстан Республикасының азаматтары болуы тиіс.
3. Оператордың мүлкі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қалыптастырылады.
13-бап. Семей ядролық қауіпсіздік аймағын басқару жөніндегі оператордың функциялары мен жауапкершілігі
1. Семей ядролық қауіпсіздік аймағының жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін Оператор мынадай функцияларды:
1) Семей ядролық қауіпсіздік аймағында ядролық және радиациялық қауіпсіздікті ұйымдастыруды;
2) Қазақстан Республикасының халықаралық міндеттемелері шеңберінде Семей ядролық қауіпсіздік аймағында ядролық қаруды таратпау режимін қолдау және нығайту саласындағы іс-шараларды орындауды;
3) Семей ядролық қауіпсіздік аймағы инфрақұрылымы объектілерінің қауіпсіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуді;
4) Семей ядролық қауіпсіздік аймағына және онымен шекаралас аумақтарға кешенді экологиялық тексеру жүргізуді;
5) Семей ядролық қауіпсіздік аймағындағы ядролық сынақтардың салдарын жою және оның аумақтарын қауіпсіз деңгейге дейін оңалту жөніндегі іс-шараларды іске асыруды;
6) Семей ядролық қауіпсіздік аймағының және онымен шекаралас аумақтардың радиоактивті ластану деңгейіне мониторинг жүргізуді, сондай-ақ Семей ядролық қауіпсіздік аймағындағы радионуклидтер миграциясының параметрлерін анықтауды;
7) Семей ядролық қауіпсіздік аймағы инфрақұрылымының объектілерін салу және негізгі қызмет түрлерін жүзеге асыру үшін қаражат тартуды;
8) Семей ядролық қауіпсіздік аймағында радиоактивті қалдықтардың тиісті қоймаларын, сондай-ақ оларды көму пункттерін құруды;
9) қоршаған ортаның жай-күйін бақылауды және қадағалауды қамтамасыз ету үшін Семей ядролық қауіпсіздік аймағының аумағында радиоактивті заттарды сақтау және көму пункттеріне экологиялық мониторинг жүргізуді;
10) радиоактивті қалдықтармен және иондаушы сәулелену көздерімен жұмыс істеуді, соның ішінде оларды өңдеуді;
11) Семей ядролық қауіпсіздігі аймағының аумағында сақталатын радиоактивті қалдықтарды және пайдаланылған ядролық отынды есепке алу және оларға бақылау жүргізуді;
12) радиоактивті ластанған объектілерде табиғат қорғау іс-шараларын әзірлеуді және орындауды;
13) уәкілетті органға осы Заңды іске асыруға байланысты қызмет бойынша есептілікті ұсынуды;
14) осы Заңды іске асыруға байланысты қызметті жариялау жөніндегі іс-шараларды, соның ішінде, бірақ қоғамдық тыңдаулармен және бұқаралық ақпарат құралдарында жариялаумен шектелмей өткізуді жүзеге асырады.
2. Оператор Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзіне жүктелген функцияларды орындау үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жауаптылықта болады.
14-бап. Оператордың қызметін қаржыландыру
1. Оператордың қызметін қаржыландыру:
1) оператор көрсететін (орындайтын) қызметтер (жұмыстар) үшін сыйақы;
2) нысаналы қарыздық қаржыландыру;
3) жарғылық капиталға енгізілген мүлік;
4) бюджет қаражаты;
5) оператордың қызметінен түсетін Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де кірістер есебінен жүзеге асырылады.
2. Оператордың қызметін бюджет қаражаты есебінен қаржыландыру тәртібі Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасында айқындалады.
15-бап. Салықтық преференциялар
1. Оператор Семей ядролық қауіпсіздік аймағында негізгі қызмет түрлерін жүзеге асыру кезінде Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленген преференцияларды алуға құқылы.
5-тарау. Қорытынды ережелер
16-бап. Қазақстан Республикасының Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
Қазақстан Республикасының Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа алып келеді.
17-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
Осы Заң 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Президенті Қ. Тоқаев
Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі
«Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасына ТҮСІНДІРМЕ ЖАЗБА
Семей сынақ полигоны (бұдан әрі – ССП) 1947 жылғы 21 тамызда құрылды. Ауданы 18311,4 км2 құрайды. Полигон белсенді жұмыс істеп тұрған барлық уақытта оның аумағында жиынтық қуаты 61 мың килотоннадан асатын 456 ядролық сынақ өткізілді.
1991 жылғы 29 тамызда Қазақ КСР Президенті Н. Ә. Назарбаев «Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы» № 409 Жарлықты шығарды. 2008 жылдан бастап ССП-да ядролық қару сынақтарының салдарын бағалау мақсатында аумаққа кешенді экологиялық тексеру жүргізіледі. Тексеру нәтижелері жыл сайынғы ақпараттық есептерде және ССП аумағын кешенді экологиялық тексеру материалдарында көрсетіледі.
ССП-ны кешенді тексеру нәтижесінде радиоактивті ластанудың маңызды учаскелері, радиоактивті заттардың қазіргі және ықтимал таралуының негізгі жолдары мен тетіктері анықталды. ССП-ны тексеру радиоактивті ластану жергілікті сипатқа ие және ССП-ның барлық аумағына таралмайды деген ұғымды қалыптастыруға мүмкіндік берді.
«Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы (бұдан әрі – Заң жобасы) бұрынғы Семей сынақ полигонының аумағында және оған іргелес жатқан жерлерде радиациялық және экологиялық қауіпсіздіктің тиісті деңгейін қамтамасыз ету, бұрынғы Семей сынақ полигонының жерлерін пайдалану мәселелерінде мемлекеттік бақылауды күшейту, аумақты оңалту, еліміздің ғылыми әлеуетін дамыту, ядролық энергияны бейбіт мақсатта пайдалану мәселелерінде Қазақстан Республикасының ұстанымдарын нығайту мақсатында әзірленді.
Қазіргі уақытта ССП аумағын қауіпсіз күйге келтіру үшін шешілуі қажет бірқатар мәселелер мен қайшылықтар бар. Бұл мәселелер ССП аумақтарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және оларды тексеруге бағытталған, экология, салық және жер заңнамасы саласындағы жекелеген талаптар мен ережелерді регламенттейтін арнайы заңнамалық нормалардың жоқ екендігімен байланысты.
Заң жобасы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 30 желтоқсандағы № 1033 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің заң жобалау жұмыстарының 2020 жылға арналған жоспарына енгізілген.
Заң жобасы төмендегілерді көздейді:
кешенді экологиялық тексеру және мемлекеттік экологиялық сараптама нәтижелері негізінде Семей сынақ полигонының нормативтен тыс ластанған аумақтарында Семей ядролық қауіпсіздік аймағын (бұдан әрі – СЯҚА) құру;
СЯҚА Операторын айқындау, Операторды таңдау критерийлері;
СЯҚА жерін Оператордың тұрақты жер пайдалануына беру;
Операторға қауіпсіздікті қамтамасыз ету, СЯҚА әлеуетін дамыту функциялары мен негізгі жұмыс түрлерін жүктеу;
Операторға Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленген преференцияларды алу құқықтарын бекіту.
Заң жобасын қабылдау теріс әлеуметтік-экономикалық және өзге де салдарға әкеп соқпайды. Семей ядролық қауіпсіздік аймағы Операторының қызметін қаржыландыру туралы заң жобасының нормаларын іске асыру бюджеттің шығыс бөлігінің 7 жыл ішінде 4,2 млрд теңге мөлшерінде артуына алып келеді.
Қазақстан Республикасының Премьер-министрі А. Мамин

Эта возможность доступна только для зарегистрированных пользователей. Пожалуйста, войдите или зарегистрируйтесь. |
|
| Регистрация | |