|
11-параграф. Жаңа коронавирустық инфекция - COVID-19-дың алдын алу бойынша санитариялық-эпидемияға қарсы, санитариялық-профилактикалық іс-шаралар жүргізуді ұйымдастыруға қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар
329-1. ЖРВИ (ТТА, АЖРИ), тұмау және олардың асқынуларын (пневмонияны) қадағалау шеңберінде халықтың COVID-19-бен сырқаттанушылығын санитариялық-эпидемиологиялық бақылау бір жыл бойы мониторинг түрінде жүзеге асырылады және санитариялық-эпидемияға қарсы және санитариялық-профилактикалық іс-шаралар жүргізуді қамтиды.
329-2. COVID-19-ды эпидемиологиялық қадағалау жыл бойы жүргізіледі, оның мақсаты амбулаториялық және стационарлық науқастардың сырқаттанушылығына мониторинг жүргізу, халық арасында SARS-cov-2 және вирус геномын ерте анықтау болып табылады.
329-3. COVID-19-ды қадағалау шеңберінде мынадай іс-шаралар жүргізу қамтамасыз етіледі:
1) денсаулық сақтау басқармалары, мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қызмет органдары және мүдделі мемлекеттік органдар басшыларының COVID-19-ға қарсы күрес жөніндегі ведомствоаралық жедел кешенді іс-шаралар жоспарларын әзірлеуі;
2) төсек қорының қажетті көлемін, клиникалық хаттамаға сәйкес негізгі препараттардың, қарқынды терапия көрсетуге арналған жабдықтың және құралдардың, дезинфекциялау препараттары мен жеке қорғаныш құралдарының резервін құруды көздей отырып, сырқаттанушылықтың көтерілуі кезінде медициналық ұйымдардың COVID-19-бен ауыратын науқастарды қабылдауға дайындығы;
3) медициналық ұйымдардың жұмыскерлерімен және білім беру ұйымдарының персоналымен COVID-19 клиникасы, диагностикасы, оны емдеу және алдын алу мәселелері бойынша семинарлар мен нұсқамалар өткізу.
329-4. COVID-19 тіркелген кезінде мынадай іс-шараларды жүргізу қамтамасыз етіледі:
1) барлық COVID-19 жағдайларын, сондай-ақ биоматериалды SARS-cov-2-ге зертханалық зерделей отырып, оларға байланысты өлім-жітім жағдайларын есепке алу;
2) аумақтар, жас ерекшелігі және тәуекел топтары бойынша COVID-19-бен сырқаттанушылыққа және ұқсас ауруларға (ЖРВИ, тұмауға және олардың асқынуларына (пневмониялар), сондай-ақ олардан болған өлім-жітімге жүйелі (күнделікті) мониторинг жүргізу;
3) медициналық ұйымдар күн сайын COVID-19, ЖРВИ, тұмаумен сырқаттанушылық және олардың асқынулары (пневмониялар), сондай-ақ олардан болған өлім-жітім жағдайлары туралы ақпаратты аумақтық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменттеріне (АД) береді;
5) жергілікті атқарушы органдар COVID-19-бен сырқаттанушылық және олардан болған өлім-жітім бойынша, өңірдегі эпидемиологиялық ахуал және COVID-19-дың профилактикасы және оған қарсы күрестің қажетті шаралары туралы ақпарат жүйелі түрде ақпараттандырылады (жиілігін АД басшысы айқындайды);
6) COVID-19-дың профилактикасы және оған қарсы күрес шаралары туралы тұрғындар арасында санитариялық-ағарту жұмысын жүргізу;
7) жүргізілетін эпидемияға қарсы іс-шараларды бағалай отырып эпидемиологиялық ахуалды талдау.
329-5. COVID-19 әрбір жағдайына COVID-19 жағдайының тіркелгені туралы хабарламаны алған сәттен бастап 24 сағат ішінде эпидемиологиялық тергеп-тексеру картасын ресімдей отырып, эпидемиологиялық тергеп-тексеру жүргізіледі.
329-6. Эпидемиологиялық тергеп-тексеру кезінде байланыста болған адамдардың тобын айқындайды.
329-7. Байланыста болған адамдарға COVID-19 ауруы басталғанға дейін (симптомдар пайда болғанға дейін) 14 күн ішінде CОVID-19 расталған жағдайымен тығыз байланыста болған адамдар жатады, оның ішінде:
1) бір тұрғын үйде COVID-19-бен ауыратын науқаспен бірге тұратын адамдар;
2) CОVID-19-бен ауыратын науқаспен немесе CОVID-19 жағдайының инфекциялық бөлінділерімен (жөтелу, қол алысу кезінде және басқа) қорғалмаған байланыста болған адамдар;
3) СОVID-19-бен ауыратын науқаспен жабық үй-жайда 15 немесе одан көп минут бойы болған адамдар;
4) CОVID-19-бен ауыратын науқасқа тікелей күтімді қамтамасыз ететін медицина қызметкері немесе басқа адам немесе ұсынылған ЖҚҚ-сыз немесе олар ұсынылған ЖҚҚ-ны қолдану қағидаларын бұзған жағдайда, COVID-19-бен ауыратын науқастың биоүлгілерімен жұмыс істеген зертхана мамандары;
5) COVID-19-бен ауыратын науқастан кез келген бағытта екі орындық қашықтықта болған кезде көлікте (әуе, теміржол және автомобиль) болған байланыста, сондай-ақ COVID-19-бен ауыратын науқас болған көлік секциясына қызмет көрсеткен көлік персоналы (бортсеріктер, жолсеріктер).
329-8. Байланыста болған адамдар: оқшаулау жағдайы болған кезде - үйде, ал үйде оқшаулау үшін жағдай болмаған кезде - жергілікті атқарушы органдар белгілеген үй-жайларда карантиндеуге (оқшаулауға) жатады.
329-9. СОVID-19-бен ауыратын науқастармен байланыста (жақын байланыста) болған адамдарды зертханалық тексеру және медициналық бақылау үйде оқшаулау жағдайында (үй карантині) 14 күн бойы жүзеге асырылады.
329-10. СОVID-19 симптомсыз вирус тасымалдаушы адамдарға оқшаулау жағдайы болған кезде үй карантині және медициналық бақылау белгіленеді.
329-11. СОVID-19 симптомсыз вирус тасымалдаушы адамдарды және шетелден/өңірлерден келген адамдарды орналастыру әртүрлі карантиндік стационарларда жүзеге асырылады.
329-12. Карантиндік стационарға үйде оқшаулау жағдайы болмаған кезде COVID-19 симптомсыз вирус тасымалдаушы адамдарды, шетелден келген адамдарды СОVID-19-ға зертханалық тексеру жүргізу үшін жатқызады.
329-13. Карантиндік стационарларға олардың жүріп-тұруын болдырмай, медицина персоналы бекітіледі (СОVID-19 симптомсыз вирус тасымалдаушы адамдарға арналған карантиндік стационарлардың медицина персоналы мен шетелден/өңірлерден келген адамдарға арналған карантиндік стационарлардың медицина персоналын араластыруға жол берілмейді).
329-14. Инфекциялық стационарға COVID-19-бен ауырған науқастарды клиникалық хаттамаға сәйкес тексеру үшін 3 күнге дейінгі мерзімге емдеуге жатқызады. Симптомсыз вирус тасымалдаушылық кезінде (SARSCoV-2 ПТР РНҚ оң нәтижелі, өкпені аспаптық визуализациялау кезінде шағымдардың, клиникалық симптомдардың және патологиялық өзгерістердің болмауы) пациент емдеуші дәрігердің шешімі бойынша Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің аумақтық департаменті эпидемиологының келісімі бойынша шығарылады.
329-15. COVID-19 жаңа коронавирустық инфекцияға күдікті науқастарды тасымалдау мынадай қауіпсіздік талаптары сақталған жағдайда жүзеге асырылу қажет:
1) COVID-19 жаңа коронавирустық инфекцияға күдікті пациентке шақырту бойынша келген жедел медициналық жәрдем бригадасының медицина қызметкерлері шығу алдында жеке қорғаныш құралдарын киеді. Жеке қорғаныш құралдары әр науқастан кейін ауыстырылады;
2) жедел медициналық жәрдем бригадасының жүргізушісі де жеке қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етіледі;
3) салон COVID-19-ға күдікті пациенттің биологиялық материалымен ластанған жағдайда ластану орындары дереу зарарсыздандырылады;
4) жедел медициналық жәрдем бригадаларының жүргізушісі мен медицина қызметкерлері пациентті медициналық ұйымға тапсырғаннан кейін белгіленген орындарда аяқ киімді, қолды жеке қорғау құралдарын дезинфекциялауға міндетті;
5) СОVID-19-ға күдікті пациентті медициналық ұйымға медициналық эвакуациялау аяқталғаннан кейін жедел медициналық жәрдем автомобилі және медициналық эвакуация кезінде пайдаланылған заттар медициналық ұйымның аумағында дезинфекторлардың күшімен арнайы жабдықталған алаңда зарарсыздандырылады;
6) медициналық ұйымның аумағында дезинфекторлардың күшімен жедел медициналық жәрдем автомобилінің салонына дезинфекция жүргізу мүмкін болмаған жағдайда дезинфекцияны жедел медициналық жәрдем бригадасының жүргізушісі мен медицина қызметкерлері жүргізеді;
7) жедел медициналық жәрдем автомобилінің салонында дезинфекциялау салонның барлық жерлеріне, оның ішінде медициналық бұйымдардың барлық жағына жүргізіледі;
8) заттардың бетін өңдеу дезинфекциялау ерітіндісіне батырылған шүберекпен сүрту тәсілімен немесе дезинфекциялау ерітіндісін бүрку арқылы суландыру тәсілімен жүргізіледі;
9) экспозициядан кейін дезинфекциялау ерітіндісін таза сумен жуады, кейіннен желдету арқылы құрғақ шүберекпен сүртеді;
10) медициналық көмек көрсету кезінде пайдаланылған бір рет қолданылатын жеке қорғаныш құралдарын, жинау шүберектерін пакеттерге жинайды және медициналық ұйымның аумағындағы В сыныбының қалдықтарына арналған арнайы контейнерлерге салады;
11) мамандандырылған көшпелі жедел медициналық жәрдем бригадасының жүргізушісі мен медицина қызметкерлері шақыртуды орындағаннан кейін дененің ашық жерлерін тері антисептигімен сүртуді қоса алғанда санитариялық өңдеуден өтуге міндетті.
329-16. Ошақтарда қорытынды дезинфекциялауды және науқастарды тасымалдағаннан кейін көлікті өңдеуді Ұлттық сараптама орталығының филиалдары жүргізеді. науқас үйде оқшауланған жағдайда ағымдағы жинауды отбасы мүшелері жүргізеді, ағымдағы жинауды жүргізу және дезинфекциялау құралдарын пайдалану жөніндегі нұсқаманы АД мамандары жүргізеді.
329-17. Госпитальдық эпидемиолог (ол болмаған жағдайда денсаулық сақтау ұйымы басшысының бұйрығымен бекітілген жауапты адам) инфекциялық стационарда эпидемияға қарсы режимнің сақталуын және инфекциялық қауіпсіздік техникасы бойынша стационар персоналына күнделікті нұсқама жүргізуді, практикалық сабақ өткізу арқылы эпидемияға қарсы режимнің сақталуын бақылауды қамтамасыз етеді.
329-18. Күн сайын ауысымға дейін және ауысымнан кейін бөлімшенің жауапты медицина қызметкерінің бақылау журналына тіркей отырып, барлық қызметкерлердің денсаулық жағдайын күн сайын сұруп, дене температурасын өлшеу арқылы медициналық бақылау жүргізіледі.
329-19. Респираторлық симптомдар пайда болған кезде немесе температура көтерілген кезде медицина қызметкері немесе медициналық ұйымның кез келген басқа қызметкері медициналық ұйымның басшысын хабардар етеді, дереу оқшауланады, COVID-19-ға зертханалық тексеруден өтеді. Оң нәтиже болған жағдайда – емдеуге жіберіледі, теріс нәтиже болған жағдайда – респираторлық инфекцияның клиникалық белгілері болмаған жағдайда жұмысқа жіберіледі.
329-20. Провизорлық, инфекциялық стационардың басшылығы жұмыс істеп жатқан қызметкерлерде респираторлық симптомдар пайда болған жағдайда жұмысқа тартылатын резервтік персоналдың тізімін жасайды.
329-21. COVID-19-бен ауырған науқастарға медициналық көмек көрсетуге тартылған инфекциялық және провизорлық стационарлар қызметкерлерінің карантин жағдайында тұруы үшін мынадай жағдайлар қамтамасыз етіледі:
1) әртүрлі медициналық ұйымдардың медицина қызметкерлерін бөлек орналастыру және тамақтандыру (әртүрлі үй-жайларда, олардың қарым-қатынас жасау мүмкіндігін болдырмау);
2) бір медициналық ұйымның әртүрлі бөлімшелерінің қызметкерлерін үй-жайларда бөлек орналастыру және тамақтандыру;
3) кейіннен көлікті дезинфекциялай отырып, медицина қызметкерлері үшін тұратын жерінен жұмысқа дейін және кері бағытта әрбір медициналық ұйым үшін жеке көлікті қамтамасыз ету.
329-22. Қашықтықтан консультация жасау мүмкіндігі үшін медицина қызметкерлері тұратын жерлерде интернетке қолжетімділікті қамтамасыз ету қажет.
329-23. Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау саласындағы ведомствоның аумақтық (және көліктегі) департаменттері, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы автомобиль өткізу пункттеріндегі мемлекеттік кірістер органдарының құрылымдық бөлімшелері шет елден келетін барлық адамдардан (оның ішінде ұшқыштар, бортсеріктер, машинистер, жолсеріктер, жүргізушілер, тасымалдаушылар және басқалар) міндетті сауалнама алуды, термометриямен санитариялық-карантиндік бақылауды жүргізеді.
329-24. Шет елден келген адамдар COVID-19-ға зертханалық тексеру жүргізу үшін карантиндік стационарда 2 тәулікке оқшаулануға жатады, нәтижелер алынғаннан кейін оң нәтиже алған адамдар емдеу үшін инфекциялық стационарға ауыстырылады, COVID-19-ға теріс нәтиже алған адамдар үйде (үй карантинінде) 12 тәулік бойы оқшауланады. Үйде оқшаулауға жағдай болмаған кезде байланыста болған адам жергілікті атқарушы органдар белгілеген үй-жайларда оқшауланады.
329-25. Тасымалдаушылар мен жолаушылар арасында COVID-19-дың профилактикасы және таралуының алдын алу бойынша көліктік бақылау бекеттерінде санитариялық-ағарту және түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.
329-26. Аумақтық (және көліктегі) департаменттер COVID-19-дың профилактикасы мәселелері бойынша бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалана отырып, халық арасында санитариялық-ағарту жұмыстарын және Мемлекеттік шекарадағы өткізу пункттерінің қызметкерлеріне COVID-19-дың профилактикасы мәселелері бойынша нұсқама жүргізуді қамтамасыз етеді.
329-27. СОVID-19-ға зертханалық зерттеулер иммуноферменттік талдау (бұдан әрі – ИФТ) және полимеразды тізбекті реакция (бұдан әрі – ПТР) қағидаттарына негізделген иммунохроматография әдістерімен жүргізіледі.
329-28. ПТР әдісімен тестілеуге мыналар жатады:
1) эпидемиологиялық көрсетілімдер бойынша:
СОVID-19-бен провизорлық және инфекциялық стационарға жатқызылған адамдар;
ЖРВИ және пневмониямен ауыратын науқастар;
байланыс фактісі анықталған жағдайда және карантин аяқталғаннан кейін COVID-19-ды жұқтырғандармен 14 күнге дейін (үй карантинімен) жақын байланыста болғандар қатарындағы адамдар;
байланыс фактісі анықталған жағдайда ауырған адаммен ықтимал байланыста болғандар қатарындағы адамдар;
респираторлық симптомдары бар медицина қызметкерлері;
клиникалық хаттамаға сәйкес амбулаториялық емдеудегі және МСАК медициналық бақылауындағы COVID-19-бен ауыратын науқастар.
2) Профилактикалық мақсатта:
ЕАЭО елдерінен және Өзбекстан Республикасынан автоөтпе жолдарында және теміржолда Мемлекеттік шекарадан өткізу пункттері арқылы Қазақстанға келетін азаматтар;
шетелден авиарейспен келетін, карантиндік изоляторға орналастырылған адамдар;
СОVID-19-ды жұқтыру тәуекелі жоғары медицина қызметкерлері (инфекциялық стационарлар, пульмонологиялық стационарлар (бөлімшелер), стационарлық изоляторлар (симптомсыз адамдар үшін), карантиндік объектілер (дені сау адамдар үшін), стационарлардың қабылдау бөлмелері, амбулаториялық-емханалық ұйымдардың сүзгілері, жедел жәрдем бригадалары, ПТР диагностиканы жүзеге асыратын зертханалық мамандар, санитариялық-эпидемиологиялық қызмет қызметкерлері) айына 1 рет;
үйде қызмет көрсететін МСАК-тың әлеуметтік қызметкерлері бір рет;
үйде қызмет көрсететін ҚАЖ мекемелерінің (тәуекел тобының) қызметкерлері ай сайын;
медициналық-әлеуметтік мекемелердің персоналы;
әскерге шақырылушылар.
3) Эпидемиологиялық қадағалау мақсатында:
стационарға жоспарлы емдеуге жатқызу кезінде пациенттер;
шұғыл емдеуге жатқызу кезінде пациенттер;
клиникалық хаттамаға сәйкес жүкті және жаңа туған нәрестелер;
гемодиализдегі пациенттер;
ҚАЖ мекемелеріне түсетін адамдар (тергеуге алынғандар, айыпталушылар, сотталғандар);
медициналық-әлеуметтік мекемелерге жаңадан түсетін адамдар ресімдеу кезінде бір рет;
тиісті аумақтық бас санитариялық дәрігерінің қаулысына сәйкес эпидемиологиялық көрсетілімдер бойынша.
329-29. COVID-19-ды анықтау үшін материал аңқадан және мұрын жұтқыншақтан бөлінетін сынама, транстрахеалдық, мұрын жұтқыншақ аспираты, мұрын шайындысы, қақырық болып табылады.
329-30. ҚДСҰО филиалы СЭСМҒПО жекелеген жағдайларда, көрсетілімдер бойынша жолдаған ұйымға зерттеу нәтижесін ұсына отырып және референттік тестілеу нәтижелері туралы аумақтық ТКҚСҚБД-не хабарлай отырып, ПТР реал-тайм әдісімен ДДҰ валидирлеген тест-жүйелерде үлгілерге референттік тестілеу жүргізеді.
329-31. ҚДСҰО филиалы СЭСМҒПО СОVID-19-ды зертханалық зерттеулердің сапасын қамтамасыз ету мақсатында өткен айдағы 10% оң және 5% теріс үлгілеріне қайта аттестаттау (сапаны сыртқы бақылау нысаны) жүргізеді, есепті үлгілерді қайта тестілеуге және зертханааралық, оның ішінде ISO 17043-2013 «Сәйкестікті бағалау. Біліктілікті тексеруді жүргізуге қойылатын негізгі талаптар», сондай-ақ ДДҰ-ның Сапаны сыртқы бағалау ұлттық бағдарламаларын ұйымдастыру жөніндегі ұсынымдарына сәйкес салыстыру сынақтарына (кәсіптік тестілеу) жолдаған зертханаға ұсынады.
|