Toggle Dropdown
Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу жөнінде мемлекеттік қызметтер көрсету қағидаларын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Әділет министрінің м.а. 2020 жылғы 29 мамырдағы № 66 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2020 жылғы 29 мамырда № 20771 болып тіркелді
Редакция 02.06.2026 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен
«Мемлекеттік және әлеуметтік жауапкершілігі бар көрсетілетін қызметтер туралы» 2013 жылғы 15 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабы 1)-тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1) Осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес «Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу, олардың филиалдары мен өкілдіктерін есептік тіркеу» мемлекеттік қызмет көрсету Қағидалары бекітілсін;
2) осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес «Заңды тұлғаларды мемлекеттік қайта тіркеу, олардың филиалдары мен өкілдіктерін есептік қайта тіркеу» мемлекеттік қызмет көрсету Қағидалары бекітілсін.;
3) осы бұйрыққа 3-қосымшаға сәйкес «Жеке кәсіпкерлік субъектісіне жатпайтын заңды тұлғаның, сондай-ақ акционерлік қоғамның құрылтай құжаттарына, олардың филиалдары (өкілдіктері) туралы ережелерге енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды мемлекеттік тіркеу» мемлекеттік қызмет көрсету Қағидалары бекітілсін.;
4) осы бұйрыққа 4-қосымшаға сәйкес «Заңды тұлға қызметінің тоқтатылуын мемлекеттік тіркеу, филиал мен өкілдікті есептік тіркеуден шығару» мемлекеттік қызмет көрсету Қағидалары бекітілсін.;
5) осы бұйрыққа 5-қосымшаға сәйкес «Жеке кәсіпкерлік субъектісіне жатпайтын заңды тұлға, сондай-ақ акционерлік қоғам, олардың филиалдары мен өкілдіктері Жарғысының (ережесінің) телнұсқасын беру" мемлекеттік қызмет көрсету Қағидалары бекітілсін.;
6) осы бұйрыққа 6-қосымшаға сәйкес «Заңды тұлғаларды тіркеу (қайта тіркеу) туралы, олардың филиалдары мен өкілдіктерін есептік тіркеу (қайта тіркеу) туралы анықтама беру» мемлекеттік қызмет көрсету Қағидалары бекітілсін.
2. Осы бұйрыққа 8-қосымшаға сәйкес кейбір бұйрықтардың күші жойылды деп танылсын.
3. Қазақстан Республикасы Әділет Министрлігінің Тіркеу қызметі және заң қызметін ұйымдастыру департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен::
1) Осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Әділет Вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Әділет министрінің міндетін атқарушы Н. Пан
«КЕЛІСІЛДІ»
Қазақстан Республикасының
Цифрлық даму, инновациялар
және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен
«Заңды тұлғаларды мемлекеттік
тіркеу және филиалдар мен
өкілдіктерді есептік тіркеу
жөнінде мемлекеттік қызметтер
көрсету қағидаларын бекіту
туралы» Қазақстан Республикасы
Әділет министрінің
міндетін атқарушының
2020 жылғы 29 мамырдағы
№ 66 бұйрығымен бекітілген
Бұйрыққа 1-қосымша
«Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу, олардың филиалдары мен өкілдіктерін есептік тіркеу» мемлекеттік қызметтің көрсету ережесі
1. «Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу, олардың филиалдары мен өкілдіктерін есептік тіркеу» мемлекеттік қызмет көрсету ережесі (бұдан әрі - Ереже) «Мемлекеттік және әлеуметтік жауапкершілігі бар көрсетілетін қызметтер туралы» Заңның (бұдан әрі - Мемлекеттік қызметтер туралы Заң) 10-бабы 1) тармақшасына сәйкес әзірленді және «Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу, олардың филиалдары мен өкілдіктерін есептік тіркеу» мемлекеттік қызмет көрсету тәртібін айқындайды (бұдан әрі - мемлекеттік қызмет).
2. Коммерциялық емес ұйымдар болып табылатын заңды тұлғаларды, мемлекеттік тіркеу және олардың филиалдары мен өкілдіктерін есептік тіркеуді Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Тіркеу қызметі және заңгерлік қызметтер көрсетуді ұйымдастыру комитеті (бұдан әрі - Комитет) және аумақтық әділет органдары жүзеге асырады.
Коммерциялық ұйымдар болып табылатын заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және олардың филиалдары мен өкілдіктерін есептік тіркеуді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) жүзеге асырады (бұдан әрі – көрсетілетін қызметті беруші).
3. Республикалық және аймақтық мәртебесі бар қоғамдық және діни бірлестіктерді, оның ішінде саяси партияларды, Республикалық нотариаттық палатаны, Республикалық адвокаттар алқасын, Жеке сот орындаушыларының республикалық палатасын, Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасын, Қазақстан Республикасының Сот сарапшылары палатасын, Қазақстанның Төрелік палатасын, Республикалық Заң консультанттары алқасын мемлекеттік тіркеуді, шетелдік және халықаралық коммерциялық емес үкіметтік емес бірлестіктердің филиалдары мен өкілдіктерін есептік тіркеуді Комитет жүргізеді.
4. Құрылған, қайта ұйымдастырылған заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеуді және филиалдар мен өкілдіктерді, жергілікті мәртебесі бар қоғамдық және діни бірлестіктерді, заңды тұлғалардың қорлары мен бірлестіктерін есептік тіркеуді, қоғамдық және діни бірлестіктердің филиалдары мен өкілдіктерін есептік тіркеуді аумақтық әділет органдары жүзеге асырады.
5. Коммерциялық ұйымдарға жататын заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеуді және олардың филиалдары мен өкілдіктерін есептік тіркеуді Мемлекеттік корпорация жүзеге асырады.
6. Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде өзінің құрылымдық бөлімшелерін (филиалдары мен өкілдіктерін) ашатын Қазақстан Республикасының аумағында тіркелген заңды тұлғалар үшін көрсетілетін қызметті беруші осы Қағидалардың 1-қосымшасына сәйкес ұлттық тізілімнен үзінді көшірмені ұсынады.
7. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектісіне жататын заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу кезінде, сондай-ақ «Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы» Заңның (бұдан әрі - Заң) 6-1-бабының екінші бөлігінде көзделген жағдайда «электрондық үкіметтің» веб-порталы арқылы міндетті түрде банктік шот ашуға және жұмыскерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыруға (заңды тұлғаның құрылтайшысы (құрылтайшылары) қызметін жеке тұлғалармен еңбек қатынастарына түспей жүзеге асыратын жағдайларды қоспағанда) өтініш электрондық нысанда «Қызметкер еңбек (қызметтік) міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңында және қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген талаптарға сәйкес беріледі.
Екінші деңгейдегі банктер немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес банктік шот ашудан бас тартуға құқылы.
8. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектісіне жататын заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу осы Қағидалардың 2-қосымшасына сәйкес нысан бойынша электрондық өтініш (бұдан әрі-өтініш) беру арқылы жүзеге асырылады, оны құрылтайшы (құрылтайшылар) порталда толтырады.
8-1. «Қылмыстық жолмен алынған кiрiстердi заңдастыруға (жылыстатуға), терроризмді қаржыландыруға және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы» Заңға сәйкес қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті орган бекіткен талаптарға сәйкес қабылданатын тіркеуші органның ішкі бақылау қағидаларында көзделген жағдайларда коммерциялық ұйымдарға жататын заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу, сондай-ақ олардың филиалдары мен өкілдіктерін есептік тіркеу құрылтайшының жеке қатысуымен жүзеге асырылады.
Құрылтайшының жеке қатысу қажеттілігі туралы хабарлама көрсетілетін қызметті алушының «электрондық үкімет» веб-порталындағы жеке кабинетіне жіберіледі.
9. Электрондық тіркеу жағдайында заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу портал арқылы «Заңды тұлғалар» мемлекеттік дерекқорына (бұдан әрі–ЗТ МДҚ) түсетін өтініш негізінде жүзеге асырылады.
9-1. Электрондық нысанда мемлекеттік қызметті көрсету үшін Мемлекеттік қызметтер Заңына сәйкес көрсетілген қызметті алушының жеке басын биометрикалық сәйкестендіру де жүргізілуі мүмкін.
9-2. Жеке кәсіпкерлік субъектісіне жататын заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеуге электрондық өтініш берген кезде өтініште көрсетілетін заңды тұлғаның, филиалдың (өкілдіктің) орналасқан жері жылжымайтын мүлік иесінің (меншік иелерінің) келісімімен расталады.
9-3. Заңды тұлғаның орналасқан жері мекенжайының дұрыстығын тексеру ақпараттық жүйелерді интеграциялау арқылы автоматты режимде жүзеге асырылады.
Тексеру барысында «Мекенжай тіркелімі» ақпараттық жүйесінде мекенжайдың болуы және Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 22 желтоқсандағы № 783 және Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы 28 желтоқсандағы № 1262 бірлескен бұйрығымен бекітілген Қазақстан Республикасының аумағындағы жылжымайтын мүлік объектілерін адрестеу қағидаларына сәйкес көрсетілетін объектінің санаты айқындалады (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12938 болып тіркелген).
10. Саяси партиялар мен діни бірлестіктерді қоспағанда, заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу Заңның 6-бабына сәйкес Министрлік айқындайтын тәртіппен «электрондық үкімет» веб-порталы, сондай-ақ екінші деңгейдегі банктердің ақпараттандыру объектілері арқылы берілген электрондық өтініш негізінде жүргізіледі.
Мүлік иелері бірлестігін мемлекеттік тіркеу тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы ақпараттандыру объектілері арқылы жіберілген электрондық дауыс беру хаттамасының негізінде жүргізілуі мүмкін.
11. Саяси партиялардың филиалдарын (өкілдіктерін) және діни бірлестіктерді қоспағанда, заңды тұлғаның филиалын (өкілдігін) есептік тіркеу «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы берілген электрондық өтініштің, сондай-ақ Заңның 6-2-бабына сәйкес Министрлік айқындайтын тәртіппен екінші деңгейдегі банктердің ақпараттандыру объектілерінің негізінде жүргізіледі.
12. Саяси партиялар мен діни бірлестіктерді қоспағанда, қайта ұйымдастыру жолымен құрылатын заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы берілген электрондық өтініштің, сондай-ақ Заңның 6-3-бабына сәйкес Министрлік айқындайтын тәртіппен екінші деңгейдегі банктердің ақпараттандыру объектілерінің негізінде жүргізіледі.
13. Порталға жүгінген кезде көрсетілетін қызметті алушының «Жеке кабинетіне» электрондық цифрлық қолтаңбамен (бұдан әрі – ЭЦҚ) куәландырылған электрондық құжат нысанында мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесі жіберіледі.
13-1. Мемлекеттік орган, мемлекеттік мекеме және квазимемлекеттік сектор субъектісі болып табылмайтын заңды тұлғаны мемлекетік тіркеу кезінде атауында:
Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарының, мемлекеттік мекемелерінің және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің ресми атаулары;
мемлекеттік органдардың, мемлекеттік мекемелердің және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің атауларымен айырғысыз дәрежеге дейін ұқсас атауларды, аббревиатураларды, туынды сөздерді және өзге де белгілемелерді қысқарту қолданылмайды.
2-тарау. Мемлекеттік қызмет көрсету тәртібі
14. Мемлекеттік қызметті алу үшін жеке және (немесе) заңды тұлғалар (бұдан әрі - көрсетілетін қызметті алушы) осы Қағидаларға 3, 4, 5, 6 және 7 – қосымшаларға сәйкес нысан бойынша өтінішті (бұдан әрі-өтініш) және осы Қағидаларға 8-қосымшаға сәйкес «Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу, олардың филиалдары мен өкілдіктерін есептік тіркеу» мемлекеттік қызмет көрсетуге қойылатын негізгі талаптардың тізбесі (бұдан әрі - тізбесі) көзделген тізбесі бойынша құжаттар топтамасын Мемлекеттік корпорацияға немесе «Электрондық үкіметт» веб-порталы www.egov.kz (бұдан әрі – портал) арқылы жүзеге асырылады.
15. Мемлекеттік қызмет көрсету процесінің сипаттамасын, нысанын, мазмұны мен нәтижесін, сондай-ақ мемлекеттік қызмет көрсету ерекшеліктерін ескере отырып өзге де мәліметтерді қамтитын мемлекеттік қызмет көрсетуге қойылатын негізгі талаптардың тізбесі келтірілген.
16. Құжаттарды қабылдау кезінде көрсетілетін қызметті берушінің қызметкері көрсетілетін қызметті алушының жеке басын куәландыратын құжатты не цифрлық құжаттар сервисінен электрондық құжатты (сәйкестендіру үшін) мемлекеттік ақпараттық жүйелерде қамтылған мәліметтермен салыстырып тексереді, содан кейін оны көрсетілетін қызметті алушыға қайтарады.