• Мое избранное
«Сауданы дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын бекіту туралы» қаулы жобасына Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасының сараптамалық қорытындысы

Отправить по почте

Toggle Dropdown
  • Комментировать
  • Поставить закладку
  • Оставить заметку
  • Информация new
  • Редакции абзаца

«Сауданы дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын бекіту туралы» қаулы жобасына Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасының 2020 жылғы 22 маусымдағы № 7665/Б-03 сараптамалық қорытындысы

Қазақстан Республикасының
Сауда және интеграция министрлігі
2020 жылғы 05 маусымдағы
шығыс № 04-12/931-И хатқа
«Атамекен» Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының
САРАПТАМАЛЫҚ ҚОРЫТЫНДЫСЫ
«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы (бұдан әрі – «Атамекен» ҰКП) «Сауданы дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметі қаулысының жобасын (бұдан әрі – Жоба) қарап, келесіні хабарлайды.
Бағдарлама жобасында қамтылған көптеген сауда мәселелері мен сегменттерін ескере отырып, жекелеген тақырыптық талқылауларды (экспорт, биржалық және электрондық сауда және т.б.) ұйымдастыруды ұсынамыз. Сонымен бірге Жобаға келесі ескертулер мен ұсыныстарды жолдаймыз.
1. «Халықты жұмыспен қамту туралы» Қазақстан Республикасының 2016 жылғы 6 сәуірдегі Заңының 7-1-бабына сәйкес мемлекеттік және үкіметтік бағдарламаларды әзірлеуге және іске асыруға жауапты орталық атқарушы органдар жұмыс орындарын құру мониторингін жүзеге асырады және халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті органға тиісті мәліметтер ұсынады.
Осыған байланысты, мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруға жауапты орталық және жергілікті атқарушы органдардың жұмыс орындарын құру мониторингін жүзеге асыруы үшін Мемлекеттік бағдарламаға салада жаңа (уақытша және тұрақты) жұмыс орындарын құрудың нысаналы индикаторларын, сондай-ақ жұмыс орындарын құру мониторингін жүзеге асыру іс-шараларын енгізу қажет.  
2. Техникалық реттеу бөлігінде
Қазақстан Республикасын индустриялық-инновациялық дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес отандық тамақ өнімдерінің өндіріс үлесінің аздап төмендеуі байқалады (18,1%-дан 14,7%-ға дейін), бұл 2010 жылы өндірілген өнімнің бестен бір бөлігін құрады.
2013 жылы тамақ өнімдерінің қауіпсіздігіне қойылатын жалпы талаптар бойынша, сондай-ақ шырын, май өнімдері, астық, тағамдық қоспалар, мамандандырылған, диеталық өнімдерге ЕАЭО бірыңғай техникалық регламенттері қолданысқа енгізілгенін, 2014 жылы сүт пен сүт өнімдеріне, ет пен ет өнімдеріне, 2017 жылы балық және балық өнімдеріне, 2018 жылы қапталған ауыз суға бірыңғай техникалық регламенттер қолданысқа енгізілгенін ескере отырып, отандық тамақ өнімдері өндірісінің қысқаруы ішкі нарықта ЕАЭО бойынша серіктес елдердің өнімдерінің көп болуына байланысты екендігін белгілейміз.  
Нормативтік базаны интеграциялау басталғаннан бері (ЕАЭО бірыңғай техникалық регламенттерін қабылдау) 2010-2018 жылдар аралығында нарықтың кеңеюіне байланысты күтілетін өсудің орнына тамақ өнімдерін өндіру көлемі бестен бір бөлігіне азайды, бұған ішкі нарықта ЕАЭО бойынша серіктес елдер тауарларының көп болғаны әсер етті.  
Сауданы тұрақты түрде дамыту мақсаттарына қол жеткізу үшін «Атамекен» ҰКП Сауданы дамыту бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарында келесі индикаторларды көздеу қажет деп санайды:
- «ішкі тұтынуға арналған қазақстандық өндірістің тауарларын жеткізу көлемінің өсуі»;
- «экспортқа қазақстандық өндірістің тауарларын жеткізу көлемінің өсуі».
Ішкі нарықты отандық тауарлармен толтыру шарасымен бақылаушы органдардың назары, ең аз дегенде 20/80 арақатынаста, отандық өнімнен импорттық, соның ішінде ЕАЭО-ға қатысушы мемлекеттерден жеткізілетін өнімге аударылуы тиіс. Ішкі нарықты қорғаудың ұқсас тәсілін ЕАЭО-ға қатысушы мемлекеттер сәтті қолдануда. Нәтижесінде, қазақстандық өнімнің Ресей Федерациясына немесе Беларусь Республикасына тұрақты жеткізілу мүмкіндігі жоқ.
Сондай-ақ, Қазақстанда өндірілген тауарлардың шетелдік елдер, соның ішінде ЕАЭО-ға қатысушы елдер нарықтарына жеткізілімінің өсуі ЕАЭО шеңберіндегі кедергілерді жою, сондай-ақ мұндай уағдаластыққа қол жеткізу үшін елдер мен шарттарды айқындай отырып, отандық өнім экспортталатын әлеуетті елдермен сәйкестікті бағалау нәтижелерін (сертификаттар мен сынақ хаттамалары) өзара мойындауға қол жеткізу бойынша қарқынды жұмыстармен сүйемелденуі тиіс.
3. Техникалық жағынан күрделі тауарға қатысты.
Айналадағы елдерге қарағанда Қазақстан Республикасында «техникалық жағынан күрделі тауар» деген ұғым жоқ. Бұл жағдай техникалық жағынан күрделі өнімді (электроника, көлік құралдары, күрделі тұрмыстық техника) ресми жеткізушілердің шығындарының жоғары болуына әкеледі.  
Ресми жеткізілімдердің құны үнемі өсіп келеді, бұл ішкі нарыққа контрафактілік және «сұр өнім» деп аталатын, яғни Қазақстан нарығында сатуға арналмаған және нарыққа ресми емес арналар арқылы әкелінетін тауарларды жеткізуді ынталандырады. Мұндай тауарлар шетелдік интернет-дүкендер арқылы немесе базарларда сатылады. Көрсетілген өнім тиісті сервистік қолдаумен қамтамасыз етілмеген, Қазақстан заңнамасының талаптарына сәйкес сертификатталмаған, оның мемлекеттік және орыс тілдерінде ілеспе құжаттары жоқ.
«Техникалық жағынан күрделі тауар» ұғымын енгізіп қолдану сертификаттау жүйесінің одан әрі дамуын қамтамасыз етеді, нарыққа күрделі техниканың ресми өндірушілерінің келуін және осындай техникаға сервистік қызмет көрсету саласындағы құзыреттіліктердің дамуын ынталандырады. ЕАЭО-ның барлық елдері өз заңнамасына техникалық жағынан күрделі тауар анықтамасын және оның айналым ерекшеліктерін енгізді.
4. Бонустарды реттеу.
Ішкі сауданы ынталандыру, жарнамалық қызметтер нарығын қалыптастыру және шоу-рум жүйесін дамыту үшін бөлшек сауда субъектілеріне көтерме сатып алушылар мен өндірушілер тарапынан олардың өнімдерін сатуды ынталандыратын төлемдер, яғни бонустар маңызды рөл атқарады.  
Нарықтың барлық қатысушыларының бонустық жүйені (бонустар, кэшбек, ретро-бонустар, рибэйт және т.б.) кеңінен қолдануы «бонус» түсінігін заңнама деңгейінде бекітуді және төлемнің осы түріне салық салу мәселесін шешуді талап етеді. Осы шаралар сатып алу белсенділігін одан әрі ынталандыруға, ішкі сауданы дамытуға және сауда субъектілерінен салық түсімдерін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
5. Халық тұтынатын тауарларды жарнамалау нарығын дамыту.  
Қолданыстағы жарнама туралы заңнамада бірқатар қисынсыз және жасанды шектеу бар. Мысалы, балалар бейнелерін жарнамада пайдалану балаларға арналған тауарлармен шектеледі. Алайда, халық тұтынатын тауарлардың бірқатары отбасылық тұтынуға арналған. Қолданыстағы шектеулер тауарлардың осы тобын жарнамалау үшін дәстүрлі отбасы (балалар, ата-ана) бейнесін пайдалануға мүмкіндік бермейді. Балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, отбасылық құндылықтарды насихаттау және халық тұтынатын тауарларды Қазақстан нарығында ілгерілету мүмкіндігін ескере отырып, бұл тәсілді қайта қарау қажет.
6. Дыбыс-бейнелеу құрылғыларын өндірушілерден және импорттаушылардан авторлық сыйақы алу
Қазақстан Республикасының Президенті өзінің 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында мынадай тапсырма берген еді: «Үкімет Салық кодексінде қарастырылмаған барлық төлемдерге тыйым салуы қажет. Бұл, шын мәнісінде, қосымша салықтар». Осы тапсырмаға қарамастан, авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы қолданыстағы заңнама электрониканы (ұялы телефон, телевизор, дербес компьютер және т.б.) өндірушілер мен импорттаушыларға  пара-фискальды төлем салуды, яғни дыбыс-бейнелеу өнімдерін жеке мақсатта пайдалағаны үшін сыйақыны көздейді. Сыйақы сомасы импортталатын тауарлардың кедендік құнының 0,7% құрайды және жеке ұйымдардың пайдасына төлетуді болжайды. Бұл шара қазақстандық тұтынушылар үшін өнімнің қымбаттауына және салық заңнамасы шегінен тыс сауда қызметі субъектілері үшін қосымша фискальды жүктемеге алып келеді.
Осыған байланысты, Бағдарламаның заңнаманы жетілдіруге бағытталған іс-шараларында дыбыс-бейнелеу құрылғыларын өндірушілер мен импорттаушылардан авторлық сыйақы өндіріп алуға да қатысты мәселелерді реттейтін нормативтік құқықтық актілерді өзгерту бойынша тармақтарды көздеу қажет.
7. Қазақстандық тауар таңбаларын ілгерілету іс-шаралары.
Тауар таңбаларының тиімді қорғалуын қамтамасыз ету үшін «Тауар таңбалары, қызмет көрсету таңбалары және тауар шығарылған жерлердің атаулары туралы» заңда осындай тауарларды айналымға енгізу қоғамдық мүдделер үшін қажет болатын және Қазақстан Республикасының тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы заңнамасының талаптарын бұзбайтын жағдайда (44-баптың 3-тармағы) контрафактілік өнімді айналымға шығаруға мүмкіндік беретін норманы алып тастау, сондай-ақ құқық иесінің рұқсатынсыз Интернет желісінде тіркелген тауар таңбасын домендік атау (киберсквоттинг деп аталатын) ретінде пайдалануға тыйым салатын норманы  көздеу қажет. Осы өзгерістер енгізілмесе, тауар таңбаларын жылжыту бойынша кез келген жұмыс тиімсіз болады.
Сондай-ақ, салыстырмалы кесте түрінде ұсыныстарды жолдаймыз.
Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 66-бабы 3-тармағына сәйкес, берілген ескертулермен және ұсыныстармен келіспеген жағдайда он жұмыс күнінен апайтын мерзімде келіспеу себептерін негіздей отырып, жауап жолдауды сұраймыз.
Қосымша: 34 парақта.
Басқарма төрағасының орынбасары Е. Больгерт