Министерство образования и науки Республики Казахстан ответ от (14.06.2016) на обращение от (07.06.2016) № 440079
ҚР Білім және Ғылым министрі Ерлан Кенжеғалиұлы Сағадиевке Қытай Мұнай-Газ Университетінің студенттері атынан ұжымдық xат Құрметті Ерлан Кенжеғалиұлы! Біз соңғы екі жылдан бері Қытай Мұнай-Газ университетінің басшылығы тарапынан жасалған заңсыз әрекетке куә болып келеміз. Бұл оқу орнына Қазақстандық жастар негізінен елімізде жұмыс істейтін СNPC, Petro-Қазақстан секілді мұнай компанияларының гранты бойынша оқуға түседі. Білім және Ғылым министрлігімен жасалған келісім-шарт бойынша ол компаниялар гранд иегерлерінің оқу ақысын, шәкіртақысын, жатақхана ақысын, медициналық сақтандыру секілді шығындарының барлығын көтереді. Алайда соңғы екі жылдан бері Университет осы келісім-шарт талаптарын дұрыс орындамай келеді. Мысалы соңғы жылдары Университет ішкі ережесін қатаңдатты. Оған сәйкес әр студент әрбір айдың басында тіркеліп тұруы шарт. Егер уақытында тіркеле алмасаң шәкіртақы мен пәтерпұлынан қағыласың. Көптеген студенттер отбасылық жағдайы мен денсаулығына байланысты қысқы және жазғы демалыстан Қазақстаннан уақтылы оралмағандықтан бір айдан сегіз айға дейінгі тиесілі қаражатты ала алмады. Тіпті бір-екі күн кешігіп қалғандардың айлық қаражатын бермей қойғанын көріп отырмыз. Мұндай қатал саясат Қытай еліндегі ешбір оқу ордасында жоқ. Айта кетейік ҚХР өзге оқу орнындары секілді Мұнай-Газ Университетінің білім беру саясаты кредиттік жүйеге негізделген. Магистранттар өзіне бөлінген пәндерді 1-2жылда жеделдетіп оқып тастап, қалған уақытын өндірістік тәжірибеден өтіп, дипломдық жұмыспен шұғылдануына болады. Яғни ешбір сабақ болмайтындықтан жоғарғы курс студенттері Университетке байланып отырмай Қазақстанға барып түрлі компанияларда тәжірибеден өтеді немесе ғылыми жұмыспен айналысады. Өйткені олардың зерттеу обектісі негізінен Қазақстан мен Орталық Азия, ТМДға қатысты болғандықтан қытай кітапxаналарынан көрі отандық кітапxаналардан мол мағлұмат табуға болады. Осындай шешім қабылдаған бір топ студент тіпті бір жылдық шәкіртақысына қол жеткізе алмай қалды. Біздің білуімізше бөлінген грандтар СNPC, Petro-Қазақстан секілді мұнай компанияларына кейін қайтарылмайды. Ендеше бұл ақша қайда кетіп жатыр? Қазақстандық студенттерге тиесілі қаржы әлдекімдердің қалтасына түсіп жатыр ма деп алаңдаймыз! Құрметті Ерлан Кенжеғалиұлы! Өзіңіз шетелде білім алған мамансыз. Шетелде оқудың оңай еместігін жақсы білесіз. Әсіресе қазіргідей экономикалық дағдарыс кезінде әрбір тиын студент үшін маңызды, сондықтан әрбір тиынның сұрауы болуы тиіс деп ойлаймыз. Қазақстандық білім беру жүйесінің тізгінін ұстаған тұлға ретінде біздің өтінішімізге құлақ ассаңыз екен. Қазір ұзын саны жиырма шақты студент бір айдан бір жылға дейінгі шәкіртақысын ала алмай жүр. Сізден өтінеріміз, Қытай Мұнай-Газ Университетіне сұрау салып, мәселенің оң-терісін тексерсеңіздер екен! Сабағымызға кесірі тимес үшін аты-жөнімізді жарияламауды ұйғардық. Егер қажет деп тапсаңыздар электронды пошта арқылы барлық студент туралы мағлұматты жібере аламыз! Құрметпен Қытай Мұнай-Газ Университетінің студенттері