Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрі Абылай Мырзахметовқа ШҚО Үржар ауданы, Мақаншы ауылы, Дөненбеков ат. көшенің 36 үйінің тұрғыны Базарбай Уәсілұлы Сатайдан тел: 8(72239) 4-04-45; coт: 8 7755473126 Мені байырғы малдәрігерлік маман ретінде қазір елімізде осы саладағы жұмыстарда орын алып отырған олқылықтар алаңдатады. Жасым 68-ге жетіп зейнеткер болғаныммен де осы жұмыстан әлі де алыстай қойғаным жоқ. Зейнеткерлікке шығысымен 2-3 жыл ветсанотрядта жұмыс істедім. Қазір Үржар ауданының Мақаншы ауылында мамандығы мал дәрігері ұлым Қайыртайдың 2002 жылы ашқан мал дәрігерлік аптекасында өткен жылдан бері жұмыс істеп жүрмін. «Алаңдайтындай, риза болмайтындай, пікір айтатындай бұл кім өзі соншама» - деп ойлайтын боларсыздар. Мен жастайымнан мал дәрігерлік жұмыстың жанында жүрдім. Туған нағашым мал дәрігері болған еді. Өзім 1972 жылы Семейдің малдәрігерлік – зоотехникалық институтын бітіргенен бері осы саладан бір күн қол үзбей істеп келдім. Әкемнің мамандығы зоотехник, партия қызметкері, совхоз директоры болды. Маған да колхоз, совхозға басшы болудың реті талай келсе де мен оның бәрінен бас тартып, мал дәрігерлік жұмысымда қала бердім. Бұрынғы Семей облысының Аягөз, Ақсуат аудандарында 1972-1980 жылдарда бөлімше, совхоз малдәрігерлігінде еңбек еттім. 1980 жылдан бастап Мақаншы ауданының бас малдәрігері, 1998 жылдан бері Үржар ауданының бас мал дәрігері, бас мемлекеттік ветинспекторы болып, 2011 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін қызмет қылдым. Өткен өмір жолдарыма, біріңғай тек мал дәрігерлік қызметпен айналысқан жылдарыма арнап «Мал дәрігері мамандығым, мақтанышым, мехнатым, махаббатым менің» атты көркем – әдеби, публистикалық кітабым 2001 жылы жарық көрді. 2000 дана тиражбен шыққан осы кітапты мұтқым мал дәрігерлер қауымы алып оқып танысты. Оның аздаған толықтырулармен орыс тіліндегі аудармасы: « Ветеринария: призвание, страдания и страсть моя» деген атпен 500 дана болып 2011 жылы шықты. Қазақ тілінде шыққан бірінші кітаптың тұсау кесері 2001 жылы Семейдің Шәкәрім атындағы университетінде өтіп оқушы, оқытушы және ғалымдар қауымының жоғарғы бағасына ие болды. Оның бейне таспасы ауылшаруашылық министрлігіндегі Е.Е. Абеуовтың қолында. Осы екі кітап еліміздің президенті Н.Ә. Назарбаевтың ақ батасын алып оның музейінде сақтаулы тұр. Үржар ауданының мал дәрігерлер қауымымен жиі кезігіп тұрамын. Аптекада, той–томалақ, өлім-жітімде кездесіп қаламыз. Сонда бәрінің айтатыны: « Қазір жұмыста береке қалмады, қағаз бастылық болып, басымыз қатып кетті, басқа жұмыс болса ауысып кетер едік, жұмыс жоқ, алып қойған кредитіміз бар, шарасыздан жүрміз» -дейді. Оның үстіне алып отырған айлығымыз да мәз емес. Айлық 56000 дейді қолға тиетіні 51000. Кейбір ауылдық округ дәрігерлерінің айлығы 38000 –ға дейін түсіп кетіп олардың жұмыстан бастартқандары бар. Қыста келісім шарты бітті деп, 2-3 ай мандытып ақша төлемейді. Мақаншы ауылында шекара отряды бар. Олар 2 айдай кезекті еңбек демалысын алады, оған отпускной ақша алады. Оның үстіне оларға демалыста болып істемеген 2 айдың еңбек ақысы тағы төленеді. Мал дәрігерлерінің жұмысы әскерилерден ауыр болмаса, жеңіл емес. Неге біз жыл бойы тұрақты еңбек ақы, отпускной алмаймыз. Бұдан гөрі бұрынғыдай лицензиямен істегеніміз қайырлы еді. Лицензият кезіміздегідей барлық концеляриялық шығындарды, жүріске кеткен жанар- жағармайлардың да денін өзіміз аламыз» -дейді. Малдәрігерлерінің айтып жүрген қағазбастылықтары малдың қанын бруцеллезге зерттеуге алғаннан кейін оған ведомость жасайды, ол ведомосты әрбір мал түрінің жыныстық, жастық топтарына байланысты жеке- жеке бөлек жасау керек. Бір табын ірі қараның немесе бір отар қойдың қанын алу үшін бірінші сиыр мен саулықтың қанын алып, одан соң бұқа мен қошқардың, одан соң теке, шібіш, тоқты, бұзау- тайынша дегендей кете береді. Осы көп қағазды жасау үшін еңбек ақыларынан жырып тағы кісі жалдайды, немесе өз араларындағы компьютерге икемі бар бір мал дәрігерін жұмыстан босатып отырғызады. Малдәрігерлері таң бозынан қырға шығып, қыстаққа не күзекке барады. Табында 150-180 бас ірі қара, отарда 500-700 бастай, тіпті 1000-ға жуық ұсақ мал бар. Оларды ұстап беретін адам жетіспейді. Қаптаған қалың малдың ішінде сиыр мен құнажынды ажырату оңай емес, ал дене бітімдерінде көп ауытқу жоқ, тұтас жүн басқан саулық қой мен тұсақты, ісекті ажырату, сөйтіп оларды рет- ретімен ұстап қан алу оңайға соқпайды. Малдәрігерлері титығы шығып, шаршап қан алуды кешкі сағат 5-6 –ларда әрең бітіреді. Одан соң үйлеріне келіп қанның ведомостілерін бөлек- бөлек жасау керек. Ол табынға немесе отарға қаншама адам малын қосқан. Ол адамдардың төл құжаттарының номерлері, ИНН –дарын ведомостқа түсіру керек. Дәрігерлердің қолында мал иелерінің дайын тұрған мағлұматтары жоқ. Оны іздеп анадан, мынадан сұрап, телефон шалып қаншама уақытын жоғалтады. Көптеген ауылдық округтарда интернет жоқ, бар жердің өзінде дұрыс істемейді. Алыс ауылдардан лабораторияға әкелген қанның сынамаларының ведомостарын АЖИ базасымен салыстырып, дәлдеу үшін лаборатория орналасқан елді мекенде әркімнің үйінде қона жатады, үйткені жұмыс бір күнде бітпейді. Малдың номері келмейді, жасы бірер айға келмесе де сәйкес емес деп қате табады. Мал дәрігерлері қағаз бен компьютерге шұқшиып барлық уақытын осылай өткізеді. Әр малдың жасы мен жыныстық тобына қарай ведомость жасап не қажет? Бәріне қойылатын реакция комплементті байланыстыру реакциясы мен розбенгал сынамасы. Анау саулық, мынау қошқар, мынау тоқты, ешкі, лақ екен деп басқа реакция қойылмайды, әр қайсысына әртүрлі диагностикумдар дозасы жоқ, бәрі бірдей, тек ірі қара мен мүйізді ұсақ малдардың реакцияға алынатын қан сары суларының мөлшері ғана бөлек. Тек қошқарларды инфекциялық эпидидимитке зерттеу үшін бөлек ведомость жасаса болады. Әрине, заман талабы ауыл шаруашылық малдарының идентификациясын кіргізді. Онсыз болмайды. Негізі қаланды. Енді осының бәрін ұсақ –түйекке таңа берудің қажеттілігі қанша? Сырға номерін, жас мөлшерін (өте дәлдіксіз), жынысын, мал иесінің аты- жөнін, ведомостқа енгізсе, артынан әрбір жыныс тобының жиын санын, ведомостың аяғында көрсетсе жетіп жатыр. Ал өте дәл, жан-жақты мәліметтерді әкімшілікте, басқадай қажеттіліктерде жинап, жасатса дұрыс болар еді, жанталасып, қара жұмыс жасап, сіңбіруге уақыт таппай жүрген дәрігерге жүктемей.Төменгі буын малдәрігерлерінің жұмысын көрген, білген, түсінген кісіге ол ауыр дене жұмысы, аздаған логикасы бар қол еңбегі. Оны компьютерге отырғызып одан интеллектуал жасау мүмкін емес. Оған оның қабілеті де мұршасы да жетпейді. Ол оған қажет емес. Алайда, қатты оқыған адамдардың қиялынан туған осы өзгерістерді күнделікті жұмысқа қайткенде де енгізу жөнінде ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және Қадағалау комитетінің төрағасы С. Хасеновтың үстіміздегі жылғы 20 ақпандағы нұсқама хаты бар. Онда ол құрастырылған биологиялық материал сынамаларын қабылдау алгоритмін енгізуді қамтамасыз етіңдер дейді. Қағаз бастылардың лексиконынан алынған ой-шұңқыры, шыңы мен шыңырауы, бұрыс – қарысы жоқ еш бөгетсіз деген ұғым беретін «алгоритм» деген әдемі сөзді өздері малдәрігері болып жұмыс істемеген, таң бозынан тұрып, дала кезіп, мал егіп, қан алмаған, айтарға тілі жоқ ауру малмен арпалыспаған, мал ауруын жоюдың еш бейнетін көрмегендер ғана құрастырып, бұйрық пен өмірге енгізе алады. Көпшіліктің көкейінде бұл алгоритм емес: «Алға итім, менің айтқанымды істейсің, істемесең көресінді көресің»- деген кіжініс сияқты болып тұр. Рас, алгоритмдегі термочемодан, температуралық режим, сары су көлемінің дәлдігін сақтау деген пункттері баяғыдан бар талаптар, еш бұрмалауды көтермейді-керек ақ, ал еш залалы жоқ сынамаларды өртеу жолымен жою, сонан соң барып сынамалар құйылған шприц пробирканы қайтару деген нұсқаулар мал дәрігерлерінің ерен еңбегін табан асты ету, барды жоқ қылу болып табылады . Олардың жан айқайын еститін адам бар ма екен? Таяуда облыстағы әкімнің бір орынбасары бұл министрліктің талабы, істемесеңдер жұмыстан шығып жүре беріңдер депті. Мал дәрігерлері ашынып: « Осы қажетсіз дүниелерді ойлап тауып отырған шетелден оқып келгендер, мал дәрігерлік жұмыстың қыр- сырын, оның бейнетін білмейтіндер, істелген істі емес, жазылған қағазды бағалайтындар» - деп айтып жүр. «Олардың білімдері мол, жан-жақты оқыған, шетелдің жетілген технологиясына қанық, бірақ қазақтың менталитетіне мойын сұнбайтын, кең далада қалыптасқан мал бағу дәстүрін түсінбейтіндер»- дейді . Шетелдің технологиясын қысқа уақыттың ішінде өмірге, өндіріске енгізе салу, әсіресе мал шаруашылығында мүмкін емес. Аса білімді бастықтардың істеп отырғаны орыстың ұлы жазушысы Александр Сергеевич ( Пушкин емес) Грибоедовтың « Асқан ақылдан тапқан уайым» (Горе от ума) романындағы ескі мен жаңаның жанталасқан жөнсіз жағаласуы сияқты көрінеді. Одан да бір данагөйдің «Асықпай тездетейік» дегені дұрыс па деймін. Жоғарыдағы талаптарды алғашқыда ұйымдасқан ірі шаруа қожалықтарының малдарына, отырықшы мал шаруашылығы барлардан бастап енгізіп, кезең – кезеңмен дамытып, ең аяғы жыл сайын, тіпті мезіл сайын елдің қоспа малдарынан құралатын, біресе жоғалып, біресе табылатын ауылдағы жеке шаруалардың малдарымен аяқтаса дұрыс болар еді. Содан соң мал ауруына қарсы негізгі шараларды жоспарлағанда кеңес одағы кезіндегідей оларды негізінен көктем және күз мезгілдеріне қойса, арасында дегельминтизация, тоғыма секілді тағы басқа шараларды жүргізе береді. Балық басынан шіриді дегендей қазіргі кезде ветеринариялық ғылым мен тәжірбиенің бұрыннан қалыптасқан қағидаларын бұзу орын алып, тарап барады. Кей жерлерде ірі шаруа қожалықтарының иелерінің қарсылығынан олардың малдарының арасынан шыққан ауруларды мойындамауы орын алуда. Әсіресе, бруцеллез аруымен ауырған малдарды олардың қожайындарының келіспей жоғары орындарға шағымдануы салдарынан ол малдарды бруцеллезге қайта тексеруге, сөйтіп бруцеллез жоқ, немесе мардымсыз күдікті ғана жағдай бар деп, барды жоққа шығарып жалған нәтиже алу бар. Немесе малы бұрын бруцеллез вакцинасына отырғызылған екен, сол себепті бруцеллезге оң нәтиже беріпті деген қорытынды алады. Тайталасқан тексеруге кейде ғылыми –зерттеу институттарына дейін араласады. Біз білетін, жүздеген жылдан келе жатқан ғылыми негіз бен тиянақты тәжірибе бойынша бруцеллезге бір рет болса да оң нәтиже берген мал екінші қайта тексерілмеуі керек. Үйткені екінші рет тексергенде ол қан сынамасында оң реакция жүрмей қалуы әбден мүмкін, ол таңданарлық жай емес. Оған ауа райы, мал бойындағы иммундық жағдай т.б. көптеген факторлар әсер етеді. Онымен қабат қазір малды кейбір антибиотиктермен егіп тастаса ауру жойылуы немесе әлсіреуі мүмкін. Сондықтан да баяғыдан бері бұл жолы оң нәтиже бермесе келесі жолы береді деп, бруцеллезге өте жиі тексеру жолға қойылған. Ол мерзім мүйізді ұсақ мал үшін 15-20 күн, ірі қара үшін 20-30 күн болып белгіленген. Сондықтан да ветлаборатория шығарған нәтижелерге ешқандай күман тудырмау керек. Менің қырық жылдық тәжірибемде лаборатория қызметкерлерінің өз істеріне немқұрайлы қарап, оның нәтижесін біреудің мүддесіне қарай бұру деген ойларына келмейтіні, ондай ниеттерінің жоқ екендігіне әбден көзім жеткен. Олар өз істерінің адал да нақ болуына тырысады, басқалардың араласуынан қызғыштай қорғайды. Жалпы малдәрігерлік мамандықты таңдайтындар, өмір жолын соған арнайтындар өте сирек. Олардың көпшілігі қияли, өз ісінің нағыз фанаттары. Сондықтан да ҚР АШМ ВБ ж ҚК үстіміздегі жылғы төраға C. Хасеновтың қолымен жіберілген №16-04-13/253-4 қатынас хатындағы бруцеллезден қолайсыз пункттардағы сауықтыру жұмыстарын жүргізгенде бақылау және сенімді нәтиже алу мақсатында қолайсыз пункттардан түскен барлық сынамаларды диагностикалық зерттеулер облыстық (өңірлік) және орталық филиалдардың басында өткізілуге тиіс деп ұзақ жылдардан бері аудандық серологиялық, бактериологиялық бөлімдерде істеп жүрген абыройлы мамандарға орынсыз сенімсіздік білдіріліп олардың намыстарын аяққа таптап отыр. Малды ауруға шығарып, көзін жойдырып, одан қомақты ақша табу мүмкін емес. Бруцеллез ірі қараның етінің әр килограмына ет комбинаты 200 теңге ғана береді, ал көзі жойылған ұсақ малдың иесіне әрең дегенде 10000 теңге ғана төлейді. Мұндай сенімсіздікті өздері малдәрігерлік салада істемегендіктен «осылар қайбір дұрыс жұмыс жасар дейсің» -деген күдік бастарына ұялап алған басқа саланың мамандары білдіреді. Ал қазіргі кездегі ветеринарияның Республикалық деңгейінде істеп жүрген ең мықтылар солар. Дәл биылғы жылы қолайсыз пукттардан, сау деген жерлерден оң нәтиже берген қан сынамаларының нақтылығына көз жеткіземіз деп оларды да облыстық және өңірлік лабораторияларға қайта тексеруге жіберіп жатқандары мүлде дұрыс емес. Ол шаралар тек уақытты алады және қосымша шығын шығаруды қажет етеді . Әлде жоғарғы басшылардың басқа пиғылдары болмаса. Семейдің өңірлік лабораториясына Мақаншының қолайсыз пункттерінен қан жеткізу 700-750 шақырым жол жүруді қажет етеді. Кәзір мемлекет бойынша үнемге көшіп жатқанда біз неге жөнсіз ысырапқа барамыз. Қанның нәтижесі бекіп келгенше ауру малдың көзі уақытында жойылмай ауруды одан ары таратуға себепші болады. Ауыл шаруашылығына ,әсіресе ветеринариядағы жаңа реформаларды, көп құжат- қағаздарды кіргізіп, артық жұмыс істетіп отырған адамдардың дені арнайы ветеринариялық білімдері жоқ, мал дәрігері болып жұмыс жасап жан қинамаған жандар. Олардың кіргізген жаңалықтарын, реформаларын төменде жүрген, өздері иелік етіп отырған ветеринарияның құлдары мен күңдері құлықсыз мойындап кейістікпен атқарады. Сол себепті олардың кейбір шын мәнінде де бағалы бастамалары қолдау таппай обалды болуы мүмкін. Олай болмауы үшін жоғарғы басшылықта арнайы малдәрігерлік білімі, жұмыс тәжірбиесі бар мамандар жүруі қажет. Ал қазір көш басында тұрғандар вице-министр Гульмира Исаева, Республикалық лабораторияның генерал директоры Айгул Ахметжанова ет пен сүттің, май мен құрттың, тері-терсектің, жүн-қылшықтың, қыл-қабырдың технологиясын оқыған мамандар. Бұл басшылар еліміздің әр жерінде салынып бітпей жатқан объектілердің құрлысын неге қадағаламайды. Біздің Мақаншы ауылында құрылысы басталғанына 3-4 жылдай болған жаңа вет лабораторияның сырқы қабырғасы тұрғызылып, төбесі де жабылды. Қалған шаруалары істелмей тұр. Ақшасын жеп қойған дейді. Жоғарғы басшылар осы құрлысты әдейі ақша жеу үшін бастатқандай. Өйткені дәл Мақаншыға лаборатория қажет емес еді. Мұнда ветлаборатория 1988 жылы селикат кірпіштен салынған екі қабатты мықты ғимаратта жұмыс істеп тұр. Соған қарамай тағы да жаңа лаборатория салуға рұқсат алған. Яғни ақшаны жеуге қолайлы жер осы болған. Әйтпесе басқа жерлерде тозығы жеткен жер үйлерде тұрған лабораториялар бар. Жеуді ойламаса соларға неге салдырмайды. Осыны көріп жаның ауырады. Республикалық лабораторияның басшысы осыған неге шара қолданбайды. Ветеринариялық бақылау, қадағалау комитетінің төрағасы Сақташ Хасенов агроном. Содан да болар–Құдай:«А Құдайым сақтай гөр» - дегенді емес, «сақтанғанды сақтаймын»- депті. Қадағалаудың өз дәрежесінде болмағандығынан шетелден сатып алған малмен бірге кірген, бұрын елімізде болмаған бірнеше аурудың атын біліп көкжиегіміз кеңіп қалды. Тағы бір басшы, данышпан Абайдың атын алған адам есеп қызметкері. Оның сыртында малдәрігерлік мамандығы жоқ қаншама адамдар қонақтап компьютерлерге мініп отыр. Ең үлкен бастық Мамытбеков Асылжанның ауыл шаруашылығы саласы бойынша ешқандай мамандығы жоқ болса да «мен қалай министр болдым, басқаларды да солай қалаған қызметке қоямын»- деген мықты ұстанымы бар сияқты. Осыдан 2-3 жыл бұрын депутат Светлана Жалмағамбетова мал дәрігерлік саланы басқарып отырғандар нақтылы осы саланың мамандары емес деген екен.Оған: «Апырай бұл қалай?» - деген ешкім жоқ. Осы жағдайды Россиялықтар білсе олар: «Казахи умело издеваются над ветеринарией» - дер еді. Түптеп келгенде жоғарыдағы мәселелерді қаперге алып ветеринария саласындағы өзгерістердің қажет жерлерін аяқ асты, түйдек – түйдегімен емес, асықпай кезең – кезеңмен сатылап енгізу керек . оро Ол үшін протекцияны тоқтатып республикалық дәрежедегі басшыларды тек таза мал дәрігерлік білімі мен тәжірибесі бар мамандардан іріктеу керек. Бүгінде істеп жүрген бірінші басшылар біреулер үшін Асыл – жандар шығар, бірақ ветеринария үшін Масыл- жандар болып жүргенін ұғынулары керек. Олар сырттан келіп сәуегейлік айтуды тоқтатып өздерінің салалық мамандықтарына барса, сонда елімізге көп пайдалары тиер ме еді . Өйткені олардың білімдері терең, ойлары ұшқыр ғой . Ветеринария төңірегіндегі бүгінгі күні қалыптасып отырған жағдай жалғаса берсе еліміз фармокодинамикалық сиыспаушылықтың сыбағасын молынан алуы ғажап емес, яғни әртүрлі дәрілердің бір мезгілде пайдалануынан олардың сиыспай, қайшы келуінен уланулар, жарылыстар болатыны сияқты елімізде ветеринариялық қызметте тоқырауға ұшырап, таяу жылдарда ветеринария саласының төменгі буындарында жұмыс істейтін маман қалмауы әбден мүмкін. Сала қызметі бүгін уланып отырғандай күй кешуде. Осыны қаперге алып жарылысқа жеткізбей есімізді жияйық ағайын. Базарбай Уәсілұлы Сатай