Toggle Dropdown
Банктерді таратуды жүзеге асыру, Қазақстан Республикасының бейрезидент-банктері филиалдарының қызметін мәжбүрлеп тоқтату қағидаларын және қызметі мәжбүрлеп тоқтатылатын Қазақстан Республикасының бейрезидент-банктері филиалдарының, мәжбүрлеп таратылатын банктердің тарату комиссияларының жұмысына қойылатын талаптарды бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2020 жылғы 30 қарашадағы № 114 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2020 жылғы 2 желтоқсанда № 21716 болып тіркелді
Редакция 18.12.2022 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен
«Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 74-бабының 1-тармағына және 74-5-бабының 5-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Осы қаулыға 1-қосымшаға сәйкес Банктерді таратуды жүзеге асыру, Қазақстан Республикасының бейрезидент-банктері филиалдарының қызметін мәжбүрлеп тоқтату қағидалары және қызметі мәжбүрлеп тоқтатылатын Қазақстан Республикасының бейрезидент-банктері филиалдарының, мәжбүрлеп таратылатын банктердің тарату комиссияларының жұмысына қойылатын талаптар бекітілсін.
2. Осы қаулыға 2-қосымшаға сәйкес тізбе бойынша Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің, сондай-ақ Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілері құрылымдық элементтерінің күші жойылды деп танылсын.
3. Банктерді реттеу департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) Заң департаментімен бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;
3) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы тармақтың 2) тармақшасында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
4. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту Агенттігінің Төрағасы М. Абылкасымова
«КЕЛІСІЛДІ»
Қазақстан Республикасы
Ұлттық Банкі
«КЕЛІСІЛДІ»
Қазақстан Республикасы
Мәдениет және спорт министрлігі
Қазақстан Республикасының
Қаржы нарығын реттеу және
дамыту Агенттігінің Басқармасының
2020 жылғы 30 қарашасы
№ 114 Қаулыға 1-қосымша
Банктерді таратуды жүзеге асыру, Қазақстан Республикасының бейрезидент-банктері филиалдарының қызметін мәжбүрлеп тоқтату қағидалары және қызметі мәжбүрлеп тоқтатылатын Қазақстан Республикасының бейрезидент-банктері филиалдарының, мәжбүрлеп таратылатын банктердің тарату комиссияларының жұмысына қойылатын талаптар
1. Осы Банктерді таратуды жүзеге асыру, Қазақстан Республикасының бейрезидент-банктері филиалдарының қызметін мәжбүрлеп тоқтату қағидалары және қызметі мәжбүрлеп тоқтатылатын Қазақстан Республикасының бейрезидент-банктері филиалдарының, мәжбүрлеп таратылатын банктердің тарату комиссияларының жұмысына қойылатын талаптар «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» 1995 жылғы 31 тамыздағы Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – Банктер туралы заң) сәйкес әзірленді және банктерді таратуды жүзеге асыру, Қазақстан Республикасының бейрезидент-банктері филиалдарының қызметін мәжбүрлеп тоқтату тәртібін және қызметі мәжбүрлеп тоқтатылатын Қазақстан Республикасының бейрезидент-банктері филиалдарының, мәжбүрлеп таратылатын банктердің тарату комиссияларының жұмысына қойылатын талаптарды айқындайды.
2. Осы Қағидалар соттың шешімі бойынша мәжбүрлеп таратылатын екінші деңгейдегі банктерге қолданылады.
Сот шешімі бойынша мәжбүрлеп таратылатын екінші деңгейдегі банктерге қатысты қолданылатын осы Қағидалардың ережелері Банктер туралы заңның 74-5-бабының 5 және 6-тармақтарында және осы Қағидаларда белгіленген ерекшеліктер ескеріле отырып, Банктер туралы заңның 74-5-бабының 4-тармағында көзделген жағдайларда Қазақстан Республикасының бейрезидент-банктерінің филиалдарына қолданылады.
Мемлекетаралық банктерді тарату ерекшеліктері осы банктерді құру туралы халықаралық шарттарда (келісімдерде) және олардың құрылтай құжаттарында айқындалады.
1) қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның (бұдан әрі - уәкілетті орган) Банктер туралы заңның 48-бабының 1-тармағында көзделген негіздер бойынша банкті барлық банк операцияларын жүргізуге лицензиядан айыруына;
2) банктің банкрот болуына;
3) уәкілетті мемлекеттік органдардың, заңды немесе жеке тұлғалардың заңнама актілерінде көзделген басқа да негіздер бойынша банк қызметін тоқтату туралы өтінішіне (талап-арызына) байланысты банкті мәжбүрлеп таратады.
3-1. Қазақстан Республикасының бейрезидент-банкі филиалының қызметін мәжбүрлеп тоқтатуды:
1) уәкілетті орган Банктер туралы заңның 48-бабының 1-тармағында көзделген негіздер бойынша Қазақстан Республикасы бейрезидент-банкінің филиалын банк және өзге де операцияларын жүргізуге лицензиядан айыруына байланысты;
2) сот Банктер туралы заңның 74-5-бабы 4-тармағының екінші бөлігінде көзделген жағдайларға байланысты жүргізеді. Қазақстан Республикасының бейрезидент-банкі филиалының қызметін мәжбүрлеп тоқтату туралы сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап Банктер туралы заңның 74-5-бабы 4-тармағының үшінші бөлігінде көрсетілген салдарлар басталады.
4. Осы Қағидаларды қолдану мақсатында мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) электрондық аукцион - Интернет желісінде www.gosreestr.kz мекенжайы бойынша барлық әлеуетті сатып алушылар үшін оларға тең қол жетімділікке негізделген бірыңғай электрондық сауда алаңын пайдалану арқылы мүлік сатылатын аукцион түріндегі электрондық сауда-саттық тәсілі;
2) банк кредиторы - таратылатын банкке оның азаматтық-құқықтық және басқа да міндеттемелерінен туындайтын мүліктік талаптары бар тұлға;
3) бастапқы баға - әрбір лот бойынша сауда-саттық басталатын, «Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі туралы» 2018 жылғы 10 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес бағалаушы айқындаған лот (мүлік) құнынан төмен емес болып белгіленетін баға;
4) бас офис - тарату комиссиясының төрағасы ұйымдастыру-басқару және Қағидаларда көзделген өзге де функцияларды жүзеге асыратын офис;
5) ең төменгі баға - бұдан төмен бағамен лот сатылуы мүмкін емес баға;
6) кепілдік беру жөніндегі ұйым - екінші деңгейдегі банктердегі депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын арнайы құрылған коммерциялық емес ұйым;
7) кредиторлар комитеті - кредиторлардың мүдделерін қамтамасыз ету және олардың қатысуымен шешімдер қабылдау мақсатында таратылатын банктің кредиторларынан құрылатын орган;
8) кредиторлар санаты - біртекті сипаттағы талаптары бар және Банктер туралы заңның 74-2-бабында көзделген белгілі бір кезектілік шеңберінде қанағаттандырылатын кредиторлар тобы;
9) кредиторлар талаптарының тізілімі - уәкілетті орган бекіткен, белгіленген мерзімде мәлімделген және тарату комиссиясы таныған кредиторлардың талаптарын, сондай-ақ кепілдік беру жөніндегі ұйымның талаптарын көрсететін құжат;
10) күтпеген шығыстар - тарату комиссиясының мөлшері бес жүз айлық есептік көрсеткіштен аспауға тиіс, кезек күттірмейтін мұқтаждарға арналған жоспарланбаған шығындары;
11) қатысушы банк - Қазақстан Республикасының екiншi деңгейдегi банктерінде орналастырылған депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесінің қатысушысы болған таратылатын;
12) құндылықтар - Қазақстан Республикасының бағалы металдары, валюталық құндылықтары, банкноттары мен монеталары, бағалы қағаздар, қатаң есептегі бланкілер және бағалы заттар;
13) лот - бірлікті сату үшін бөлінбейтін (бөлінетін) болып ажыратылған аукционға қойылғатын мүлік;
14) мерзімді баспасөз басылымы - тұрақты атауы, ағымдағы нөмірі бар және кемінде 3 (үш) айда бір рет шығарылатын газет, журнал, альманах, бюллетень, оларға қосымшалар;
15) сату бағасы - сауда-саттық нәтижесінде белгіленген лоттың бағасы, ал мүлікті сауда-саттықты өткізбей сатқан жағдайда – кредиторлар комитеті (кредиторлар комитеті болмаған жағдайда тарату комиссиясының төрағасы) бекіткен мүліктің бағасы;
16) сату объектісі - жеке (дербес) бірлік ретінде сауда-саттыққа қойылатын таратылатын банктің мүлкі немесе бірнеше бірліктен бір лотқа шоғырланған өзге мүлік;
17) сатушы - таратылатын банктің тарату комиссиясы;
18) сатып алушы - сатушымен сатып алу-сату шартын жасаған сауда-саттық жеңімпазы;
19) сауда-саттық жеңімпазы - сауда-саттықтағы лотқа барынша жоғары баға ұсынған қатысушы;
20) сауда-саттықты ұйымдастырушы - таратылатын банктің тарату комиссиясы немесе тарату комиссиясымен сауда-саттық жүргізу жөніндегі қызмет көрсету туралы шарт жасаған және оның нәтижелеріне мүдделі емес заңды не жеке тұлға;
21) сауда-саттық қатысушысы - сауда-саттыққа қатысу туралы өтінішті сауда-саттық ұйымдастырушысы белгілеген тәртіппен берген және оның қатысушысы ретінде сауда-саттық ұйымдастырушысы тіркеген жеке немесе заңды тұлға;