Toggle Dropdown
Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек көрсету бойынша денсаулық сақтау субъектілерінен көрсетілетін қызметтерді сатып алу қағидаларын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 8 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-242/2020 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2020 жылғы 10 желтоқсанда № 21744 болып тіркелді
Редакция 01.01.2024 жылғы жағдай бойынша өзгерістер мен толықтырулармен
«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының Кодексі 7-бабының 62) тармақшасына және «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 34-бабының 1-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек көрсету бойынша денсаулық сақтау субъектілерінен көрсетілетін қызметтерді сатып алу қағидалары бекітілсін.
2. Осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің кейбір бұйрықтарының күші жойылды деп танылсын.
3. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды үйлестіру департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты ресми жариялағаннан кейін Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі М.Е. Шорановқа жүктелсін.
5. Осы бұйрық 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануы тиіс.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрі А. Цой
«КЕЛІСІЛДІ»
Қазақстан Республикасының
Ұлттық экономика министрлігі
Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау министрі
2020 жылғы 8 желтоқсаны
№ ҚР ДСМ-242/2020
бұйрығына 1-қосымша
Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек көрсету бойынша денсаулық сақтау субъектілерінен көрсетілетін қызметтерді сатып алу қағидалары
1. Осы Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек көрсету бойынша денсаулық сақтау субъектілерінен көрсетілетін қызметтерді сатып алу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 7-бабының 62) тармақшасына және «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі – МӘМС туралы Заң) 34-бабының 1-тармағына сәйкес әзірленді және тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (бұдан әрі – ТМККК) шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (бұдан әрі – МӘМС) жүйесінде денсаулық сақтау субъектілерінен көрсетілетін қызметтерді сатып алу тәртібін айқындайды.
2. ТМККК шеңберінде денсаулық сақтау субъектілерінен көрсетілетін қызметтерді сатып алуды әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры (бұдан әрі – қор) және (немесе) бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері жүзеге асырады.
МӘМС жүйесінде денсаулық сақтау субъектілерінен қызметтерді сатып алуды қор жүзеге асырады.
ТМККК шеңберінде және (немесе) МӘМС жүйесінде денсаулық сақтау субъектілерінен көрсетілетін қызметтерді сатып алу денсаулық сақтау субъектілерін таңдау және көрсетілетін қызметтер көлемін және (немесе) қаражат көлемін орналастыру (бұдан әрі – көрсетілетін қызметтерді сатып алу) арқылы жүзеге асырылады.
3. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі ұғымдар:
1) бірлесіп орындаушы – ТМККК шеңберінде және (немесе) МӘМС жүйесінде медициналық көмек көрсетуге үміткер денсаулық сақтау субъектілерінің дерекқорына (бұдан әрі – дерекқор) енгізілген, жасасқан көрсетілетін қызметтерді сатып алу шарты бойынша қызметтер берушінің міндеттемелерінің бір бөлігін орындау үшін бірлесіп орындау шартын қызметтер беруші жасасқан денсаулық сақтау субъектісі;
2) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – Қазақстан Республикасы азаматтарының денсаулығын сақтау, медицина және фармацевтика ғылымы, медициналық және фармацевтикалық білім беру, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы, медициналық қызметтер (көмек) көрсетудің сапасын саласында басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
3) денсаулық сақтау субъектілері – денсаулық сақтау ұйымдары, сондай-ақ жеке медициналық практикамен және фармацевтикалық қызметпен айналысатын жеке тұлғалар;
4) денсаулық сақтау ұйымы – денсаулық сақтау саласында қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға;
5) дерекқор – «Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек көрсететін денсаулық сақтау субъектілерін есепке алуды жүргізу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 6 қарашадағы № ҚР ДСМ-186/2020 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21619 болып тіркелген) (бұдан әрі – Есепке алу қағидалары) сәйкес қалыптастырылатын ТМККК шеңберінде және (немесе) МӘМС жүйесінде медициналық қызметтер көрсетуге үміткер денсаулық сақтау субъектілерінің тізбесі;
6) жаңадан іске қосылған денсаулық сақтау объектісі – «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес алғаш рет пайдалануға қабылданған жаңадан салу арқылы немесе қолданыстағы объектіні өзгерту арқылы алғаш рет ашылған объект;
7) жоғары технологиялық медициналық көрсетілетін қызмет – диагностика мен емдеудің инновациялық, ресурсты қажет ететін және (немесе) бірегей әдістерін пайдалануды талап ететін аурулар кезінде бейінді мамандар көрсететін қызмет;
8) қор – аударымдар мен жарналарды шоғырландыруды жүргізетін, сондай-ақ медициналық көмек көрсететін денсаулық сақтау субъектілерінің көрсетілетін қызметтерін медициналық көрсетілетін қызметтерді сатып алу шартында көзделген көлемдерде және талаптармен сатып алу мен оларға ақы төлеуді және Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалған өзге де функцияларды жүзеге асыратын коммерциялық емес ұйым;
9) қордың активтері – қордың қызметін қамтамасыз етуге арналған комиссиялық сыйақыны шегергендегі аударымдар және жарналар, аударымдарды және (немесе) жарналарды төлеу мерзімі өтіп кеткендігі үшін алынған өсімпұл, инвестициялық кіріс, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған, қорға түсетін өзге де түсімдер;
10) қордың күтпеген шығыстарға арналған резервтері – ай сайынғы негізде қалыптастырылатын жабу кезеңінде күтпеген шығыстарды қаржыландыру үшін қордың ағымдағы қаржы жылына көзделген қаражаты;
11) қордың филиалы – қордың тұрған жерiнен тыс орналасқан және оның функцияларының бәрiн немесе бiр бөлiгiн, оның iшiнде өкiлдiк функцияларын жүзеге асыратын оқшауланған бөлiмшесi;
12) көрсетілетін қызметтерді денсаулық сақтау субъектілерінен сатып алу веб-порталы (Қағидаларға қатысты) – ТМККК шеңберінде және (немесе) МӘМС жүйесінде көрсетілетін қызметтерді денсаулық сақтау субъектілерінен сатып алудың электрондық көрсетілетін қызметтеріне бірыңғай қол жеткізу нүктесін беретін ақпараттық жүйе (бұдан әрі – веб-портал);
13) құжаттың электрондық көшірмесі – құжаттың түпнұсқа түрін және ақпаратын (деректерін) электрондық-цифрлық нысанда толығымен көрсететін құжат;
14) қызметтер беруші – қор немесе бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері осы Қағидаларға сәйкес көрсетілетін қызметтерді сатып алу шартын жасасқан денсаулық сақтау субъектісі;
15) МӘМС жүйесіндегі медициналық көмек – қордың активтері есебінен медициналық көрсетілетін қызметтер тұтынушыларға ұсынылатын медициналық көмек көлемі;
16) медициналық ақпараттық жүйе – денсаулық сақтау субъектілерінің процестерін электрондық форматта жүргізуді қамтамасыз ететін ақпараттық жүйе;
17) медициналық көмек – дәрілік қамтамасыз етуді қоса алғанда, халықтың денсаулығын сақтауға және қалпына келтіруге бағытталған медициналық көрсетілетін қызметтер кешені;
18) медициналық көмектің сапасы – көрсетілетін медициналық көмектің медициналық көмек көрсету стандарттарына сәйкестік деңгейі;
19) медициналық көрсетілетін қызметтер – денсаулық сақтау субъектілерінің нақты адамға қатысты профилактикалық, диагностикалық, емдеу, оңалту немесе паллиативтік бағыты бар іс-қимылдары;
20) медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы мемлекеттік орган – медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласында басшылықты, медициналық көрсетілетін қызметтердің (көмектің) сапасын бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
21) медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін денсаулық сақтау субъектісі (бұдан әрі – МСАК субъектісі) – «Бекітілген халық тіркелімі» (бұдан әрі – БХТ) порталында тіркелген бекітілген халыққа ТМККК шеңберінде және (немесе) МӘМС жүйесінде медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін денсаулық сақтау субъектісі;
22) мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты – мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын іске асыру шеңберінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты тараптарының құқықтары, мiндеттерi және жауапкершiлiгi, мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартының өзге де талаптары айқындалатын жазбаша келiсiм;
23) өндірістік база – Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасына сәйкес берілген лицензияға қосымшаға сәйкес медициналық қызметтер көрсету орны;
24) республикалық денсаулық сақтау ұйымдары – уәкілетті органның қарамағындағы денсаулық сақтау ұйымдары, денсаулық сақтау саласындағы ғылыми ұйымдар, дербес білім беру ұйымының денсаулық сақтау ұйымдары, медициналық білім беру ұйымдары;
25) тәуелсіз сарапшы – уәкілетті орган айқындайтын талаптарға сәйкес келетін және тәуелсіз сарапшылар тізілімінде тұрған жеке тұлға;
26) ТМККК қосымша қамтамасыз ету бойынша қызметтерді сатып алу шарты (бұдан әрі – көрсетілетін қызметтерді сатып алу шарты) – ТМККК шеңберінде медициналық көмек көрсетуді көздейтін, бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері мен денсаулық сақтау субъектісі арасындағы жазбаша нысандағы келісім;
27) ТМККК шеңберінде немесе МӘМС жүйесінде медициналық көрсетілетін қызметтерді сатып алу шарты (бұдан әрі – көрсетілетін қызметтерді сатып алу шарты) – ТМККК шеңберінде немесе МӘМС жүйесінде медициналық көмек көрсетуді көздейтін, қор мен денсаулық сақтау субъектісі арасындағы жазбаша нысандағы келісім;
28) цифрлық денсаулық сақтау субъектісі (Қағидаларға қатысты) –денсаулық сақтау субъектілерімен ұйымдастырушылық-әдістемелік жұмысты қоса алғанда, денсаулық сақтаудың ақпараттық жүйелерін ақпараттық-техникалық сүйемелдеу бөлігінде қызметті жүзеге асыратын немесе қоғамдық қатынастарға түсетін заңды тұлға;
29) электрондық құжат – ақпарат электрондық-цифрлық нысанда берілген және электрондық цифрлық қолтаңба арқылы куәландырылған құжат;