• Мое избранное

Отправить по почте

10

«Өндіріс және тұтыну қалдықтарын жинауға, пайдалануға, қолдануға, залалсыздандыруға, тасымалдауға, сақтауға және көмуге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің м.а. 2020 жылғы 25 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-331/2020 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2020 жылғы 28 желтоқсанда № 21934 болып тіркелді

«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі» Қазақстан Республикасы кодексінің 100-бабының 3-тармағына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 17 ақпандағы № 71 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі туралы Ереженің 15-тармағының 113) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
Кіріспе жаңа редакцияда жазылды ҚР Денсаулық сақтау министрінің 05.04.2023 жылғы № 60 Бұйрығына сәйкес (25.12.2020 ж. редакцияны қараңыз)(өзгерту 22.04.2023 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
1. Қоса беріліп отырған «Өндіріс және тұтыну қалдықтарын жинауға, пайдалануға, қолдануға, залалсыздандыруға, тасымалдауға, сақтауға және көмуге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидалары бекітілсін.
1) «Өндіріс және тұтыну қалдықтарын жинауға, пайдалануға, қолдануға, залалсыздандыруға, тасымалдауға, сақтауға және көмуге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2018 жылғы 23 сәуірдегі № 187 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17242 болып тіркелген, Қазақстан Республикасы Нормативтік құқықтық актілер электрондық түрдегі эталондық бақылау банкінде 2018 жылғы 10 тамызда жарияланған);
2) Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 5 шiлдедегi № ҚР ДСМ-78/2020 бұйрығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі мен Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін кейбір бұйрықтарының тізбесінің 13-тармағының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 20935 тіркелген, Қазақстан Республикасының Нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде 2020 жылғы 6 шілдеде жарияланған) күші жойылды деп танылсын.
3. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
1
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министріне жүктелсін.
5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушы М. Шоранов
«КЕЛІСІЛДІ»
Қазақстан Республикасының
Индустрия және инфрақұрылымдық
даму министрлігі
«КЕЛІСІЛДІ»
Қазақстан Республикасының
Экология, геология және
табиғи ресурстар министрлігі
Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау министрінің
міндетін атқарушы
2020 жылғы 25 желтоқсандағы
№ ҚР ДСМ-331/2020
бұйрығымен бекітілген
3
«Өндіріс және тұтыну қалдықтарын жинауға, пайдалануға, қолдануға, залалсыздандыруға, тасымалдауға, сақтауға және көмуге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидалары
1. Осы «Өндіріс және тұтыну қалдықтарын жинауға, пайдалануға, қолдануға, залалсыздандыруға, тасымалдауға, сақтауға және көмуге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидалары  (бұдан әрі – Санитариялық қағидалар) «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі» Қазақстан Республикасының Кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 100-бабының 3-тармағына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 17 ақпандағы № 71 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі туралы ережесінің (бұдан әрі – Ереже) 15-тармағының 113) тармақшасына сәйкес әзірленген және өндіріс пен тұтыну қалдықтарын жинауға, пайдалануға, қолдануға, залалсыздандыруға, тасымалдауға, сақтауға және көмуге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды белгілейді.
1-тармақ жаңа редакцияда жазылды ҚР Денсаулық сақтау министрінің 05.04.2023 жылғы № 60 Бұйрығына сәйкес (25.12.2020 ж. редакцияны қараңыз)(өзгерту 22.04.2023 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
2. Осы Санитариялық қағидаларда мынадай анықтамалар пайдаланылды:
2-тармақ жаңа редакцияда жазылды ҚР Денсаулық сақтау министрінің 17.04.2024 жылғы № 13 Бұйрығына сәйкес (05.04.2023 ж. редакцияны қараңыз)(өзгерту 04.05.2024 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
1) ағызу станциялары – елді мекен аудандарының су бұру жүйелерімен жабдықталмаған сұйық қалдықтарды су бұру жүйесіне қабылдауға және түсіруге арналған құрылыстар;
2) ассенизациялау алқабы, жер жырту алқабы – елді мекеннің шегінен тыс сұйық қалдықтарды жинау және залалсыздандыру үшін арнайы бөлінген аумақ;
3) жоспарлы-тұрақты санитариялық тазарту – қалдықтарды белгіленген жиілікпен жинау және жою бойынша іс-шаралар жүйесі;
4) жерді қалпына келтіру – белгілі мақсатта пайдалану үшін бүлінген жерлерді, оның ішінде бүлінген жерлердің кері әсері нәтижесінде өз құндылығын толық немесе ішінара жоғалтқан іргелес жер учаскелерін қалпына келтіруге, сондай-ақ қоршаған орта жағдайын жақсартуға бағытталған жұмыстар кешені;
5) коммуналдық қалдықтар – елді мекендерде, оның ішінде адамның тіршілік етуінің нәтижесінде қалыптасқан тұтыну қалдықтары, сондай-ақ құрамы мен қалыптасу сипаты бойынша оларға жақын өндіріс қалдықтары;
6) қалдық сақтау қоймасы – радиоактивті, уытты және қалдықтар деп аталатын пайдалы қазбалардың басқа да төгілген қалдықтарын сақтауға немесе көмуге арналған арнайы құрылыстар мен жабдықтар кешені;
7) қалдықтарды есепке алу – қалдықтардың сандық және сапалық сипаттамасы мен олармен жұмыс істеу тәсілдері туралы ақпарат жинау және ұсыну жүйесі;
8) қалдықтарды жою – қалдықтарды көму және жою бойынша операциялар;
9) қалдықтарды залалсыздандыру – механикалық, физикалық-химиялық немесе биологиялық өңдеу жолымен қалдықтардың қауіпті қасиеттерін азайту немесе жою;
10) қалдықтарды кәдеге жарату – қалдықтарды қайталама материалдық немесе энергетикалық ресурстар ретінде пайдалану;
11) қалдықтарды көму – көмілген қалдықтардың халықтың денсаулығына және қоршаған ортаға қауіпті әсерін болдырмайтын, шектеусіз мерзім бойы оларды сақтау үшін белгіленген орындарда қалдықтарды жинау;
12) қалдықтарды қайта өңдеу – қалдықтардан шикізаттарды және (немесе) одан әрі тауарларды немесе басқа өнімдер өндірісінде (дайындауда) пайдаланылатын басқа материалдарды алуға, сондай-ақ олармен жұмыс істеуді жеңілдету, олардың көлемін немесе қауіпті қасиеттерін азайту мақсатында қалдықтардың қасиеттерін өзгертуге бағытталған, сұрыптауды қоса алғандағы физикалық, химиялық немесе биологиялық процестер;
13) қалдықтардың қауіптілік сыныбы – бұл адамның денсаулығына және оның тіршілік ету ортасына қалдықтардың қауіптілік түрі мен дәрежесін айқындайтын олардың сандық сипаттамасы;
14) қалдықтар түрі – шығу тегіне, қасиеттеріне және қалдықтар сыныптамасының негізінде айқындалған жұмыс істеу технологияларына сәйкес жалпы белгілері бар қалдықтар жиынтығы;
15) қалдықтармен жұмыс істеу шаруашылығын консервациялау – қалдықтарды тасымалдау және оларды қалдықтарды сақтау орындарына орналастыру бойынша қызметті уақытша тоқтату. Бұл ретте қалдықтармен жұмыс істеу шаруашылығы мен қалдықтарды сақтау орындарының құрылыстарын қоршаған ортаға теріс әсерін болдырмайтындай етіп оқшаулайды;
16) қалдықтармен жұмыс істеу шаруашылығын жою (көму) – қалдықтарды тасымалдау және оларды қалдықтарды сақтау орындарына орналастыру бойынша қызметті тоқтату. Бұл ретте қалдықтармен жұмыс істейтін шаруашылықтың барлық ғимараттары мен құрылыстарын жою, ал қалдықтарды сақтау орнын қоршаған ортаға қоршаған ортаға теріс әсерін болдырмайтындай етіп оқшаулау қажет;
17) қатты тұрмыстық қалдықтар (бұдан әрі – ҚТҚ) – қатты түрдегі коммуналдық қалдықтар;
18) қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған полигондар – қатты тұрмыстық қалдықтарды оқшаулауға және залалсыздандыруға арналған арнайы құрылыстар;
19) қауіпті химиялық заттар – адам денсаулығына және қоршаған ортаға тікелей немесе ықтимал зиянды әсер етуі мүмкін заттарға ие болатын заттар;
20) медициналық қалдықтар (бұдан әрі – МҚ) – медициналық қызметтерді көрсету және медициналық емшаралар жүргізу процесінде түзілетін қалдықтар;
21) өндіріс қалдықтары (өндірістік қалдықтар) – өнімді өндіру, жұмыстарды (көрсетілетін қызметтерді) орындау процесінде пайда болған және өздерінің бастапқы тұтынушылық қасиеттерін толық немесе ішінара жоғалтқан шикізаттың, материалдардың, өзге де бұйымдар мен өнімдердің қалдықтары;
22) өндірістік объект – адамның тіршілік ету ортасына және денсаулығына әсер ету көздері болып табылатын процестерді, жабдықты және технологияны пайдалана отырып жүзеге асырылатын өнімнің өндірісімен, жұмыстарды орындаумен және қызметтер көрсетумен байланысты шаруашылық қызметінің объектісі;
23) радиоактивті қалдықтар – одан әрі пайдалану көзделмейтін, құрамындағы радионуклидтер алу деңгейінен асатын радиоактивті заттар, ядролық материалдар немесе радионуклидті көздер;
24) санитариялық-қорғаныш аймағы (бұдан әрі – СҚА) – арнайы мақсаттағы аймақтарды, сондай-ақ өнеркәсіптік ұйымдар мен басқа да өндірістік, коммуналдық және елді мекендегі қойма объектілерін жақын жердегі селитебті аумақтан, ғимараттар мен тұрмыстық-азаматтық мақсаттағы құрылыстардан оларға қолайсыз факторлардың әсерін әлсірету мақсатында бөліп тұратын аумақ;
25) санитариялық тазарту – елді мекенде халықтың тіршілік әрекеті нәтижесінде түзілетін қалдықтарды жинау, жою және залалсыздандыру мақсатындағы іс-шаралар жүйесі;
26) сұйық қалдықтар – сарқынды суларды қоспағанда, кез келген сұйық күйдегі қалдықтар;
27) сарқынды сулар – адамның шаруашылық қызметі нәтижесінде пайда болатын немесе табиғи немесе жасанды су объектілеріне немесе жер бедеріне ағызып жіберілетін ластанған аумақтағы сулар;
28) селитебті аумақ – тұрғын үй, қоғамдық (қоғамдық-іскерлік) және рекреациялық аймақтарды, сондай-ақ инженерлік және көлік инфрақұрылымдарының жекелеген бөліктерін, басқа да объектілерді орналастыруға арналған, орналастырылуы мен қызметі арнаулы санитарлық-қорғаныш аймақтарын талап ететіндей әсер етпейтін елді мекен аумағының бір бөлігі;
29) тұтыну қалдықтары – өнімдерді, бұйымдарды және өзге де заттарды тұтыну немесе пайдалану процесінде түзілген қалдықтар, сондай-ақ өзінің бастапқы тұтыну қасиеттерін толық немесе ішінара жоғалтқан тауарлар (өнім);