• Мое избранное
Қазақстан Республикасында мемлекеттік басқаруды дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын бекіту туралы

Отправить по почте

Toggle Dropdown
  • Комментировать
  • Поставить закладку
  • Оставить заметку
  • Информация new
  • Редакции абзаца

Қазақстан Республикасында мемлекеттік басқаруды дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Президентінің 2021 жылғы 26 ақпандағы № 522 Жарлығы.

Редакция 02.02.2022 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен  
Мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыру мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасында мемлекеттік басқаруды дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасының Үкіметі осы Жарлықтан туындайтын қажетті шараларды қабылдасын.
3. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.
4. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаев
Қазақстан Республикасы
 Президентінің
 2021 жылғы 26 ақпандағы
 № 522 Жарлығымен
 бекітілген
  Қазақстан Республикасында мемлекеттік басқаруды дамытудың 2030 жылға дейінгі ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ: "Ең алдымен адамдар" - "адамға бағдарланған" моделін қалыптастыру
1-бөлім.Кіріспе
1-бөлім өзгертілді ҚР Президентінің 02.02.2022 жылғы № 802 Жарлығымен (26.02.2021 ж. редакцияны қараңыз)
Бүгінгі таңда бүкіл әлем турбуленттілік, өсіп келе жатқан құбылмалылық, әлеуметтік, экономикалық және саяси дамудың белгісіздігі дәуіріне аяқ басты.
Елдердің ауқымды сын-қатерлерді еңсеру барысында мемлекетке деген қогамдық сенім, оның өзгерістерге дайындыгы мәселесі ерекше маңызға ие болуда. Неғұрлым тиімді мемлекеттік басқаруға, азаматтардың басқарушылық шешімдер қабылдауға қатысуына деген сұраныс тұрақты түрде қалыптасуда.
Сонымен қатар, мемлекет пен халықтың өзара іс-қимылының экімшілік- бақылау нысанына негізделген мемлекеттік басқарудың қолданыстағы моделі халықтың үмітіне толық жауап бермейді.
Соның нәтижесінде азаматтар мен олардың игілігі басты құндылық болып табылатын мемлекеттік басқарудың сервистік және "адамға бағдарланған" моделін қалыптастыру қажеттігі пісіп-жетілді.
Осы Қазақстан Республикасында мемлекеттік басқаруды дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы (бұдан әрі - Тұжырымдама) мемлекеттік секторды трансформациялаудың мағыналық бағытын көрсетеді және мемлекеттік басқаруды жаңғыртудың негізгі қағидаттарын, міндеттері мен тәсілдерін айқындайды.
Тұжырымдама азаматтардың мемлекетпен өзара іс-қимылын жақсартуды, стратегиялық жоспарлаудың тиімділігін, мемлекеттік қызметтің кадр құрамының сапасын, квазимемлекеттік сектордың тиімділігін арттыруды, мемлекеттік аппаратты оңтайландыруды және мемлекеттік қызметтер көрсетудің проактивті форматына көшуді, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытуды, реттеушілік және сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты жетілдіруді, сондай-ақ сот және құқық қорғау жүйелерін трансформациялауды көздейді.
Сонымен бірге Тұжырымдама міндеттерді мемлекеттік басқарудың жаңа моделінің негізгі қағидаттарының призмасы арқылы айқындайды.
Құжатта белгіленген нысаналы даму параметрлері мемлекеттік басқару реформасының кейінгі қадамдарын іске асыруға негіз болуға тиіс. Мемлекеттік басқаруды дамыту тұжырымдамасының ережелері құқықтық саясат, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамаларымен тығыз байланысты.
Осы құжаттардың жиынтығын мемлекеттік басқару сапасын арттыруға бағытталған шаралардың біртұтас жүйесі ретінде қараған жөн.
2-бөлім.Ағымдағы жағдайды талдау
Егемен Қазақстанның дамуы әрбір кезеңде мемлекеттік басқарудың тиісті моделін талап етті. Бір модельден екінші модельге көшу экономикалық және әлеуметтік өзгерістердің логикасына сәйкес келді. Елдің мемлекеттік басқару жүйесін дамытуда төрт кезеңді бөліп көрсетуге болады:
Бірінші кезең (1991-1997 жж.). Мемлекеттік басқаруды институттандыру: мемлекеттік басқарудың базалық моделін енгізу, мемлекеттік тәуелсіздік негіздерін құру және мемлекеттік-басқару жүйесінің құрылымдық реформасын бастау.
Екінші кезең (1997-2007 жж.). Әлеуметтік мемлекет: "алдымен экономика, содан соң саясат", "жалпыға ортақ әл-ауқат мемлекеті" немесе "жалпыға ортақ игіліктер мемлекеті" қағидаттарын енгізу. Мемлекет азаматтардың экономикалық және әлеуметтік игілігін қорғау мен дамытуда шешуші рөл атқарады.
Осы кезеңде "Қазақстан-2030" стратегиясы және 2010 жылға дейінгі стратегиялық жоспар қабылданды, Қазақстан халқының Ассамблеясы құрылды, партиялық жүйе енгізілді.
Мемлекеттік басқару жүйесі директивалық модельден индикативтік модельге көшірілді, мемлекеттік қызметтің ұлттық моделі қалыптастырылды және мемлекеттік органдар нығайтылды, мемлекеттік функцияларды орталықсыздандыру басталды, даму институттары құрылды.
Үшінші кезең (2007-2017 жж.). Қазақстанның әлемнің дамыған 30 мемлекетінің қатарына кіруіне бағытталған "Қазақстан-2050" стратегиясы және 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспары қабылданды. Индустриялық-инновациялық даму, елді кешенді цифрландыру және жаңа инфрақұрылым (көлік, тұрғын үй, энергетикалық, әлеуметтік және т.б.) салу бағдарламаларын іске асыру жандандырылды. Мемлекеттік активтерді басқару бойынша ұлттық холдингтер қалыптастырылды.
2011 жылы Мемлекеттік қызметтің жаңа моделінің тұжырымдамасы қабылданды. Мемлекеттік органдардың бесжылдық стратегиялық жоспарлары, мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін жыл сайынғы бағалау жүйесі, мемлекеттік аудит жүйесі, "А" корпусының кәсіби басқарушылары мен жауапты хатшылар институты енгізілді.
Төртінші кезең (2017-2020 жж.). 2015 жылы елдегі мемлекеттік басқарудың жаңа архитектурасын айқындаушы бес институционалдық реформа жария етілді. Мемлекеттік бағдарламалар саны қысқартылды, "Ашық үкімет" бастамаларын енгізу және ықшам, кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыру басталды.
Осы кезең шеңберінде мемлекеттік қызметтің мансаптық моделіне көшу басталды. Мемлекеттік басқаруды орталықсыздандыру, яғни функциялардың бір бөлігін төмен тұрған деңгейлерге, сондай-ақ бәсекелес ортаға беру жұмыс жалғастырылды. 2017 жылы билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу бойынша конституциялық реформа жүзеге асырылды, Парламенттің рөлі және оның Үкіметті бақылауы күшейтілді.
Қазіргі таңда мемлекеттік басқару жүйесі реформасының кезекті бесінші кезеңінің уақыты келді, ол мынадай проблемалы аймақтарды:
азаматтар мен мемлекет арасында тиісті өзара іс-қимылдың болмауын; стратегиялық жоспарлау мен реформаларды жүргізу тәсілдері тиімділігінің жеткіліксіз болуын;
мемлекеттік аппараттың халық пен бизнестің қажеттіліктеріне бағдарланбаған функцияларын;
мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің әкімшілік сипатын;
бәсекеге қабілетсіз мемлекеттік қызметті;
тиімсіз квазимемлекеттік секторды;
дамымаған жергілікті өзін-өзі басқаруды;
бизнестің дамуына кедергі келтіретін шамадан тыс реттеуді;
сот және құқық қорғау жүйелеріне азаматтардың сенім деңгейінің төмендігін шешуге баса назар аудара отырып, неғұрлым терең өзгерістер кезеңі болуға тиіс.
2.1. Азаматтар мен мемлекет арасында тиісті өзара іс-қимылдың болмауы
Ағымдағы әлеуметтік процестер мен жаңа, оның ішінде пандемияның салдарынан болған экономикалық сын-қатерлер жағдайында азаматтық қоғамның белсенді қатысуына негізделген шешімдер қабылдау моделін қалыптастыру қажеттігі мемлекеттік басқару жүйесі үшін маңызды міндет болып табылады.
Сындарлы қоғамдық диалог құру бойынша бірқатар шаралар: халық алдында есеп беру кездесулерін откізу, азаматтарды жеке қабылдау, қоғамдық кеңестерді құру, ресми интернет-ресурстарда және әлеуметтік желілердеғі аккаунттарда ақпаратты тұрақты түрде орналастырып отыру шаралары және басқа да шаралар қабылданды.
Алайда оларда жүйеліліктің болмауы мемлекеттік басқарудың сапасын арттыру мақсатында қоғамдық тарту және қоғамдық бақылау құралдарын толық көлемде пайдалануға мүмкіндік бермей, халықтың мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл процесін реттеудің фрагментті сипатына алып келді.
Мемлекеттік органдар ресми ақпаратты ашық қолжетімділікке өз бастамасымен орналастыруға мүдделі емес. Ресми құжаттарға қолжетімділік пассивті немесе сұрау салу бойынша формалды түрде беріледі, бұл халықтың мемлекеттік аппараттың қызметіне қатысты хабардар болу деңгейіне әсер етеді.
Азаматтардан түсіп жатқан сұрақтарға, ақпарат сұратуларға, ұсыныстарға, шағымдарға талдаудың және халықпен кері байланыс арналарының жұмысына тиісті бақылаудың жасалмауы көбінесе қоғамның қажеттіліктері мен мүдделеріне формалды қарауға әкеп соқтырады.
Жалпы алғанда, мемлекеттік органдардың ашықтық дәрежесіне жыл сайын жүргізілетін бағалау нәтижелері мемлекет пен қоғамның өзара іс-қимылы мәселелерінде сапалық өзгерістер қажет екенін куәландырады.
2.2. Стратегиялық және бюджеттік жоспарлау, сондай-ақ реформаларды жүргізу тәсілдері тиімділігінің жеткіліксіз болуы
Бүгінгі күні бытыраңқы болуына байланысты стратегиялық және бюджеттік жоспарлау процестері елдің ұзақ мерзімді орнықты даму міндеттеріне қол жеткізуді толық көлемде қамтамасыз етуге мүмкіндік бермей отыр.
Алдын ала қол жеткізуге болатын және "басқарылатын" ведомстволық көрсеткіштерді қосу орын алуда, өйткені оларды жоспарлау қол жеткізілген нәтижелерге механикалық үстемелеуге негізделеді. Қол жеткізілген нәтижелер әрдайым жалпы елдік көрсеткіштерді орындауға байланысты бола бермейді, бірақ бұл ретте басым тәртіппен қаржыландырылуы мүмкін.
Жоғарғы деңгей индикаторларының төменгі деңгейдегі құжаттарда - орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың, ұлттық компаниялардың даму жоспарларында баяндалған нәтижелер көрсеткіштерімен өзара байланысы күшейтілуге тиіс.