Toggle Dropdown
«Құрылыс объектілерін салу, реконструкциялау, жөндеу және іске қосу, пайдалану кезінде еңбек және тұрмыстық қызмет көрсету жағдайларына қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 16 маусымдағы № ҚР ДСМ - 49 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2021 жылғы 17 маусымда № 23075 болып тіркелді
Редакция 22.04.2023 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 17 ақпандағы № 71 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі туралы Ереженің 15-тармағының 113) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған «Құрылыс объектілерін салу, реконструкциялау, жөндеу және іске қосу, пайдалану кезінде еңбек және тұрмыстық қызмет көрсету жағдайларына қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидалары бекітілсін.
1) «Құрылыс объектілерін салу, реконструкциялау, жөндеу және іске қосу, пайдалану кезінде еңбек және тұрмыстық қызмет көрсету жағдайларына қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 28 ақпандағы № 177 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10925 болып тіркелген);
2) Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 5 шiлдедегi № ҚР ДСМ-78/2020 бұйрығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі мен Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін кейбір бұйрықтарының тізбесінің 4-тармағы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 20935 болып тіркелген) күші жойылды деп танылсын.
3. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.
4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министріне жүктелсін.
5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрі А. Цой
«КЕЛІСІЛДІ»
Қазақстан Республикасының
Еңбек және халықты әлеуметтік
қорғау министрлігі
«КЕЛІСІЛДІ»
Қазақстан Республикасының
Индустрия және инфрақұрылымдық
даму министрлігі
Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау министрі
2021 жылғы 16 маусымдағы № ҚР ДСМ - 49
бұйрығымен бекітілген
«Құрылыс объектілерін салу, реконструкциялау, жөндеу және іске қосу, пайдалану кезінде еңбек және тұрмыстық қызмет көрсету жағдайларына қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидалары
1. «Құрылыс объектілерін салу, реконструкциялау, жөндеу және іске қосу, пайдалану кезінде еңбек және тұрмыстық қызмет көрсету жағдайларына қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидалары (бұдан әрі – Санитариялық қағидалар) Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2017 жығы 17 ақпандағы № 71 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі туралы ереженің 15-тармағының 113) тармақшасына сәйкес әзірленген және құрылыс объектілерін салу, реконструкциялау, жөндеу және іске қосу, пайдалану кезінде еңбек және тұрмыстық қызмет көрсету жағдайларына қойылатын талаптарды айқындайды.
2. Жұмыс беруші осы Санитариялық қағидалар талаптарына жауап беретін еңбек жағдайын үнемі қолдауды қамтамасыз етеді. Жұмыс орындарында (жұмыс аймақтарында) зиянды өндірістік факторлардың рұқсат етілген шекті деңгейлері мен шоғырлануын сақтау мүмкін болмаған жағдайда, жұмыс беруші жұмыскерлерді жеке қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етеді және уақытпен қорғану қағидатын басшылыққа алады.
3. Осы Санитариялық қағидаларда мынадай терминдер мен анықтамалар пайдаланылады:
1) құрылыс-монтаж жұмыстары мыналарды:
жер жұмыстарын және топырақтағы арнаулы жұмыстарды;
қолданыстағы ғимараттар мен құрылыстарды бұзуға, уақытша инженерлік желілер, жолдар, қойма алаңдарын орналастыруға, сондай-ақ аумақты вертикалды жоспарлауға байланысты дайындық жұмыстарын;
үйлер мен ғимараттардың (оның iшiнде көпiрлер, көлiк эстакадалары, тоннельдер мен метрополитендер, жол құбырлары, құбыр өткiзгiштер, өзге де жасанды құрылыстар) тiреу және (немесе) қоршау конструкцияларын салуды;
желiлiк құрылыстарды төсеу жөнiндегi арнаулы құрылыс және монтаж жұмыстарын;
сыртқы инженерлiк желiлер мен құрылыстар, сондай-ақ iшкi инженерлiк жүйелер орнатуды;
конструкциялар мен жабдықтарды қорғау және өңдеу жөнiндегi жұмыстарды;
автомобиль және темiр жол құрылысын;
технологиялық жабдықты жинауды және тұрақты пайдалану орнында жобалық жағдайда орнатуды қоса алғанда, оны монтаждау, жеке сынау және жүктемемен сынау, сондай-ақ бөлшектеуді қамтитын құрылыс қызметi;
2) құрылыс алаңы – құрылыс кезеңінде құрылыс объектілерін тұрақты орналастыруға, сондай-ақ материалдар мен құралымдарды жинау, машиналарды, уақытша ғимараттар мен құрылыстарды орналастыруға арналған белгіленген тәртіпте бөлінген жер учаскесі;
3) уақытпен қорғану қағидаты – олардың іс-қимылының уақытын төмендету есебінен жұмыс істеушілерге қолайсыз өндірістік орта және еңбек процесі факторларының зиянды әсерін азайту: ішкі ауысым үзілістерін енгізу, жұмыс уақытын қысқарту, еңбек демалысы ұзақтығын ұлғайту, осы жағдайлардағы жұмыс өтілін шектеу.
2-тарау. Құрылыс объектілерін салу, реконструкциялау, жөндеу және іске қосу, пайдалану кезіндегі еңбек және тұрмыстық қызмет көрсету жағдайларына қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар
4. Көлік кіретін жолдарға, өту жолдарына және жаяу жүргіншілер жолдарына, санитариялық-тұрмыстық және әкімшілік үй-жайларға іргелес орналасқан учаскелерге қиыршықтас төселеді немесе оның қатты жабыны болады.
5. Құрылыс алаңдары мен жұмыс учаскелері үшін жалпы біркелкі жарықтандыру көзделеді. Құрылыс алаңдарын, ғимараттардың ішіндегі құрылыс және монтаждау жұмыстарын жасанды жарықтандыру санитариялық-эпидемиологиялық нормалаудың мемлекеттік жүйесінің құжаттарына сәйкес көзделеді.
6. Жұмысты жарықтандыру жұмыс тәуліктің қараңғы және түнгі уақытында орындалатын барлық құрылыс алаңдары мен учаскелерінде орындалады және жалпы (біркелкі немесе оқшауланған) және аралас (жалпыға жергілікті қосылады) жарықтандыру қондырғыларымен жүзеге асырылады.
7. Жарықтанудың нормаланатын деңгейлері екі люкстен (бұдан әрі – лк) артық болатын жұмыс учаскелері үшін жалпы біркелкі жарықтандыруға қосымша жалпы шоғырландырылған жарықтандыруды көздеу қажет. Адамдардың уақытша болуы мүмкін учаскелер үшін жарықтану деңгейлері 0,5 лк-ға дейін төмендеуіне жол беріледі.
8. Құрылыс алаңдары мен учаскелерін жарықтандыру үшін ашық газды-разрядты шамдарды және мөлдір колбасы бар қыздыру шамдарын қолдануға жол берілмейді.
9. Құрылыс алаңдары мен ғимараттардың ішіндегі жұмыс учаскелеріндегі жалпы жарықтандырудың жарық беруші қондырғыларынан пайда болатын жарықтандыру санитариялық-эпидемиологиялық нормалаудың мемлекеттік жүйесінің құжаттарына сәйкес келеді.
10. Құрылыс алаңы құрылыс кезінде құрылыс қоқысынан, ал қысмезгілінде қардан уақтылы тазартылады, жылдың жылы мезгілінде су себіледі.
11. Автокөлік құралының құрылыс алаңынан қалалық аумаққа шығатын жерде тұндырғы мен су жинауға арналған ыдыс бар суды бұру жүйесі ұйымдастырылған қатты жабыны бар доңғалақтарды жуу пунктімен жабдықталады.
12. Салынып жатқан объектіде орталықтандырылған сумен жабдықтау және су бұру көзделеді. Орталықтандырылған су құбыры немесе сумен жабдықтаудың басқа көзі болмаған жағдайда, тасымалданатын суды пайдалануға жол беріледі.
13. Су санитариялық-эпидемиологиялық нормалаудың мемлекеттік жүйесінің құжаттарына сәйкес келетін автокөлікпен жеткізіледі.
14. Тасымалданатын су жеке үй-жайда немесе қатты жабыны бар алаңға орнатылған қалқа астындағы ыдыстарда сақталады.
15. Суды сақтауға арналған ыдыстар Қазақстан Республикасы аумағында осы мақсат үшін қолдануға рұқсат етілген материалдардан жасалады.
16. Тасымалданатын суды сақтауға және тасымалдауға арналған ыдыстарды тазарту, жуу және дезинфекциялау күнтізбелік он күнде кемінде бір рет және эпидемиологиялық көрсетілімдер бойынша жүргізіледі.
17. Ішкі беті механикалық жолмен тазартылады, суын толық төгу арқылы жуылады, дезинфекцияланады. Дезинфекциядан кейін ыдыс жуылады, су толтырылады және суға бактериологиялық бақылау жүргізіледі.
Дезинфекциялау үшін белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасы мен Еуразиялық экономикалық одақтың аумағында тіркелген және қолдануға рұқсат етілген және Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің мемлекеттік тіркеу туралы куәліктердің бірыңғай тізіліміне енгізілген дезинфекциялау құралдары қолданылады.
18. Ауызсу және шаруашылық-тұрмыстық қажеттілік үшін пайдаланылатын су санитариялық-эпидемиологиялық нормалаудың мемлекеттік жүйесінің құжаттарына сәйкес келеді.
19. Құрылыс алаңдарының санитариялық-тұрмыстық үй-жайларының суды бұру жүйесі оларды уақытша схема бойынша жұмыс істеп тұрған сыртқы су бұру жүйесіне қосу арқылы немесе су өткізбейтін, қазылған шұңқыры бар ауладағы дәретхана құрылғысымен немесе биодәретхана мобильді дәретхана кабиналары арқылы жүзеге асырылады.
Қазылған шұңқыр көлемінің кемінде үштен екі бөлігі толған кезде тазартылады. Объекті құрылысы аяқталғаннан кейін ауладағы дәретханаларды бөлшектегеннен кейін дезинфекциялау іс-шаралары жүргізіледі.
20. Салынып жатқан биік ғимараттардағы, монтаждау белдеулеріндегі құрылыс-монтаж жұмыстарын орындау кезінде «Биодәретхана» мобильді дәретхана кабиналары мен жұмысшылардың жылынуына арналған пункттер орнатылуы қажет, олар әр кезде жүктерді крандармен тасымалдау жүргізілмейтін аймаққа (қауіпті аймақтан тыс) қойылады.
Биодәретхана мобильді дәретхана кабиналары толуына байланысты тазартылады және лас іркінділер арнайы автокөлікпен шығарылады.
21. Жұмыс істеп тұрған кәсіпорынның немесе салынып жатқан объектінің аумағында құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізуді мынадай іс-шаралар:
1) өндіріс үшін бөлінетін аумақтың шекарасын белгілеу;
2) бөлінген аумақта қажетті дайындық жұмыстарын жүргізу орындалған жағдайда жүзеге асырылады.
22. Құрылыс материалдары мен конструкциялары объектіге пайдалануға дайын күйінде келіп түседі.
23. Жұмыс істеген кезінде зиянды газдар, булар және шаң бөлуі мүмкін жабдық зиянды заттардың бөліну көздерінің берік тұмшалануын қамтамасыз ететін барлық қажетті жабындары мен құрылғыларының толық жиынтығымен жеткізіледі. Жабындар өндіріс қалдықтарын механикалық жоюға арналған аспирациялық жүйелерге қосуға арналған құрылғымен (фланецтер, келте құбыр және басқалар) жабдықталады.
24. Пайдалану құжаттамасында белгіленген жағдайларда машиналарды, көлік құралдарын пайдалану кезінде машинисттің (жүргізушінің) жұмыс орнындағы, сондай-ақ машиналардың (механизмдердің) жұмыс аймағындағы шудың, дірілдің, шаңның, газдың деңгейі санитариялық-эпидемиологиялық нормалаудың мемлекеттік жүйесінің құжаттарына сәйкес белгіленген гигиеналық нормативтерден аспайды.
25. Жұмыс уақытында еркектерге салмағы 15 килограммға (бұдан әрі - кг), әйелдер үшін 7 кг дейінгі жүктерді екі метрден (бұдан әрі – м) астам биіктікке көтерген кезде тиеу-түсіру жұмыстары механикаландырылады.
26. Сусымалы, шаң тәрізді және қауіпті материалдармен тиеу-түсіру операциялары жеке қорғаныш құралдарын пайдалана отырып жүргізіледі.
27. Ыдыс жарамсыз болғанда, оған таңба салынбағанда және ескертпе жазба жазылмағанда қауіпті жүктерді тиеу-түсіру жұмыстарын орындауға жол берілмейді.
28. Бетонды, темір-бетонды, тас қалау жұмыстарын жүргізгенде және кірпіш қалағанда арматураны дайындау және өңдеу арнайы жабдықталған орындарда жүргізіледі.
29. Бетон массасын нығыздау қашықтықтан басқарылатын электр дірілдеткіш пакеттермен жүргізіледі.
30. Бетон қоспасын төсеу алдында құрылыс қоқысы өнеркәсіптік шаңсорғышпен жойылады. Арматуралы тор мен бетондалған үстіңгі қабатты сығымды ауамен үрлеуге жол берілмейді.
31. Аумақ алаңы шегінде табиғи тастарды өңдеу арнайы бөлінген орындарда жүргізіледі. Бір-бірінен кемінде үш метр қашықтықта орналасқан жұмыс орындары қорғаныш экрандарымен бөлінеді.
32. Көп қабатты ғимараттардың сыртқы қабырғаларын көрінуді нашарлататын ауа-райы жағдайлары кезінде қалауға және әрлеуге жол берілмейді.
33. Конструкциялардың монтаждауға жататын элементтерін батпақ және қызылсу мұзынан тазалау, конструкциялар мен жабдықты сырлау және тот басудан қарсы қорғау оларды көтеру алдында жүргізіледі. Көтерілгеннен кейін сырлау және тот басуға қарсы қорғау конструкциялардың түйісетін немесе қосылатын орындарында жүргізіледі.
34. Монтаждауға жататын жабдықты қаптамасынан және консервациядан шығару арнайы стеллажда немесе төсемдерде; ірілендірілген құрастыру және дайындап шығу (құбырдағы бұранданы қию, құбырды майыстыру, жапсарлап қиюластыру және басқа да жұмыстар) осы мақсат үшін бөлінген алаңдарда жүргізіледі.
35. Өрттен қорғайтын құрамдарды дайындау желдету жүйесінің үздіксіз жұмыс істеуі арқылы жылжымалы станцияларда компоненттерді автоматты түрде беретін және дозалайтын ерітінді араластырғышты пайдалану арқылы жүргізіледі. Үй-жайда жұмыспен байланысы жоқ адамдардың болуына жол берілмейді.
36. Өрттен қорғайтын жабынды жасайтын жұмысшылар жұмыстың әр сағаты сайын он минуттық үзіліс жасайды, ерітінділерді дайындау және жағу бойынша технологиялық операциялар жұмыс аптасы ішінде алмасып тұрады.
37. Жоғары шағылысу қабілетіне ие материалдарды (алюминий, титан негізіндегі қорытпа, тоттанбайтын болат) дәнекерлеу кезінде дәнекерлеу доғасы мен дәнекерленетін бұйымның беті ішіне салынған немесе тасымалданатын экрандар арқылы экрандалады.
38. Даналық электродпен қолмен дәнекерлеген кезде пневматикалық, магнитті және басқа да ұстағышы бар тасымалданатын шағын габаритті ауа қабылдағыштар пайдаланылады.
39. Тігінен әртүрлі деңгейде дәнекерлеу жұмыстарын жүргізгенде төмен орналасқан деңгейлерде жұмыс істеп жатқан персоналды қорғау көзделеді.
40. Орташа және шағын көлемді бұйымдарды стационарлы жағдайда дәнекерлеу жергілікті сору желдеткіші орнатылған жанбайтын материалдан жасалған төбесі ашық кабиналарда жүргізіледі. Кабинадағы бір дәнекерлеу орнына арналған бос алаң кемінде 3 (үш) шаршы метр (бұдан әрі – м2 ) көзделеді.
41. Тұйық және қолжетімділігі қиын кеңестіктерде дәнекерлеу сору құрылғысы бар жергілікті сору желдеткішінің үздіксіз жұмыс істеуі кезінде жүргізіледі.
42. Металдарды газ жалынымен өңдеуге арналған әр стационарлық жұмыс орнына, жабдық және өту жолдары алып жатқан алаңнан басқа кемінде 4 (төрт) м2 беріледі. Өту жолдарының ені кемінде бір метр болуы тиіс. Газ жалынымен тозаңдату операторы жұмыс орнының алаңы кемінде он шаршы метр көзделеді.
43. Жабындарды газ жалынымен тозаңдату және ұнтақ материалдарын ірі бұйымға балқытып қаптастыру қолмен соруды пайдалану арқылы үй-жайларда жүргізіледі.
44. Жабындарды газ жалынымен тозаңдату және ұнтақты балқытып қаптастыру үшін бункерге ұнтақты құю және жинау жергілікті соруды пайдалану арқылы немесе сору желдеткішімен жабдықталған арнайы камера мен кабиналарда жүргізіледі.
45. Дәнекерлеу мен кесудің механикаландырылған процестері үшін машиналарға немесе жабдыққа салынып жасалған жергілікті соратын шаң және газ қабылдағыштар құрылғысы көзделеді.
46. Тұйық кеңістіктерде және қолжетімділігі қиын орындарда газ жалынымен өңдеу:
1) үздіксіз жұмыс істейтін сыртқа тарату-ішке сору желдеткіші болғанда;
2) стационарлық немесе жылжымалы қондырғылардан жергілікті соруды ұйымдастыру арқылы арнайы желдеткіш құрылғысын орнатқанда;
3) жабындарды детонациялық тозаңдатуды жүргізу үшін үй-жайдың дыбыстық оқшаулауы кезінде жүргізіледі.
47. Дәнекерлеу, кесу, балқытып қаптастыру, тазалау және қыздыруға арналған жұмыс орындары шудан, инфрақызыл сәулелену мен балқытылған металдың шашыруынан ұжымдық қорғаныш құралдарымен (жанбайтын материалдан жасалған экран және шымылдық) жабдықталады.
48. Технологиялық жабдықта және құбырларда оқшаулау жұмыстары олар орнатылғанға дейін немесе тұрақты бекітілгеннен кейін орындалады.
49. Аппараттардың ішінде немесе жабық үй-жайларда оқшаулау жұмыстарын жүргізу кезінде жұмыс орындары механикалық желдеткішпен және жергілікті жарықтандырумен қамтамасыз етіледі.
50. Битум мастикасы жұмыс орындарына битум сымы бойынша немесе жүк көтергіш кранның көмегімен ыдыстарда жеткізіледі. Битумды қолмен орналастыру кезінде қақпағы тығыз жабылатын металл бөшкелер қолданылады. Оқшаулау жұмыстарында температурасы плюс (бұдан әрі – «+») 180 Цельсий градустен (бұдан әрі – о C) жоғары битум мастикаларын пайдалануға жол берілмейді.
51. Пенополиуретанды дайындау және құю кезінде компоненттердің жұмысшының денесіне түсуіне жол берілмейді.
52. Шыны мақта, қожмақтасы, асбест үгіндісі, цемент контейнерлермен немесе пакеттермен беріледі.
53. Асбестпен жұмыс істеген кезде ескі оқшаулағышты бөлшектеу ылғалдауышты қолдану арқылы жүргізіледі.
54. Тот басуға қарсы жұмыстарды орындайтын учаскеде және үй-жайда технологиялық операциялардың механикаландырылуы және сыртқа тарату-ішке сору желдеткіші көзделеді.
Құмағызғышжәне бытыраағынды тәсілдерін қолдана отырып, тот басуға қарсы жабынға жататын үстіңгі беттерді тұйық ыдыстарда тазалауға жол берілмейді.
55. Тот басуға қарсы лак-бояу материалдарын және желімдерді қолмен жағу сабының басында қорғаныш шайбасы бар жаққышпен жүзеге асырылады.
56. Жұмыстарды ыдыстардың, камералардың ішінде және жабық үй-жайларда жүргізген кезде мәжбүрлі желдету және электрмен жарықтандыру жүйесімен жабдықталады.
57. Ерітіліп жатқан руберойдтың балқытылатын негізін кептіруге арналған құрылғы қорғаныш экрандарымен жабдықталады. Жұмысшылардың аяқ жағында жылуды көп бөлетін машиналар мен механизмдердің жылу қорғаныш экрандарының биіктігі кемінде 500 миллиметр (бұдан әрі – мм) болады.
58. Жанғыш және тез тұтанатын материалдарды сақтау және тасымалдау жабық ыдыста жүзеге асырылады. Материалдарды сынатын (шыны) ыдыста сақтауға және тасымалдауға жол берілмейді.
59. Шатырдың элементтері мен бөлшектері жұмыс орнына контейнерлерде беріледі, оларды тікелей төбеде дайындауға жол берілмейді.
60. Сылау және майлау жұмыстары үшін сусымалыкомпоненттерден ерітінді дайындау жүргізілетін үй-жайлар механикалық желдеткішпен жабдықталады.
61. Майлау құрамдары желдеткішпен, жуу құралдарымен және жылы сумен жабдықталған үй-жайда орталықтандырылып дайындалады.
Сырлар мен материалдардың жұмыс құрамдары арнайы алаңдарда дайындалады.
62. Жұмыс құрамдарын (лак-бояу материалдары, майсыздайтын және жуатын ерітінділер), сығылған ауаны стационарлық бояу жабдығына беру жұмыскерлерді қорғаудың ұжымдық құралдарын қосу арқылы блоктайды.
63. Жұмыс ерітінділерін дайындау үшін салмағы он килограмнан астам бөшкелерден, бидондардан және басқа ыдыстан бояу материалдарын құю кезінде аталған процесті механикаландыруды көздеу қажет.
64. Сылау және майлау жұмыстарын жүргізу кезінде:
1) үй-жайлардың ішіндегі сылау жұмыстары үшін үстіңгі бетті дайындау кезінде оларды құрғақ құммен өңдеуге;
2) декоративтік түрлі-түсті сылақ үшін қорғасын, мыс, қалайы реңктерін қолдануға;
3) құрылыс жүргізу жағдайларында әкті езуге;
4) үй-жайларда лак-бояу материалдарын пневматикалық бүркуге;
5) құрамында сүрме, қорғасын, күшән, мыс, хром қоспалары бар лак-бояу материалдарын, сондай-ақ түк қаптап кетуге қарсы сырды, эпоксидті қарамай және тас көмір лагы негізіндегі құрамды бүрку әдісімен жағуға;
6) мәжбүрлеп желдеткішпен жабдықталмаған бояйтын құрамдарды дайындау үшін мобильді бояу станцияларын пайдалануға;
7) үй-жайға өртелген отын өнімдерін бөлетін мұржасыз темір пешпен және басқа құрылғыларымен үй-жайды жылытуға және құрғатуға жол берілмейді.
65. Қаптау, балташылық, ұстаның және шыны жұмыстарына арналған материалдар жұмыс орнына дайын күйінде механикаланған әдіспен жеткізіледі. Шыныны көтеру және тасымалдау қауіпсіз құрал-жабдықтарды қолдану арқылы немесе арнайы ыдыста жүргізіледі.
Төсеме тақталарда конструкцияларды дайындауға жол берілмейді.
66. Ерітінді құю және қаптау материалдарын өңдеу механикалық желдеткішпен жабдықталған үй-жайда құмағызғыш аппараттардың көмегімен орындалады.
67. Антисептикалық және өрттен қорғайтын құрамдар желдеткішпен жабдықталған бөлек үй-жайларда дайындалады. Қатарлас үй-жайларда жұмыс жасаған уақытта немесе бір үй-жайда жұмысты қатар жүргізгенде конструкцияларды өңдеуге жол берілмейді.
68. Құмағызғыш аппараттардың көмегімен шыныны өңдеу көзге, тыныс алу органдарына және қолға арналған жеке қорғаныш құралдарымен жүргізіледі.
69. Шыныны тілу ауа температурасы плюс болғанда арнайы үстелдерде көлденең күйінде жүзеге асырылады.
70. Аккумуляторлық батареяларды монтаждау әрлеу жұмыстары аяқталғаннан, желдету, жылыту және жарықтандыру жүйелері сыналғаннан кейін жүзеге асырылады.
71. Қышқылды электролит қорғасын немесе болат жалатылған ыдыстарда дайындалады. Электролитті жағу үшін шыны немесе эмалданған ыдыстарды пайдалануға жол берілмейді.
72. Оттықтарды, дәнекерлеу шамдарын жағу, кабель массасы мен балқытылған дәнекерді қыздыру кабельді құдықтан кемінде екі метр қашықтықта жүргізіледі. Балқытылған дәнекер және қыздырылған кабельді масса кабелді құдыққа арнайы шөмішпен немесе жабық бөшкелерде беріледі.
73. Кабель массасын жабық үй-жайда қыздырған кезде механикалық желдету жүйесімен жабдықталады.
74. Аккумуляторлық үй-жайларда электродтарды балқыту, дәнекерлеу аккумолятор батареяларының заряды аяқталғаннан кейін екі сағаттан кейін жүргізіледі.
75. Бұранда қосылыстарды тығыздау үшін зығыр және түбір ұштарын қорғасын қызыл бояуымен сіңдіруге жол берілмейді.
76. Жабық үй-жайларда зиянды химиялық заттарды пайдалану арқылы әрлеу немесе тот басуға қарсы жұмыстар табиғи және механикалық желдеткішті және жеке қорғаныш құралдарын пайдалану арқылы жүргізіледі.
77. Зиянды газ, бу және шаң бөлуі мүмкін жабдық зиянды заттардың бөліну көздерінің берік тұмшалануын қамтамасыз ететін жабынмен және қондырғымен жабдықталады.
78. Шаң бөлетін машиналар (уатқыш, ұнтақтағыш, араластырғыш және басқалар) шаң басу немесе шаң ұстау құралдарымен жабдықталады.
79. Қол машиналарын пайдалану мынадай:
1) бөлшектердің жиынтығын және бекітілу беріктігін, машинаны жұмысқа әрбір берген кезде қорғаныш қабының жарамдылығын тексеру;
2) он килограмм және одан да астам салмақтағы қол машиналары іліп қоюға арналған құралмен жабдықталуы тиіс;
3) машиналарға уақтылы жөндеу жүргізу және діріл сипаттамалары параметрлерін жөндеуден кейін бақылау талаптарын орындаған жағдайда жүзеге асырылады.
80. Пышақтардың немесе соған ұқсас кесетін құрал-саймандардың саптарының тайып кетуінің алдын алатын сақтандырғыш тұтқасы болады. Дірілдеткіштердің тұтқасы амортизаторлармен жабдықталған, тұтқа түрі жылуды аз өткізетін материалдан дайындалады.
81. Материал жұмыс орындарына механикаландырылып тасымалданады. Ұнтақ тәрізді және басқа да сусымалы материалдар тығыз жабылған ыдыста тасымалданады.
82. Жұмыс орындарында лак-бояу, оқшаулау, әрлеу және басқа да материалдар ауысымдық қажеттіліктен аспайтын көлемде сақталады.
83. Құрамында зиянды заттар бар материалдар герметикалық жабық ыдыста сақталады.
84. Цемент силостарда, бункерлерде, ларларда және басқа да жабық ыдыстарда сақталады.
85. Жанғыш және тез тұтанатын материалдар жабық ыдыста сақталады және тасымалданады. Материалдарды сынатын (шыны) ыдыста сақтауға және тасымалдауға жол берілмейді. Ыдыстың тиісті жазбасы болады.
86. Объектілерді салу, реконструкциялау, қайта бейіндеу және жөндеу үшін қолдануға рұқсат етілген құрылыс және әрлеу материалдары қолданылады.
87. Құрылыс алаңындағы жұмыс орындарының құрылғысы мынадай талаптарға сәйкес болады:
1) жұмыс орнының алаңы еңбек процесін орындау үшін талап етілетін құрылыс машиналарын, тетіктерді, құрал-сайманды, мүкаммалды, құрал-жабдықтарды, құрылыс конструкцияларын, материалдар мен бөлшектерді орналастыру үшін жеткілікті жабдықталады;
2) жұмысшы ұзақ уақыт бойы денесін еңкейтіп, керілген қалыпта, қолын жоғары көтерген қалыпта жұмыс істемейді.
88. Қолмен немесе қарапайым құрал-жабдықтарды қолдана отырып орындалатын процестер қол жететін аймақта, қол машиналарының көмегімен орындалатын процестер оңтайлы қолжететін аймақта, машиналарды басқарумен байланысты процестер (операторлар, құрылыс машиналарының машинистері) жеңіл қолжететін аймақта жүзеге асырылады.
89. Жұмыс орны материалдар мен еңбекті техникалық жабдықтау құралдарын орналастыруға арналған аймақты, қызмет көрсету аймағын (көлік аймағы) және жұмыс аймағын қамтиды.
90. Жұмыс орындары құрылыс машиналарымен, қол және механикаланған құрылыс құрал-сайманымен, байланыс құралдарымен, шу және дірілді шектеуге арналған құрылғылармен жабдықталады.
91. Жұмысы шаң тәрізді материалдармен жүргізілетін учаскелер аспирациялық немесе желдету жүйелерімен қамтамасыз етіледі.
92. Әк, цемент, гипс және басқа да шаң материалдарын өңдеуге арналған қондырғыларда қақпағын, қуаттандырғышын және тетігін басқару шығарылатын пульттермен жүзеге асырылады.
93. Аражабынның, лифт құрылғыларының, баспалдақ торларының ойықтары тұтас жабынмен жабылады немесе қоршалады.
94. Шу деңгейі жоғары машиналарды пайдаланған кезде:
1) оның пайда болу көзінде шуды азайтуға арналған техникалық құралдар;
3) жеке қорғаныш құралдары;
4) еңбек пен демалудың тиімді режимін таңдау, жұмыс аймағында шу факторларының әсер ету уақытын қысқарту, емдеу-профилактикалық және басқа іс-шаралар қолданылады.
95. Естудің жеке қорғаныш құралдарын пайдаланбай дыбыс деңгейі сексен децибелден жоғары аймақтарда жұмыс істеуге және құрылысшылардың дыбыс деңгейі жүз жиырма децибелден жоғары аймақтарда болуына жол берілмейді.
96. Желім, мастика, сыр және иісі қатты шығатын материалдар қолданылатын немесе дайындалатын жұмыс орындары табиғи желдетумен қамтамасыз етіледі, жабық үй-жай механикалық желдету жүйесімен жабдықталады.
97. Машиналарға, көлік құралдарына, өндірістік жабдыққа және механикаландырудың басқа да құралдарына техникалық қызмет көрсету кезінде және ағымдағы жөндеу кезінде жұмыс орны жүк көтергіш құрал-жабдықтармен жабдықталады.
98. Тұрып жұмыс істейтін құрылысшылардың жұмыс орындарында тереңдігі кемінде 150 мм және ені 530 мм табанды қоюға арналған кеңістік болады.
99. Бес кг дейін күш салынатын аз қозғалатын, басын айтарлықтай қозғалтпай жасалатын жұмыс отырған күйі орындалады.
100. Екі метр және одан да биіктікте жұмыс жасағанда жұмыс орнының алаңы болады. Алаңның ені кемінде 0,8 м, жақтаудың биіктігі 1 м және төменгі жағы кемінде 150 мм биіктікте бүтіндей қапталуы қажет. Қаптама мен жақтаудың арасындағы алаң төсемін 500 мм биіктікте алаңның барлық периметрі бойынша қосымша қоршалатын тор орнатылады.
101. Алаңдарға өтетін баспалдақтар басқыштарының ұзындығы кемінде 200 мм, ені кемінде 700 мм, жанбайтын материалдан жасалады.
102. Жұмыстың ауысым ішілік режимі суықта үздіксіз болу уақытын және жылыну уақытын регламенттеу есебінен жұмыс істеушілердің қатты тоңуының алдын алуды көздейді.
103. Жылыну орындарында ауа температурасы +21 – +25о C деңгейін ұстап тұрады. Қолды және табанды жылытуға арналған үй-жай +40о C аспайтын жылыту құрылғыларымен жабдықталады.
104. Ауа температурасы минус 40о С төмен болған жағдайда, беттің және жоғары тыныс алу жолдарының қорғалуы көзделеді.
105. Жұмыс орындарында ауызсумен жабдықтау құрылғылары орналастырылуы және ыстық шай, минералды сілтілі су, сүт қышқылы сусындарын беру көзделеді. Сұйықтықтың қолайлы температурасы +12 – +15о C болады.
106. Сатураторлық қондырғылар және ауызсу бұрқақтары жұмыс орындарынан, киім ілетін орындардан, әйелдердің жеке гигиенасына арналған үй-жайлардан, тамақтану пункттерінен, жұмысшылардың демалатын орындарынан және күн радиациясы мен атмосфералық жауын-шашыннан қорғанатын паналардан жетпіс бес метрден қашық емес аралықта орналастырылады.
107. Биіктікте жұмыс істейтін жұмысшылар, жер қазатын және жол машиналарының машинистері, кран машинисті және басқалар ауызсуға арналған жеке флягалармен қамтамасыз етіледі.
108. Жұмысшыларға және инженерлік-техникалық персоналға жұмыс берушінің қаражаты есебінен жұмыскерлерді арнайы киіммен, арнайы аяқкиіммен және басқа да жеке және ұжымдық қорғаныш құралдарымен, санитариялық-тұрмыстық үй-жайлармен және құрылғылармен қамтамасыз ету тәртібіне және нормаларына сәйкес арнайы киім, арнайы аяқкиім және жеке қорғаныш құралдары беріледі.
109. Жұмыскерлерге берілетін жеке қорғаныш құралдары олардың жынысына, бойына және өлшеміне, орындайтын жұмысының сипаты мен жағдайларына сәйкес болуы және берілген уақыт ішінде өндірістің зиянды және қауіпті факторлар әсерін азайтуды қамтамасыз етеді.
110. Жұмыс беруші жеке қорғаныш құралдарын тиісінше күтуді және олардың сақталуын ұйымдастырады, арнайы киімді, арнайы аяқкиімді және басқа да жеке қорғаныш құралдарын химиялық тазартуды, жууды, жөндеуді, газсыздандыруды, залалсыздандыруды және шаңнан тазартуды уақтылы жүзеге асырады, арнайы киім мен аяқкиімді шаңнан тазарту үшін кептіргіштер мен камералар орнатылады.
111. Зиянды өндірістік факторлардың әсеріне ұшырайтын жұмыскерлер үшін жұмыс ауысымының ұзақтығын ұзартуға жол берілмейді. Ауысым арасындағы демалыс кемінде он екі сағатты құрайды.
112. Монтаждауға жататын конструкциялардың элементтерін мұздан және шаңнан тазарту оларды көтергенге дейін жүргізіледі.
113. Сылау-сүрту машиналарын пайдаланған кезде жұмыс аймағының ауасында шаңның шоғырлануын азайту сүртілетін бетті дымқылдау жолымен жүргізіледі.
114. Үй-жайлардың ішінің сылау жұмыстары үшін үстіңгі беттерін дайындау кезінде оларды құрғақ құммен өңдеуге жол берілмейді.
115. Үй-жайларда лак-бояу материалдарын пневматикалық бүркуге жол берілмейді. Пневматикалық бүріккішпен бояу кезінде қарапайым түтікті шүмегі бар сыр бүріккіштерді қолдануға жол берілмейді.
116. Құрамында сүрме, қорғасын, күшән, мыс, хром бар лак-бояу материалдарды, сондай-ақ түк өсуге қарсы бояулар, эпоксидті қарамай және тас көмір лагының негізіндегі қоспаларды бүрку әдісімен жағуға жол берілмейді.
117. Бояу материалдарын жағу процесінде жұмыскерлер ерітінділердің аэрозолі мен буы ауа ағынымен кетуі үшін таза ауа ағыны келетін жаққа қарай ауыстырылады.
118. Бояу бүріккіштер бір кг аспайтын массада пайдаланылады, бояу бүріккіштің тұтқасына күш салу он Ньютоннан аспайды.
119. Жылыту жүйелерін пайдалану мүмкіндігі болмаған кезде салынып жатқан ғимараттар мен құрылыстардың үй-жайларын кептіру үшін ауажылытқыштар қолданылады. Үй-жайға өртелген отын өнімдерін бөлетін мұржасыз темір пешпен және басқа да қондырғылармен үй-жайды жылытуға және құрғатуға жол берілмейді.
120. Құмағызғыш аппараттардың, механизмдердің көмегімен ерітінді құю және қаптау материалдарын өңдеу бойынша жұмыстарды орындау кезінде компрессордан шыққан сығылған ауамен үстіндегі киімді салқындатуға жол берілмейді.
121. Құрылысты механикалық түрмен бөлшектеу кезінде машинистің кабинасы тормен қорғалады.
122. Жұмыскерлерді газ немесе зиянды заттардың пайда болу мүмкіндігі бар орындарға жіберу алдында детоксикациялық іс-шаралар жүргізіледі және үй-жай желдетіледі.
123. Құрылыс алаңында жұмыс жүргізу ауданының климаттық- географиялық ерекшеліктерін ескере отырып, уақытша стационарлық немесе жылжымалы санитариялық-тұрмыстық үй-жайлар орнатылады. Оларды құрылыс алаңына орналастыру мүмкін болмаған жағдайда, олар одан тысқары 50 м-ден алыс емес радиуста орналастырылады.
124. Санитариялық-тұрмыстық үй-жайларды орналастыруға арналған алаң су баспайтын учаскеде орналастырылады және қазан шұңқырлар, траншеялар болған жағдайда, науалармен және өтетін көпірлермен жабдықталады.
125. Санитариялық-тұрмыстық үй-жайлар тиеу қондырғыларынан, бункерлерден, бетонды-еріту тораптарынан және шаң, зиянды бу және газ бөлетін басқа да объектілерден кемінде елу метр арақашықтықта ық жақта орналастырылады.
126. Әрбір құрылыс алаңында жұмыс істеушілердің санына және жұмыс ұзақтығына байланысты мынадай қызметтер көрсетіледі және қамтамасыз етіледі: санитариялық және жуыну үй-жайлары; киім ауыстыруға, сақтауға және кептіруге арналған үй-жайлар; қолайсыз ауа-райы жағдайының себептері бойынша жұмыстағы үзілістер кезінде адамдардың тамақтануына және жылынуына арналған үй-жайлар.
127. Жұмыскер жыныстық белгілеріне қарай жеке санитариялық және жуыну үй-жайларымен қамтамасыз етіледі.
128. Санитариялық-тұрмыстық үй-жайлар сыртқа тарату-ішке сору желдеткішімен, жылытумен, кәрізбен жабдықталады және орталықтандырылған салқын және ыстық сумен жабдықтау, су бұру жүйелерінеқосылады. Орталықтандырылған кәріздеу және сумен жабдықтау жүйелері болмаған жағдайда жергілікті жүйелер орнатылады.
129. Санитариялық-тұрмыстық үй-жайларға өтетін жолдар қауіпті аймақтармен (салынып жатқан ғимараттар, төсемсіз және дабыл құралдарынсыз теміржолдар, мұнара крандарының жебесі астында және тиеу-түсіру қондырғылары және басқалар) жанаспайды.
130. Санитариялық-тұрмыстық үй-жайлар мыналарды: жылыну және демалу бөлмелерін, киім ілетін орындарды, су жылытатын уақытша себезгі кабиналарын, дәретханаларды, жуынатын орындарды, ауызсумен жабдықтау құрылғыларын, кептіру, шаңсыздандыру және арнайы киім сақтау орындарын қамтиды. Жеке және арнайы киім сақтайтын орындар жеке шкафтармен жабдықталады.
131. Себезгі бөлмесінің, жуынатын, киім ілетін орынның, дәретхананың, арнайы киімдерді сақтауға арналған үй-жайлардың еденітайғақ емес суға төзімді жабынмен жабдықталады, судың ағуы үшін еңісі болады. Киім ілетін орындарда және себезгі бөлмесінде кедір-бұдыр резеңкелі немесе пластмассадан жасалған, жеңіл жуылатын кілемшелер төселеді.
132. Санитариялық-тұрмыстық үй-жайларға құрылыс алаңынан кіреберіс аяқкиімді жууға арналған құрылғымен жабдықталады.
133. Арнайы киім мен аяқкиімді кептіруге арналған үй-жайдың көлемі, оның өткізу мүмкіндігі жұмыстағы ауысымдық үзіліс арасындағы уақыттың барынша көп жүктемесі кезінде кептіруді қамтамасыз етеді.
134. Арнайы киімді кептіру және шаңнан тазарту әрбір ауысымнан кейін жүргізіледі, жуу және химиялық тазарту қажеттілігіне қарай, бірақ айына кемінде екі рет жүргізіледі. Ұнтақ тәрізді және уытты заттармен жанасатын жұмысшылардың арнайы киімі әрбір ауысымнан кейін қалған арнайы киімнен бөлек жуылады, қысқы арнайы киім химиялық тазартылады.
135. Арнайы киімнің шаңын тазарту және химиялық тазартуға арналған үй-жай жеке орналастырылады және дербес желдеткішпен жабдықталады.
136. Арнайы киімді, құрылысшылардың тұрғылықты жерінен тыс жерлерде уақытша тұратын жағдайда іш киімдер мен төсек әбзелдерін жуу үшін жұмысшылардың санына қарамастан, кір және таза киімдерді орталықтандырып жеткізу арқылы стационарлық, сондай-ақ жылжымалы түрдегі киім жуатын орындармен қамтамасыз етіледі.
137. Тұрмыстық үй-жайларды жинау күнделікті жуу және дезинфекциялау құралдарын қолдана отырып жүргізіледі, жинау мүккамалы таңбаланады, мақсаты бойынша пайдаланылады және арнайы бөлінген орында сақталады.
138. Еңбек жағдайларымен байланысты аурулардың пайда болуының алдын алу мақсатында құрылыста жұмыс істейтін жұмысшылар санитариялық-эпидемиологиялық нормалаудың мемлекеттік жүйесінің құжаттарына сәйкес жұмысқа қабылдану алдында алдын ала және мерзімдік міндетті медициналық қарап-тексеруден өтеді.
139. Барлық учаскелер және тұрмыстық үй-жайлар алғашқы көмек көрсету қобдишаларымен жабдықталады. Уытты заттарды пайдаланатын учаскелер профилактикалық пункттермен жабдықталады. Оларға өтетін жолдар жарықтандырылады, қолжетімді, жолы ашық болады. Профилактикалық пункттер улы заттар пайдаланылатын учаскедегі әрбір жұмыскерге арналған қорғаныш майларымен, уға қарсы заттармен, байлап-таңу құралдарымен және жеке қорғаныш құралдарының авариялық қорымен толықтырылуы қамтамасыз етіледі.
140. Тұрмыстық үй-жайларда дезинсекциялау және дератизациялау іс-шаралары жүргізіледі.
141. Жұмысшылар ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі. Асханаларды күтіп-ұстау және пайдалану санитариялық-эпидемиологиялық нормалаудың мемлекеттік жүйесінің құжаттарына сәйкес көзделеді.
Тамақты арнайы бөлінген үй-жайларда таратып және қабылдай отырып, базалық асханадан жұмыс орындарына жеткізу жолымен ұйымдастыруға жол беріледі. Арнайы бөлінген үй-жайлар мен тарату пунктеріне «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 7 шілдедегі Кодексінің 20-бабына сәйкес санитариялық-эпидемиологиялық нормалаудың мемлекеттік жүйесінің құжаттарына сәйкес санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды ресімделеді.
142. Зиянды және қауіпті еңбекжағдайлары бар учаскелерде жұмыс істейтін адамдар санитариялық-эпидемиологиялық нормалаудың мемлекеттік жүйесінің құжаттарына сәйкес міндетті медициналық қарап-тексеруден өтеді.
143. Инфекциялық аурулар бойынша қолайсыз елді мекендердің аумағында құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде жұмысшыларға профилактикалық егулер жүргізіледі.
144. Құрамында уытты заттар бар қалдықтарды жинау және жою қолмен тиеуді қоспағанда, жабық контейнерлерде немесе қалың қаптарда жүзеге асырылады.
145. Құрылыс алаңында құрылыс қалдықтарын өртеуге жол берілмейді.
146. Құрылыс кезінде тартып шығарылатын жерасты суларын санитариялық-эпидемиологиялық нормалаудың мемлекеттік жүйесінің құжаттарына сәйкес құрылыс алаңындағы және оған іргелес аумақтағы дақылдық және шаруашылық-тұрмыстық қажеттілікті қанағаттандыру үшін сумен жабдықтаудың тұйық схемасымен шахталық құрылыстың технологиялық циклдарында пайдалануға жол беріледі. Бұл ретте олар тазартылады, бейтараптандырылады, минералсыздандырылады (қажет болған жағдайда), зарарсыздандырылады.
147. Құрылыс салынған аумақта орналасқан құрылыс алаңынан шаруашылық-тұрмыстық ағындар елді мекеннің су бұру жүйесіне қосылады.
148. Жанар-жағар май материалдарын және битумды сақтауға арналған ыдыстар және қоймалау орны, құю, тарату орындары арнайы құрал-жабдықтармен жабдықталады және топырақты ластанудан қорғауға арналған іс-шаралар орындалады.
3-тарау. Шектеу іс-шараларын, оның ішінде карантинді енгізу кезеңінде құрылыс объектілері мен ұйымдарына қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар
149. Шектеу іс-шараларын, оның ішінде карантинді енгізу кезеңінде құрылыс объектілері мен ұйымдарына қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар «Жіті респираторлық вирустық инфекциялар, тұмау және олардың асқынулары (пневмония), менингококк инфекциясы, COVID-19 коронавирустық инфекциясы, желшешек, скарлатина кезінде санитариялық-эпидемияға қарсы, санитариялық-профилактикалық іс-шараларды ұйымдастыруға және жүргізуге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларын бекіту туралы» (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 22833 болып тіркелген) Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2021 жылғы 27 мамырдағы № ҚР ДСМ-47 бұйрығымен белгілінеді.
150. Сырқаттанушылықтың тұрақты өсуі кезінде «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 38 және 104-баптарына сәйкес шығарылған Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің немесе тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің (көлікте) бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысымен құрылыс объектілері мен ұйымының (кәсіпкерлік) қызметіне шектеу іс-шаралары, оның ішінде карантин енгізіледі және орындалуға жатады.
151. Тармақ алып тасталды (ескертуді қараңыз)
152. Тармақ алып тасталды (ескертуді қараңыз)
153. Тармақ алып тасталды (ескертуді қараңыз)
154. Тармақ алып тасталды (ескертуді қараңыз)
155. Тармақ алып тасталды (ескертуді қараңыз)
156. Тармақ алып тасталды (ескертуді қараңыз)
157. Тармақ алып тасталды (ескертуді қараңыз)
158. Тармақ алып тасталды (ескертуді қараңыз)
159. Тармақ алып тасталды (ескертуді қараңыз)
160. Тармақ алып тасталды (ескертуді қараңыз)