Toggle Dropdown
Қазақстан Республикасының 2021 жылғы 2 қаңтардағы Экология кодексінің 89-бабының 1-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
Отправить по почте

Мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізу қағидаларын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің м.а. 2021 жылғы 9 тамыздағы № 317 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2021 жылғы 9 тамызда № 23918 болып тіркелді
Қазақстан Республикасының 2021 жылғы 2 қаңтардағы Экология кодексінің 89-бабының 1-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізу қағидалары осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес кейбір бұйрықтарының күші жойылды деп танылсын.
3. Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Экологиялық реттеу және бақылау комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оның Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;
3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтердің Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсынылуын қамтамасыз етсін.
4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министріне жүктелсін.
5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің м.а. А. Примкулов
«КЕЛІСІЛДІ» Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі
«КЕЛІСІЛДІ» Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі
Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің м.а. 2021 жылғы 9 тамыздағы № 317 бұйрығына 1-қосымша
Мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізу қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Экология кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 89-бабының 1-тармағына сәйкес және «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 10-бабының 1) тармақшасына сәйкес әзірленді және мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізу мен «Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен іске асырылатын мемлекеттік экологиялық сараптама қорытындысын беру» мемлекеттік қызмет көрсету тәртібін және «Жергілікті атқарушы органдар іске асыратын мемлекеттік экологиялық сараптама қорытындысын беру» мемлекеттік қызметін айқындайды.
2. Мемлекеттік экологиялық сараптаманы жүзеге асыратын органдар:
Мемлекеттік экологиялық сараптама қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган осы Қағидалардың 3-тармағының 3) - 8) тармақшаларында көрсетілген объектілерге қатысты ұйымдастырады және жүргізеді.
Басқа жағдайларда мемлекеттік экологиялық сараптаманы Кодекстің 88-бабының 2-тармағына сәйкес облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары ұйымдастырады және жүргізеді.
3. Кодекстің 87-бабына және 418-бабының 2-тармағына сәйкес келесі объектілер міндетті мемлекеттік экологиялық сараптамаға жатады:
3-тармақ өзгертілді ҚР Экология және табиғи ресурстар министрінің м.а. 30.05.2025 жылғы № 142 Бұйрығымен (05.07.2024 ж. редакцияны қараңыз)(өзгерту 16.06.2025 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
1) I және II санаттағы объектілерді салуға және (немесе) пайдалануға арналған жобалық құжаттама және экологиялық рұқсат алу үшін Кодексте көзделген басқа да жобалық құжаттар;
2) ІІІ санаттағы объектілерді салуға және (немесе) пайдалануға арналған жобалық құжаттама және қоршаған ортаға әсері туралы декларация дайындау үшін қажетті Кодексте көзделген басқа да жобалық құжаттар;
3) іске асырылуы қоршаған ортаға теріс әсерін тигізуі мүмкін, орталық мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдары әзірлеген Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің жобалары;
3-1) 2021 жылғы 1 шілдеге дейін берілген кешенді экологиялық рұқсаттың негізінде пайдаланылатын I санаттағы объектінің эмиссиялар нормативтерінің жобалары, қалдықтарды басқару бағдарламасының жобалары;
3-тармақ 3-1-тармақшамен толықтырылды ҚР Экология және табиғи ресурстар министрінің м.а. 30.05.2025 жылғы № 142 Бұйрығына сәйкес (өзгерту 16.06.2025 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
4) «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленетін ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құру және кеңейту, олардың функционалдық аймақтарға бөлінуін және инфрақұрылымды дамытудың бас жоспарларын қоса алғанда, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерін босалқы жерге ауыстыру, республикалық және жергілікті маңызы бар мемлекеттік табиғи қаумалдар мен Республикалық маңызы бар мемлекеттік қорық аймақтарының аумақтарын, табиғат қорғау ұйымын басқару жоспарларын тарату немесе азайту жөніндегі жаратылыстану-ғылыми және техникалық-экономикалық негіздемелердің жобалары;
5) осы аумақтарды экологиялық апат немесе экологиялық төтенше жағдай аймағына жатқызуды негіздейтін аумақтарды зерттеу материалдары;
6) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында айқындалған көршілес мемлекеттердің қоршаған ортасына әсер етуі мүмкін немесе оларды іске асыру үшін көршілес мемлекеттермен ортақ табиғи объектілерді пайдалану қажет болатын немесе көрші мемлекеттердің, оның ішінде «Байқоңыр» кешенінің мүдделеріне әсер ететін шаруашылық қызмет жобалары.
6-тармақша жаңа редакцияда жазылды ҚР Экология және табиғи ресурстар министрінің м.а. 30.05.2025 жылғы № 142 Бұйрығына сәйкес (05.07.2024 ж. редакцияны қараңыз)(өзгерту 16.06.2025 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
Тасымалдағыш зымырандардың бөлінетін бөліктері құлайтын аудандарда қоршаған ортаға әсер етуге бағалау жүргізудің тәртібі мен механизмі «Тасымалдағыш зымырандардың бөлінетін бөліктері құлайтын аудандарда қоршаған ортаға әсерді бағалау әдістемесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрінің 2023 жылғы 15 қарашадағы № 321 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33645 болып тіркелген) бекітілген Тасымалдағыш зымырандардың бөлінетін бөліктері құлайтын аудандарда қоршаған ортаға әсерді бағалау әдістемесі бойынша айқындалады;
7) бұрын ядролық қару сынақ жүргізілген, сондай-ақ әскери полигондардың әсеріне ұшыраған жерлерді кешенді экологиялық зерттеу материалдары;
8) мемлекеттік орман иеленудің және орман орналастырудың орман орналастыру жобаларын және (немесе) мемлекеттік орман қорын санаттарға жатқызу, бір санаттан екінші санатқа ауыстыру, сондай-ақ орман пайдалануға тыйым салынатын немесе шектеу қойылатын ерекше қорғаныс учаскелерін бөлу;
9) экологиялық рұқсатты қажет етпейтін, оларға Қазақстан Республикасының заңдарында мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысының міндетті түрде бар болуын көздейтін қызмет түрлеріне арналған жобалық құжаттар.
Осы тармақтың 1) тармақшасында көрсетілген мемлекеттік экологиялық сараптама объектілері бойынша мемлекеттік экологиялық сараптама экологиялық рұқсаттарды беру процедуралары шеңберінде жүргізіледі және мемлекеттік экологиялық сараптаманың жеке қорытындысы берілмейді.
4. Мемлекеттік экологиялық сараптаманы іске асыратын органдардың қарауына ұсынылған құжаттамада жоспарланған қызметтің сипаттамасына байланысты шешімдер көрсетіледі:
1) тиімді материалдарды, энергияны үнемдейтін, аз және қалдықсыз технологиялық процестерді енгізу немесе қолдану;
2) табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану мен ұдайы өндіру, өндіріс пен тұтыну қалдықтарын кешенді өңдеу және кәдеге жарату;
3) ағынды суларды тиімді тазартуды қамтамасыз ету, оларды техникалық қажеттіліктерге пайдалану, тазартылмаған суды табиғи ағындар мен су қоймаларына, жергілікті жердің бедеріне жіберуден бас тарту сияқты тазартудың басым бағыттары;
4) атмосфералық ауаны ластанудан қорғауға қатысты негіздейтін шаралардың пәрменділігі мен кепілділігі;
5) топырақты, өсімдіктер мен жануарлар дүниесін сақтау мен қалпына келтіру, табиғи қорық қоры объектілерінің мәртебесін сақтау;
6) халықты және қоршаған ортаны антропогендік физикалық, химиялық және биологиялық факторлардың зиянды әсерінен қорғауды қамтамасыз ету.
5. Мемлекеттік экологиялық сараптамаға құжаттарды:
1) жоспарланған қызметтің тапсырыс берушісі/бастамашысы;
2) мемлекеттік экологиялық сараптамаға жататын нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлейтін мемлекеттік органның басшысы ұсынады.
6. Мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізу кезінде мемлекеттік экологиялық сараптаманы жүзеге асыратын органдар:
1) Кодекстің 91-бабы 1-тармағының 4) тармақшасына сәйкес жобаның тапсырыс берушілерінен немесе мемлекеттік органдардан мемлекеттік экологиялық сараптаманың объектісін жан-жақты және объективті бағалау үшін маңызды қосымша қажетті материалдарды сұратады және алады;
2) Кодекстің 93-бабының 1-тармағына сәйкес, егер мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізу процесінде экологиялық сараптаманы жүзеге асыратын, мемлекеттік экологиялық сараптаманың сарапшыларында жоқ арнайы білім талап етілсе, сыртқы сарапшылардың сарапшылық қорытындысы алу үшін басқа мемлекеттік органдар мен ұйымдарға, сондай -ақ тиісті білімі мен тәжірибесі бар жекелеген ұлттық және халықаралық сарапшыларға жүгінуге құқығы бар;
Сыртқы сарапшылардың қорытындысы ұсынымдық сипатқа ие.
Сыртқы сарапшыларды тарту «Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады.
3) Кодекстің 94-бабының 4-тармағына сәйкес мемлекеттік экологиялық сараптаманы жүргізу кезінде экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету проблемаларын, қоршаған ортаны қорғау мәселелерін, табиғи ресурстарды пайдалану мен өсімін молайтуды қамтамасыз ету мәселелерін талқылау мақсатында мемлекеттік экологиялық сараптаманың Сараптамалық кеңестерінде, олардың ережелеріне сәйкес қаралады;