• Мое избранное

Отправить по почте

«Білім беру объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 5 тамыздағы № ҚР ДСМ-76 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2021 жылғы 6 тамызда № 23890 болып тіркелді

Редакция 22.04.2023 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен  
Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2017 жығы 17 ақпандағы № 71 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі туралы ережесінің 16-тармағының 132-1) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған «Білім беру объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидалары бекітілсін.
2. Осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес тізбе бойынша Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің кейбір бұйрықтарының күші жойылды деп танылсын.
3. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.
4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министріне жүктелсін.
5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрі  А. Цой
«КЕЛІСІЛДІ»
Қазақстан Республикасы
Білім және ғылым министрлігі
«КЕЛІСІЛДІ»
Қазақстан Республикасы
Индустрия жәнеинфрақұрылымдық
даму министрлігі
«КЕЛІСІЛДІ»
Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрлігі
Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау министрі
2021 жылғы 5 тамыздағы № ҚР ДСМ-76
​бұйрығымен бекiтiлген
«Білім беру объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы «Білім беру объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидалары (бұдан әрі – Санитариялық қағидалар) «Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және Ұлттық экономика министрлiктерінің кейбiр мәселелерi туралы» Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2017 жығы 17 ақпандағы № 71 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі туралы ереженің (бұдан әрі – Ереже) 15-тармағының 113) тармақшасына сәйкес әзірленген және меншік нысанына қарамастан білім беру объектілерінде объект салынатын жер учаскесін таңдауға, жобалауға, реконструкциялауға, пайдалануға, сумен жабдықтауға, суды бұруға, жылумен жабдықтауға, жарықтандыруға, желдетуге, ауаны баптауға, жөндеуге және күтіп-ұстауға, тұру, тамақтану, оқыту жағдайларына және өндірістік практикаға, өндірістік бақылауға, персоналдың еңбек және қызмет көрсету жағдайларына, білім алушылар мен тәрбиеленушілерді медициналық қамтамасыз етуге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды белгілейді.
1-тармақ жаңа редакцияда жазылды ҚР Денсаулық сақтау министрінің 18.01.2023 жылғы № 9  Бұйрығына сәйкес (30.09.2022 ж. редакцияны қараңыз)(өзгерту 04.02.2023 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
2. Осы Санитариялық қағидалар балаларды мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқыту объектілерін (бұдан әрі – мектепке дейінгі ұйымдар) қоспағанда, білім беру ұйымдарының объектілеріне, оның ішінде білім алушылар мен тәрбиеленушілердіоқыту, тәрбиелеу, тұру және тамақтану орнын ұйымдастыру объектілеріне, барлық түрдегі және типтегі интернат ұйымдарына (бұдан әрі – объектілер) қолданылады.
3. Объектілерде осы Санитариялық қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес зертханалық-аспаптық зерттеулер жүргізіледі.
4. Осы Санитариялық қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылды:
1) арнайы білім беру ұйымдары – бұл ерекше білім берілуіне қажеттілігі бар адамдардың (балалардың) оларсыз жалпы білім беретін оқу және білім беру бағдарламаларын меңгеруі мүмкін болмайтын, арнайы оқу бағдарламаларын және оқыту әдістерін, техникалық және өзге де құралдарды, өсір сүру ортасын, сондай-ақ медициналық, әлеуметтік және өзге де көрсетілетін қызметтерді қамтитын жағдайларды қамтамасыз ететін білім беру ұйымдары;
2) орта білім беру ұйымы – мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытудың, бастауыш, негiзгi орта, жалпы орта бiлiмнің жалпы бiлiм беретін оқу бағдарламаларын, мамандандырылған жалпы білім беру және арнайы оқу бағдарламаларын iске асыратын бiлiм беру ұйымы;
3) бракераж – органолептикалық көрсеткiштер бойынша тамақ өнiмдерiнiң және дайын тағамдардың сапасын бағалау;
4) білім беру ұйымдары – заңды тұлғалар, сондай-ақ меншік нысанына және ұйымдық құқықтық нысанына қарамастан, бір немесе бірнеше білім беру бағдарламаларын іске асыратын және (немесе) білім алушылар мен тәрбиеленушілерді бағуды және оларға тәрбие беруді қамтамасыз ететін халықаралық мектеп мәртебесі бар заңды тұлғалардың филиалдары, жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын, заңды тұлға құрмаған дара кәсіпкерлер;
5) білім берудің оқу-сауықтыру ұйымы – балалар мен оқушы жастарды тәрбиелеу, оларға білім беру, сауықтыру, олардың демалысы жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын заңды тұлға;
6) дене шынықтыру – мәдениеттiң құрамдас бөлiгi, адамның дене бітімін және интеллектуалдық қабілеттерін дамыту, дене тәрбиесі мен дене бітімін дамыту арқылы оның қозғалыс белсенділігін жетілдіру және саламатты өмір салтын қалыптастыру, әлеуметтік бейімдеу мақсатында қоғам жасайтын және пайдаланатын рухани және материалдық құндылықтар жиынтығын білдіретін әлеуметтiк қызмет саласы;
7) жазу құралдары – жазу дәптерлері, жазуға және сурет салуға арналған құралдар, оларға қаламдар, қарындаштар, фломастерлер, пенал, циркуль, маркерлер, көмір түйірлері, борлар, стерженьдер, грифельдер жатады;
8) жалпы білім беретін мектеп – бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білімнің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын, сондай-ақ білім алушылар мен тәрбиеленушілерге қосымша білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын оқу орны;
9) жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдары – жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға тұратын орындар бере отырып, оларды тәрбиелеу, оларға білім беру үшін қолайлы жағдай жасалатын ұйым;
10) жеке медициналық кітапша – жұмысқа жіберілу туралы белгі қойылып, міндетті медициналық қарап-тексерудің нәтижелері енгізілетін дербес құжат;
11) жиынтық оқу жүктемесі – Үлгілік оқу жоспарының инвариантты және вариативті бөлігі сағаттарының жалпы саны;
12) интернат ұйымдары – тұратын орын беріле отырып, белгілі бір санаттағы адамдардың білім алу құқықтарына мемлекеттік кепілдіктерді қамтамасыз ететін білім беру ұйымдары;
13) кәмелетке толмағандарды бейiмдеу орталықтары (бұдан әрі – КТБО) – ата-анасын немесе басқа да заңды өкiлдерiн анықтағанға дейін үш жастан он сегіз жасқа дейiнгi қадағалаусыз және панасыз қалған балалар мен жасөспірімдерді, уақтылы орналастыру мүмкiн болмаған жағдайда ата-анасының немесе оларды алмастыратын адамдардың қамқорлығынсыз қалған балаларды, қорғаншылық және қамқоршылық органы балалардың өмiрiне немесе денсаулығына тiкелей қатер төнген кезде ата-анасынан (олардың бiреуiнен) немесе қамқорлыққа алған басқа адамдардан алып қойған балаларды, арнаулы бiлiм беру ұйымдарына жiберiлетiн балаларды, сондай-ақ әлеуметтiк бейiмсiздiкке және әлеуметтiк депривацияға әкеп соққан қатыгездiкпен қарау салдарынан өмiрлiк қиын жағдайда жүрген балаларды қабылдауды және уақытша бағуды қамтамасыз ететiн, бiлiм беру органдарының қарамағындағы ұйымдар;
14) лицей – білім алушылардың бейімділігі мен қабілеттеріне сәйкес оларға кең ауқымда және тереңдете жаратылыстану-математикалық білім беруді қамтамасыз ететін негізгі орта және жалпы орта білімнің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын және қосымша білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын оқу орны;
15) мамандандырылған білім беру ұйымы – жалпыға міндетті мемлекеттік білім беру стандарттары негізінде әзірленген және ғылым, мәдениет, өнер, спорт, әскери іс негіздерін терең игеруге, олардың шығармашылық әлеуеттері мен дарын-қабілеттерін дамытуға бағытталған негізгі және жалпы орта білім берудің мамандандырылған жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын оқу орны, спорттық объектілер;
16) мектеп алды сыныптары (0) – жалпы білім беретін мектептерде бес, алты (жеті) жастағы балаларды тегін міндетті мектеп алды даярлау жүргізілетін сыныптар;
17) мектептен тыс қосымша білім беру ұйымы (бұдан әрі – мектептен тыс объектілер) – білім алушылар мен тәрбиеленушілердің жеке тұлғасын дамытуға, денсаулығын нығайтуға және өзін-өзі кәсіптік тұрғыдан айқындауға, шығармашылық еңбегіне, олардың жалпы мәдениетін қалыптастыруға, жеке тұлғаны қоғамдағы өмірге бейімдеуге, бос уақытын пайдалы өткізуді ұйымдастыруға қажетті жағдайларды қамтамасыз етуге арналған оқу-тәрбие ұйымдары;
18) оқу-әдістемелік кешен (бұдан әрі – ОӘК) – білім алушының оқу пәні (пәндер) бойынша білім мазмұнын меңгеруін қамтамасыз етуге бағытталған және оқулыққа ілеспе болатын жекелеген оқу және әдістемелік басылымдардың жиынтығы;
19) оқу жүктемесі – әрбір жас тобы үшін оқу сағаттарымен өлшенетін оқу-тәрбие процесіне қатысудың нормаланатын жиынтығы;
20) оқу сағаты – сабақтың (жаттығудың) немесе дәрiстердiң сабақ басталғаннан үзiлiске дейiнгі ұзақтығы;
21) оңтайлы микроклиматтық жағдай – білім алушылар мен тәрбиеленушілерге ұзақ және жүйелі әсер ету кезінде термореттегіш тетіктерінің көмегінсіз организмнің қалыпты жылу жағдайын сақтауды қамтамасыз ететін микроклиматтың сандық көрсеткіштерінің үйлесімдігі;
22) өндірістік бақылау – өндірілетін өнімнің, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің адам мен мекендеу ортасы үшін қауіпсіздігін және (немесе) зиянсыздығын қамтамасыз етуге бағытталған, дара кәсіпкер немесе заңды тұлға орындайтын іс-шаралар, оның ішінде зертханалық зерттеулер мен сынақтар кешені;
23) рекреация – үзіліс кезінде және сабақтан бос уақытта білім алушылар мен тәрбиеленушілердің демалуына және күшін қалпына келтіруге арналған үй-жай;
24) санитариялық-аулалық қондырғылар (бұдан әрі – САҚ) – орталықтандырылған кәрізбен байланысы жоқ, объектінің аумағында орналасқан жер үсті бөлігі мен қазылған шұңқыры бар дәретхана;
25) санитариялық арнайы киім (бұдан әрі – арнайы киім) – шикізатты, қосымша материалдар мен дайын өнімді механикалық бөлшектермен, микроорганизмдермен ластанудан және басқа да ластанулардан қорғауға арналған персоналдың қорғаныш киімінің жиынтығы;
26) септик – шағын көлемдегi тұрмыстық сарқынды суды тазалауға арналған құрылыс;
27) спорт объектілері – қызметі балалар және жасөспірімдерді емдеу-сауықтыру, дене шынықтыру-сауықтыру, оқу-тәрбие жұмыстарын және мәдени бос уақытты ұйымдастырумен және жүзеге асырумен байланысты ұйымдар;
28) сыныптардың (топтардың) толықтырылуы – сыныптағы білім алушылардың нормаланған саны;